• Мәдениет
  • 01 Шілде, 2011

Ғалымдық пен ұстаздық азаматты абырой биігіне көтерді

Бүгінгі таңда тіл білімінің зерттеу парадигмасында жүйелік-құрылымдық зерттеулерден антропоөзектік қағидаға негізделген, тілдің когнитивтік, прагматикалық қызметін аша түсетін, дүниетанымдық әлеуетін ғылыми тұрғыдан пайымдауға арналған зерттеулер кең өріс алып келеді. Ғылыми зерттеулер сипаттама лингвистикадан функционалды бағыттағы зерттеулерге ойысып, тілді динамикалы, үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс ретінде қарастыра бастады. Бұл орайда, әсіресе, функционалды-семантикалық категорияларды егжей-тегжейлі сипаттауға бағытталған зерттеулерге ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта жемісті еңбек етіп, күрделі зерттеулер жазып жүрген ғалымдардың бірегейі – филология ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынас және әлем тілдері университетінің шет тілдер грамматикасы кафедрасының меңгерушісі Құсайын Тынысбайұлы Рысалды. Ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор А.П.Комаровтың жетекшілігімен Мәскеудің Морис Торез атындағы мемлекеттік шет тілдер институтының диссертациялық кеңесінде қорғаған кандидаттық диссертациясынан бастап функционалды грамматика мәселелерімен айналысып келеді. Функционалды грамматика мәселе­лерін жүйелеу үшін бірнеше бағытта зерттеулер жүргізіп, ұлттық тіліміздің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес функционалды-семантика­лық категориялардың мазмұн ме­же­сі мен тұрпат межесін, функ­цио­налды-семантикалық өріс­тер­дің құрылымдық ерек­шелік­терін, жүйелі белгілерін, топ­тарын анықтап алу қажет. Функ­ционалды-семантикалық өріс компоненттерінің мәндерін ай­қындай отырып, өрістің құрылы­мын, элементтерінің арасындағы қатынасты сипаттау, қазақ тілінің өзіне тән ерекшелігін көрсету қажет. Сонда ғана ұлттық тіліміздегі функционалды грамматика дәйекті түрде зерттеліп, жүйелі сипат алады. Қ.Рысалды сын есімнің шырай категориясын жаңа парадигмалық құрылымда ғылыми тұрғыдан негіздеп берді. Ғалым шырай категориясының сын есімнің түрлі мағыналық реңктерін білдіруі, сапаның түрлі дәрежесін беруі тұрғысынан дәйектеп, қазақ және неміс тілдеріндегі шырай категориясы негізінде функционалды-семантикалық өрістердің өзіндік сипатын, жүйелі белгілерін көр­сетеді. Функционалды-семан­тикалық өрістердің қазақ тілін­дегі ерекшеліктерін, шырай категория­сы­ның парадигма­лық ұйымдасуын, тіл­­дің түрлі деңгейлеріндегі берілу ерек­­шеліктерін, өріс компо­нент­те­рінің мәндері мен құрылымын сипат­тайды. Ғалым кандидат­тық дис­сертациясын қорғаған кезде (1974 ж.) бұл мәселе қазақ тіл білімін­де жүйелі қолға алына қоймаған бо­латын. Сол себепті Қ.Рысалды алдымен дәстүрлі грамматика мен функционалды грамматиканың өзіндік ерекшеліктерін, өзіндік болмысын нақтылайды. Осы бағыттағы ізденістері «Сын дәрежесі категориясы: функционалды-коммуникативтік табиғаты: қазақ және неміс тілдері негізінде» атты докторлық диссертациясында да жалғасын тапты. Функционалды грамматиканың негізгі қағидасы – болмысты пайым­дау барысында адам санасында қалыптасқан ойдың мәнін берудегі грамматикалық бірліктердің тілдің басқа деңгейлер бірліктерімен тығыз қарым-қатынастағы қыз­метінің заңдылықтарын зерделеп сипаттау екенін негізге ала отырып, Қ.Рысалды тілдің барлық деңгейлеріндегі бірліктерінің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы жалпы тілдік ұғымдық категориялар негізінде болатынын дәлелдейді. Ғалым ұғымдық категориялардың тілдің бірнеше деңгейіндегі берілу сипатын кешенді түрде зерттеу арқылы олардың парадигмалық және синтагмалық мәнін айқындап, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді, шырай категориясын жан-жақты зерттеу арқылы функционалды-семантикалық өріс табиғатын кешенді түрде талдайды. Соған байланысты Қ.Рысалды еңбектерін функционалды грамматиканың қазақ тіл білімінде кешенді негізде зерттелуіне жол ашқан еңбектер қатарына жатқызуға болады. Шырай категориясының тілдік табиғатын кешенді түрде зерттеу оның көпқырлы табиғатының жан-жақты ашыла түсуінің негізгі алғышарты болып табылады. Зерттеуші адамның объективті дүниені тануы, қабылдауы, практикалық әрекетін ескере отырып, тілді экстралингвистикалық факторлармен сабақтастыра зерттеп, сөйлеу үдерісімен, сөйлеушінің коммуникациялық, прагматикалық мақсатымен байланыстырады. Прагматика – коммуникация кезінде міндетті түрде болатын, коммуникацияны ұйымдастыратын алғышарттардың бірі. Сондықтан ғалым құрылымдық, семантикалық, коммуникативтік аспектілерді өзара сабақтастыра сөз етеді. Қ.Рысалды 2006-2008 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі» атты жоспарлы тақырыпқа да қатысты. Функционалды грамматика саласында еңбек ете жүріп, ғалым терминдер жүйесін қалыптастырып, орнықтыруға, бірізділендіруге де зор үлес қосты. Шырай категориясын тануға байланысты жалпы тіл білімінде, қазақ тіл білімінде орын алған талас мәселелерге қатысты өзіндік ұстанымдарын ғылыми тұрғыдан негіздей отырып, ғалым жаңа парадигманың өзіндік атауларын ұсынады. Қ.Т.Рысалды атаулары терминге қойылатын талаптарға толық жа­уап бере алады. Сондықтан ғалымды функционалды грамматика саласында жемісті еңбек етіп жүрген, сондай-ақ сол саланың терминдерін жүйелеуге, бірізділендіруге үлес қосып жүрген ғалым ретінде танимыз. Тілде жалпы адамзатқа тән ортақ белгілердің болатыны сөзсіз. Сондықтан белгілі бір категорияның өзіндік ерекшелігін, белгісін талдап-танытуда екі не одан да көп тілдерді өзара салыстыра отырып зерттеудің маңызы зор. Ол сол категорияға тән ортақ заңдылықтар мен өзіндік сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Міне, осыған байланысты ғалым қазақ тілі мен неміс тілі материалдарын өзара салыстыра отырып, сын есімнің шырай категориясының екі тілдегі берілу ерекшеліктерін, ортақ тұстары мен айырмашылықтарын, құрылымдық-мағыналық ерекше­ліктерін көрсетеді. Ғалым екі тілді салғастыра зерттеу арқылы сын есімнің шырай категориясының қазақ тіліндегі болмысын анықтаумен қатар неміс тіліндегі ерекшеліктерін де тап басып көрсете білген. Қ.Рысалдының шырай категориясының жаңа сипаттағы парадигмасы германистер тарапынан да кең қолдау тапты. Ғалым тұжырымдары кейін (1982 ж.) батыс Германияның белгілі грамматисі Ульрих Еңел еңбектеріндегі парадигмамен сәйкес келген. Неміс тіліндегі кейінгі грамматикаларда осы жаңа парадигма берілген. Қ.Рысалдының неміс тілінің табиғатына қатысты еңбектерін мұнымен шектеуге болмайды: ғалым 1968 жылы Еділ Әкішұлы Молдатаевпен бірге алғашқы «Неміс тілінің тілашарын» жазды. Сонымен қатар жоғары оқу орнына арналған неміс тілінің алғашқы оқулығын, орта мектепке арналған оқулықты жазуға қатысты, университеттің екінші курсына арналған жаңа типті оқулық, «Неміс тілінің теориялық грамматикасы» атты оқу құралын жазды, сонымен қатар ғалым – мектептің оныншы сыныбына арналған «Неміс тілі» оқулығының авторларының бірі. Неміс және қазақ тілдерін салғастыра зерттеу нәтижесінде неміс-қазақ тілдерінің тұңғыш контрастивті грамматикасын шығарды. Аталған еңбек қазіргі кезде Қазақстанда да, Германияда да оқу құралы ретінде қолданылып келеді. Қ.Рысалды Гамбург универ­ситетінің германистика факультеті мен Абылай хан атындағы универ­ситеттің неміс тілі факультеттері ара­сында байланыс орнатуға да белсене атсалысты. Сондай-ақ 2010 жылдың 4 маусымында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білі­мі институтының Германияның Юстус Либиг атындағы Гиссен универ­ситетінің ғалымдарымен кездесуін ұйымдастыруға мұрындық болды. Кездесу барысында ғалымдар Герма­ниядағы қазақ тілінің зерттелу жайы, Германиядағы славян тілдерінің зерттелуі, Қазақстандағы тілдік жағдаят, әлеуметтік лингвис­тика т.с.с. мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, өзара пікір алмасты. 2010 жылдан бері ғалым Германияның Юстус Либиг атындағы Гиссен университетімен екі халықаралық ғылыми-зерттеу жобасына қатысып келеді. Құсайын Тынысбайұлы көп жылдар бойы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынас және әлем тілдері университетінде табысты еңбек етіп келеді. Ғалым функционалды грамматика, теориялық грамматика, медиалингвистика бойынша дәріс оқып, семинарлар жүргізумен қатар ұйымдастыру жұмыстарына да белсене араласады. Бұған дейін де жауапты қызметтерді абыройлы атқарды. Қазіргі кезде осы университеттің шет тілдер грамматикасы кафедрасының меңгерушісі. Ғалымдық пен ұстаздықты шебер ұштастыра білген Құсайын Тынысбайұлына шығармашылық табыс тілейміз. Шерубай Құрманбайұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

4861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6629

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5927

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3670

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3055

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3015

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2991

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2720

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2705

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы