• Ақпарат
  • 20 Наурыз, 2024

СҰРАНЫСЫ ҮЛКЕН САУАЛ

Әр аптаның сәрсенбісі депутаттар үшін маңызды күн десек те болады. Өйткені бұл күні халық қалаулылары Үкімет басшысынан бастап, вице-премьер мен министрлерге депутаттық сауал жолдайды. Бұл жолғы сауалдар да маңызды және көкейкесті болды десек, артық айтқандық емес. Сонымен...  


Депутат Н.Байтілесов осы жолы жастар арасында лудомания мен синтетикалық есірткіге құмарлықтың алдын алуға қатысты Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдаған.
Онда: «Қазір Лотоматик және басқа лотерея терминалдары OLX және басқа маркетплейстерде еркін сатылып жатыр. Осы аппараттарды сатып алып, тұрғын үйлердің астындағы дүкендерде заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырып, сотталып жатқан азаматтар да баршылық. Бұған қоғам болып тосқауыл қоятын уақыт келді. Мұнымен қоса тағы бір алаңдатарлық мәселе – өршіп кеткен есірткі өндірісі мен саудасы. Елімізде тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алыныпты. Бұл – дабыл қағарлық жағдай! Бұл індет бізге сырттан келгені анық. Халықаралық тәжірибені пысықтап, ең үздігін қолдануымыз қажет. Ішкі істер министрлігі бұл үрдісті қатаң бақылап, тек жаза қолданып қана емес, профилактикалық шараларды көптеп енгізуі қажет деп санаймыз. Қазіргі уақытта есірткі бизнесінің жаңа көріністеріне қарсы күресті күшейту үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасын қабылдауға дайын екенін мәлімдейміз», – делінген. 
Ал Мәжіліс депутаты Айдос ­Сарым  Премьер-министрдің орынбасары ­Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық са­уалында «Мемлекет басшысының таяуда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсыр­масын негізге ала отырып, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға түзету енгізу қажет» екенін айтады...
«Осыған қатысты депутат бұл шара бірнеше бағытты қамтуы керек» деген пікірде. Атап айтар болсақ:
Бірінші. Отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгерту. 
Қолданыстағы форматтың әлсіз жақтары – субъективтілік, формальдылық, ал кейбір тұстары сыбайлас жемқорлықтың бар екенін көрсетеді. Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік тапсырысты Президент айтқан нақты құндылықтар бойынша шығармалар әзірлеуге бағыттаған жөн. 
Сапасы жоғары, сұранысқа ие контент жасай алатын авторлармен ұзақмерзімді келісімшарттар қажет. Екінші. Кітап индустриясы мен кітапқұмарлар қоғамының инфрақұрылымын қайта құру қажет. Бұл ретте, кітап индустриясының тиісті тізбектерін құрған жөн. Ересектерге арналған мұндай тізбектер мынадай буыннан тұруға тиіс: оқырман – сыншы – маркетолог – баспа – кітап дүкендері мен дүңгіршектер – оқырман. Үшінші. Қалалар мен ауылдардың әлеуметтік-мәдени стандарттарын өзгертіп, оқырман мен тұрғындардың санына шаққандағы кітап дүкендері мен дүңгіршектердің қажетті көлемін анықтаудың маңызы зор. Өкінішке қарай, қалаларда кітап дүкендері мен газет дүңгіршектері ғайып болып кетті. Сондықтан баспа өнімдерін, газет-журналдар сататын бірыңғай үлгідегі туристік дүңгіршектер желісін құру керек. Мысалы, Еуропада, Әзербайжанда, Ресейде және басқа да елдерде осындай желілер жұмыс істейді. Төртінші. Қарапайым қағаздан бастап полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру жүйе­лері қажет. Салық реформасы аясында кітап шығарушыларды 10 жыл мерзімге салықтан босату керек. Мәселен, қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі ұлттық кітап шығаруды қолдаудың пәрменді шарасы ретінде 39 елде – Ұлыбританияда, Үндістанда, Бразилияда, Мексикада және басқа да елдерде қолданылады. Бесінші. Авторлық сыйақы төлеу қағидаларын, оның мөлшері мен төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту қажет. Лайықты сыйақы алу үшін жағдай жасау отандық авторлардың шығармашылық белсенділігін арттырып, оларды баспаға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар кітап-баспа инфрақұрылымының өкілдерімен бірлесіп, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманы ретке келтіру керек. Алтыншы. Кітапқа деген қызығушылық отбасыда қалыптасуға тиіс. Бұл ретте, баласына ата-анасы үлгі көрсетуі керек. Біздіңше, баланың рухани әлемін байытатын құрал – электрондық ойындар емес, кітаптар. Балаларға арналған дайджестер, ғылыми-танымал журналдар мен сайттар, ең алдымен, қазақ тілінде шығарылуы керек. Жетінші. Кітап оқу әдетін мектеп қабырғасынан бастап дамыту керек. Негізгі әдеби шығармаларды оқу, олар бо­йынша түсінгенін айту, олар бойынша эссе жазу мектеп бағдарламасына қайтарылуы керек. Кітап және кітап оқу күндерін өткізу қажет. Бұл ата-ана мен бала арасындағы сенімді, түсіністікті арттырады, бұл, өз кезегінде, үй ішіндегі дүрбілжеңді, ажырасуды, отбасылық зорлық-зомбылықты тежеуі ықтимал. 
Сегізінші. Мектеп – кітапхана желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс. Барлық оқушы жергілікті кітапханаларға жазылып, оқырман қатарына қосылуы керек. Оларға арналған көрмелер, кездесулер, конкурстар, әдеби іс-шаралар өткізілуге тиіс».
Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Премьер-министр О.А. Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Президенттің Гербті қоғаммен талқылау туралы бастамасын қолдай отырып, «оны тарихи сабақтастықты, заман сұранысын ескеріп, жетілдіру жайын ойластырған жөн» деп санайды. 
«Тамырын сақ, ғұн, түрік қағанаты заманынан тартатын таңбаларымыз, жалпы, Гербтің түпатасы деуге толық негіз бар. Бабаларымыз құрған көшпелі өркениет өнімі – таңба жасау дәстүрі ғұндар арқылы Еуропа елдеріне таралған деуге болады. Сондықтан тарихы терең таңба жасау тәжірибемізді ел Гербін жетілдіру ісіне пайдаланудың маңызы зор.
Рас, қолданыстағы Гербіміз де жақсы жасалған. Ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан. Ол осы кезеңнің ерекшелігі мен сұранысына сай ел халқын біріктірушілік қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Бұл ретте, Қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескергеніміз жөн. Ол – арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс – Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл – ерлік пен өрлікке толы тарих. Биыл Қазақ даласында ту көтерген Жошы ұлысы – Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз.
Міне, қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта көп болып кеңесу артықтық етпейді», – делінген депутат сауалында.
Ал ашығын айтсақ, депутаттық сауалдар бекер жолданып отырған жоқ. Сауалда да негіз бар. Сондықтан шешімін таппайтын мәселе жоқ. Тек халықтың көкейіндегі мәселелерді билікке жеткізуде халық қалаулылары осылай әрдайым белсенді бола түссе дейміз.

Еркін ҚАЛДАН

133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6628

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5927

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3670

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3055

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3015

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2991

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2720

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2705

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы