• Ақпарат
  • 21 Шілде, 2011

Адамгершіліктің жарқын үлгісі

d0bad0b0d18ed0bfd0bed0b2-d0b1-3Жүрісі де, тұрысы да, сөзі де, өзі де, ісі мен тірлігі де, жалпы тіршілігі де – қоңыр қазақтар болады. Абай атам айтатын «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» тәмсілін өмірлік ұстанымы ететін ондай адамдар кісі ақысын жемейді, өзгенің ала жібін аттамайды, жұрт жұмысына торы аттай жегіледі. Ұлт үшін ұлы істер атқаруға дайын тұрады. Дегенмен онысын міндетсінгенін көрмейсің. Ондай адамдардың сөйлеу мәдениетіне дейін ерекше көзге көрініп, сонадайдан білінеді. Да­уыс көтеріп сөйлеу, әкіреңдеп әңгіме айту, біреудің намысына тию – ондай кісілердің үш ұйықтаса да түсіне кірмейді. Ақмешіт атырабында сондай азамат бар. Ол – Биғали Қаюпов. Бір қарағанда, Биғали Әбдікерұлы мамандығы әкім сияқтанып көрінеді. Өйтетін де себебі бар, ол Қызылорда облысындағы аудандардың басым бөлігінде әкімдік қызмет атқарған. Іскерлігі, елге-жұртқа жанашырлығы көзге бірден түседі. Ол басқарған аудандар түрленіп шыға келеді. Облыста қанша басшы ауысса да, Биғали Қаюповтың биліктің биік баспалдақтарында жүретіні де сондықтан болса керек. Аймақта жеті аудан бар. Жеті ауданның жеті әкімі бары және белгілі. Осы әкімдердің барлығы Биғали Қаюповтың алдын кесіп өтпейді. Сыйлайды, ілтипатын білдіреді, «аға» деп арқа тұтады. Әдетте «Пәленше Түгеншеевич» деп сөйлейтін ақжағалылар Биғали Қаюповты көргенде құшақтарын айқара ашып, «Би-аға» деп өре түрегеледі. Бұл өмірдегі ең сатылмайтын дүние сыйластық десек, онда Би-ағаңа деген елдің көңілі алабөтен. Ал көпшіліктің көңілін аулау әркімнің қолынан келмейтіні анық. Енді Биғали Қаюповтың өнегелі жолына бір назар салайық. Әкесі Әбдікер талай зобалаңды бастан өткерген. Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін мен ашаршылық азабын шеккен адам. Жастайынан еңбекке араласқан. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Талай мәрте ажалмен бетпе-бет келіп, от пен оқтың ортасынан елге аман оралған. Соғыстан оралғаннан кейін отау тіккен. Өмірлік жары Сымбат анамызбен екеуі үш ұл, үш қыз сүйген. Би-ағаң үш ұлдың кенжесі. Түнеукүні Биекеңмен ойда-жоқта жолығып қалып, біраз сыр шертістік. Сонда аз-кем балалық шағы туралы айтқаны бар еді. – Әкем өзінің адал еңбегімен Қамбаштағы атақты «Қамыстыбас» зауытының директоры болды. Өзі жас­тайынан еңбекпен өскеннен кейін шығар, бізді де еңбекке ерте баулыды. Таң білінер-білінбестен иығымызға кетпен алып, бақшаға баратын едік. Егін суғарамыз, шығырмен су тасимыз. Содан болар, ерте есейдік. Еңбекпен есейген өжет ұл 1969 жылы Қызылорда қаласындағы сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түседі. Өмірдің мәні мен сәні тек білімде екенін ерте ұққан ол күндіз-түні кітап «кемірумен» уақыт өткізеді. Том-том кітаптарды парақтап, өзіне керегін қойын кітапшасына түртіп алып, ойына тоқып, санасына жаттап өседі. Одан бөлек, институттың қоғамдық жұмыстарынан да шет қалмайды. Әрбір іске білек сыбана кірісіп, екпіндетіп ала кеткенде, ұстаздары одан болашақта үлкен қайраткер шығатынын іштей болжайтын. Оқып жүрген кезінің өзінде комсомол ұйымының хатшысы болады. Ол заманда партияға өту деген қиямет-қайым екенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Кеңестік идеологияның басты шығыршығы партия десек, оған мүше болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ секілді-тін. Ал Би-ағаң институттың екінші курсында оқып жүргенінде-ақ қызыл түсті партбилетті төсқалтасына салды. Осыдан-ақ оның қаншалықты іскер, білімді, білікті екенін байқай берсеңіз болады. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демеуші ме еді атам қазақ. Жастайынан көрген тәрбиесі мен өзінің азғана ғұмырында жиған білім-білігінің арқасында Биғали Қаюпов бірден көзге түсті. Оқуды бітіре салысымен Лениншіл Коммунистік Жастар одағы Қызылорда облыстық комитетінің лекторлығына тағайындалды. Одан кейін Жастар одағы облыстық комитеті лекторлар тобының, насихат және мәдени көпшілік жұмыстары бөлімнің, комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі, Жастар одағы облыстық комитетінің хатшысы қызметтерін адалынан атқарды. Өңірде өрімдей жастың толайым тірліктер атқарып, ерен еңбегінің арқасында еленіп жүргенін жоғары жақтағылар да естімей, көрмей қалмайды. 1979 жыл болатын. Биғали Қаюповқа Лениншіл Коммунистік Жастар одағы Орталық комитетінің насихат және мәдени көпшілік жұмыстары бөлімінің меңгерушісі қызметі ұсынылады. Бүгіндері бір ауданды басқарып отырған әкім сол шақта кімге бастық болғанын айтсақ, таңданғаннан таңдайыңыздың тақ ете қалатыны шындық. Қазіргі күні Мәжіліс депутаты, бір кездері ел газеті – «Егемен Қазақстанды» басқарған, жазушы-журналист Уәлихан Қалижан Би-ағаңның орынбасары болған. Ал айтулы ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Ша­ханов шығармашылық жастар кеңесінің төрағасы – бөлім меңгерушісі орынбасары қызметтерін атқарған. Бүгінде дуалы аузынан шыққан уәлі сөзімен халықты ұйытып отырған қос қайраткерге Биғали Әбдікерұлының билік айтқанын енді елестетіп көріңіз. – Ол кезде Республикалық комсомол Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов болатын. Алланың жазмышы болар, Сұлтановтан шақырту келмесі бар ма?! Қуана-қуана келісім бердім. Айтып-айтпай не керек, Қуаныш Сұлтанұлы екі бөлмелі пәтердің кілтін өз қолымен табыс етіп, қызметке отырғызған болатын. Би-ағаң басқарған бөлімнің негізгі міндеті – дарынды, талантты жастарды тауып, шығармашылық тұрғыдан қамқорлық таныту. Былайша айтқанда, қазақтың «бұлақ көрсең, көзін аш» мақалын іс жүзінде жүзеге асыратын. Ол кезде Мәдина Ералиева өнер жолынан шалғай кеткен екен. Бір күні Биғали Қаюпов Мәдинаға арнайы барып жолығады. Сөйтіп, шығармашылық жолына қайта оралуға үгіттейді. Өзі де өнер деп шөліркеп жүрген М.Ералиева шығармашылыққа қайта оралады. Арада ондаған жылдар өтіп кетсе де, «Жігер» фестиваліне қатысады. Содан Мәдинаның ән әлеміндегі жұлдызды жолы басталды дейсің. Ал осының қайнар бастауында Би-ағаңның тұрғаны біз үшін мақтаныш екені жасырын емес. Тағы бір елеулі ісін осы арада айта кетейік. Қос жанарынан жастайынан айырылса да, жүрегін ән тербеткен Жақсыгелді Сейіловтің Алматыда шығармашылық кешін өткізуге мұрындық болғаны бар. Жанары жасаурамайтын жігіттің баянмен «Жез киікті» шырқағанында зал толы көрерменнің көзінен парлай жас ақты. Бұл да өнердің бір құдіреті болса керек. Сондай-ақ Роза Рымбаева Би-ағаң басқарған бөлім ұсынысымен Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ол да – өзінше бір мақтаныш. Өмір бір орнында тұрмайды. Би-ағаңның комсомолдағы қызметі партияда жалғасады. Одан кейін елге есімі белгілі азамат Саттар Имашевтың көмекшісі болу бақыты бұйырады. – Әлі есімде,– дейді Би-ағаң. – Саттар Имашевтың кабинетіне имене кірдім. Бет-жүзіме ғана емес, тұла бойыма көз астымен барлай қараған Сәкең: – Жасың нешеде? – деді. – Отыздамын. – «Онда қаймағың бұзылмаған екен. Ақиқат жолынан адаспай жүріп, халқыңа қызмет жаса» деген Сәкеңнің сөзі жүрегімде мәңгілікке жазылып қалып, бойымдағы бар күш-қайратымды халыққа барынша бұрумен келемін десем, асыра айтқандығым емес,– дейді ол өткен күнді көз алдына елестетіп отырып. Имашев өте оқымысты адам болған деседі. Оның жеке кітапханасындағы кітаптың саны 10 мыңнан асып жығылғанын айтсақ, сөзіміз дәлелді болар. – Имашевтан соң Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президум төрағалығы қызметіне Бәйкен Әшімов келіп, 1985 жылға дейін оның да көмекшісі қызметінде болдым. Бәкең аса байыпты, өте терең де тәртіпті қатаң ұстанатын тұлға болатын. Содан да өзімнің Бәйкен аға Әшімовтің тәртіп мектебінен дәріс алғаныма қуанамын. Биғали Әбдікерұлы 1985 жылы өзі өскен, кіндік қаны тамып, кір жуған туған елі – Сыр аймағына оралып, Сырдария аудандық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті төрағасы қызметіне тағайындалады. Білікті де білімді Биғали басшылыққа келісімен жұмысын ауыл шаруашылығын өркендету, қаракөл қой шаруашылығын дамыту, құс фабрикасы жұмысын жолға қоюдан бастайды. Сондай-ақ бүкілодақтық дәрежедегі ауыл шаруашылығы техникаларын алдырып, сынақтан өткізуге, күріш сорттарын жақсартуға барынша күш салады. Ауданда алғаш рет жылыжай салынып, ерте көктемде көкөніс өнімдерін тұтынушыларға ұсынуға да бас болған Биекең көрінеді. Басшылық қызметтің сынағынан сүрінбей өтіп, мол тәжірибе жинақтаған Биғали 1987 жылы, яғни небәрі 36 жасында Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Биекең Жалағашқа қалай басшылыққа келді, аудан ахуалы солай күрт көтеріліп қоя береді. Сөзіміз жалаң болмауы үшін аудан тарихының парақтарына көз салалық. 1987 жылы егілген күріштің әр гектарынан 53 центнерден «Сыр маржаны» жиналса, 1988 жылы 55 центнерден айналады. Қайсыбірін санамалап айтарсың, жыл сайын егіс көлемі де ұлғайтылып, алынатын өнім де тау-тау болып тұрғызыла бастайды. Аяқ су каналдарының тазартылуы, егістік жерлердің тегістелуі, жаңадан ауыл шаруашылығы техникаларының алынуы басында күн-түн көз ілмей Биекең жүреді. Содан болар Биекең басшылықта болған бес жыл бойы Жалағаш ауданы көш басында болып, республикалық қана емес, бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанды. 1992 жылдың ақпан айы еді. Алаш аспанында азаттықтың ауасы қалықтап тұрғанымен, мемлекетті аяғынан тұрғызу, елді ел ету мәселесі басты назарда тұрған шақ болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықты кәтепті қара нарлар ғана көтере алатын. Биғали Қаюпов солардың нақ ортасында жүрді. Осы бір сындарлы шақта Биғали Әбдікерұлы туған топырағы Арал ауданына әкім болып барды. Айта кетерлігі, Сыр аймағындағы аудандарда ең бірінші әкім орынтағына отырған да Биғали Қаюпов болатын. Ол Аралда әкім болған 1992-1995 жылдар аса ауыр кезең екені айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік меншік нысандары жабылып, жаппай жекешелендіру белең алған «тар жол, тайғақ кешулі» уақыт-тын. Жұмыссыздар саны күн сайын артып, «ел – ерге, ер – жерге» қараған заман еді. Оның үстіне Арал теңізі тартылып, экологиялық дерт қасіретіне шалдыққан аралдықтардың ахуалы мүлдем нашарлап кеткен. Тартылған теңіз табанында кемелері қайырлап қалған балықшылар өзге аймақтарға үдере көшіп жатты. Өз өнімдерін елімізге ғана емес, бүкілодаққа жөнелтетін Арал қаласындағы электротехникалық зауыт, кеме жөндеу зауыты мен балық зауыты, тігін фабрикасы жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Он бір мың халық тұратын Сексеуіл кентінің тұрғындары жұмыссыздық пен айлық жалақыларын әлденеше айлап ала алмай жүргендіктен, ереуілге шығып, жүрдек пойыздардың жолын байлады. Не істеу керек? Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында «Арал туралы» заң қабылданады. Үдере көшкен керуен тоқтады. – Кеме жөндеу зауытының орнына вагон жөндеу зауыты салынды,– дейді Би-ағаң. – Ал, тігін фабрикасын қайта іске қостық. Ақбай ауылына су жеткізіліп, егін егіп, көкөніс өнімдерін тұтынушыларға тарта бастадық. Астық өнімдері базасына бидай әкелініп, жоғары сортты ұн шығарылды. Арал ұнына жер-жерден сұраныс артты. Сол бір жылдары айдынды Арал қайтадан ажарлана бастады. Елбасының тікелей тапсырмасымен Арал теңізін құтқару жөнінде арнайы комиссия жасақталып, Биғали Әбдікерұлы оған мүше болады. «Арал туралы» заңның қабылдануына бірден-бір себепші болған Биекең ендігі кезекте Арал теңізін құтқару ісіне құлшына кіріседі. Қайтқан теңізді қайта келтіру үшін Арал теңізін бөлу қажет деген тоқтам жасалады. Биекеңнің тікелей басшылығымен 1992-1995 жылдары Кіші Арал бөгеті жергілікті жұрттың күшімен тұрғызылғанына ел куә. Бір кездері «Возрождение» аралы қазақ пен өзбектің көкпарына түсті. Осы тартыстың басы-қасында да Биағаң жүрді. Бұл туралы сұрағанымызда Биғали Қаюпов бізге мынадай боямасыз әңгіме айтып берді. – «Возрождение» аралы – биологиялық қарудан құтқаратын заттарды сақтайтын құпия арал. Бұл жерде жан-жануарларға биологиялық зерттеулер, оны айтасыз, социализм кезінде істі болған жарымжан адамдарға да зерттеулер жасалған көрінеді. Одақ тарап, құпия арал иесіз қалады. Жер – ортақ. Менің пайымдауымша, «Возрождение» аралының үштен екі бөлігі – Өзбекстанға, ал бір бөлігі Қазақстанға тиесілі сияқты болатын. Осыған байланысты еліміздің Үкіметі «Возрождение» аралын жабу жөнінде арнайы комиссия құрып, мен төрағалығына сайландым. «Возрождение» аралына күн құрғатпай тікұшақпен баруға тура келді. Барсақ, ел үдере көшіп кеткен. Керемет қала, көше бойларына асфальт төселген. Көпқабатты үйлерді жиһаздарымен қалдырып кеткен. Тым-тырыс, ұшқан құстан басқа тіршілік көзі жоқ. Сап түзеген су жаңа ұшақтар мен автокөліктерден де көз сүрінеді. Қойма толы тұрмыстық бұйымдар мен азық-түліктер. Иесіз қалған мүліктерді не істейміз? Біз алмасақ, күні ертең өзбек ағайындар тасып алары – ащы да болса, ақиқат. Үкіметпен байланысқа шығып, құпия арал қойнауындағы мүліктерді тұрмыс тауқыметін тартып отырған ел игіліне ұсынып, ақ алғыстарын арқалай бастағанбыз. Өкініштісі сол, қазақ пен өзбек арасында талас басталды. Жоғарыда айтқандай, жер – ортақ, демек, дау-дамайдың шығуына негіз бар. Кейін екі Үкімет келісімге келіп, «Возрождение» аралын жауып тынды, яғни тіршілікке биологиялық зерттеулер жасауды кәсіп еткен құпия арал келмеске кетті. Биғали Қаюповтың депутаттық даңғыл жолы бар. Оны бүгінде біреу білсе, біреу білмес. 1990-1993 жылдары, яғни еліміз тәуелсіздік алған алғашқы уақытта Би-ағаң Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Тәуелсіздік туын көтерген Декларацияның, Конституцияның, Елтаңба мен Әнұранының қабылдануы тәрізді тарихи сәттердің белортасында жүрді. Сонымен қатар Жоғарғы Кеңесте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тұңғыш Президент етіп тағайындауға да қатысқан. Айтқандай, келесі сайлауда Елбасымыздың Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласындағы сенімді өкілі болғанын да осы арада айта кеткен абзал. Ал 1995-1999 жылдары ҚР Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Сенатор ретінде тәуелсіз ел үшін маңызы зор көптеген заңдардың қабылдануына септігін тигізді. Би-ағаңның «Еңбек кітапшасына» қарап отырып-ақ оның өмір жолын білуге болады. Мамандығы әкім сияқты деуіміздің сыры да сонда жатқан секілді. Аз-кем мұнай-газ саласындағы еңбек жолынан кейін, ол 2007 жылы Қармақшы ауданына әкім болып барады. Сол ауданды биылғы жылдың ортасына дейін басқарды. Одан соң Жалғаш ауданына ат «ауыстырды». Осыдан кейін мамандығы әкім емес деп көріңіз. Биекеңнің ең басты ерекшелігі, ол әлдебір әкімдер тәрізді «мен үйттім, мен бүйттім, пәлен мектеп, пәлен аурухана салдым» деп кеудесін соғудан аулақ. Бұл да парасаттылықтың бір көрінісі шығар-ау! Азаматқа қатысты айтар ой осымен тамам болмаса керек. Биғали Қаюпов туралы таңды таңға ұрып әңгіме соғуға болады. Енді мақаланың тақырыбына оралайық. Би-аға дегенде сіздің көз алдыңызға алдымен Бейімбет Майлиннің елестеуі – заңдылық. Бейімбет қазақтың көз жасы мен бойындағы дертін өзінің сөзімен сүртуге, емдеуге ұмтылды. Ал Биғали ісімен халыққа болысып жүр. Екеуінің арасында аттары жағынан ғана емес, іс-әрекеттеріндегі ұқсастық та анық байқалады. Біржан БЕКТӨРЕ, Қызылорда облысы

3343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5835

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5497

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3232

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2618

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2580

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2558

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2291

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2273

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы