• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Төртжылдықты түйіндер тартыс

Айзат Жолдасова,

«Ana tili»
 

Қоржында қанша лицензия бар?

 

Биыл 26 шілде – 11 тамыз аралығында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Төртжылдықты тү­йіндер додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Қазір Қазақстан құрамасы қоржынында 31 жолдама бар. Өткен жылғы желтоқсанда Спорт және туризм министрі алда 90-ға жуық лицензиялық турнир барын айтқан. Ал отандастарымыз өткен Олимпиададағы жолдама саны бойынша көрсеткішті қайталай ала ма?

 

Наурыз айы туғанда...

Олимпиадаға наурыз айының қандай қатысы бар дерсіз? Себебі биыл наурыз­да ұлттық құраманың қарқыны бөлек. Әр турнирден жолдама алып, алдағы додаға тыңғылықты дайындалып жатыр. Спортшылар мен бапкерлер де Париж Олимпиадасына төрт ай қалғанын түсінеді. Содан ба – қарқын бөлек. Жоғарыда 31 жолдамаға ие екенімізді жаздық. Атап айтсақ, бокстан – жетеу, нысана көздеуден – бесеу, садақ атудан – төртеу, семсерлесу – төртеу, велоспорттан – үшеу, заманауи бессайыстан – екеу, таеквандодан - екеу, еркін күрестен – біреу, грек-рим күресінен – біреу, спорт гимнастикасы біреу, батут гимнастикасынан бір жолдама бар. Естеріңізде болса, спортшылар Токио Олимпиадасына спорттың 27 түрінен 96 жолдамамен барған еді. Франция төрінде бәсеке алауы тұтанғанша ескі нәтижені қайталай аламыз ба? 
Сонымен, боксшылар Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен турнирден бес жолдама арқалап қайтты. Бұдан бұрын екі жолдама бар еді. Оны өткен жылы ұйымдастырылған Жазғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Ибрагимова (57 келі) алып берген-ді.
Ал биыл Ұлттық құрама сапынан Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) Париж Олимпиа­дасына лицензия жеңіп алды. Енді 63,5 кило салмақта Олимпиада жолдамасын иеленсек құба-құп. Алда тағы бір лицензия тарататын турнир бар. Аталған дода 23 мамыр мен 3 маусым аралығында Бангкок қаласында өтеді.
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Италияда өткен турнирдің әлем чемпионатынан кем болмағанын бірнеше рет айтты. Жарыстың оңайға соқпағанын, әр салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан спортшыдан өзінше қателік кеткенін ашық мәлімдеді. Алда боксшылар тынбай дайындалатынын, Парижден үлкен үміт күтетінін де қосты. Айта кетерлігі, осыдан тоғыз ай бұрын Мұхамед Сабырхан алдағы Олимпиадаға бару үшін салмағын ауыстырған-ды. 54 кило салмақта атой салып жүрген отандасымыз 57 келіге ойысты. Осы турнирде бапкер Мұхамедтің әлі де ашыла түсетінін, барынша жұмыс істейтінін атап өтті. 
«63,5 келіде сынға түскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлына тек қана тәжірибе жетпеді. Тәжірибенің аздығынан ғана ұтылды. Ал ынтасы, күш-жігері, жеңіске деген құштарлығы зор болды деп сеніммен айтамын. Асығыстық танытқан жерлері бар. Аталған жекпе-жекте қалайда жеңіске жетемін деген оймен қателікке бой алдыр­ғаны да рас. Бірақ сол кездесуде біздің боксшы жеңілді дей алмаймын. Жеңіс бұйырмай тұр екен. Таиландта өтетін соңғы лицензиялық турнирге бұл салмақтан кім баратыны белгісіз. Әлі де іріктейміз. Ең мықтысын ғана жарысқа қосамыз», – деді бапкер БАҚ-қа берген сұқбатында.
Иә, аталған салмақ турасында түрлі болжам бар. Бәрі алдағы уақытта белгілі болады. 
Тағы бір наурыз айының сүйіншісі – таэквандодан қос жолдама иеленгеніміз. Қытайдың Тайань қаласында таэквондодан Азия аймақтық іріктеу турнирінде 58 кило салмақта Самирхон Абабакиров пен 80 келіде өнер көрсететін Батырхан Төлеуғали топ жарды. Қызығы сол, бұл Олимпиада алдындағы соңғы лицензиялық турнир еді. Сондықтан «не бел, не белбеу» кетеді дегендей төрт спортшыны сынға қостық. Олай дейтініміз Қытайға аттанғандардың ішіндегі сақа таеквандошы тек Жансель Дениз еді. Бірақ Жансель жүлдеге іліге алмады. Соңғы сәтте жолдаманы қағып алғандар – жас саңлақтар. Себебі Батырхан Төлеуғалиға ұлттық құрамамен жаттығуға қатысу бақыты былтыр Түркістан облысында өткен оқу-жаттығу жиынында туған. 17 жастағы спортшы іштей өзіне сенімді болғанын, лицензия бұйыратынын сезгенін айтқан еді. Ал 20 жастағы Самирхон Абабакиров (58 келі) болса жолдаманың құны қымбат екенін, карьерасындағы ең жарқын сәттің бірі екенін жеткізген-ді. 
Ал шпагамен семсерлесуден Тби­лисиде өткен әлем кубогінде Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының төрт бірдей жолдамасын жеңіп алды. Бұл – біз үшін тарих. Себебі жігіттер семсерлесуден ел тарихындағы тұңғыш жолдаманы қолымызға ұстатты. Шешуші кезеңде құрамамыздың басты қарсыласы Оңтүстік Корея 1/8 финалда Чехия құрамасына жол беріп, бізден 26 ұпайға қалып қойды. Осылайша, Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай мен Вадим Шарлаимов төрттігі Олимпиа­да лицензиясын еншіледі. Ережеге сай, командалық жолдаманың ықпалымен үш спортшымыз жекелей сынға қатысады. Естеріңізде болса, бұл спорт түрінен Олимпиададағы ең жарқын нәтиже – 1/8 финал. Аталған нәтижені Эльмир Әлімжанов Лондон Олимпиадасында бағындырса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында Руслан Құрбанов 1/8 финалға жеткен еді. 
Тбилисидегі жарыстан кейін Руслан Құрбанов БАҚ-қа берген сұқбатында бұл кездейсоқ нәтиже емесін, ерлер құрамасының бір жыл бойы сәтті өнер көрсетіп келе жатқанын айтты. Расымен, жігіттер өткен жылы Ыстанбұлдағы әлем кубогінде чемпион атанды. Құрбановтың өзі әлем чемпионатында қола жүлдегер болды. Демек, олар алда жанкүйерлерді қуанту үшін барын салады. 
Көп өтпей Германиядан есте қаларлық тағы бір хабар жетті. Батут гимнастикасынан Қазақстан командасының мүшесі Данил Мұсабаев Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Ол Котбус қаласындағы әлем кубогінде финалға өте алмаса да, 2023 жылы Португалияда (9-орын) және АҚШ-та (20-орын) өткен әлем кубогі кезеңдеріндегі нәтижесі есепке алынған. Өйткені Олимпиадаға лицензия алу үшін жыл бойы өткен әлем кубогі кезеңдерінің ішіндегі екі үздік нәтиже таңдалады. 

Алда не күтіп тұр?

Еншіміздегі 31 жолдамамен бәрі біткен жоқ. Алда бірнеше лицензиялық турнир күтіп тұр. Мәселен, күрес түрлерінен 19–21 сәуір күндері Қырғызстанда Азия аймақтық лицензиялық турнирі өтеді. Грек-рим күресінен – бес балуан, еркін күрестен – бес балуан, әйелдер күресінен алты спортшымыз сынға түседі. Байқасаңыз, еркін күрестен топқа түсетін Әлішер Ерғали, Нұрғожа Қайпанов, Юсуп Батырмұрзаев – бұрыннан жүлдеге ілігіп жүрген әккі спортшылар. Сондықтан сарапшылар еркін күрестен жолдама қатарын көбейтеміз деп отыр. Грек-рим күресінен Мейіржан Шермағанбетке артылар сенім бөлек. Сондай-ақ әйелдер күресінен үкілеген үмітіміз – 76 келідегі Жәмила Бақбергенова. Бірі білсе, бірі білмес, әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы 72 кило салмақтан 76-ға ауысқан еді. Мұның артында «олимп шыңын бағындырсам» деген арман жатыр. Бақбергеноваға бұл салмақтағы орын «оңай» бағынған жоқ. Себебі аталған салмақта Эльмира Сыздықова мен Гүлмарал Еркебаева бар. Десе де, ел біріншілігінде Жәмила финалда ұтылып тұрып, жеңісті жұлып алды. Оның қайсар мінезіне бапкерлері тәнті. Азия ойындарында да осы салмақта күресіп, финалға дейін жетті. Финалда қырғыз мықтысы Айпері Медетқызымен күресіп, айбат көрсетті. Демек, бізге қалғаны қазақ қызының аяқ алысын бақылап, Париж төрінде күресуге мүмкіндік туғанын тілеу. Ал, бапкерлердің айтуынша, Бақбергенованың үздіктермен иық тіресе белдесуге мүмкіндігі жетеді. 
Одан кейінгі кезек көркем гимнастикада. Бұл спорт түрінен ел құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова Ташкентте өтетін лицензиялық Азия чемпионатына қатысатын екінші спортшынының есімін мәлімдеді. Ал құрама үздігі Эльжана Таниева екені даусыз. Мұны жанкүйерлер жақсы біледі. Ол жақында Испанияда өткен Гран-при турнирінде доп жаттығуы бойынша алтын медаль алды. Бұдан бөлек жыл бойы бірнеше турнирде топ жарғаны бар. Осылайша, бірінші нөмір белгілі. Ал елдің күткені – екінші нөмірлі спортшы. Өйткені таңдау Эрика Жайлауова, Милана Парфилова мен Айбота Ертайқызының арасында жүрді. Мұны Юсупова әуелден айтты. Қай мықтысын жарысқа қосатынын көктемдегі турнирлер шешетінін білдік. Осылайша, Грекияның Афины қаласында өткен «Афродита кубогінде» Айбота Ертайқызы екі жаттығу бойынша алтын медаль иеленді. Юсупованың айтуынша, Ташкенттегі соңғы лицензиялық турнирге Эльжана Таниева мен Айбота Ертайқызы қатысады. 
Спорттық гимнастикадан 5–11 наурыз аралығында Бакуде өткен турнирден ке­йін құрама бапкері Александр Ким әлі де Олимпиада жолдамасын алуға мүмкіндік бар екенін топшылаған. Бұл жарысқа ел атынан Нариман Құрбанов, Дияс Тойшыбек, Дмитрий Патанин мен Милад Карими қатысты. Финалда өнер көрсеткен Құрбанов жарысты төртінші орынмен аяқтады. Бас бапкердің айтуынша, ол барлық комбинацияны сәтті орындаған. Тек соңында 180 градусқа бұрылыс жасамағаннан, төрешілер ұпайын төмендеткен. Сондықтан оған Олимпиадаға іріктеу сынында 20 балл берілді. 
Сонымен, лицензиялық әлем кубогінің үш кезеңінен соң Нариман Құрбанов 66 ұпаймен екінші орында келеді. Бірінші орында иорданиялық Абу Ахмад, үшінші сатыда тайпейлік Ли Чи Кай тұр. Олимпиада жолдамасы жалпы есепте алғашқы екі орында тұрған спортшыға беріледі. Мәселе 13–21 сәуір күндері Дохада өтетін соңғы әлем кубогінде шешіледі. Нариманға қалары – осы жарыстан, кем дегенде, төртінші орын алу. Бапкердің айтуынша, сонда тайпейлікпен ұпайы теңеседі. Ал жүлделі орынға іліксе, сөзсіз, Олимпиадаға барады. Демек, бұл – уақыт пен Құрбановтың дайындығы еншісіндегі дүние. 
Қуантарлығы, нысана көздеуден бес жолдама ұтып алған ел құрамасы тағы да лицензия еншілеуге дайын. Өйткені алда нысана көздеуден үш әлемдік дода күтіп тұр. Соған сай үш оқу-жаттығу жиыны өтеді. Команда мүшелері Шымкенттегі оқу-жаттығу жиынынан кейін бірден Бразилияға аттанады. Одан кейін 1–12 мамыр аралығында Әзербайжанда рейтингілік әлем кубогі өтеді. Рейтингілік деп отырғанымыз, мұнда да лицензиялық жарыстардан бөлек, Олимпиада жолдамасы әлемдік рейтинг бойынша да беріледі. Яғни спортшыларда мүмкіндік бар. Ал 31 мамыр – 6 маусым ара­лығында Мюхнендегі турнирде рейтинг бойынша Париж жолдамасын еншілеген барлық спортшы белгілі болады. 
Ал дзюдодағы ахуалға тоқталсақ, бәрі мамыр айындағы турнирде белгілі болады. Өйткені 10–12 мамыр күндері Астанада әлемдік «Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024» додасы өтеді. Осы бәсекеде біраз балуанның тағдыры шешіледі. Өйткені рейтингілік ұпай саны бойынша жалпы есеп шығып, кімнің Франциядағы аламанға барары анықталады. Осы кезеңде бір салмақ дәрежесінде үздік 16–20 балуанның қатарына енген дзюдошылар тікелей Олимпиада жолдамасына ие болады. Мәселен, 60 кило салмақтағы үздіктер рейтингінде еліміздің атынан екі не үш балуан болса, таңдау дзюдо федерациясының еншісінде болмақ. Яғни кімнің Олимпиадаға баратынын федерация өкілдері шешеді. Бұлай есептеу барлық салмаққа қатысты. 
Тенниске келсек, кімнің Олимпиадаға баратыны 10 маусымдағы рейтингіге тәуелді. Барлығы 64 теннисші Францияда кімнің мықты екенін анықтайды. Соның ішінде рейтинг бойынша таңдау 56 теннисшіге түседі. Әзірге ел сапынан Александр Бублик (15-орын), Елена Рыбакина (5-орын), Юлия Путинцева (45-орын) бар. Айта кетерлігі, әр ел жекелей сында төрт спортшы апара алады. Ал жұптық сындағы көрсеткіш әлі де анық емес. 

95 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5948

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5569

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3307

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2691

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2654

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2629

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2363

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2348

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы