• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Бердібектің суреті

Әріпбай Әшімбаевты Алматы облысының Сарыбастау ауылынан білемін. 1961 жылы мектепке барғанымда ол кісі бастауыш  сыныптың мұғалімі еді. Ағай біртоға, сабырлы, сырт көзге қарапайымдығы көрініп тұратын. Қызы Галинамен бірінші сыныптан алтыншы сыныпқа дейін бірге оқыдық. Кейін мен басқа ауылға кеттім, бірақ  балалық бал дәуренім өткен Сарыбастауды  жиі еске аламын.  

 

Көп жыл өткенде Әріпбай ағайдың көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевпен жиі араласып тұратынын естідім. «Ол кісінің жазушымен қандай байланысы бар?» деген ой келді. Сыныптасым Галинаға телефон соқтым.
– Бердібек аға әкеммен қатар оқып, бала кезінен бірге ойнап, өскен. Әкем жазушының «Менің атым – Қожа» фильмін көргенде: «Бұл кино біздің балалық шағымыздың көрінісі ғой. Оның ішінде мен де бармын. Бәрі біздің өмірімізге сәйкес келеді», – деп айтып отыратын. 
Бердібек аға 1960 жылдардан бастап, біздің үйге жиі келетін. Әйелі, екі баласымен қонақ болып, Шалкөде жайлауында демалып қайтатын. Бір жылы екі баласымен келгенде, әкем оларды Шалкөде жайлауына алып барды. Ағамыз әзілқой, қалжыңды жақсы айтатын. Әсіресе шешемді мақтап, «Асекемнің пісірген нанына ештеңе жетпейді» деп отыратын. Тауға шығып, қарақат теруге барғаны да бар. Ағамыз аңшылық, саятшылықты жақсы көрді. Сірә, табиғатты тамашалауды ұнататын болар, бір жолы жанына белгілі жазушы Иван Шуховты ертіп келді. Аңға  шығып, қанжығасы майланып, көңілді оралды. Отырыстары да әзіл-қалжыңмен өтетін. Бірде сабырлы қалыпта жүретін әкемнің күліп отыр­ғанына көзім түсті. Пародия шығаратын әдеті бар. «Мүмкін, соның бірін айтқан болар» деген ой болды менде. Тек есімде қалғаны, «Иван Шухов дегенің мына кісі, Белінде салпақтаған флагісі. Иван ішіп, басқалар ішпеген соң, Адамның келеді екен жылағысы» деген өлең шумағы. Жағалай отырған бәріміз күлдік. Әкемнің пародист екенін Бердібек аға қонағына айтты, ол да қолқа салған болуы керек. Содан жаңағы пародия өмірге келген. Шын мәнінде, бұл әзіл-қалжыңы жарасқан, шынайы көрініс еді. 
Міне, содан бері 50–60 жыл өтті. Жалпы Бердібек аға қатар өскендіктен болар, әкемді үнемі іздеп келетін. Әкем Екінші Дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып, ауылда бала оқытты. Соғыс басталғанда майданға аттанды. Алғашында жараланып, госпитальда емделді. Кейін бір-екі ай атқыштар полкінде дайындықтан өткен. Кейін қан майданның ортасына түсіпті. «Атақты мерген, қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовамен бірге болдым. Әлия ер мінезді, қара торының әдемісі болды. Оны барлығымыз сыйладық. Алдынан ешкім қия өтпейтін. Қазақтар, алтайлықтар мен буряттар бірге болды. Олар да Әлия­ны ерекше құрметтеді» деп өткен өмірін еске алып отыратын. Бірақ соғыс киноларды көп көрмейтін.
Әкем – табиғатында жуас адам. Сабырлы әрі ұстамды еді. Бастауыш сынып оқушыларын 40 жылдан астам оқытса да, бір балаға дауыс көтеріп ұрыспайтын. Бізді де солай тәрбиеледі. Өзінің оқушыларының бойындағы жақсы мен жаман қылықтарды әзіл әрі шымшыма өлеңдерімен тәрбиелегенін ел айтып жүретін. Әсіресе сабаққа ықыласы жоқ балаларға бір шумақ пародия жазып, жөнге салады екен. Сол үшін оқушылары сабақты жақсы оқуға, үйге берген тапсырманы орындап келуге тырысатын. Ауылдағы өзімен қатар құрдастары мен басқаларға арнап шығарған пародиясы күні бүгіне дейін ел ауызында жүргенін де естідім. Әкемнің пародиясы мен балаларға жазған өлеңдерін ауылдан шыққан журналист Әбітай Әкімжанұлы жинақтаған. 
Жалпы, біздің үйге ақын-жазушылар көп келетін. Ауылдағы мектепті алтын медальмен бітірген белгілі сыншы Сағат Әшімбаев та үйде қонақта болды. Бердібек аға, мектептің директоры болған Әбдіқадыр Беркінбаев, Әлсат ағам мен әкемнің қатар отырған суреті ерекше ыстық еді. Әкем еліктің лағын құшақтап түсіпті. Оны бәріміз ықыласпен көруші едік. Соны жоғалтып алдық. Тағы бір сурет бар. Суреттің шетінде Мергенбай ағамыз тұр. Ол кісі – ауылдың фотографы. Одан кейін Омаржан аға, ортада басында тақиясы бар, ауылдан шыққан тұңғыш ғалым, профессор, «Ботаника» пәнінің авторы Тәліп Мұсақұлов және Бердібек Соқпақбаев, одан кейін кеудесінде соғыс ардагерінің медалін таққан менің әкем (Әріпбай Әшімбаев). Ал ең шетте тұрған кісіні тани алмадым. Бердібек пен Тәліп ағаның алдында тұрған Лаура мен Гүлжан. Төмен жақта отырған кішкентай қыз Ұлжан, Омаржан ағаның қызы Әсет және әйелі Жанаргүл. Олардың алдында отыр­ған Мұрат пен Төленді. Төленді  –менің інім, ал Лаура – сіңлім. Қалғаны Жазыбеков Көгенбайдың баласы, Омаржаннан кейінгі інісі Рысбектің ұлдары. Ал суретті әуесқой фотограф немесе мектептің директоры Беркінбаев түсірген болуы мүмкін. Себебі ол кісі ылғи фотоаппаратын қолынан тастамайтын. Сурет ауылдың сыр­тында түсірілген сияқты. Өйткені сырт жағында ауыл тұр, – деді бізбен әңгімесінде Галина Әріпбайқызы. 
Біз осылай бір суреттің тарихына үңілдік. Бұл суреттің сақталғанына 50 жылдан асқан болуы мүмкін. Бұл жорамалды Галина Әріпбайқызы да растап отыр. Мүмкін, ауылдың колхоз болып құрылғанына 50 жылдық мерейтойына келгенде, яғни 1980 жылы сурет түсірілген болуы ықтимал. Ал ғалым Тәліп Мұсақұлов пен Бердібек Соқпақбаев сол жылы қонақ болып келгені ақиқат. 

Жексен АЛПАРТЕГІ

107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6267

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5739

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3479

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2861

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2823

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2802

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2532

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2517

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы