• Ақпарат
  • 01 Шілде, 2011

Ислам ынтымақтастығына жол

d0b8d181d0bbd0b0d0bc-d0bad0bed0bdӨткен сейсенбіде Астананың Тәуелсіздік сарайында Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы ресми түрде ашылды. Мұсылман әлемінің басты ұйымының алқалы жиынына Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америкадағы мұсылман мемлекеттерінің 56 елінен 1200-ге жуық делегат, ИКҰ жанындағы 11 бақылаушы елдің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сессия делегаттарына құттықтау сөз сөйледі. Сонау 1995 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына мүшелікке енген еліміз мұсылман әлемінде болып жат­қан саяси, экономикалық, мәдени және рухани үдерістерге белсенді араласуды өзінің сыртқы саясатындағы маңызды бағытының бірі ретінде қарастырып келе жатқаны белгілі. Әлемдегі үкіметаралық үлкен ұйымдардың бірі – Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы Ислам әлемі үшін жаңа бастамаларды дүниеге әкелді десек, еш қателеспейміз. Елбасының ұсынысымен Қазақстан әу баста-ақ ИКҰ-дағы төрағалығын «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» деген тек барша мұсылман елін емес, тіпті күллі әлемді жаңаша көзқарасқа, жасампаздыққа ұйыстыратын ұранды өзіне ту еткені мәлім.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз басында еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеп жатқан Қазақстан үшін Ислам Конференциясы Ұйы­мына төрағалық етудің тарихи маңызы өте зор екенін айтты. Модернизациялық бағытта көп­теген ұсыныстарды ортаға салды. – Бүгінде бейбітшілік, ынтымақтастық және даму үшін Ислам Конференциясы Ұйымының қажеттілігі арта түскені бәрімізге белгілі. Бұл ұйым – төрт құрлықтағы 57 мемлекетті біріктіретін «Ислам әлемінің өзіндік Біріккен Ұлттар Ұйымы» міндетін атқарып отырған бірегей құрылым болып саналады. Бүгінгі алмағайып заманда Умма салмақты проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Ислам қоғамдастығына бей­бітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және өркендеу ауадай қажет. Умманың жиынтық экономи­калық әлеуеті шексіз және бізге өзара тиімді ынтымақтастық, өзара көмек және дамуға ықпалдастық тұрғысынан күш біріктірген ұтымды болады. Сауда-инвестициялық, тех­ноло­гиялық, әлеуметтік және білім беру бағдарламаларын іс жүзіне асыруда Ислам ынтымақтастығы біздің ұйымның басты қағидаты рөлін атқарады. ИКҰ-ға мүше мемлекеттер тұр­ғын­да­рының орташа сатып алу қабілеті тоғыз жарым мың долларды құрайды, ал Еуропа елдеріндегі балама көрсеткіш жиырма төрт мың доллардан асады. Ислам Конференциясы Ұйымы елдері арасындағы дамудың өзінде үлкен айырмашылықтар бар, – деп айтқан Елбасы жан басына шаққандағы ІЖӨ аса дамыған және дамымаған мемлекеттер арасында 100 пайыз айырмашылықты құрайтының тілге тиек етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымдауынша, ИКҰ-ға мүше елдер әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызын бақылауында ұстап отырса да, бір кем тұсы оларға әлемдік ІЖӨ-нің тек қана 7,5 пайызы және әлемдік тауар айналымының 11 пайызы ғана келеді екен. Сол себепті Елбасы ұйымға мүше әрбір мемлекеттің, тұтастай алғанда Умманың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату қажет деп есептейді. «Сондықтан ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы үшін интеграциялық стратегия дайындауды ұсынамыз. Осыдан үш апта бұрын өткен Бүкіләлемдік жетінші Ислам экономикалық форумында мен бірқатар нақты ұсыныстар енгізсем, олар негізінен қабылданды. Атап айтқанда, он жетекші мұсылман экономикалық тобы үшін үнқатысу алаңын құруды ұсындым» деп атап өтті Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы, бұдан бөлек, ИКҰ шеңберінде азық-түлік бойынша өзара көмек көрсету жүйесін қалыптастыру керектігін айтты. «Азық-түлік жетіспеушілігі бүгінгі таңда үлкен мәселеге айналып отырса, мүдделі елдерде оның пулын ұйымдастырған ұтымды болмақ. Біз ондай ұйымның штаб-пәтерін азық-түлік ресурсын экспорттайтын мемлекет ретінде Қазақстанда орналастыруға дайынбыз» деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі проблемаларды шешу Ислам әлемінің ішінен жүргізілу қажеттігін атап өтті. Ислам әлемі шикізаттық векторынан индустриялдық-инновациялық дамуға өтуі қажет. Елбасы өз сөзінде энергетика мәселесіне де тоқталып, еліміз тарапынан қолға алынып жатқан жаңа бастамаларға қолдау білдіруді ұсынды. – Біздің еліміз «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша «Экспо-2017» бүкіләлемдік көрмесін өткізуге өз кандидатурасын ұсынды. ИКҰ-ға қатысушы мемлекеттер тарапынан біздің бастамашылдығымыз қолдауға ие болады және ұйым мүшелері ұсынылған тақырыпты талқылауға белсене қатысады деп үміттенемін. Мұсылман елдері проблемасын шешуге іштен келу қажеттігіне сенімдімін. Ислам әлеміне дамудың ши­кі­заттық бағытынан индустриялық-инно­вациялық қырына қарай көшу қажет. ИКҰ аясында энергетикалық са­лада инвестициялық және технологиялық ынты­мақтастық бойынша іс-әрекеттің бірлескен жоспарын әзірлеп, қабылдауды, сондай-ақ Халықаралық иннова­циялық орталық құруды ұсынамын, – деді Президент. Елбасының айтуынша, Ислам әлемінің артықшылықтарының бірі – демографиялық өсім әлеуетін пайдаланып, оны тұрақты экономикалық дамудың ажырамас бір бөлігіне айналдыруы тиіс. Расында, халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, 2030 жылы мұсылман әлемінде 2,2 миллиард адам өмір сүреді деп күтілуде. Осыншама орасан зор адам ресурстары сайма-сай білім және ғылыммен қамтылуды қажет ететіні анық. Осы орайда Президент Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет етіп, жаңа идеялардың алға жылжуына қабілет танытатын интеллектуалдық элитаны тәрбиелеу біздің міндетіміз болуы тиіс екенін айтты. Бір мезет тарихқа үңіліп, орта ғасырларда Ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэ­зия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлаған Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия секілді қалалар бүкіл әлемнің зияткерлік орталықтары болып табылғанын тілге тиек еткен Елбасы қатысушыларға қарата бірнеше салиқалы, жүгі ауыр сауалдарды тастады. Тығырықтан шығу жолдарын да айтып өтті. Елбасының пікірінше, Ислам елдері бай табиғи, адами, қаржылық ресурстарға ие бола отырып, неліктен әлемдік даму деңгейінде жоғарғы орындарға ие бола алмады? «Неліктен Ислам университеттері әлемдік жоғары білім жүйесінде өздерін көрсете алмай отыр? Соңғы жиырма жылда мұсылман елдерінде жаратылыс­тану және техникалық ғылымдар саласында әлемдік деңгейдегі жаңалық ашулардың болмау сыры неде? Міне, Мұсылман әлемінің интеллектуалдық ұлылығы мен жасампаздық күш-қуаты неліктен жоғалғандығын зерттеп, түсінуіміз қажет. Бірқатар мұсылман мемлекеттер бүгіннің өзінде осы бағытта алға басып келеді. Оларда әлемдік деңгейдегі университеттер ашылуда. Астанада ашылған Халықаралық Университет солардың бірі болып табылады. Мұнда инженерлік, жаратылыстану-техникалық және гуманитарлық мамандықтар бойынша әлемдік деңгейде білім берілуде». Мұнан кейін Президент G20 саммиттерінің жұмысына ИКҰ өкілдерінің қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл – G-20-ның беделі көтеріліп қана қоймай, Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдерге халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелер бойын­ша ортақ ұстанымын қорғауға мүмкіндік береді. Қазақстан қуаттылығы жөнінен әлемде төртінші саналатын зы­мы­ран­дық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағын құруға белсенді қатысушыға айналғаны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыста ядролық қарудан азат, ал келешекте жаһандық әлем­де ядролық қарусыз аймақ қалыптастыруға шақырды. Президент ИКҰ-ға қиын кезеңде төрағалық етіп отырғанын атап өтті. ХХІ ғасыр басында Ислам әлемі айтарлықтай саяси сілкіністер мен әлеуметтік-экономикалық проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Президенттің бағамдауынша, біздің алдымызда екі өте маңызды міндет тұр. Бірінші міндет – саяси идеология ретінде діни фундаментализмге қарсы тұрып үйрену. Исламның саяси зорлықпен, экстремизммен, терроризммен еш байланысы жоқ. – Жетінші Дүниежүзілік Ислам Экономикалық форумы барысында мен бірегей Ислам-медиалық жобасын құруды ұсындым. Бүгінгі таңда ғаламторда әрекет ететін қуатты медианың басқыншылығы білінеді. Осыған орай, мен «е-ISLAM» ғаламтор ресурсын құруды ұсынамын. Бұл ресурс Ұйым қызметінен ақпарат таратып, жастардың дінге, Ислам мәдениетіне қызығушылығын ынталандырып, рухани мұсылмандық құндылықтарды ғаламтор арқылы таратуы шарт, – деді Президент. Екінші міндет – Мұсылман әлемі және Батыспен ашық әрі адал сұхбат орнықтыру. Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы осы игілікті идеяларға қол жеткізуге бағытталады. 2008 жылы Астанада Мұсылман әлемі мен Батыстың Сыртқы істер министрлерінің конференциясы бірінші рет өтті. Үмбет елдері мен Батыс арасындағы өзара түсіністікті тереңдету жөніндегі сұхбат үшін мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 60-тан астам өкілдері оған қатысты. – «Өркениеттер соқтығы­сы­ның» орнына біз «өркениеттер альян­сын» ұсынамыз. Кикілжіңге ба­ру орнына, біз мұсылман және христиан әлемдері арасындағы ашық әрі адал сұхбатқа шақы­руымызды жұртшылыққа естірте айтуға тиіспіз. Үмбет тарабынан жасалған мұндай қадамдар Исламға сенім мен құрметті нығайтады. Қазақстанда мұсылмандар меші­ті, христиандар шіркеулері мен иудейлер синагогы бейбіт көрші­лестік қатынаста, сіздердің барып, көрулеріңізге де болады. Сонымен қатар 130-дан астам этностар тату-тәтті өмір сүруде. Бұл біздің еліміздің бейбітшілік пен толеранттықты насихаттауға іс жүзінде қосқан үлесі болып табылады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Президент Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалығының мүмкіндіктері ИКҰ-мен байланыстарды кеңей­ту, мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы түсініктерді тереңдету, Еуропа мен АҚШ назарын Орта­лық Азиядағы талап-тілек пен проблемаларға тарту үшін пайдала­нылғанын атап өтті. ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етудегі аса құнды тәжіри­бені игере отырып, Қазақстан ИКҰ-ның министрліктер конферен­циясын басқарып, Ұйымның кез келген проблемаларына қатысты жан-жақты сұхбат үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін айтты. Сөз соңында Елбасы бүгінгі Форум мұсылман әлеміндегі қауіпсіздік пен есендікті нығайтуға лайықты үлесін қосады деген сенімін білдірді. Жиын барысында Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессия­сына қатысушы делегациялардың басшылары Ұйымның атауы мен логотипін өзгерту туралы қарарды қабылдады. ИКҰ СІМ кеңесінің 38-ші сессиясының күнтәртібі мен бағдарламасы қабылданғаннан кейін, Кеңеске қатысушы деле­гациялардың басшылары Ислам Конференциясы Ұйымын Ислам ынтымақтастық ұйымы деп жаңа атаумен атау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, Ислам Конференциясы Ұйымының атауы Ислам ынтымақтастық ұйымы болып өзгертілді. «Бұл шешім біздің мақсаттарымыз бен мүддемізге жә­не Ұйым алдында тұрған міндеттер­ге толық сәйкес келеді», – деді ИКҰ СІМК төрағасы, ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов. Бас-аяғы үш күнге ұласқан сессия жұмысы бүгін аяқталады. Сұлтан Қадырбек

3289 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6634

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5930

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3673

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3061

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3018

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2994

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2723

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2708

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы