• Ақпарат
  • 21 Наурыз, 2024

Көп қырлы қабілеттің бір жарқылы...

Белгілі өнер қайраткері, режиссер, театртанушы һәм әдебиетші Орынбасар Исақов есімі өнер адамдары, әсіресе театр қайраткерлері арасында кең танымал. Әсіресе Қазақстандағы театр актерлері Орекеңнің актерлік шеберлікті дамытуға байланысты жазған ғылыми еңбектерін ыждағатпен оқып, үлгі алады. 
Сахна қайраткері есебінде Орекеңнің күні кешегі ұлы сахна реформаторы Станиславскийдің жүйесіне арқа сүйеген маман екенін сахнаға қатысы барлардың бәрі жақсы біледі. Осындай маманның аса өзекті тақырыпқа әдістемелік еңбек жазуы театр ғана емес, сондай-ақ бүкіл ғылым мен педагогика саласында да ерекше еңбек.

Десек те, өнердің тамыры бір. Керемет актердің теңдессіз ән шығарғанын немесе жазушының әншілігін, тағы да сондай ерекше резонансты құбылыс­тарды көріп-біліп жүрміз. Біз сөз еткелі отырған танымал өнер қайраткері Орынбасар Исақовтың қабілетті жазушылық өнері барын білетіндер бар, білмейтіндер бар.
Әдебиетші есебінде басында Орекеңнің прозалық шығармаларын қолға біршама күмәнмен, жасыратыны жоқ, әжептәуір күдікпен алсақ та, прозалық шығармаларын оқу барысында сөз саптасына риза болдық.
Біріншіден, Орекең театр қайраткері есебінде көркем прозадағы драматизм мәселелеріне ден қояды екен. Ал ол дегеніңіз – бүгінгі қалам ұстап жүрген әдебиетшілердің көпшілігі үшін таңсық құбылыс.
Қолымызға Орынбасар Исақовтың өткен жылы шыққан «Ойыншықтар фабрикасы» прозалық кітабы түсті. Туындының алғы сөзінде жазылғандай, кітап екі бөлімнен – әңгімелерден және аудармадан тұрады. Жазушылық өз алдына, алдымен бізді танымдық әдебиетке деген құмарлық осы Орекеңнің аудармалары елең еткізді. Негізінен, О.Исақов жапон әңгімелерін аударыпты.
Қазір кеңестік дәуірдегідей емес, әдебиеттің ауқымы мен кеңістігі ұлғайды. Латын Америкасының классикалық үлгілерімен, алдыңғы қатарлы жапон прозасымен таныса бастадық. Қазіргі әдебиетшілер арасында, негізінен, шетелдік әдебиеттерден осы екі әдеби нұсқа көбірек ұнайтыны жасырын емес.
Орынбасар Исақовтың жапон әңгімелеріне бейімдігі мен құмарлығы бізді бейжай қалдырған жоқ. Ол дегеніңіз күншығыс елі әдебиетшілерінің адам психологизмін ашуға деген бе­йім­дігіне байланысты.
Осы бір жапон прозасына деген бе­йім­дікті Орынбасар Исақовтың «Аялдамада кезіккен мысықтың хикаясы» психологиялық әңгімесінен аңғардық. Онда қазіргі алмағайып заманда адамның көбінің бойынан кездеспейтін адалдықты бейкүнә марғау мысықтан көріп тәнті болдық.
Автор әлдебір жұмыспен бара жатып аялдамада жатқан мысықты көреді. Араға біраз уақыт салып әлгі жерден қайта өтіп бара жатса, мысық әлі де сол жерде жатыр екен. Тіпті аялдама орындығындағы орнын ешкімге бермей қорғайтынын байқапты.
Осы жерде есімізге орыс халқының «Ит – иесіне, мысық – мекеніне» деген мәтелі еске түседі. Бұл жерде де автор ұстанып отырған лейтмотив осы тұрақтылыққа байланысты. Яғни адамда жоқ тұрақтылыққа байланыс­ты. Біз Орынбасар Исақов қаламынан алдымен жапон прозасына тән ерекшелікті дәл осы жерде көрдік.
«О, тоба!.. Скамейканың ең шетін ешкімге бермей әлгі таныс мысық отыр! «Бұл орынға мен қожайынмын!» дегендей қалыпта жинақы ғана отырып алыпты. Келіп-кетіп жатқан автобустардың, оған мініп-түсіп жатқан жолаушылардың, әрі-бері жүрген жүргіншілердің оған ешқандай қатысы жоқтай. Көздері ашық болғанымен, көз алдындағыларды көрмейтін, елемейтін кейіпте. Алыс бір «ойға» кеткендей», – деп жазады автор.
Осындай әсермен үйіне оралған ол қатты толқиды. Түнде түс көреді. Аялдамадағы мысық өзін әлдебір жерге шақырғандай қимыл жасайды. Оқтын-оқтын артына бұрылып, маған ілесіп жүр дегендей қылық танытады. Осылайша, мысық оны әлдебір жерге ертіп апарды. Ол жерді мысық өз мекеніндей сезінеді екен, – дейді.
Бір кезде терезе алдына шыққан әлдебір күш сыртқа лақтырады. Автор мысықты аяп оны көтеріп алмаққа сыртқа ұмтылады. Бірақ мысық табылмайды.
Бұл жерде автор игі ниеттерге жасалар қастық пен зұлымдықты мимикалы ишара арқылы білдіреді, талдайды. Көп ұзамай мысықтың тағдырына қатты алаңдаған ол оны назарынан тыс қалдырмайды.
Сөйтсе, мекеніне адал марғау өзінің кішкентай кезінен өскен үйінен кеткісі жоқ екен, қайта-қайта үйіне барады. Бірақ үйдің жаңа қожайыны оны жатсынып сыртқа қуады. Ал мысық қайта-қайта келе береді.
Күндердің бір күні автор мекенінен кетпейтін мысықты әлгі жаңа қожайын әйелден алып кетпек болады. Әлбетте, әйел оған қуанбаса, ренжімейді. Автор мысықты қағаз қорапқа салып алып шығады. Бір кезде мысық оны ескі шоланға қарай бастайды. Жаңа қожайыны мысықтың соңынан ереді.
Қысқасы, мысық оны ескі шоландағы көне шкафқа қарай жетелейді.
«Мен шкафтың алдына жақындадым. Ол оның төменгі полкасында бір түйіншектің үстіне теріс қарап отырып алыпты. Мен екі қолымды созып оны орта белінен ұстағанымда ешқандай қарсылық көрсетпеді, керісінше, бөксе-қарнын қапсырып алған екі алақаныма оның дем алғаны және «сенім көрсеткен» «құр-құр» дірілді үні сезіліп тұрды. Енді оны жай ғана шкаф ішінен шығарып ала бергенімде, алдыңғы екі аяғының тырнақтарына іліккен ақ матаға оралған бума бірге ілесе шығып жерге түсті. Егер ол осы шоланның ішінде жатқан көп қоқыстарға ұқсаса, мен, әрине, көңіл аудармас едім. Ал мына қызыл кірпіштің көлеміндей етіп ақ матаға ұқыптап оралған бума тү­йіншек еріксіз көзіме түсті. «О, бұл не болды екен?!»
Мен матаның шетін сәл ашып қарағанымда беті желімделген конвертті, ал оның астынан тақталап байлап қойған... (Мәссаған!) ақшаның, теңге емес доллардың шеті көрінді». 
Автор мәселені осылай баяндай келіп, онда жазылған маскүнем баланың өлер алдындағы өсиет хатына тоқталады. Онда жігіт дәулетті бола тұра шешесін қарттар үйіне беріп жібергеніне өкініш білдіріпті. Ең соңында осы бір бума долларды қарттар үйінде жатқан анасына тапсыруды өтініпті. 
Кейіпкер, яғни автордың өзі мұндай хатқа бейжай қарай алмайды. Кемпірді қарттар үйіне іздеп барады. Орекең өз шығармасында оны былайша баяндайды: «Өзара осындай кешірім сұрау рәсім сөздерді айтып болған соң, мен келген мақсатым туралы әңгімемді бастап кеттім. Әңгімемде «Қытай уқалау орталығына» барғанымды, бара жатып аялдамада бір мысықты көргенімді, сосын Орталықта ол мысықты кездестіргенімді – бәрін-бәрін түгел баяндап шықтым. Сондай-ақ оның (кемпірдің) баласы туралы естігенімді, оның қалай өлгенін, жазған хатын, қалдырған ақшасын қалай тауып алғанымды айттым. Кемпір тырп етпей тыңдап жатты. Мен сөзімді бітіргеннен кейін де ол біраз уақыт үнсіз қалды. Өзінің үнсіздігімен ол менен тағы бірнәрсе күткендей болды маған. Мен еріксіз: 
«Иә, иә, міне оның хаты, міне оның сізге қалдырған ақшасы!» деп сұлық жатқан қолына ұстата бердім. «Бірақ мы­сығыңызды мұнда кіргізбейтін бол­ғандықтан, алып келе алмадым», – дедім. 
Міне, автор әуелі Жаратушының, сосын мекені мен иесіне адал мысықтың арқасында үлкен гуманистік, адамгершілікке толы іс жасайды. Автор, әлбетте, адам. Алайда адамның да адамы бар, арамы бар. Бұл жердегі әңгіменің негізгі айтпақ ойы да осында. 
Ал мысық ше? Бұл жерде автор мысық арқылы бүгінгі Адам ата ұрпағынан алшақтап бара жатқан гуманистік көзқарасты, көмескіленіп бара жатқан адамшылықты меңзейді. Бұл әңгімеде жапон әдебиетіне тән тылсымды мимика-­ишара бар. Әңгіме сонысымен де құнды.  

Өмірзақ МҰҚАЙ 

517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6626

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5926

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3669

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3054

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3014

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2990

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2719

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2704

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы