• Ақпарат
  • 21 Наурыз, 2024

Келесі құрылтай Көкшетауда өтеді

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Мемлекет басшысы, ең алдымен, биылғы Құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті.

 

– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады.  
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.
– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсас­тығы да осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмысы жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жер­асты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкі­өлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркение­тінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғау­ға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамыз­ды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды.
Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн деп санайды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар: Тәуелсіздік және Отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық құрылтайда жұртшылық атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, Парламент Сенатының депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Евгений Больгерт, адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова, Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда айтылған жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.

Сәуле ДОСЖАН, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

 

Заң қараға да, ханға да бірдей

 

– Мен Құрылтайға құрылғалы бері қатысып келемін. Ұлытаудағы Құрылтайда 42 бастама көтерілсе, Түркістанда 100 ұсыныс назарға алынды. Осы үшінші басқосуда Президентіміз олардың 80 пайыздан астамы жүзеге асырылғанын мәлім етті. Енді, міне, Атырауда үшінші Құрылтай өтті.
Атыраудағы үшінші Құрылтай ұлттық руханият­қа қозғау салатын жобаларға ерекше мән берді. Руханият­қа, әдебиетке, ұлттық идеологияға қызмет ететін мемлекет ешқашан артта қалмайды. Былтырдан бері қаламгерлердің қоғамда қайтадан мерейі өсіп, жазған еңбектері бағаланып, оқырман қауымды қуантып жүргенін байқадым
Ұлттық құрылтайда Президентіміз әрдайым кітап ісі, кітап оқу, кітапхана туралы өзекті ойлар көтереді. Мемлекет басшысы кітап оқымайтын ұлтқа айналып кетпеудің алдын алуда. Осы орайда Түркістанда балалар кітапханасын жасауды қолға алуды тапсырса, биыл Алматы мен Астанада көп ұзамай тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салынатынын айтты. 
Мен Түркия елінде студенттерге арналған «Президент кітапханасында» болдым. Кітапханаға жолаушыларды таситын автобус Түркияда тегін екен. Жастар жағы кітапханада таңның атысынан қас қарайғанға дейін рухани азықтанып, кітапхана ішінде тамағын ішіп, арасында мызғып алып, тегін автобус­пен үйіне қайтады. Олар ертең еліне аянбай қызмет ететін жастар емес пе? Меніңше, Президентіміздің де арман-мақсаты – осы. 
Одан бөлек, Президент қазақ тілі бизнес пен техниканың тіліне айналып келе жатқанын айтты. Былтыр құрылған QAZAQ TILI Endowment қорына көмек қолын созған кәсіпкерлерге ризашылық білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бес кеселмен күресу қажеттігін түсіндірді. Оның ішінде, нашақорлықпен күрес, құмарпаздыққа әуестікті жою, тіпті насыбай атудың өзі ұрпақ саулығына қаншалықты зиян екенін ұқтырды. Бүгінге дейінгі есеп бойынша төрт жүз мыңнан астам адам лудоманияға шалдыққан. Осылардың көпшілігі – жастар. Ал сол жастарымыз неге жақсылыққа ұмтылып, жақсы қасиеттерді үйренбейді? Президентіміз солардың болашағын ойлап, жаны ашып отыр емес пе? Мемлекет басшысы дұрыс жол сілтеп отыр. Демек, бұқара оны орындауға атсалысуы керек.
Құрылтайда заң үстемдігін орнату, заң мен тәртіптің қатал сақталу мәселесі де көтерілді. Заң қараға да, ханға да бірдей болуы керек деген ұстанымның алдағы уақытта қатал сақталатынын Мемлекет басшысы биік мінберден айтты. Президент судың да сұрауы барын ескертті. Су мен жарықты үнемдеу арқылы әр отбасы мен әр адам өзінің тұрмысын жақсартып, ертеңгі өмірін ұзартады. 

Абай Дүйсенбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымының кандидаты:

 

Құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет

 

Бұл ұлттың болашағы мен мемлекеттің бірлігін ұлт зиялыларымен бірге кеңесіп, шынайы түрде шешудің бағыты талқыланған Құрылтай болды. Тарихи мәлімет бойынша, «Құрылтай – түркі-монғол ақсүйек­терінің ресми кеңесі. Түркілерде, кейін Шыңғыс хан империясында Құрылтай үлкен рөл атқарған. Онда, негізінен, ұлы хан сайлау, жауланған жерлерге иелік ету және әскери жорық бағытын белгілеу мен оған әскербасы тағайындау мәселелері шешілді. Ұлыстарда да жыл сайын Шыңғыс хан әулеті мен әскери-көшпелі ақсүйектердің Құрылтайы шақырылды. 1259 жылы Мөңке ханның өлімінен кейін жалпы монғолдық, яғни ұлы Құрылтай шақырылмайтын болды. 
XV–XVIII ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін Құрылтай шақырылған, мысалы, Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасы құрылтайы» туралы деректер бар. Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың қордаланып қалған экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерімен қатар, яғни халық бірлігі, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер тағы басқа мәселелерді жан-жақты ойланып, оған мән беріп: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы – Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың па­йымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар. Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды», – деп оның маңызын нақты келтірді. Сонымен қатар елдің қордаланған мәселелерін жан-жақты талдап, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен тәрбие мәселелеріне тоқталып, «Адал азамат» туралы: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек» деп отбасыдағы ұрпақ тәрбиесіне сипаттама береді. Мұндай келелі мәселелерді шешуде бірнеше құндылықтарды атап өтті, яғни Тәуелсіздік және Отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық деп жүзеге асыру жолдарын да ұсынды. Аталған бағыттағы мәселелердің барлығы да елдің көкейінде жүрген және шешуде кезек күттірмейтін мәселелер. Сонымен қатар оны тездетіп бүкіл ел болып қолдау қажеттігін атап өтті, яғни, тағы да бір қайталап өтейін: Тәуелсіздік және Отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Ұлтымыз осы идея­лық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет», – деп келтіреді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұндай жиындарды аймақтарда өткізу туралы «Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын» деп, тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, қазақы дүниетанымды бүкіл халқымызға өнегелі тәрбиенің көрінісі ретінде көрсетті.
Демек, мемлекеттің болашағы еліміздің мектепте білім алып жатқан жастарымыздың бойында ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор деп білеміз.

Ләззат Қожахметова, Ұлттық құрылтай мүшесі:
 

 

Көтерілген мәселелер міндетті түрде назарға алынады

 

– Президент ел ішіндегі жағдайды Ұлттық құрылтай мүшелерінен тікелей естігенді құп көреді. Ұлттық құрылтай – елдің үнін Президентке тікелей жеткізетін жалғыз алаң. Құрылтайда көтерілген мәселелер міндетті түрде назарға алынады. Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі де осында.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Өнер, мәде­ниет, руханият» секциясын Аида Балаева, Азаматтық қоғам секциясын президенттің көмекшісі Руслан Желдібай жүргізді. «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясын Тамара Дүйсенова, «Білім мен ғылым» секциясын Нұрбек Саясат жүргізді. 
Қаңтар айында Астанада Құрылтайдың жұмыс отырысы өткен. Мен вице-премьер Тамара Дүйсеноваға 7 ұсыныс жасадым. Атырауда Тамара Қасымқызы сол ұсыныстарымызға жауап берді. Сол ұсыныстарымның бірі есірткі мәселесі еді. Бүгінде 17–20 жастағы балалар 1 грамм есірткі таратқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуда. Оларды аптасына 200 мың (шамамен) теңге қаржы табу қызықтырған. Баланың алданғаны есепке алынбайды. Ұсталса, жаза қатаң. Қазіргі таңда Қазақстанда есірткі тасымалдаған 14 жастағы бала жазасын өтеуде. Олар әр жерге есірткі қалташасын жасырып, қойып кететіндер. Ол үшін, әрине, ақша алады. Бұл іске қылмыскерлер жастарды тартады. Егер есірткі грамы көп болса, ұйымдасқан топ екені дәлелденсе, әлгі тасымалдаушы 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сол себепті ата-аналар баласының немен айналысатынын, қаржыны қалай табатынын бақылағаны жөн. Себебі жас баланы алдап көндіру, мол қаржымен қызықтыру оңай. Тасымалдаушылар ұсталғанымен, шортандар әдетте құтылып кетіп жатады. Барлық жауапкершілік қылмыс үстінде ұсталған адамға жүктеледі. 
Міне, Ұлттық құрылтайда танымал адвокат Айман Омарова осы мәселені Президентке баяндады. Айман Мұратқызы кезінде тергеуші болған, бүгінде зорлыққа ұшыраған балалар мен әйелдерді қорғайтын адвокат. Ол осы санаттағы 40-тан аса іске қорғаушы ретінде қатысқан. Оның 12-сі өз қызын зорлаған әкеге қатысты. Адвокат Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «One-Stop-Service» атты жобаны жүргізіп отыр. Ол зорлыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетеді. 
Президент Айман Мұратқызының ұсыныстарын мұқият түртіп алғанын көрдік. Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарға бірнеше рет тоқталып, Үкіметке тапсырма берді. 
Осыдан-ақ Ұлттық құрылтай дәл қазір қажет, тиімді құрал екенін аңғаруға болады. Елдің тамырын басып, үні болуға лайық ұсыныстар айтылды. Қоғамның дамуына үлес қосатын болса, Ұлттық құрылтай өз функциясын тиімді атқарғаны.

634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6096

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5655

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3396

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2777

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2740

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2716

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2448

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2434

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы