• Ақпарат
  • 21 Наурыз, 2024

КҮННЕН ТУДЫМ…

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»
 

Арқасында дөңгелек күн бедерленген шапанды түркінің ұлы қағандары ғана киген. Тілімізде тұрақты тіркеске айналып кеткен күнге қатысты қаншама сөз бар. Таңғаларлығы, оларды өзгертуге болмайды, басқаша айтсаңыз, не жазсаңыз тілді білмегендік болып шығады. Себебі олар ауызекі әңгімеде де, әдеби нормада да әбден орныққан, қалыптас­қан. Олай болатыны есте жоқ ескі заманнан бері Күнді қадірлеу, құдірет тұту, барлық жақсылықты әкелуші ретінде бағалау, тіпті тірі адам секілді сырлас тұту әрі жеке басқа келер жамандық атаулы да Күнге қатысты деп түсіну түркілерге де тән. 
 

Күнәпа

Айталық: атар таң, батар күн, ай десе аузы, күн десе көзі, басын күн шалды, күн арқан бойы көтерілді, күн байыды, күн найза бойы көтерілді, күн бата, күнге күйді, күн еңкейді, күн жеді, күн кешкірді, күннің көзі, күн көтерілді, күн қақтады, күн қақты, күн құлақтанды, күн қыза, күн мен түннің теңелуі, күн өтті, күн сала қарады, күн сәулесі, күн тоқырау, күн тұтылды, күн ұясына кірді, күн шалды, күн шұғыласы, күн шыжыды, айдың күні аманда, ақырет күні, арғы күн, басына күн туды, екіталай күн туғанда, ерте күнді кеш қылды, кемді күн, көрген күні құрысын, күн айықты, күн аралатып, күн шайдай ашық, күн бермеді, күн бір жауса, терек екі жауады, күн де өтер, айлар өтер, жыл өтер, күндерде бір күн, күн жадырады, күн жайлатты, күн жарқылдады, күн жауды, күн жаумай су болған, күн кесу, күн кешті, күн күркіреді, күн қабағы, күн құйды, күн құрғатпай, күн май тоңғысыз жылы, күн райы, күн сайын, күн санап, күн сынды, күн тәртібі, күні қараң, құлағынан күн көрінеді, қырық күн шілде, құдайдың құтты күні, қысқа күнде қырық құбылды, қысылтаяң күн туды, отыз күн ойын, қырық күн тойын, өгізге туған күн бұзауға туады, мереке күн, тарихи күн, не басыңа күн туды? Өлместің күні, таңды таңға, күнді күнге ұрды, туған күн, ұзақты күн, ұлыстың ұлы күні.
Күн түбірінен жасалған сөздер де аз емес. Күнайым, күналды, күналқы, күнә, күнәй, күнәйімді, күнәкар, күнәпа, күнбағыс, күнбатыс, күнгей, күнгейлік (күндік), күнгейтас, күнгеле, күнғалақ, күндақ, күнде (күде), күнде, күндебау, күнделік, күндес, күндешіктер, күндік, күнелту, күнес, күнжара, күнжіт, күнкөріс, күнкелді, күнқабақ, күнқағар, күнпарақ, күнтартқыш, күнтимес, күнтізбе, күншуақ, күншығар, күншығыс, күншілдік, күншілік.
Енді осы сөздердің ішіндегі жалпыға түсініктісінен басқаларына жеке-жеке тоқталайық: күнайым, күналқы екеуі де көне сөздер. Күнайым – бала мағынасында, күналқы – соғыс, майдан кезіндегі үзіліс шақ. Көне деп жатқанымыз осы мағынасында қазір тіпті әдеби қолданыста да кезіге бермейді. 
Күнәй – күнә, мін ұғымындағы сөз. «Көрсетеді кәрілік күнәйіңді, Қатпар-қатпар қылады шырайыңды. Тегіндікпен кәрілік келмейді екен, Қасына ертіп жүреді уәйімді» (Майлықожа)  деген өлеңнен мәнін анық түсінуге болады. Ең қызығы күнәй – күнә, мін болса, күнәйімді сөзі екіқабат, жүкті мағынасында да қолданылған. Мысалға: «Қатыны айтады: «Сенің мұның қате, құлақ сал, айтайын», – дейді. – Мен сіз кеткенде, өзіңізге мәлім, күнәйімді емес пе едім, кеткеніңізге недәуір жыл болды, есептеп қараңыз», – дейді (Әбубәкір Диваев). 
Күнәпа – шаймен ішетін тағам түрі. Қазақ шайшыл халық, дәл қандай тағам екені түсіндірме сөздіктерде нақты айтылмаған, жалғыз анығы – бал қосылады. Бал болмаса шекер қосатын көрінеді. Күнгейлік – күндіктің бір айтылу нұсқасы, яғни әйелдердің бас киімі (Дегенмен әйелдердің де киімінде көп өзгешелік бар. Кіші жүз кимешек орнына, күнгейлік киеді (Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романынан). 
Күнгейтас – минерал, гематит не слюда қабықшалары бар, жартылай мөлдір плагиоклаз, гематиттің өте ұсақ талшықтарын кіріктіретін алтын түстес құлпырмалығы бар әшекей тас (Қазақ тілінің терминологиялық сөздігі. Геология). Күнгеле деп балық аулайтын аудың шетін арқанға бекітуді айтады. Бұл еліміздің балықшылар тұратын аумақтарында қолданылатын, былайғы жұрт біле бермейтін кәсіби сөз. 

Күнғалақ та көпшілікке түсінікті сөз дей алмаймыз. Кейбір өңірлерде кепсерді немесе тесік ожауды күнғалақ дейді. Дұрысы – күн-қалақ болар. Біріншіден, кепсердің басы дөңгелек, яғни күн секілді, екіншіден, қалақ қасықтың синонимі. Күнге ұқсайтын, бауырсақты, шелпекті, кеспені сүзіп алатын зат. Күндақты қолданған ақын, әрине, көктен алған жоқ, бұл да жергілікті қолданыс болса керек. Табыс, бақ, жетістік мағынасына келеді (Ей, адамдар, мені ғафу ет, кейісеңдер, білмесем, Кешіріңдер, күндағыңды күндесем. Бір жылы сөз сыйласаңдар жадырап, Төбем көкке тиеді де күнде өсем (Ө.Күмісбаев). 
Ілкіде күнде сөзін екі мәрте жаздық, себебі оның екі түрлі қолданысы бар. Алдымен, ағаш соқаны күнде атаған. Сосын тебеген биенің артқы аяғымен мойнынан орай байлайтын арқанды кей жерде күде десе, кей жерде күнде дейді. Яғни бие артқы бір аяғын мойнына қарай тартып байлап күде салғанда, тебуге шамасы келмей теңселіп тұрады, сол кезде сауу оңай. 
Күндебау деген де бүгін қолданыс­та жоқ сөз. Ежелгі қазақ өміріндегі соғыс-жанжал, жер дауы, жесір дауы, адам өлімі кезінде құн төлеудің сыр­тында, екі жақтың біржола бітісуі үшін кінәлі жақтың қалыңсыз беретін қызын күндебау атаған. «Қалдан Серен Абылайға өз тұқымынан бір қызды күндебау ретінде берген» деген әңгіме бар ел арасында. 
Күндешіктер – бір-екі және көп жылдық шөптесін өсімдіктер түрі. Суда және жағада өседі. «Жапырақтары қарама-қарсы немесе шоғырлана орналасқан, тықыр не түкті гүлдері қос жынысты, сағақсыз немесе гүлсағақты, шоғыр, шатыршаға топтанған, жемісі – көп тұқымды қорапша болып келетін өсімдіктер» деген анықтама берілген. 
Күндіктің синонимі – шылауыш. Көбіне шығыстағы қазақтар шылауыш атауын қолданады. Кимешектің сыртынан басты айналдыра орайтын әйел­дердің бас киімі. Күндік басты орап, арқаны жауып тұрады, сондықтан ұзын болуы шарт. Әсіресе оңтүстікте әжелер күндігінің кенересін биік қылып орайтын үрдіс болған. Қытайда қазақтар тұратын Күнес деген жердің атауы бар. Мұның да мәнін екінің бірі біле бермейді. Шуақты, күн сәулесі молынан түсетін жерді күнес атаса керек («Бай үйінің сыр­тын жағалап, жүк жиылған күнес жақта ақырын күбірлеп ойнайды (М. Әуезов «Абай жолы»). 
Күнбағыс секілді майлы өсімдіктер болатыны мәлім. Солардың майын сығып алғаннан кейінгі қалдығын күнжара деп атайды. Аштық, жоқшылық заманда оны да нан ретінде тапқан адамдар ғана жегенін мына үзіндіден білуге болады: «Нәр татып күнара – Нан, Нан! – деп жыладың. Нанымыз – күнжара, Асымыз – быламық (Тоқаш Бердияров, «Көгілдір»). 
Күнжіттің латынша атауы – sesamum. Бір жылдық әрі көп жылдық өсімдіктер тұқымына жататын, ыстық жерлерде өсетін өсімдік. Дәнінен май алынады. («Бидай мен арпаны орып алыпты, кендір, күнжіт, бұршақ әлі көк қалпында көрінеді, дала бетін көгертіп, толқып тұр (Садриддин Айни).
 Күнкелдінің отгүл деген де аты бар, көп жылдық шөптесін, жарық гүл тұқымдасына жататын, тамыры көп тармақты делінетін өсімдік. Күнқабақ – дәні өсетін қауашағы күннің қозғалысымен бірге айналатын, кәдімгі күнбағыстың бір синонимі. Күнқағар – бас киімнің күннен қалқалап тұратын алдыңғы бөлігі. 
Күнтартқыштың французша аты – Ioupe. Күн сәулесін шоғырландырып қыздыратын ойыс шыны бізге орыс тілі арқылы енген атауымен белгілі (Егер сонда күнтартқышын Қанатқа бере салса, қазір оның компасын қыңқ еткізбей алатын сияқты (Бердібек Соқпақбаев, «Жекпе-жек»).
 Мал  құйрығының астын күнтимес дейді. Оған қоса сыртқа көп шықпайтын, қара жұмыс істемейтін, күнге күймеген аппақ адамды, кейде ақындар, жазушылар адам мүшесіне қаратып суреттегенде қолданатын сөз. Сөздің тұлғасының өзі күн тимейтін тұс ұғымын беріп тұр. Қазақ ою-өрнектерінің неше түрлі атауы бар. Соның бірі – күншығар. Шығып келе жатқан күнді бейнелейтін өрнек (Әсіресе көбірек кездесетіндер: айшық гүл, жұлдыз гүл, күншығар (C.Қасиманов, Қаз. қолөнері). Күншілік жер – жұртшылыққа түсінікті болғанымен, шамамен елу-алпыс шақырымды білдіретін халықтық өлшем деген анықтамасын айта кеткен абзал. 
Күналды (күнібұрын), күнә, күнәкар, күнбағыс, күнбатыс, күнгей, күнделік, күндес, күнелту, күнкөріс, күнпарақ, күнтізбе, күншуақ, күншығыс, күншілдік секілді көпшілікке түсінікті, астарлы, беймағлұм мағынасы жоқ сөздерге тоқталып жатпаймыз.

Бас Тәңір

«Күн мен Ай бір-біріне қосыла алмаған ғашықтар екен» деп басталатын мифтер де жоқ емес. Ай – ару қыз, Күн – күйеу. Дүние жаратылып, жарық пен қараңғы айырыларда алдымен Күн туып жарықты иемденіпті, соңынан туған Айдың үлесіне түн тиіпті. Екі ғашық қанша ынтық болса да, кездесе алмайды, бірақ әсте үміттерін үзбейді. Жарық жүзінен шұғыла шашады. Кейде қатты қайғырып, бетін бұлт басады, қара бұлт – олардың қайғы-мұңы, жаңбыр көз жасы екен-мыс… 
Келесі бір аңызда Күн, Ай, Қораз үшеуі аспанда тұрыпты. Ай өте сотқар болған екен. Күн адамдарға шуақ шашуға кеткенде, Қораз байғұсты айдарынан ұстап, жерге тастап жіберіпті. Айдың әрекетін көрген Күн ренжіп, бұдан былай мен күндіз, сен тек түнде аспанда жүресің, бетіңді көргім келмейді депті. Содан бері Қораз таңда жақсы көретін Күн ағасын көргенде шақыратын, кеш болса, үйшігіне кіріп кететін әдет тауыпты. 
Тағы бір мифте «Күн мен Ай бірге туған егіз әрі өте сұлу қыздар болыпты. Бір-бірінің сұлулығын күндеп, өштесіп кетіпті. Күн бірде Айдың бетін тырнап алыпты, содан бетінде дақ қалған екен. Ай өшін алмақ болып жақындап барып, тағы да тырнап ала ма деп «қорғалап» қалады. Күннен алыстап кеткенде оны қызықтыру  үшін сұлу жүзін толық көрсетеді-мыс… Ең қызығы бұлар тек қазақ ішінде айтылатын аңыз-әңгімелердің бір парасы ғана. Ал әлем халықтарының Күнге қатыс­ты аңыз-ертегілері, мифтері өте көп. Тундра халықтарының бір аңызы «Күн-бұғы болыпты» деп басталады. Осыдан отыз жыл бұрын, осы жолдардың авторы «Күн-бұғы» деген өлең жазғанымыз бар. Әлемдегі миллиардтаған халық, Күнді қадірлеп, өз өміріне байланыстырып, ол туралы нешетүрлі аңыз-әпсана шығаруы тамсанудан, тіпті табынудан туғаны анық. 
Күн мифологиясы туралы талдап көп жазған ғалымның бірі Серікбол Қондыбай былай дейді: «Күн – көшпелілердің қайсысы болсын, мейлі түркі тілді, мейлі иран немесе монғол тілді болсын, басты Тәңір болған. Егер иран тілді делініп жүрген сақ-скифтер мен массагеттер, сондай-ақ сармат-­аландардың мифологиясындағы күннің мифологиялық мәні біршама зерттелсе, ғұндар мен түркілердің осындай сенімі алдын ала қойылған тар стандарттарға сай, «оларда мұндай жоқ» деген желеумен зерттелінбеді десе де болады. 
Қазақ тіліндегі «күн көру», «күндеу», «күншіл», «күнелту» т.б сөздердің қазіргі мағыналарын талдап жатпай-ақ, сол мағыналардың тууына ықпал еткен мифтік түсініктерді көрсетуге болады, ең бастысы күн сөзі қаншама жаңа мәнді сөздердің жасалуына мүмкіндік бергенін білу ғана. Ал «күн жауды», «күн күркіреді» деген тіркестердегі «жауды», «күркіреді» деген етістіктердің күнге емес, жауын-шашынға (жаңбыр жауды) және найзағай мен бұлтқа (күркіреу) қатысты екенін байқау қиын болмас, бірақ олардың қызметі күнге берілген, яғни күн универсал мифтік шаруа атқарып тұр. Бұл да арғықазақтарда күн осы күнгі ғылыми әдебиетте айтылып жүрген Тәңір мен Ұмайдан да маңыз­ды мифологиялық образ болғанын көрсетеді». Жоғарыда біз келтірген күнге қатысты сөздер мен сөз тіркес­терін Серікбол Қондыбайдың ізімен әрі қарай талдау­ды болашақ мифолог-ғалымдардың үлесіне қалдырамыз. Расында, Күн тақырыбы Тәңір мен Ұмайдан да маңыз­ды. Әрі бұлар терең астасып жатқан ұғымдар. 

«Тян» иероглифі

Шығыс Түркістанда тұратын Шадыман Ахметұлы есімді ғалымның жазуынша, қытайдың «тян» деген иероглифі жаратылыстың иесі немесе тәңір (күн) деген мағынада қолданылған. Көне қытай тілінде патша сөзін «тянзы», яғни тәңірдің, көктің ұлы деп жазған. Тағы бір қызығы – ханзулардың (қытай ұлтының атауы) мифологиясындағы Пәнгу есімді алып, бүкіл ғаламды жаратыпты-мыс. Содан ол аспан (күн) мен Жердің қайтадан бірігіп кетуін болдырмау үшін басымен көкті, аяғымен Жерді тіреген… Сондықтан «да» иероглифі төбесімен көк тіреген алып адам бейнесінде жазылады. Аталған «да» иероглифі кәдімгі петроглифтердегі өзіміз көріп жүрген екі аяғы, қос қолы, басы бар адам бейнесінен аумайды. Сондай-ақ зерттеуші, белгілі орыс ғалымы В.Радлов жазған алтайлықтар, қазақтар киіз үйінің шаңырағына жаңағы «да» иероглифіне ұқсайтын, дәлірегі, керілген аяқ-қолымен көкті тіреп тұрған шеңбердегі (яғни күндегі) адам бейнесіндегі құдайды іліп қоятынына назар аударыпты. 
Ежелгі түркілердің, Египеттің, Қытайдың жазуларында жай шеңбер және ортасында ноқаты бар шеңбер күн ұғымын берген. Ал қазақ ішіндегі арғын, найман, беріш, үйсіннен тараған албан, суан, дулат руларының таңбасы, әрқайсысында сәл өзгертілген шеңбер. Расында, мұндай мысал Күн планетасының әлем халықтарының, соның ішінде қазақтың да өмірінде аса маңыз­ды екенін көрсетеді. Киелілік ұғымын білдіреді. «Қазақтардағы жар-жар деп айтылатын әннің о бастағы шығу тегі күнге мадақ жыры болуы мүмкін» (Ш.Ахметұлы). Ғалым бұл пікірін монғолдың нар, яғни күн, қазақтың жар-жарық сөздерін, өзге халықтардың яр түбіріне қатысты ұғымдарын талдай келе айтыпты. Жаны бар сөз. 
Майя тілінде де күн, «күн» деп жазылып, оқылады. Күн сөзінің әу бастағы мағынасы шеңбер, дөңгелек ұғымындағы «кү» сөзінен шығуы мүмкін. Сағайлардың тәңір сөзін «тегір» деп айтуы да осы сырдың тиегін ағытуға жетелейді. Қазақ тіліндегі «тегершік» сөзі Махмұт Қашқаридың сөздігінде және йұғыр тілінде «тегірме» дөңгелек мағынасында қолданылады. «Ақ тігер» тіркесіндегі тігерді және тегірменді (диірмен, тиірмен) осы тұрғыдан түсінген жөн.
Татарлар күн сөзін «кин», «кен» деп те атайды. Кин, күн нұсқалары америкалық үндістердің тілінде сол қалпында сақталған. Татарлар мен майялар бірінші айды «яшкин», төртінші айды «яш» дейді. Жетіген сөзінен көне түркілердің жұлдызды ген атағанын көреміз. Көне ханзу тілінде «кән» – көру, шолу.  Шеңбер түріндегі тасаттық тұғырлары, жер жүзінің әр қиырынан кезігетін дөңгелек тасүйіктері күнге табынуға байланысты жасалған болуы ғажап емес. Дәлірегі, Күн-Құдайға табынатын орын да дөңгелек пішінде.  
«Қырғыздар (қазақтар) табиғи қажеттілікті өтеу кезінде жүзін күнге бұрмайды» деп жазған Шоқан Уәлиханов та «тян» сөзінің мәнін білген немесе сол заманда да бұл атау ғылымда белгілі болған. «Аспан – шамандықта ең жоғарғы құдірет. Көк тәңірі – Көк аспан. Қырғыздарда бірінші сын есім көк сөзі көрінетін заттық нәрсені білдіреді, ал тәңірі зат есімі Алла және Құдай сөздерінің синониміне айналған. Дегенмен даланың шеткері өңірлерінде,  мысалы Қарақырғыздар ордасында әлі күнге дейін «көке тяңгірі» деген құдайшыл үн, леп сипатындағы ұғым бар. «Тәңірі» сөзін Шыңғыс ханның кезінде-ақ мұсылмандар – Алла, ал еуропалықтар deus сөзімен аударды, себебі ол шамандықта аса құдіретті күш идеясына жақын болды, ал кіші Бұхарияда қытайдың тянь сөзі де енді парсының худа – құдай сөзімен аударылды».
«Рашидиннің айтуынша, монғолдар күн күркірегенді көктің (аспанның) ашуы деп есептеп, одан қатты қорыққан. Қыр­ғыздар (қазақтар дегені) шынында да, күн күркіреу Құдайдың ашулы дауысы, ал найзағай – жебелер, ол олармен шайтандарды талқандайды деп айтады… Күн күркіріне қатысты «көк айғыры кісінеді» дегенді есту сәті де бірінші біздің еншімізге бұйырды. Бұл тұрғыда қырғыздарда мынадай салт сақталған: киіз үйдің иесі жүгіріп шығып, өзінің үйін айнала жүгіріп, оны сыртынан «сүт көп, көмір аз» деп айта жүріп ожаумен ұрады, ал содан кейін үйге кіріп, ожауды есік жақтағы керегеге іліп қояды. Және оны босағаға сүт құю деп атайды» («Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы»). Әрине, ұлы ғалымның Күн, Тәңірі, Құдай, Аспан ұғымдары туралы айтқаны бізге қазір де түсінікті әрі құнды. Біз Шоқаннан оқыған «көк соққан» тіркесі біздің ауылда күні бүгін айтылады. Сондықтан Күнге, яғни Көкке, Тәңіріге қатысты әңгімеде біз Шоқан Уәлихановты айналып өте алмаймыз.

Өгіз союға, балық жеуге болмайды…

Біздің заманымыздан бұрынғы Мысырдың IV Рамзес патшасының тұсында жазылған бір күнтізбеде: «Тот айының 21 күні өгіз союға болмайды. Тоттың 22 күні балық жеуге және балық тұздау­ға болмайды. Фаофи айының 13 күні жеміс жеуге болмайды… Әр айдың 25-і қырсықты сәтсіз күн» деген секілді қызық ескертпелер бар. Астрологтердің планеталарға берген мінездемелері де түрліше: «Марс – қызыл планета, сондықтан ол төгілетін қанды білдіреді, Юпитер қоңырқай жылылық пен ылғалға, демек, бейбітшілікке сәйкес. Ай сабырлы, жарық, ол Күннің күндізгі аптабын басып, қараңғы түнде жол көрсетеді. Күннің «билігінде» жақсылық та, жамандық та бар. Күн мен Меркурий қайырлы да, қайырсыз да бола береді. Марс, Юпитер, Сатурн – еркек жыныс­ты, Ай мен Венера – ұрғашы, Меркурий – қос жынысты… Астрологтер мен алхимиктер апта күндерін былай мінездепті:
жексенбі – Күн – алтын,
дүйсенбі – Ай – күміс,
сейсенбі – Марс – темір,
сәрсенбі – Меркурий – сынап,
бейсенбі – Юпитер – қалайы,
жұма – Венера – мыс,
сенбі – Сатурн – қорғасын. Бұларды мүлде негізсіз демей, қазіргі медицина планеталардың адам денсаулығына әсерін дәлелдеп келеді. Бәлкім, аталған планеталар мен металдардың адам ағзасына, тіпті ауа райына әсері әлі де зерттеуді қажет ететін шығар.
Қазақта да сәтті, сәтсіз күн ұғымы әлі бар. Сәрсенбі, бейсенбі, жұма сәтті күндердің санатында. «Сейсенбі күні жолға шықпа», «жұма күні кір-қоңыңды жума» деген тыйымдарды естіп өстік. Кей өңірлерде тоғызбен аяқталған күндер сәтсіз делінеді. 
Сол секілді «Күн қораланса, қар қалың түседі», «Күн мұнартып шықса, ыстық көтеріледі», «Күн құлақтанып шықса, боран болады не аяз күшейеді», «Күн құлақтанып батса, жылынады», «Ұлыстың ұлы күнінде Күн шақырайып шықса, сол жылы құрғақшылық болуы мүмкін» деген неше түрлі болжам қазақы ортада жиі айтылады.    
Әлем халықтарының тілі мен миф­терінде, аңыз-әңгімелерінде Күн туралы айтылған тұстары тым көп. Біз бұл ретте мектеп оқулықтарынан белгілі көне Мысырдың РА Құдайы туралы да толғанып жатпаймыз. Ілкіде сөз болған ханзулардың «тян» иероглифі де біз үшін өлшем емес. Себебі арғытүркілер Альяска арқылы Америка құрлығына ауғалы алды қырық мың, соңы он, он екі мың жыл болыпты. Сондықтан үш мың жылдың алдындағы «тянға» таңғала алмаймыз. Өйткені қырық мың жыл бұрын Еуразиядан кетіп, өркениетті мемлекеттер құрған, Күн-Тәңіріге табынып, Күн пирамидаларын салған  америкалық үндістердің ұрпағы күнді – «күн», тәңірді «тәңір» деп атайды. Сондықтан «Ерте күнде отты Күннен Гун туған, Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам», «Күннен туған баламын, Жарқылдаймын жанамын» деп жырлаған түркінің ұлы ақыны Мағжанның рухы мәңгі үстем, мәңгі асқақ. Ал Мағжан – қазақ. 

511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6050

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5631

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3370

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2752

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2716

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2692

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2424

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2409

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы