• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

МАНДОКИДІҢ ІЗГІЛІКТІ ЖОЛЫ

Ел мен елді жалғастырып, ұлттар мен ұлыстардың өзіндігін, даралығын қадірлей отырып, бірлікке бастайтын тұлғалар болады. Сондай ірі тұлғалардың бірі – Іштуан Қоңыр Мандоки.  
Биыл туғанына 80 жыл толып отырған көрнекті түркітанушы ғалым, үлкен гуманист Мандокиді мен шамамен осыдан қырық жылдай бұрын көріп, әңгімелесіппін. Ол ғалымның түп тамырын іздеп, ғылыми зерттеулерімен түркі халықтары елдеріне, оның ішінде  Қазақстанға келген сапарларының бірі еді. Мен ол кезде «Қазақ әдебие­ті» газетінің жас тілшісімін. 

 

Мажар елінен келген ғалым Қоңыр ағамен «Қазақ әдебиеті» газетінде жақсы бір кездесу өткен. Бас редакторымыз Шерхан Мұртазаның кабинетінде. Өте қызғылықты кездесу. Ол – шетелдерден ғалымдар, тіпті әдебиетшілер де тым сирек келетін кез. Біздер, венгр әдебиетінің белгілі өкілдері шығармашылығынан хабардар жастар, ғалымның тарих тасқынымен Мажар жеріне қоныс аударған қыпшақтар туралы әңгімесін үлкен ықыласпен тыңдадық. Сол кездесуден кейін ғалыммен жеделдетіп сұқбаттасу маған тапсырылды. Жеделдетіп дейтінім – ол материал газеттің шығайын деп тұрған нөмірінде жарияланатын болды. Кабинеттегі кездесуден кейінгі әңгіме біздің сын бөлімінде жалғасты да, материал «Қазақ әдебиеті» апталығының кезекті санында жарық көрді. Бұл Іштуан ғалымның апталықта жарияланған екінші сұқбаты еді (алғашқы көлемділеу сұқбаты 1977 жылы жарияланған). Бір анығы, сол сұқбаттарда айтылған, сол кезде жаңалық болған мәселелер бүгінде ғылыми ортаға және көзқарақты қауымға жақсы белгілі. Өкініштісі, сұқбаттың толық түпнұсқасы кезінде пәтерлетіп жүргенде жоғалған материалдарыммен бірге кетті. Ал сол бір ерекше кездесуден есімде қалғаны – Қоңыр ағаның қазақша таза сөйлегені, ерекше бір энергетикасы және Айша тәтеміз екеуінің соншалықты жарасымдылығы. Айша Мандоки сондай сүйкімді, жылы, биязы көрінді. Екеуінің шаңырақ көтеру тарихына, тіпті Мажар еліне киіз үй алып кеткеніне таңғалған да едім.  Бүгінде бұл тарих та көзқарақты қауымға жақсы белгілі. 
Осыдан қырық жыл бұрынғы жас ғалым Мандоки Еуропаның көрнекті қыпшақтанушысы, азиятанушысы, түркітанудың классикалық тұлғасы  биігіне көтерілді. Бұл ретте оған Әлкей Марғұланнан бастап еліміздің көрнекті ғалымдарымен, үлкен тұлғаларымен ғылыми-шығармашылық достық, байланыстарының да тигізген ықпалы болғаны анық. Ата-баба арманын жүзеге асырып қана қоймай, түркілердің тарихын құнарландыра, түп тамырын тани түсуге үлес қосқан  үлкен гуманист Қоңыр  – халқын қалай сүюдің, оған  қызмет етудің де биік  үлгісін көрсеткен тұлға. 
Менің ғұндардың Еуропадағы тарихы, рөлі туралы көбірек оқуыма 1996 жылы Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театрына орыс жазушысы, диссидент Евгений Замятиннің «Еділ қаған» пьесасын ұсынып, оны аударуым себеп болды. Ол қазақ сахнасының Еуропадағы ғұндар тарихына алғаш рет баруы еді. Ал 2018 жылы М.Әуезов Ұлттық театры Францияда тұратын саха жазушы-драматургі, аттилатанушы Григорий Томскийдің «Аттила мен Аэций» тарихи драмасын қойды. Бұл тарихи драманы да аударып, сахналық нұсқасын жасаған мен едім, режиссері қазақтың талантты қызы – Алма Кәкішева. Қойылымда ғұндардың Тәңірі дінін ұстанғаны, Аттиланың Көктің ұлы аталатынына ерекше мән беріледі. 
«Қалауыңмен, о Тәңірім, 
Ғұнның елін Күн еттім!
Майдан аштым нәкасқа,
Қалауымен жүректің» – дейді Аттила.
Бұл тұста айтайын дегенім, тәңіршілдік дәстүрі Еуропада Аттила заманынан бері үзілмей жалғасқанын Мажарстандағы құмандардың тілдік ескерткіші «Отче наш» мәтінінің қыпшақтық түпнұсқасынан да көруге болады. Ал қыпшақтық түпнұсқаны қалпына келтірген – Іштуан Мандоки. Көрнекті ғалымның түпнұсқаны диахроникалық лингвистика жолымен бірнеше нұсқасын жасап барып реконструкциялағанын қоңыртанушылар  жазды. Орысшасы мынадай екен.
«Отче наш на небесах! 
Да святится имя Твое, 
Пусть сбудутся твои мечты,
на земле и на небесах.
Един ты на Земле и на Небесах! 
Дай нам в Твоем цельном 
Мире пожнать то, что мы посеяли, 
не веди нас за плохим. 
Спаси нас от всего плохого, 
Ты есть, Могущественный, 
Ты есть, ты всемогущ,
 Ты Хозяин всего Тенгри, Аминь».
Бұл мәтінді  ақындарымыздың бірі қазақ тіліне аударуы керек-ақ (мүмкін, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің «Көк түріктер» сарынымен бе...) 
Қоңыр ғалым өзінің сан-салалы ғылыми ізденістерімен қатар, қазақ әдебиетін Еуропа жұртшылығына таныстыруда да елеулі еңбек атқарды. Әлем әдебиеті энциклопедиясына қазақ руханиятының Абай, Ы.Алтынсарин, Жамбыл, І.Жансүгіров және басқа тұлғалары туралы, ауыз әдебиеті жанрлары туралы арнайы мақалалар жазды. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» өмірбаяндық романын, қазақ жазушыларының әңгімелерін венгр тілінде шығарды. Қазақ ғалымдарының еңбектерін Еуропа жұртшылығына насихаттауда да  Мандокидің санаткерлік еңбегі үлкен. 
Жалпы алғанда, көрнекті түркітанушы, Мандокидің ғылыми ауқым-кеңістігі мен санаткерлік болмысы, асқақ мұрат-армандары Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітап­ханасының «Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен 2008 жылы шығарған «Ұлы даланың біртуар ұланы» мазмұнды да кәсіби жинағында жақсы ашылған. Қоңыр ғалымның армандары орындалып келеді. Түркі халықтарының бірігу үдерісі басталғандай. «Халықаралық Түркі академиясы» құрылып, жемісті еңбек етіп жатыр. Түркі академиясы 2014 жылы ғалымның 70 жылдығына орай өткізген конференцияда президенті Дархан Қыдырәлі атап көрсеткендей, «тек қазақ-мажар достығының ғана емес, күллі түркі әлемінің  ғылыми сабақтастығына, мәдени байланысына арқау болған тұлға» Қоңыр Мандокидің теңдессіз еңбегі бүгін мен болашаққа қызмет етеді.  
Қадірлі Қоңыр ағамыздың рухы түркілердің түп отаны – қазақ жерінде сая тапты. Ол Алатау баурайында Бауыржан Момышұлы мен Шәмші Қалдаяқов, Қалтай Мұхамеджанов пен Сағат Әшімбаев, Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова, қазақтың тағы да басқа небір марғасқаларымен қатар жатыр. Көрнекті жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Алаш идеясын жалғастырушы суреткер деп танылған Асекең – Асқар Сүлейменовтің де мәңгілік мекені  сол баурайда.  Біз Асекеңе барған сайын Қоңыр ағаның да рухына бас иеміз.  Түркілер рухын асқақтатқан ғалым Қоңыр Мандокидің  ізгілікті жолы лайықты жалғасын таба бергей!

Әлия Бөпежанова

103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5954

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5573

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3311

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2695

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2658

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2633

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2367

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2352

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы