• Ақпарат
  • 13 Шілде, 2011

«ЖаздыгүнІ шілде болғанда»... Балаңыз қайда демалады?

d0b4d0b5d0bcd0b0d0bbd18bd1811

Міне, жадыраған жаздың да орта шені болды. Бұл кез – мектеп жасындағы бүлдіршіндеріміздің тоғыз ай бойы толассыз күткен жазғы демалысының уақыты. Сондықтан олардың қай-қайсысы болмасын демалысын қызықты әрі есте қаларлықтай деңгейде өткізгісі келеді. Бұрындары әрбір бала пионер лагерьлерінде демалса, жоғары сынып оқушылары еңбек жасақтарында демалумен қатар еңбекке де бейімделетін. Ал қазір бұл игі дәстүр «көзден бұлбұл ұшты». Бүгінгі күнде балаңыздың демалысы өз мойныңызда. Сонымен қатар балалар лагерьлерінің көпшілігі жекешелендірілген. Яғни «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, олар өздерінің қызмет көрсету сапаларын өздері бағамдайды. Осыдан соң қалтаңыздың қалыңдығына қарай көсіліп, таяздығына қарай тосыласыз.

Деректерге жүгінсек, бүгінде елімізде 1 миллионнан артық баланы қамтитын 10 мыңнан астам әртүрлі үлгідегі лагерьлер жұмыс істейді. Оның 235-і – қала сыртындағы лагерь, 7-і – жыл бойы жұмыс істейтін, 54-і – санаториялық үлгідегі, 925-і – бейінді, ал 245-і – туристік-спорттық үлгідегі болса, 5 мыңнан астам – мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс жасайды. Иә, қаладағы бақуаттылардың балалары атағы дүркіреген «Тау самалы», «Маралсай», «Горное солнце», «Сарыарқа», «Голубой парус», «Огонек», «Спутник» сынды лагерьлерде демалады. Әрине, олардың бағасы да «ұшып» тұр. Соны білу мақсатында Алматы маңындағы біршама балалар лагерьлеріне қоңырау шалып, бағаларын білген едік. Бірден байқағанымыз, қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Алғашқысы – «Горное солнце» («Тау күні») лагері. Ә дегеннен телефон тұтқасын көтерген қызметкер өздерінің қызмет көрсету сапасын мақтай жөнелді. Бірақ биылғы жылға жолдаманың қалмағанын да жасырмады. Тек спорттық топқа ғана 8 күндік жолдаманың ғана бар екенін, күндігі 5000, яғни 8 күнде 40000 теңгеге бағаланатынын айтып жатыр. Тіпті сөз арасында бізге пысық, тіл табыса алатын балалар ғана керек деп өздерінің талаптарын да қойып қалды. Міне, балаңызды бір апталық қызыққа бөлегіңіз келсе, 40 мың теңгеңіз, ал тіпті одан ұзақ уақытқа демалдырғыңыз келсе, қанша қаржыңыз кететінін өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Бұдан соң «Марал-сай» лагерінің телефон нөмірін тердік. Мұндағы бағаның да қолжетімділігі шамалы. Күндігі 4500 теңгені құрайды. Ал «Ақ-Еркенің» бағасы тіптен шарықтап кеткен. Балаңыздың 17 күндік демалыс ақысы – 140000 теңге. Жағаңызды ұстап, таңдайыңызды қағып таңырқағаннан басқа амалыңыз жоқ. Ал 2-3 балаңыз болса тағы қанша қаржыңыздың қағыларын өзіңіз-ақ есептеп көріңіз. Осыдан соң бұл лагерьлерде тек шен-шекпенділер мен қалталылардың еркелері ғана демала алатынына көз жеткіземіз. Ал күндік қара наны мен тамағын әзер тауып, «шықпа, жаным, шықпамен» күнелтіп отырған қара халықтың баласы тауға барып демалып, сайран сала алмасы анық. Бұл – қол жеткізбес арман ғана. Рас, кейбір көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларына мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Бірақ тоғыз ай бойы мектеп табалдырығын тоздырған бүлдіршін жаздық демалысын тағы да сол аулада өткізгісі келмейтіні шындық. Бұдан соң, амал жоқ, одан да еңбек етіп, нәпақасын тауып, күнелткенді артық санайды. Оларды өмір де ерте есейтіп жіберетін тәрізді. Өйткені қала көшесінде көлік жуып, базарларда сауда жасап, компьютерлік клубтар мен кафе, мейрамханаларда, қоғамдық көлікте жұмыс істеп жүрген қай баламен тілдесе қалсаң да ересек адамдай сөз саптайды. Олар үшін демалыс – ақша тауып, отбасына жәрдемдесу. Олар жазғы демалысты сол үшін ғана сағына күтетіндей. Қазір қарақұрым халықтың басты сауда ошағы саналатын «барахолкаға» бара қалсаңыз, тамақ, сусын, жеміс-жидек сатып, қала берді, арба сүйреп жүрген жеткіншектерді көресіз. Арасында қаракөздеріміз де аз емес. Тіпті біреулері өздерінен бірнеше есе салмағы да, көлемі де үлкен жүкті де түсіріп жатыр. Бұл үшін олар болар-болмас қана қаражат алатыны тағы бар. Ал олардың еңбегі қаналып жатыр-ау деп бас қатырып жатқан «әже» де, «қожа» да жоқ. Еңбек кодексіне сәйкес 14-16 жастағы балалар аптасына – 24, ал 16-18 жастағы жеткіншектер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бірақ базардағы бүлдіршін мен көлік жуған жеткіншектерге бұл талаптың еш қатысы да жоқ сияқты. «Ақшасы аз» деп аранын ашпайтын әрі әр іске құлшына кірісетін бала еңбегін пайдалану кәсіпкерлерге де тиімді. Иә, базарда жүрген баланың денсаулығы да, психологиясының да өзгеріске ұшырары хақ. Оны мамандар да жоққа шығармайды. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын, яғни 1919 жылы Балалар құқығын қорғау жөніндегі алғашқы ұйым құрылды. 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларациясы, 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенция да заңдастырылды. Ал жыл сайын еліміздің барлық аймағында бала құқығын қорғау комитеттері өз қызметтеріне есеп беріп отыр. Бірақ сол баяғы қап арқалаған, арба сүйреген қара бала саны аз­аяр емес. Олардың да бай баласындай балалығын ойын-күлкімен өткізуге құқы бар. Бірақ... Амал жоқ... Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

6947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7032

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6120

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3858

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3250

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3206

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3180

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2908

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2896

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы