• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫҢ КІЛТІ ДЕ ҚАСТЕРЛІ немесе ЖАҢАЛЫҚТАҒЫ ЖАНДЫ АУЫРТАР ДЕРЕКТЕР

Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылына бара қалсаңыз – ескінің де жырына құлақ қоясыз, кейін­гінің де азалы тарихы мұңын шертіп тұрады. Ескіміз – ежелгі сақтардың дерегі болса, кейін­гіміз – кәрі тарих үшін «иек астындағы» уақыт саналар 1937 жылдары «Халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілгендердің дерегі. 
Иә, қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш пен мемориалдық музей ашылғалы бергі уақытта да бұл маңдағы зерттеу жұмыстары түгесілген емес. Мәселен: «Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары сүйектерінің археология­лық верификациясы мен тарихи идентификациясы: пәнаралық зерттеулер». Мұндай зерттеумен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті қызметкерлері мен студенттері, Генетика және физиология институты, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі қызметкерлері, криминалист мамандар айналысқан еді. Сол зерттеудің қорытындысы ретінде кітап шығып, оқырманға таныстырылып, Жаңалықта, жалпы Қазақстанда, ХХ ғасыр басында ату жазасына кесілгендердің соңғы тыныш тапқан мекенін зерттеу, арыстар сүйегіне пәнаралық талдау-сараптау қорытындысын жасау жұмыстары туралы кең көлемді талқы өтті. 

 

Газет, кілт және оқ

Мамандардың айтуынша, қуғын-сүргін құрбандары тарихын зерттеуде бұрын-соңды дәл мұндай археологиялық қазба жұмыстары және пәнаралық зерттеу ісі жүргізілген емес. Міне, сол ерекше зерттеу қорытындысы кітап болып тасқа басылып, ғалымдарға, зиялы қауым өкілдеріне және жалпы оқырманға таныстырылды. Яғни Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова залында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультеті бірлесіп шығарған «Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары сүйектерінің археологиялық верификациясы мен тарихи идентификация­сы: пәнаралық зерттеулер» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті. Іс-шараның модераторы тарих ғылымының докторы, профессор Досбол Байғонақов болды.
Ең алдымен, монография басылып шыққан «Liber» баспасының директоры Орынбек Әнесов кітапта пайдаланылған мультимедиялық құралдардың ерекшеліктерімен таныстырды. Іс-шара барысында Ғарифолла Әнес, Гүлмира Райылқызы, Сәбит Шілдебай, Гүлнұр Сағындыққызы, Сәуле Қожықова, Шолпан Аманжолова, Сәуле Жәкішева және басқа зиялы қауым өкілдері сөз алды.
Ұжымдық монография археологтердің, тарихшылардың, архившілердің, кримина­лис­тердің, сот-медициналық сарапшылардың, генетиктердің далалық (археология­лық), архивтік, зертханалық зерттеулерінен, сондай-ақ қуғын-сүргін және Үлкен террор кезеңінде зардап шеккендердің естеліктері мен тағы басқа да материалдардан тұратын ғылыми ізденістерден құралған.
Кітаптың негізгі бөлігі сот археологиясы мен антропологиясы материалдарынан тұрады. Ұжымдық монографияда бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері, ғылыми жаңалығы мен маңызы туралы аудиоматериалдар; қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың генетикалық талдау қорытындылары (шамамен 50 шақты адам); Қазақстандағы қуғын-сүргін, мамандардың атқарған жұмыстары т.б. туралы бейнефильмдер бар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Тарих факультетінің деканы, профессор, жиын модераторы Досбол Байғонақов: «Осы жолғы зерттеуде 50 адамның қаңқа сүйегі зерттелді. Сүйекпен бірге алтын тістер, киім қалдықтары, оқ, монеталар, 1938 жылы шыққан «Сталин жолы» басылымының бір  бөлігі де табылды. 
2018 жылы табылған 3, 5 тиын монеталар 1920–1930 жылдары шегенделген. Олар ату жазасына кесілгендердің қалтасында болған деп болжам жасап отырмыз. Көзілдірік қалдықтары табылды. Демек, ату жазасына кесілген ардақтыларымыздың бірқатары көзілдірік таққан. Көп оқыған, зиялы қауым өкілдері ол уақытта көзілдірік тағатын еді ғой. Темірден жасалған заттар тотыққан. Қазбалардан наган оқтары да шықты. Мәселен, 2018 жылы мыңшақты оқ таптық. Аяқ киім басқа киімдерге қарағанда аз кездесті. Мәселен, елу-алпыс адам жерленген жерді қазғанда ол жерден 10–15 қана аяқ киім шықты деуге болады. Адамды ату жазасына кескен соң олардың аяқ киімін шешіп алған шығар деп ойлаймыз.
Біз тапқан бассүйектердің кейбіріне оқ қақ шекеден, енді кейбірін теріс бұрып қойып, шүйдеден атқан. Тағы бір бассү­йектерде бір емес, екі оқтың ізі бар. Яғни бір оқ – негізгі оқ, екіншісі – көз жұмған-жұмбағанын анықтау мақсатында атылған бақылау оғы. 
2018 жылы зерттеу жүргізу мақсатында 50–60 бассүйекті криминалистерге тапсырдық. Криминалистер ол маңда 163 адам жерленгенін айтты. Былтыр 30 бассүйек таптық. Оны да криминалистерге бердік. Мамандар мұндағы жерленген сүйек саны 95 екенін айтып отыр. Яғни жерленген адам санын табылған бассү­йек санына қарап мөлшерлей алмаймыз. Кейбір бассүйектер бөлшектеніп кеткен, кейбірі ұсақталып кеткен. Сондықтан әуелі криминалистер қарап, сүйек санын реттеп алмайынша қазба орындарында нақты мынанша адам жерленген деп айта алмадық. 
Екіншіден, қазба жұмыстарын жүргізгенде бір қаза салған жерден сүйектерді кездестіру мүмкін емес. Жаңалықта адамдарды ату жазасына кескені туралы мәлімет ауызша тараған. Нақты мына жерде бауырластар зираты бар деген құжат сақталмаған. Бастапқыда «Бос жерлерді не үшін қазып жатырмыз?» деген күдік те билегені рас. Тіпті бірде музейдің арғы жағын қазып жүріп ортағасырлық қоныс орнын да тауып алдық. 
Жеке өзіме қатты әсер еткен жәдігер – тот басқан кілт. «Үміт өлмейді» ғой. Аты-жөні әзірге белгісіз бір жан кілтін жанынан тастамай жүріпті. Демек, ол үйіме аман оралармын деп үміттеніп қара шаңырағының кілтін қастерлеп бойтұмар қылып тағып жүрді ме екен? Мылтық аузы маңдайына не шүйдесіне қадалғанын тұла бойымен сезінген сәтте әлгі кілтін қаттырақ қысып ұстады ма екен? Осы кілтті негіз қылып деректі фильм түсіріп жатырмыз. Алда оны да көріп қаларсыздар. 
Бүгін таныстырылған кітапта, негізінен, сот архeологиясы, сот антропологиясы қамтылған. Басқа сала аудиоматериалда сақталған. Неліктен кітапта криминалистерге басымдық бердік? Архео­логиядағы жаңа бағытты ашып көрсеткіміз келді. Генетикалық зерттеулердің өзі 150 беттен асып кетті. Сондықтан оны кітапқа мәтін қалпында енгізбей, QR кодқа салдық», – дейді. 

Сақтар мен арыстар қатар жатқан жер

 «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымының кандидаты Гүлмира Мұхтарова Жаңалықтағы «Халық жауы» жаласымен атылған боздақтар жатқан жерден сақ қорғандары да табылғанын айтты:
 «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары сүйектерінің археологиялық верификациясы мен тарихи идентификациясы: пәнаралық зерттеулер» жобасының жетекшісі – тарих ғылымының докторы Досбол Байғонақов. Жобаны жүзеге асыру барысында жобаның мақсатына, күнтізбесіне сай Алматы облысы Жаңалық ауылындағы репрессия құрбандары атылған жерлерге бірнеше ай бойы қазба жұмысы жүргізілді. Бұл жобаның ерекшелігі мынада – қуғын-сүргін тарихын зерттеуде бұрын-соңды археологиялық қазба жұмысы жүргізілген емес, әсіресе криминалистік сот археологиясы, сот антропологиясы сынды жаңа бағыттар ғылым аясын кеңітеді деп ойлаймын. Зерттеу қорытындысы шыққанда осы жерде ату жазасы үкімі орындалып, қаза болған ардақтылардың есімін анықтаймыз деп үміттенеміз. 
Кез келген ғылыми зерттеу бір тарап арқылы жүргізілмейді. Бірнеше сала қатысқанда ғана ғылыми жетістіктің салмағы артады. Мұнда табылған бір ғана заттан қаншама адамның тағдырын байқауға болады. Сол тағдырдың құпиясын ашу үшін қаншама тер тамшылап төгілуі керек. Қазір елу ғана адамның сүйегіне генетикалық сараптама жүргізілді. Қаржылық мәселе қолбайлау болып тұр. Әйтпегенде сол сүйектерді одан әрі індете зерттеп, марқұмдардың ықтимал ұрпақтарынан генетикалық сараптама алып, кім болғанын дәлелдей алсақ, қандай ауқымды жұмыс атқарылар еді деп ойлаймын. Ол адамның атылуға дейінгі тағдырын білу үшін қаншама зерттеу саласы ашылады. Мұның барлығы да тың жобалар, тың зерттеулерге серпін беретіні анық.
Жаңалықта қазба жұмысын жүргізу кезінде бауырластар зираты маңынан сақ қорғандары табылды да, сақ қорғандарын зерттеу жұмысын да қатар алып жүрдік. Тағдырдың өзі ХХ ғасыр басында жазықсыз жаламен ату жазасы үкімі орындалған қайраткерлеріміз бен сақ дәуірін бірге зерттеуді бізге бұйырып тұрғандай. 
Қаржы жұмыстары қолбайлау болмаса, осы салада індете зерттеу жұмысын жүргізіп, Үлкен террор кезінде жазықсыз қаза тапқан қайраткерлердің дерегін анықтап, ұрпаққа ұсынсақ, ол да өте маңызды тарихи жаңалық болар еді деп ойлаймын».
Профессор, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес «Ата бейіт» жасаудың мәселесін ортаға салды. Әлі күнге дейін Жаңалық деген жердің құжатын ала алмай отырғанын айтқан ол бірде-бір адамның қай жерге жерленгені туралы мәлімет те жоқ екеніне таңданысын білдірді. Дәл осы Жаңалықта сүйегі жатқан арыстардың дерегін, аты-жөнін анықтау баршамыз үшін ортақ іс, ол – жазықсыз құрбан болған арыстардың аруағы алдындағы борышымыз деп санайды профессор.
«Қазақстанда ату жазасына кесілген арыстарымыздың ортақ зиратына айналған Жаңалық сияқты жердің санын білмейміз. Алматыда ату жазасына кесілген арыстарды тек қана Жаңалыққа әкелген бе? Екінші мәселе, ату жазасына кесілген жандарды қайда апарып үкімді орындағаны туралы құжаттың болмауы мүмкін емес. Міне, сол құжатты таппай отырмыз. Үшіншіден, неліктен оларды Жаңалықта ату жазасына кесті? Бұл жер сол кездегі қызыл өкіметтің әскери полигоны ма еді? Әлде НКВД-ның оқ ататын жері ме? Бұл турасында да құжаттың қайда екені белгісіз.  Репрессияда ату жазасына кесілген жандардың, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап Сәкен, Ілияс, Бейімбетке дейін әлі күнге қайда жерленгені туралы ақпаратты таппай отырғанымызға таңмын. Ондай құжаттардың болмауы және түгел жойылып кетуі мүмкін емес. Себебі Мәскеуде көп құжат сақталған ғой: Әлихан Бөкейхан, Нығмет Нұрмақовтың жатқан жері туралы құжат тұр. Нақты жері көрсетілмесе де, олардың сүйегі осында жатыр деген белгі де бар.
Тағы бір айтқым келетін мәселе: «19 Халкомды Боралдайда жерледі» деп жүрміз. Ол жерді халық Қандысай деп атайды. Бірақ осы ату жазасы үкімі Боралдайда орындалды деген дерек те еш құжатта көрсетілмеген. Бүгінгі ұрпаққа ол әңгіме сол мәйіттерді тасыған шопырдың айтуымен жеткен. 19 Халкомның бірі Ұзақбай Құлымбетовтің перзенті Орынша Қарабалина-Қазыбаева апамыз арамызда жүр, Құдай ғұмырын ұзақ қылсын. Ауыздан-ауызға тараған әңгіменің рас-өтірігін зерттеп, Қандысайдағы сүйекті қазып, ДНҚ құрамына үңілсек, қане?! Оған да қаржы қолбайлау болып тұр. Әйтпесе осы Жаңалықтағы сүйектерді зерттеген топ жұмысты Боралдайда жалғастыруға құлшынып-ақ отыр. Кейін ол сүйектерді Жаңалыққа қайта жерлеу сынды маңызды мәселені шешер едік. 
Жаңалықта азалы «Ата-бе­йітті» салсақ дейміз. Аштан қырылған адамдардың есімін мәрмәр тасқа қашап жазсақ дейміз. Репрессия құрбандарының сүйегін зерттеп, дерегін анықтаған соң, мұсылмандық жолмен арулап жер қойнына тапсырсақ дейміз. Әлбетте, бұл оңай жұмыс емес.
Бір ғана Жаңалық ауылында «Рахимов, 1» деген мекенжайдағы аумағы 3х3 жерден 1937–1938 жылдары ату жазасы үкімі орындалған 163 адамның сүйегін аршып алды. 163 адамның бесеуі – әйел. Мамандар 163 адамның жартысы азият, жартысы славян екенін айтады.
Осы кезге дейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын саяси, рухани, патриоттық тұрғыда зерттеп келдік. Ал бұл жұмыс – ғылыми жұмыс деп есептеймін. Саяси қуғын-күргін құрбандарының сүйектерін ғылымның әр саласы бойынша жан-жақты зерттеп, дерегін ұсыну – осы саладағы жұмысқа жаңаша қарқын беру», – дейді Ғ.Әнес. 

«Ғылым саясаттан тәуелсіз болуы керек дейміз...»

Іс-шара барысында саяси қуғын-сүргін көрген жандардың ұрпақтары атынан Шолпан Аманжолова сөз алып, Алматыдағы жертөлелерде де ату жазасы үкімі орындалғанын айтып, ол сүйектерді де табу, зерттеу ісі жалғасса деген пікірін білдірді. Саяси қуғын-сүргіндерді ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Сәуле Жәкішева жиынның ғылыми жағына баса мән берді. Қазақстанда сот археологиясы сынды жаңа бағыттың қалыптасқанын жақсылыққа балаған ол: «1990 жылдары Испания құрбандарды зерттеу үшін сот археологиясын қолға алды. Еуропада Югославияда, тағы да басқа соғыстарда жоғалған жандарды іздестіруде сот архео­логиясы мен сот антропологиясы қолданылады. Қазір сот археологиясы саласы бойынша Кенияда жұмыс жүргізіліп, үлкен орталық ашылып жатыр. Біз де сол жұмысты лайықты жалғадық деп айта аламыз. Осы кезеңді зерттей отырып, адамның өмір сүру құқығы бұзылғанын көреміз. Мұндай мәселелер ашық айтылып, жазылуы керек. Ол үшін зерттеу жұмысын жалғастыру маңызды», – деді. 
Орталық мемлекеттік архивтің директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебай: «Ғылым саясаттан тәуелсіз болуы керек деп айтамыз, ғалымдар да тәуелсіз болуға ұмтылады. Ғылым, айналып келгенде, саясатқа барып тірелетінін қазіргі геосаяси жағдайдан да байқап жүрміз. Осы тұрғыдан қарағанда мұндай терең монографияның жазылуын ғылымдағы ерлік деп те айтуға болады. Досбол Сүлейменұлы бастаған топ ғылыми нақты нәтижеге қол жеткізіп отыр. Енді Жаңалықтағы сүйектердің кімге тиесілі екенін генетикалық зерттеу жүргізіп, ұрпақтары арқылы анықтау өте маңыз­ды. Содан кейін ғана, яғни дерегі толық расталған соң оларды қайта арулап жерлеу ұлттық саясаттың маңызды бір бөлігі. Осы бағытта жұмыс жалғастырылуға тиіс. Жанайдар Сәдуақасовтың ұрпағы Перизат Құрманова «осы мәселені көтеріп, Президенттің атына үндеу жолдап едік. Осындай мәселелерді аяғына жеткізу керек деп есептеймін», – дейді.
Генетика және физиология институтының бас директоры Гүлнұр Сағындыққызы генетикалық талдау жүргізілген елу адам сүйегінің деректері толық зерттелгенін айтып берді: «Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға тиесілі сүйектерге генетикалық талдау нәтижесі (шамамен 50 адам) дайын. Жиын барысында қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың көп болғаны айтылып жатыр. Сондықтан зерттелген елу сүйектің әрқайсысына қатысты «менің бабам ба екен» деген сұрақтың тууы заңды. Монографияда QR код арқылы ДНҚ үлгілерін алуға қатысты видеоматериалды көріп, танысуға болады. Тағы бір айтқым келетін мәселе – қазіргі генетика ғылымының мүмкіндігі мол. Осы зерттеу жобасында репрессияға ұшыраған адамдардың түр-келбеті, шашының, көзінің, терісінің түсі зерттелмеді. Ол өте маңызды еді. Сүйектің Х және У хромосомасын және метохондриялық ДНҚ-ны зерттеу де өте қажет. Қосымша қаржы бөлінсе, бізде дерегі бар елу сү­йектің шашының, көзінің, терісінің түсін, жалпы түр-келбетін анықтап берер едік те, ықтимал ұрпақтарына өз атасын тану жұмысы жеңілдейтін еді», – десе, Популяциялық генетика зертханасының меңгерушісі Назым Алтынова Генетика институтында әр рудың, жүздің, тайпаның үлкен базасы бар екенін айтып, сүйек қазақ болған жағдайда оның қай жүздің немесе рудың өкілі болғанын да анықтауға болатынын жеткізді. Мұндай жұмыстар ата-бабасы қуғын-сүргінге ұшыраған кейінгі ұрпақтың өз туыстары туралы деректі табуын әлдеқайда оңайлатары сөзсіз. 
  
Иә, Жаңалықта жаңалық көп болып тұр. Осы маңда сүйегі жатуы ықтимал Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ораз Жандосов сынды тұлғаларымыз туралы деректер нақты зерттеулер нәтижесінде анықталса, оны да тарихи шындықтың бір парағының ашылғаны деп есептер едік.
 Ондай кезде табылған сүйектерді арулап, барлық құрметпен қайта жерлеу, Жаңалық маңында «Ата-Бейіт» кешенін жасау ісі де кешеуілдемес...

Әзірлеген 
Қарагөз Серікқызы 

 

884 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6359

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5792

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3533

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2915

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2876

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2855

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2585

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2570

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы