• Ақпарат
  • 20 Наурыз, 2024

Мереке қарсаңындағы маңызды жиын

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматыдағы Ұлттық кітапханада баспасөз өкілдерін жинап, «Ұлттық баспасөз: бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Қазақ баспасөзінің бүгінгі жайы, заман талабына сай дамуы, дәстүрлі журналистика мен әлеуметтік желінің әлеуеті таразы­ға салынып, келешегі туралы мәселелер сөз болды. 
 

Жиында «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Дулат Тастекей, «Қазақ газеттері» ЖШС Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакция меңгерушісі Еркін Жаппасұлы, журналист Таңсұлу Алдабергенқызы, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, «Үркер» журналының басшысы Жаңабек Шағатай, «Қамшы», «Qaz365.kz» т.б. интернет басылымдарының өкілдері болды.
Дөңгелек үстелдің алғашқы сөз кезегін Дулат Тастекей алды. 
«Қасиетті Рамазан айында, Наурыз мерекесі қарсаңында басқосуға келген әрбіріңізге алғыс айтамын. Қазіргі таңда қазақтілді БАҚ-тың жағдайы Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамын да толғандырып отыр. Радио мен телевизияны есепке алмағанда, қазақ баспасөзінің тиражы бұрынғыға қарағанда төмен екені рас. БАҚ – тікелей елдің тынысын, мемлекеттің идеологиясын халықпен қауыштыратын, халыққа жеткізетін негізгі құрал. 100 жылдан астам тарихы бар қазақ басылымдары тарихи қиын сәттерде өз функциясын жақсы атқара білген. Қазір де сол функцияны жақсы атқара білуі керек, – деп мәлімдеді Дулат Тұрсынұлы. 
Ал Думан Анаш іс-шараны ұйымдас­тырушы Дулат Тұрсынұлына алғысын білдіре отыра: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін айтты. 1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамының негізгі органы, бүгінгі ұлттық баспасөздің алтын діңгегі «Ана тілі» газеті болды. Әбдуәли Қайдар, Өзбекәлі Жәнібеков ұйытқы болған қайраткерлер ұлт басылымын дүниеге әкелді. «Ана тілі» газеті өз биігінен түспей, бүгінгі заманның сұранысына сай контент жасап жатыр. Біз оқитын ұлтты қалыптастыруымыз керек. Баспасөзге жаны ашитын тұлғалар басылымдарды сыйға жаздырып беру үрдісін қалыптастырса, жөн болады деп ойлаймын. Қытай елінде күн сайын газет 30 миллиондай тиражбен шығады екен. Адам капиталы да рөл ойнайтыны анық. Біз де есемізді жібермеуіміз үшін оқитын, саналы ұлт болуымыз керек. Газет-журналды оқитын өскелең ұрпақ саналы азамат болып өсіп шығады. «Қазақ газеттері» ЖШС құрамында 11 газет-журнал бар. Балабақша кезеңінде – «Балдырған» журналы, оқушы шақта – «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерін, жасөспірім шақта – «Ақжелкен» журналын, студент шақтарында «Үркер» журналына үңілсе, елге қызмет ете бастаған кезде «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» газеттерін оқыса, ұлтқа деген көзқарасы түзу, пайым-пікірі ерек әрі биік, еліне адал қызмет ететін азаматтар қалыптасып шығады», – дей келе «Қазақ тілі» эндаумент қорының инвестициялық табысының бір бөлігін ұлттық баспасөздің дамуына құю туралы ұсынысын білдірді. 
 «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл 1913–1918 жылдар аралығында классикалық үлгіде жарыққа шығып тұрған «Қазақ» газетінің негізгі миссиясы қазақ тілін дамытуда, елді оятуда жатқанын және бүгінгі қазақ баспасөзінің ең басты мәселесі бәсекеге қабілетті бола алмай жатқанына ден қойды. «Өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік желі бір сап алда келе жатыр. Көршілес бауырлас мемлекеттердің басылымының тиражы біздікіне қара­ғанда анағұрлым көбірек. Оңтүстік Корея­да күніне 74 газет шығады екен. Сапалы дүние жасағымыз келетін болса, бізге сауатты контент пайдалану керек. Әрбір кітапхана бір-бір қазақ газеттеріне жазылса, 8–9 мың тиражға жетіп қалады екен. Бұл өте мықты қолдау болатын еді», – деп ұсынысын алға тартты. 
Сол сияқты «Qaz365.kz» ақпараттық-сараптамалық интернет басылымының бас редакторы Бауыржан Карипов әрбір журналистің өзін асыға күтетіндей оқырманы болуы керек және еліне жанашыр кәсіпкер азаматтардың жазылым мәселесін ғана емес, жарнаманы да жақсылап қолға алу қажеттілігіне тоқталды.
«Баспасөзге таза коммерциялық жарнамамен айналысатын мамандар керек. «Қазақстан-Заман» газетінде 7 жылға жуық түрік ағайындармен жұмыс істегенімде, редакцияда басылымның кеңеюі үшін таза коммерциялық жарнамамен айналысатын мамандарды іске қосты. Халықтың газетке көзқарасы биік болуы керек. Еуропада бір айға бір басылымға жазылу құны 10 000 теңге тұрады екен. Еуропалықтарда газетке деген аристократиялық көзқарас бар. Әрбір газет бренд ретінде дамуы керек. Әлеуметтік желіде болған әлдебір шулы оқиғаға басу айтатын, сөзге тоқтайтын адам болуы қажет. Дау-дамайға тоқтам болатын сұқбат, мақалалар жариялануы керек. Газет, осы бағыттан ажырамаса жақсы болар еді. Меніңше, газетте сараптамалық материалдар жариялануға тиіс», – деді Б.Карипов. 
«Ақжелкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы балалар контентіндегі түйткілді мәселелерге тоқталып: «Қазақ мультфильмдерінің сапасы анағұрлым жақсы болған сайын, соғұрлым қазақ тілімен сусындап өсетін ұлтжанды балалар көбейеді. Сондықтан қазақ тіліндегі сауатты контентті көбейту керек», – деді.
«Қазақ газеттері» Алматы қаласы  басылымдары интернет-редакциясының жетекшісі Мақсат Рамазан «Біз газет-журналдарда жарияланған мақала-сұқбатты барынша «Instagram», «Tik-Tok» әлеуметтік желілерінде видео­лар арқылы насихаттап жүрміз. Бұл да бір жарнаманың тетігі. Сондай-ақ баспасөзді pdf-нұсқа арқылы оқу да өте қолайлы» дей келе, алдағы уақытта қазақ баспасөзінің мазмұндық сапасын өзгертуге қатысты ұсынысын білдірді. 
Сөз соңында «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Дулат Тастекей «эндаумент қорына 500 млн теңгенің үстінде қаражат жиналғанын айта келіп, әлі де көбейетінін жеткізді. 
– Біз бұл қаражатты әртүрлі бағалы қағаздарға салып, табыс табуды қарастырамыз. Ол табыс көзінен түскен ақша «Қазақ тілі» қоғамының қажеттілігіне жұмсалады. «Гарвард» университетіндегі 50 млрд көлеміндегі әлемдегі ең үлкен эндаумент қорының жүйесі де осы бағытпен жұмыс істейді, – деді. 

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6657

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5941

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3683

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3071

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3027

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3004

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2733

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2717

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы