• Руханият
  • 21 Шілде, 2011

Байбақты әулие

Мен былтырғы жылдың тамыз айында Қармысұлы Байбақты атаның тарихына қатысты деректер, халық аузындағы шежіре­лік әңгімелер, т.т. іздестіру мақсатында Қарақалпақстанға сапарлап, Қоңырат, Нөкіс, Хорезм, Шоманай жағына барғанмын. Содан Маңғыстаудың Қаройымен – Өзенге, Ақтауға соғып, Бейнеуде ат басын іріккем. Өйткені сапар барысында Қоңыраттағы Жолжан жырау баласы Болысбай ініміздің айтуымен, Шоманайда тұрған Қыдырұлы Сәрсенбай жырау-термешінің болғанын, енді Бейнеуге қоныстанып жатқанын естіп білген едім. Бейнеуде Сәрсенбаймен жолықтым. Өзі үй-ішілік шаруасымен асығыстығын танытқанымен, бір күндей бірталай әңгіменің басын қайырдық. Жеке туындылары – 7-8 жыры мен термесін таспаға түсіріп алып, Атырауға олжалы оралғанмын. «Олжалы» дейтін себебім, ішінде Байбақты атаға арнау жыры да бар болатын. Көп тыңдалып, пайдаланылғандықтан әрі өзі асығыс жазылғандықтан, таспа жарамсыздыққа ұшырауға айналды. Оны қағазға түсіруге мүмкіндік болмады. Жақында Бейнеуге тағы да әдейілеп бардым. Сәрсенбай жыраудың аузынан «Байбақты атаға» арнау жырын өз аузынан толықтай қағазға түсіріп алдым. Бұл толғауды Сәрсенбайдай бауырымыздың батыр да әруақты бабасына деген ілтипатының белгісіндей қабылдасақ жөн. Осы орайда сол айтулы жырдан үзінді келтіре кетсек дейміз Бір Аллаға сыйынып, Домбыраны қолға алдым. Аруақтарды еске алып, Ортада бүгін толғадым. Сәрсенбай жырау келді деп, Жыр айтады бізге енді деп, Мырзалар едің бүгілген. Талай топта жүгірген, Жан емес едің жиында, Сөз таба алмай сүрінген. Мен бастайын, бастайын, Байбақты батыр атама, Арнаған бүгін жырымды. Азғана айтып тастайын, Он екі ата Байұлы, Арғы ата шеркеш болғасын, Атырау менен Айранкөл. Жаңғабыл қосым қонғаннан, Батырларым өтті айбарлы, Қарсы шапқан жауына. Ақ найзасын қолға алған, Бес арыс ата шеркештен. Қосым менен қайысты Қылышкестен-Жауғашты, Шумақ болып атанған. Осылар еді күйінде, Ерегіскен дұшпанға, Қылышын сермеп, ар алған. Ұранымыз – Шағырай. Әулие болған күйінде, Алланың берген демінде. Келешекті болжаған, Жетім менен жесірге. Көрсеткен қызмет бірталай, Қайыс деген ауылдан, Төрт түлігі сай болған. Күнінде батыр бай болған, Асау Тұлпар атамыз, Қабыл болған батаңыз. Кәпірге елін бермеген, Дін қылышын сермеген. Бұл жалғанда тұра алмай, Соларды өтіп жөнелген. Қасымның үш баласы, Жәлімбет пен Мырзамбет, Қателей екен біреуі. Сол Мырзамбеттің баласы. Төртеу екен байқасам, Сары мен Сатыбалды. Жаңғабыл менен Қоңырдан, Жаңғабылдың әулеті. Жартақ, Сөбек, құп Шабай Атығай мен Меңді екен. Халықты аузына қаратқан, Еліне білім таратқан. Бұл шеркештің ішінде, Жыраулары бар еді, Сақып пенен Менедей. Қыздарбай әнші кешегі, Ортада жырлап бұл да өткен. Сөзінен маржан дүр еткен. Билерім өтті дүниеден, Бимырза мен Тұманшы атамыз. Талай жерде дау шешкен, Қызыл тілі алмастай, Қара сөзді зерлеген. Бітім жасап жатқаны, Ортада талай сөйлеген, Қармысұлы Байбақты, Туылған жерін айтайын. Жылойдың еді сағасы, Айранкөлдің саласы. Жаңғабыл Қосыл жайлаған, Бақыт қонып басына, Талай жерді жайлаған. Ортада басты сайлаған, Сандуғаштар әр жерде. Қызыл тілі сайраған. Дулығалы Байбақты Аруақ қонған бойына Он-екі жасқа келгенде Өтегеннен бата алып. Байбақты батыр атанып. Халықты жаудан сақтаған, Қарсыласқан дұшпанды. Қара жерге таптаған. Байбақты батыр атамыз. Сапарға кеткен алысып Жаулар менен алысып, Бірталай жерге барысып. Шауып келген шаттанып, Атамыз елге оралып. Найзасын қолға алып, Туылған екен сол кезде Дәулетияр атамыз. Жетпіске келген шағында Байбақты батыр сол жерде, Қылышпен кесті кіндігін Көрсеткен елге ерлігін. Дәулетияр өскен соң, Ат жалын тартып мінгесін, Сынықшы болды халқына, Атағы шықты даңқына. Күндердің күні болғанда. Шеркештегі Шағырай, Байбақты атама сыйынып Тірі жүрсем халайық, Жырлаймын талай жиын қып. Күн дәуірге толғанда Сегіз арыс адайдан Түрманбет шықты базарға, Бесқайық еліне. Алдынан түрікпен шыққасын, Тұрманбет келіп сөйледі. Сөйлегенде бүй деді: Аттанып түрікпен келді деп Дұшпанды көзім көрді деп, Шаһай бірін-бірін деп. Бастығы Ораз Меңді мен, Талқан қылып шапқанды Маңғыстаудағы елді деп, Осымен шаппай қалсаңыз. Сындырды ғой белді деп, Балуаназ Балтеке Шаппаймысың елді деп. Сол ұрыстың ішінде, Әзденбай мен Кенжебек Бұпық аруағы баратыр Күннен-күнге өрмелеп, Жігіттік кетсе, басыңнан. Ұстай алмай қапалық Екі қолын сермелеп. Сол ұрыстың ішінде, Құнан орыс Шабай бар. Шабай емес, талай бар, Аттаныпты жау түрікпен, Кілең өңшең дәу түрікпен. Мәді мен Тайжалдың Соғысынан тау үріккен. Шырын алмай көзінің, Күндіз-түні жүріпті. Манатыға келіпті, Өгізді менен өреулі. Одан да асып кетіп, Манатыдан өтіпті. Самның бойына келгесін Ел болар мына десіпті. Алпыс иісі адайдан Шықты сонда аламан Сол ұрыстың ішінде, Балуаназ мырза бар. Жасынан-ақ жау көріп, Ат құйрығын тараған. Басталды ұрыс сол жерде, Қарсы келген түрікпенді Қылышпенен шабады, Бойын баудай қағады Кез келгенін ұрады, Мылтық пенен қарады Табаны аумай қасқа адай, Кешке дейін шыдады. Бөрі Бақыны өлтіріп, Басына бақыт қонады. Бөрі Бақы өлгесін Бөрі тиген қойдайын, Тұс-тұсына бөлгесін Әрі-бері мақтайын Ерлікті көзім көргесін. Заманында сол кезде, Әрі батыр, әрі ақын. Қапияз солай жырлаған Мұратына жеткесін. Жауды шауып батырлар, Дүниеде өтіп кетпесін Атаның досы – дос деген Атаның жауы – қас деген Байбақты батыр сол мезетте Атағы кетті жан-жаққа Аруақты батыр ерді деп. Маңғыстаудан келді бұл хабар Жаулады түрікпен елді деп. Шеркештегі Байбақты Аттанып бізге кетіп деп, Мұны естіп Байбақты, Ақ сауытын киеді. Бес қаруын қалдырмай, Қылышын белге іледі. Кер шабақ атты жетеке алып, Ақбоз атқа мінеді. Сол уақытта Атамыз 49 жасында Маңғыстауға келеді. Сол Байбақты жанында. Шумақ Шеркеш, Нұрсұлтан деген батыр бар еді. Аттанып шыққан ізінен Шабай ұлы Сүгір бар, Одан да басқа адайдан Жиналған өңшең батырлар. Аттанып шықты аламан, Сол соғыстың ішінде, Ұрысуға сап түзіп. Байбақты батыр бастаған, Нұрсұлтан батыр қоштаған. Дұшпанға қарсы шабады. Қаумалаған түрікпеннің, Байбақты батыр аруағы, Бұлт болып көздеріне көрінді. Жалғыз өзі атамыз, Дүбірлеген түрікпеннің Жүз болып, көзіне ілінді. Зайырын түрікпен көргесін, Байбақты Батыр атамыз Ерлігі елге білінді. Бірден де бірге батырлар, Ай бүйірге барады. Таудан төмен құлады, Қасиетті атамыз Көпшілікке ұнады. Сол кездері Байбақты. Атынан түсе қалады, Сауытын шешіп, епкінді. Түсті де, жерге бұлқынды, Көрсетті батыр аруағын. Атқанда оғы түрікпеннің Төгіліп жерде қалады Жауды шауып болғасын. Басына аруақ қонғасын Бір уақыттары күн батты... *** Байбақты батыр атамыз Маңғыстаудың халқын Жаудан да қорғап қалыпты. Бір күндері болғанда Хорезмнің халқынан, Хиуаның өзбек сартынан Байбақты батыр келсін деп, Атағың шыққан ер едің. Болып тұр сіздің керегің, Қырдағы жатырған батырға, Ханнан да хабар келеді. Байбақты сонда сөйледі: Сөйлегенде не деді? – Бір Жаратқан құдайым Өзіңнен жәрдем сұрайын. Медет берсең, бір Алла Пендеге бар ма уайым?.. Шақырса, хан барайын, – деді де, Батыр атамыз, Жалғыз өзі Байбақты, Кершабақ атқа мінеді. Бес қаруын қалдырмай, Бұны белге іледі. Қорамсаққа толтырып, Текшелеп салды жебені. Байбақты Батыр жол тартып, Жалғыз өзі атамыз, Хорезмге қарай жөнелді. Көп ұзамай Байбақты Хиуаға келеді. Келгесін сонда атамыз Аруағын хан көргесін Қасиетін Хиуа білгесін, Хиуа ханы сыйлады Билері мен байлары, Ерлігі мен аруағы Келгенде қонақ батырдың Бар екен деп иманы. Сонды жарлық қылады, Ақ боз үйін тіктіріп Қонағасынан сыйлады Ордасына халық жиналды. Сонда Хиуа сөйледі Сөйлегенде не деді? Он сегіз жасар сұлуды, Жеңгетай қылып, бір әйелге: «Байбақты батыр қойнына Апарып қызды сал», – деді, «Ерлігі бұның керемет, Қасиеті оның бар», – деді «Сол кездері батырдан, Тұқымын алып қал», – деді Күн батқасын сол күні, Жеңгетай болған келіншек Ақ боз үйдің ішінде Жатыр екен Байбақты Әйел сонда сөйледі: «Басыңды көтер, батыр, – деп. Қызды әкелдім жаныңа Көңілді көтеріп Қасыңда бұның жатың», – деп, Деді-дағы ол әйел. Ақ боз үйдің түндігін, Есігін жауып кетеді. Орындадым деп бұйрықты, Ханға да әйел келеді. Ақ боз үйдің ішінде. Мақпал төсек үстінде, Жатты қызың керіліп, Аққудай болып көрініп. Етегін сонда түрініп, Қасына батыр бармады. Байбақты сонда жерініп, Қарамастан Байбақты, Сол күні жатты түнімен. Таңсәріден тұрады, Атына мойнын бұрады. Кершабағын ерледі, Сонда батыр атамыз Мініп алып атына, Сонда батыр атамыз Еліне тұр жүргелі Жеңгетай болған келіншек Жүгіріп сонда келеді, Қасына сөйлеп келеді: – Батырлығың осы ма, Еркекпісің сен өзі?! Жас қыздың көңілін таппапсың, Жанында неге жатпадың? Неге кеттің шошынып? Қасиетті сіздей батырдан. Тұқым алып қалам деп, Неше күндей баққаным... Байбақты сол кезде Тастамаспын деп тұқымды, Қылышын алып қолына Әйелге қарап ұмтылды – Еркек осындай болад, – деп, Осылай қылсам аруағым, Бойыма менің қонад, – деп, Қатынды шауып тастады. Сол күні таңда Байбақты, Асыл туған атамыз Еліне қарай жол тартты. Байбақты батыр атамның, Мекен еткен жерлері Айранкөл екен табаны. Қара Таздың елінде Өтеп сынды батырдан. Ақ батасын алғаны, Сұсынан қорқып батырдың. Қабағы қалың жан еді Айбатты туған нар еді. Маңына дұшпан бармады, Он екі ата Байұлы Халқының арын арлады Қылышын жауға қайрады. Турашылдық әділ жолымен, Халқының қара қамы үшін Ортаға басты сайлады. Атамыз Байбақтының Әулиелік қасиетті – Билігі де бар еді. Асыл сүйек жан еді. Баршасын байқап қарасақ, Періштелі түрі бар. Құдіреті сол еді... *** Байбақтының аруағы Ұрысқан дұшпан жауына Жылан болып көзіне, Зайыры солай көрінген. Мен әрі-бері жырлайын Байбақтыны баяндап, Сол сияқты ерімнен, Турашыл әділ болғанын Халқыңның намысын қорғадың, Жар болғай, ата, аруағың, Кісінің ақын жемеген Жетім менен жесірді, Жарлы менен кедейді. Қолтығынан демеген, Қайырлы болғай атамыз, Аруағымен желеп-жебеген, Адасқанға жолы болған. Болмай жүрсе, жолдары Тарығып жүрген пендеге Бата берсе, оң болған. Көпшілікке нұр болған Айтқан асыл сөздері, Халқына үлгі жол болған. Халқын ертіп артына, Тайсойған құмының жерінен, Үдіре көшіпті Байбақты Көшін ертіп ізіне Қоныс басты қазіргі, Тасқұдық деген жеріне. Суы тұщы жанына тереді Шалқыған айдын көл еді, Сол жерге батыр келеді Сол мезгілде атамыз Тоқсанға келген кез еді. Отырған халқы маңында Жас нәрестенің дауысы Құлағымнан кетпейді деп, Айтқан екен Байбақты. Шақырып алып жан-жақты, Байлаулы тұрған жерінде Ақ боз атына қараса, Тұяғымен жануар, Қарпып жерді тұр екен. Көріп тұрып Байбақты, Сөйледі сонда атамыз: Бақилыққа кеткенде Жататын жерім осы екен Деген екен халқына, Бесін мезгіл толғанда Алладан бұйрық болғанда Нәрестенің дауысы, Шыққан екен сол уақытта. Шақырып алды елдерін, Қатар-құрбы теңдерін. Сонда былай деді атамыз: Кісінің қолы жағамнан. Тірлігімде алмаған, Дұшпан көзін салмаған. Жантәсілім болғанда, Ағаш үйді тіктіріп, Өзі барды шешініп. Жағасына сол уақытта Кісінің қолын тигізбей, Оң жағына қара үйдің. Өзі жатты атамыз: Қарапайым кесенені, Салсаңыз маған болады деп. Құлыптас қойсаң басыма, Көңілім менің толады деп, Осы жер қоныс болады деп. Жаңғабыл Шеркеш ауылға, Ағайын, тума-бауырға, Өсиетін айтып атамыз, Тәңірден бұйрық болғанда, Байбақты батыр атамыз, Аманатын тапсырды, Тоқсанды жасап, Тоқсан бірге қараған шағында, Дүниеден өтіп жөнелді... Базарбай ҰЗАҚБАЕВ, Байбақты Қармысұлы тарихын зерттеуші

9713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5844

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5502

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3239

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2623

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2584

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2562

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2296

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2279

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы