• Қоғам
  • 21 Шілде, 2011

Ауылдың асығы алшысынан түсе ме?!

d0b0d183d18bd0bb2 Жуырда Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Ақбұлақ ауылына барып қайтудың реті келді. Кезінде 200-дей отбасы түтін түтеткен Ақбұлақ ауылы бұл күнде 70 үй қалған шағын ауылға айналған. Рас, жаңа қатынастарға негiзделген индустриалды қоғам құру дәуiрiнде урбанизация үрдісін ешкiм тоқтата алмайды, ол – уақыт талабы. Десек те, ауылдағы халықты тұрақтандыру қазіргі кезде басты мәселе болып отыр. Ауылдағы жұмыссыздықты қалай шешуге болады? Қала – өркениет ошағы, десек те, ауыл біздің рухани темірқазығымыз емес пе? Міне, осы мәселелер төңірегінде ой қорытып көрелік. Біз барған Ақбұлақ ауылы Арқалық қаласынан – 60, ал облыс орталығы Қостанайдан 600 шақырым жерде жатыр. Бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласы болғаны көпшілікке белгілі. Сол кездері Ақбұлақ ауылы облыстағы ең егінді ауылдың бірі болған. Ауыл 25 мың гектар жерге егін егіп, мыңғырған мал өсірген. 1979 жылы осы Ақбұлақ ауылын құрушылардың бірі, қазір жетпістің қиясына шыққан Қадырбек ақсақалдың айтуынша, ауылда төрт егістік бригадасы, алты мал шаруашылығына негізделген қыстау кешені болған. Негізі, жоспарлы экономиканы нарық ауыстырғанда мемлекеттік дотацияға еті үйреніп кеткен көптеген ауылдың іргесі сөгілгені анық. Ақбұлақтың шаруашылығынан да береке кетіп, көпшілік тұрғындар «күнкөрісімді табармын-ау» деген үмітпен жан-жақтарға үдере көшкен. Жергілікті халықтың айтуынша, ауыл халқының күрт азаюына екі жағдай қатты әсер еткен. Біріншісі, бұрынғы Торғай облысының жабылып, Қостанай облысына қосылуы болса, екіншісі, – қазіргі көптеген ауылдардағы сияқты жұмыссыздық мәселесі болып отыр. Еліміз нарықтық экономикаға өткелі, «сананы тұрмыс билеген» қағида Ақбұлақты да айналып өтпеген. Ауылдан қалаларға қоныс аударушылардың басым көпшiлiгi Астана, Алматы, Қостанай, Ақтөбе сияқты қалаларға көшуде екен. Ал Ақбұлақтың қазіргі әлеуметтік бейнесі, анау айтарлықтай, жақсы емес. Ауыл халқының көбі – жұмыссыз. Ауыл әкімдігі мен бірді-екілі жеке шаруа қожалықтары болмаса, егін егумен айналысатын ел жоқтың қасы. Халықтың дені қазір мал өсірумен айналысады. Әркім шама-шарқынша ірілі-ұсақты мал ұстап, соны күнкөріске талғажау етіп отырған жайы бар. Ақбұлақта өзге де қазақ ауылдары сияқты өндіріс орнынан ада, өндіріс болмаған соң жұмыс та жоқ екені, бесенеден белгілі. Ақбұлақтағы әлеуметтік жағдай өзге де іргелес Қайыңды, Алуа, Сарыторғай, Қараторғай сияқты ауылдарда да болып отыр. Бұл елді мекендегі жергілікті халық та өз күнін өзі көруде. Бұған дейін жүзеге асқан ауылға қатысты бағдарламалар аталған ауылдарды айналып өткен сыңайлы. Тіпті мемлекетіміз соңғы кездері ұйымдастырған, «Жол картасы» бағдарламасы да бұл ауылдарға жетпеген. Мәселен, екі жыл бұрын «Қазақстан Республикасының аумақтың дамуының 2015 жылға дейiнгi стратегиясын жүзеге асырудың негiзгi бағыттары» деген тақырыпта елордада жиын өткiзiлген болатын. Жиында сол кездегі ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев сөз сөйлеп, «ең бiрiншi кезекте ауылдық аудандардың мұқтаждықтарына назар аудару қажет. Ауылдарда таза су, жөнделген жолдар, аурухана және мектептер болмаса, елiмiздiң бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы айтуға болмайды» деген едi. Қазіргі кезде Ақбұлақ сияқты ауылдар дәл осы таза су, жөнделген жолдар мен ауруханаға зәру. Мәселен, Ақбұлақ пен Арқалық арасындағы 60 шақырым жолдың жартысынан астамы әлі де болса, қарабайыр, шоқалағы көп қара жол болып отыр. Бұл жағдай қыстың көзі қырауда қалаға қатынауды қиындатады. Қара жолды қар басып тастағанда қалаға қатынас үзіледі. Ақбұлақ халқының қазіргі кезде сұрайтын басты мәселесі – жол. Әрбір облыс басшылығы өз өңіріндегі жағдайы мүшкіл ауылдарды көркейтуге міндетті. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылында небір қиыншылықтарды өткерген ақбұлақтықтар істің оңалатынына, мемлекеттің ауылды дамытуға байланысты жоспарлаған іс-шараларының орындалатынына сеніммен қарайды. Біз бір ғана ауылды аралап, оның көптен бері қордаланып қалған мәселелерін көрдік. Ақбұлақ сынды «тар жол тайғақ кешуді» бастан кешіріп отырған ауылдар қаншама? Жалпы, ауылды дамыту үшін не істелуі керек? Енді назарды осыған бұрсақ. Егер біз расында бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, неге ауылдарды көтеруге бағдарлы түрде кіріспейміз? Азық-түлікті импорттаушы елден неге экспорттаушы мемлекетке айналмаймыз? Рас, елімізде көптеген индустрияалды-инновациялық бағдарламалар жүзеге асуда. Ол болашақта өз жемісін берері анық. Бірақ шағын өнеркәсіпті ауылдық жерлерде де дамытуымыз қажет-ақ. Көзбен көріп қайтқан Ақбұлақ ауылы, кейбір ақылмандар айтқандай, мүлде болашағы жоқ ауыл емес қой. Ақбұлақтан бетер төмен күйде отырған қанша ауыл бар? Тіпті ауыл­ды «болашағы бар» және «болашағы жоқ» деп бөлудің өзі – үлкен сорақылық. Сол себепті ауыл мәселесіне жан-жақты көзқарас қажет. Ауыл халқы Үкіметтің ауылды дамытуға қатысты мінбердегі сөзін іс жүзінде көргісі келеді. Қазір кезде ауылды көтерудің бірнеше жолы бар. Мәселен, кезінде Қытайда әлеуметтiк-экономикалық реформаларды жүзеге асыру ауылдан басталған. Өйткенi оларға миллиардтан астам халық үшiн азық-түлiк проблемасын шешу ең басты мәселе болатын. Сондықтан олар халықты ауылда ұстау үшiн ауылдарды сервистiк қызмет көрсету мәдениетi жоғары агроиндустриялық орталықтарға айналдыра бастады. Бұл өз кезегінде Қытай халқын толықтай азық-түлiкпен қамтамасыз етуге жол ашты. Бұл бағыттағы жұмыстар бізде де жүзеге асып жатыр. Бірақ біздің бағдарламалар діттеген жерге жетпей, ортан белден ойысып жататыны – шындық. Әлде шағын елдi мекендердiң «болашағы жоқ» деген себеппен, ауылдарды қолдан жою үрдісі басталып кеткен бе?! Ықылым заманнан қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл ұлтымыздың тілінің, салт-дәстүрінің, ділінің көрігі іспеттес еді. Біздіңше, қазiргi кезде ауылдарға қалаға тән тiршiлiк пен тұрмысты қалыптастырмай, халықты ауылдық жерлерде ұстап тұру қиындау. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бере келе, халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Осы орайда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша «елімізде 1,5 млн қазақстандық жұмыспен қамтылып, кедейлік көрсеткіші 6 пайызға дейін азайтылады» деп күтілуде. Бағдарламаның басты бағыты – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу болып табылады. Жалпы, өз бетінше жұмыспен айналысатындардың, жұмыссыздар мен табысы төмен отбасылардың көпшілігі ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, оның үстіне елді мекендерде жалдамалы жұмыс орындарын құру оңайға түспейтінін есепке алсақ, ауыл кәсіпкерлігін дамытудың маңызы зор болмақ. Ауыл халқы аталған бағдарламаға үлкен сеніммен қарап отырған түрі бар. Ендеше, ауылды дамыту үрдісі осы жобадан бас­тап жаңа қарқынмен қолға алынса, онда елімізде ауылды көтеруге негізделген тиісті мемлекеттік саяси тұжырым мен жаңаша көзқарас басталды деуге болады. Себебі ауыл тек шаруашылық көзі ғана емес, ол – ең әуелі елдің демографиялық көзі, мемлекеттің іргесі және тірегі болып табылады. Сұлтан Тайғарин, «Ана тілінің» арнаулы тілшісі. Қостанай облысы, Ақбұлақ ауылы

3372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5863

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5515

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3252

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2636

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2597

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2575

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2309

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2292

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы