• Мәдениет
  • 13 Шілде, 2011

«Мың бір түн» оқиғасын жыр еткен...

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарияланатын «Бабалар сөзі» топтамасының жүз томдық ғылыми басылымын жоспарлау барысында ұлттық фольклордың бұрын-соңды толық жарияланбаған, аса бай құндылықтар болып саналатын эпостық жәдігерлерге ерекше ден қойып, осы мұраларды 63 том көлемінде дайындауды жобалаған еді. Олардың он үш томы «Хикаялық дастандарға» арналып, 7-томын «Әбуғалисина, Әбілхарис» сияқты туынды қамтыса, топтаманың кезекті 8-томын «Қырық уәзір» дастанының (құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар – филология ғылымының кандидаттары: Қ.Алпысбаева, П. Әуесбаева) бір ғана нұсқасы құрайды. «Қисса қырық уәзір» құрамына кіретін хикая, аңыз, әңгімелерді алғаш рет жүйелеп дастанға айнал­дырған – Шайқызада Ахмет Мысыр деген адам. Мысыр бұл кітапты 1421-1451 жылдар аралығында жазғанын, ал 1868 жылы Каюм Насыри бұл кітапты татар тіліне аударып, Қазан қаласында бастырғаны және аталмыш кітаптың 1900 жылға дейін 8 рет басылғаны туралы деректер келтірілген. Бірақ бұл басылымдар еліміздің сирек кітап қорларында сақталмағандықтан, қандай да бір тұжырым айтудың қисыны келмейді. Ал шығарманың Орталық ғылыми кітапханадағы 1911 жылы жарияланған басылымы Қазан қаласында «Каримовтар» баспаханасынан басылып шыққан. Қиссаны жариялаған – Ақылбек Сабалұлы. Кейін «Қырық уәзір» дастанының мәтіні 1986 жылы Бейжіңдегі «Ұлт­тар баспасынан» шыққан « Қазақ қиссалары» атты жинақтың 5-томына кірген. Қисса «қырық уәзір» дастаны туралы жай айтылған пікір­лер болмаса, арнайы зерттелген жоқ. Дастанның оқиғасы патшаның ерке жас тоқалы өзінің өгей баласына ғашық болып, оған көңіл білдіруінен басталады. Сөзге еріп, алданған патша баласын зынданға салдырады. Ертеңінде жұртты жиып, баласының басын алуға әмір етеді. Бұл жолы патшаның бас уәзірі араға түседі. Патшаны иландырарлық уәж айтып, өкініште қалған әңгімелерден ғибрат келтіріп, шаһзаданы кепілдікке сұрап алады. Патша үйіне келген соң, тоқалы тағы бір хикаят айтып, шаһзаданы ертеңнен қалдырмай өлтіруге қайта көндіреді. Міне, осылайша баланы өлтіру мен оны арашалап қалу жайында патша тоқалы мен патшаның қырық уәзірі арасындағы тартыс қырық күнге созылады. Уәзір­лердің қисынды әңгімелерінің тар­тымдылығының арқасында патша өз баласын өлтіруге қырық рет оқталып, қырық рет қайтады. Шаһзада өмірі қыл үстінде тұрса да қырық күнде тіс жарып, тіл қатпайды. Тоқалы қырық уәзірді ақыры орнынан алдырып, ханзаданы жазалатпақшы болады. Жендеттер бас кесуге оқтала бергенде, шаһзаданың ұстазы келіп, патшаға тоқтау айтып, балаға сөйлеуге рұқсат береді. Шаһзада ұстазының рұқсатын күтіп жүр екен, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып береді: Шаһзада мұны айтып, жылады енді, Көл қылып көздің жасын бұлады енді. «Маған қылған оқиға осылай» деп, Шаһзада жерді құшып құлады енді... Молдасының жүр екен сөзін күтіп, Жылады шаһзада қайғы жұтып. Падишаһ қайран қалып мына сөзге, Бармағын аузына тұрды тұтып... Міне, осылай істің ақ-қарасы анық болған соң, куәгерлердің дә­лелін тыңдап, өз ұлының адал­ды­ғына көзі жеткен патша жалақор әйеліне қатал жаза бұйырады. «Қырық уәзір» дастаны бір-біріне жалғасып, оқиғалары кезектесіп дамып отырады. Дастанының оқиғасы – «Мың бір түн» ертегілеріндегі «Жеті уәзір, бір кәнизак туралы» дейтін әңгімемен, «Тотынамадағы» «Шаһзада жеті уәзір яки шаһзаданың бір кәнизак үшін бақытсыздыққа ұшырауы жайындағы» әңгімелерімен сарындас. Шығармадағы әңгімелердің маз­­мұнына қарағанда, оқиғалар Бағдад, Мысыр, Кабул, Шам, Рұм т.б. шаһарларда, үнді, араб, түрік жер­­лерінде, кейде перілер елінде болғандығы айтылады. Хикаялардың мазмұны да әр­түрлі: бірінде өнер, енді бірінде әділдік, адалдық, жомарттықты айтса, келесі шығармаларында кемеңгер ел билеушілер, әділ патшалар, Алланың құдіреті туралы, данышпан адамдар, т.б. айтылады. Ал атақты ел басқарушылар – һарон Рашид, Махмұт сұлтан жайындағы, әлемге танымал ғалымдар Әбуғалисина туралы, Лұқпан хакім, Сүлеймен патша, пайғамбарлар туралы т.б. әңгімелерге қарағанда, оқиғалардың қай ғасырды қамтитындығын айту да қиындық туғызады. Шығармада дін тарихынан, пайғамбарлар өмірінен алынған аңыз- әңгімелерге көп орын берілген. Мысалы, 4-уәзірдің айтатын «Балғым-Бағур» атты хикаятында Мұса пайғамбардың дін жолындағы күресі сөз болады. Дастанда тарихи аңыздарға құ­рылған әңгімелер де бар. Олар – «һарон Рашид пен қария», «Махмұт сұлтан мен уәзірі Айас туралы», «Махмұт сұлтан хикаясы», «Сократ, Аплатонның өсиеттері», «Әбуға­лисина» , «Лұқпан хакім туралы», «Патша Сүлеймен туралы» хикаялар. Лұқпан – Шығыс әдебиетінде көп кездесетін, ақылды, дана, көп жасаған, көпті көрген көне қарттың бейнесінде жүретін сүйкімді, жағымды тұлға. Лұқпан туралы аңыз-әңгімелер Исламға дейінгі арабтардың ауыз әдебиетінде мол айтылған. Содан әртүрлі халықтың өзінің данышпан қарты болып кеткен. Бірте-бірте оның атына неше түрлі қызық, жанама әңгімелер қосылған. Жалпы, Лұқпан бейнесін ақылды, көреген қарттардың жиынтық образы деп түсінуге болады. Сүлеймен туралы мысал-әңгіменің бір түрі аталмыш дастанда да көрініс тапқан. Ол – «Бүрге мен сақалсыз адам» деп аталатын әйелдің айтқан 27-әңгімесі. Бұл сияқты мысал-әңгімелерде жанды-жансыз нәрселердің бір-бірімен сөйлесуі арқылы олардың ақылдылығы, айлакерлігі, мақтаншақтығы, мо­мындығы т.б. суреттеліп, адамға тән кейбір мінез-құлықтар тұспалданып отырады. Дастанда тәрбиелік мәні бар әңгімелерге де біраз орын берілген. Солардың бірі – кенже ұлына тігіншілік өнер үйреткен патша жайындағы 10-уәзірдің әңгімесі. Аталған дастанның бірнеше хикаяларында қиял-ғажайып, ертегілік сарындар да кездеседі. Мысалы, бірінде бір жыланшының дұға оқып, сиқырлап Шын патшасының қызын жыланға айналдырғаны, оның көп қиындықпен өз кейпіне келуі баяндалады. Бұл хикаядағы басты тақырып – сиқырлы заттардың көмегімен бас кейіпкердің небір қыруар қиын­дықтарды жеңіп, мұратына жетуі. Яғни бұл жерде үнемі әділдіктің жеңіп, зұлымдықтың әшкереленіп отыратындығы баяндалған. Ал мифтік сарынды 14-уәзірдің мына әңгімесінен көреміз. Құдай екі періштені (һарут және Марут) сынау үшін жерге жібереді. Періштелер мәкір әйелдің алдауына түсіп қалады. Екеуі де әйелге ғашық болып, оның ерін өлтіріп қояды. Уағдасында тұра алмаған періштелер жазаға тартылады. Әйелді күнәсі мен мәкірлігі үшін Хақ Тағала жұлдызға айналдырып жібереді: Хақ Тағала қатынды жұлдыз қылды, Ұшырып алып келіп көкке қойды. Дүнияда Зуһра жұлдыз дегендері, Білмесең, білдірейін, осы болды. Келтірілген мифте әйелдің жұлдызға айналуы күнәлі болған адамның жазасы деп түсіндіріледі. Мифтердің айтуы бойынша, рудың тотемдік қағидаларын бұзған немесе оларды құрметтемеген адамды жан шошырлық жаза күтеді. Сондай жазалардың бірі адамды аңға, я болмаса жансыз нәрсеге айналдыру деп ұққан. Мұндай жаза түріндегі құбылу сөздің құдіретті күші бар деген сеніммен байланысты және мифологиялық сананың ғана аясында сақталған. Жазалаудың нәтижесі болатын құбылу мифте ылғи да тыйым салынған тотемдік салтты бұзумен байланысты болмайды, адам келбетінен айырылудың себебі көбінесе бүкіл рудың этикалық тәртібін бұзу болып табылады. Міне, осындай этикалық тәртіпті бұзғаны үшін Құдай мәкір әйелді жұлдызға айналдырып жазалайды. Міне, баланы өлтіру мен оны арашалап қалу үшін патша тоқалы мен қырық уәзірдің арасында осы сияқты әңгімелер тұтас бір қисса болып шыққан. Қарашаш АЛПЫСБАЕВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

5366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6285

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5749

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3489

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2871

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2833

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2812

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2542

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2527

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы