• Ақпарат
  • 08 Ақпан, 2024

Құмар ойыны – қауіпті дерт

Ақгүл Айдарбекқызы,

«Ana tili»

Құмар ойыны  Қазақстан азаматтары арасындағы эпидемияға айналғалы қашан?! Әп сәтте «байып кетемін» деген соқыр үмітке сенген бойкүйез жастарды тірідей жұтатын бұл дерт қатерлі ісіктен де қауіпті. Себебі лудомания дертінен еліміздегі әр бесінші адам суицидке барады. Сырттай елеусіз болып көрінгенімен бір жылда Қазақстан азаматтарының 36 миллиард теңгені құмар ойынға бәске тіге салғанын ескерсек, еліміздегі ең көкейкесті мәселе деп баға беруге болатын шығар, сірә?

 

Осы орайда Спорт және туризм министрі Ермек Боранбайұлы: Қазақстанда әр бесінші азамат құмар ойынның құрығына іліккен. Соңғы жасалған 157 000 қылмыстың 20 пайызы – құмар ойыннан. Тіпті лудомания әскер мен күштік құрылымға  дейін кіріп кеткен десе, Әлихан Смайылов Мәжілісте өткен брифингте: «Ажырасулардың 40 пайызы осы себептен болатынын көріп отырмыз. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдік пен нашақорлықтан кейін екінші орынға шығып отыр. Бұл үлкен проблемаға айналды» деп мәлімдеді.
Ал статистиканы сөйлетсек, еліміздегі 35 000 адам құмар ойынның құрбаны. Ең өкініштісі, 70 мың оқушы лудоманияға дәніккен. Олардың әрқайсысының орташа қарызы шамамен 10 миллион теңгеден асады. Осы орайда бесіктен белі шықпаған, оқудан өзге мойнында жауапкершілігі жоқ оқушының мұндай күйге түскені қалай деген сауал сананы билейді. Түптің түбінде біз қай жерден қателестік?
Қоғам белсендісі Айдын Егеубаев­тың сөзіне ден қойсақ адамдар мән бермегенімен, құмар ойын фишка ойы­нынан бастау алады. «Фишка – ұрпақ қасіреті, құмар ойынға ұласуы мүмкін. Фишка ойынын бүгіннен тоқтатпасақ, келешекте ұрпағымыз биткоин, казино ойнап кетпесіне кім кепіл бола алады?» деп дабыл қақты. 
Ал психолог, ерекше балалар педагогы Айгүл Нұрхожаева «Құмар ойыны балаларға ген арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, оқушы құмар ойынды ойнай бастағанда ақша табамын деген тәуелділіктен бұрын жалғыздық, махаббаттың жетіспеушілігі, апатия сезімдері бойын билегеннен қадам басуы ықтимал. Үшіншіден, көздің жауын алар қызылды-жасылды жарнаманың көптігі және ата-ана тарапынан ұялы телефонды қолдануға шектеудің жоқтығынан болады. Одан бөлек, ұрыс-керіс көп орын алатын отбасылардың балалары да құмар ойынға тәуелді болып келеді. Өйткені балалар ересектер секілді өмірінен мән іздейді. Әрдайым жалғыз­дықта, отбасыдағы жанжалдардың ортасында жүрген баланың өмірінде мән қайдан болсын? Сондықтан ата-аналарға айтарым, қазір статистика бойынша балалар 14 жасынан бастап лудоманияға дәнігеді. Жасөспірім баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, баланы төменшіктетпей, бар мейірім-махаббатты берсек, бала өздігінен құмар ойынға құнықпайды. Және баланың араласатын ортасын да елеп-екшеп, сүзгіден өткізіп отырған дұрыс» дейді. 
Ұрпағымыздың қаліне қам жегеніміз жақсы. Бірақ ата-анадан бұрын, құмар ойынның тежеушісі мемлекет екені айдан анық. Бақсақ, көршілеріміз Қырғыз­стан мен Өзбекстан құмар ойындарға тыйым салған. Қытайда онлайн-казино ойыншылары әшкереленсе, онда олар бас бостандықтарынан айырылады. Тіпті демократиясы дамыған Кореяда да бұған қатаң заң бар. Ендеше, елімізде құмар ойынға қарсы қандай заң бар деген сауалға жауап іздейік. Бізде өткен жылы талай мәрте депутаттық сауал жолданды, заң жобалары әзірленді, ұсыныстар жасалды. Бірақ жеміссіз. Бұған әрине, кесе-көлденең тұрған қара халықтың қайғысын қаржыға айналдыру­шы кәсіпкерлер. 
Десе де, мемлекет қал-қадерінше лудоманияға қарсы күресті адымдап жүргізіп келеді. Мәселен, құмар ойынға тәуелді жандарға мемлекет тарапынан ем тегін;
Борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банктік несиелер бойын­ша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу қарастырылған;
Биыл елімізде 326 лото клуб жабылды;
Мемлекеттік органдарда құмар ойын­шылардың тізімі жинақталуда.
Десе де ата-ана, мемлекет те құмар ойынға қарсы тұрғанымен, адамның өзінде ерік-жігер болмаса, бәрі бекер.  Бұл туралы лудоманияға шалдыққан Ілияс Ілиясов есімді азамат: «Тірі өлік сияқты едім. Қарызға батқаным соншалық, туыстарымнан, жақындарымнан «жұмысқа қажет» деп жалған сөйлеп ақша алатын болдым. Бірақ өзімнен қатты жиіркендім. Кейіннен қарызды 1 рет, 2 рет алған соң етім үйреніп кетті. Өзімнің телефоным аздай, досымның телефонына дейін сатып жібердім. Досыма «жоғалтып алдым» деп жалған сөйледім. Ол, ол ма? Әкемнің көлігін де тігіп, қапияда жеңілдім. Ақырында ұялғаннан үйден кеттім. Қаңғып далада жүргенде мәпелейтін адамың жоқ, жылы төсек, ішер асың жоқ болғаны жанға қатты батады екен. Тіпті құмар ойыншы екенімді естіген ең жақын 10 адамымның өзі тентіреп жүргенде үйіне кіргізуден бас тартты. Менің осы кезде ғана есім кіре бастады. Кейбіреулер тіпті құмар ойынның жолында жан қиюға дейін барады. Жаңалықтардан 20 мың теңге үшін отбасын, балаларын тұтастай өртеп жіберген азаматты да естіп жатыр­мыз. Бұл – қоғам қасіреті» деді өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қалай десек те, тұқымыңды тұздай тоздырар құмар ойынның буына тосқауыл қою адамның өз ерік-жігеріне байланысты. 

 

Лудомания

Болсаң да ойлы, арыңа мықты,
Отырдың тағы «тағыңа»  құтты.
Құмар ойыны қоғамға кірді…
Кірді де…
Пілді де бүкті, Нарды да жықты…

Түзу жол жүру – жаныңа місе еді…
Сол кезде бақыт бағыңа піседі.
Елдегі әрбір бесінші адам,
Лудоманияның лаңына түседі.

Нәсіптен айырылдың, мақта мұң қолда,
Мінекей, атты ақ таңың зорға
Көз жасын көлдетіп анаң жүр әне,
Құмар ойыннан тапқаның сол ма? 
Ойын ойнасаң, туғаның бөтен
Туысың жат боп қалады ертең.
Әйелден, үйден, баладан айырылдың,
Енді қалғаны қу жаның ба екен?

Жақыныңа да малай, өгейсің,
Жолыңды осылай талай бөгейсің.
Шотыңда он бес миллион қарыз бар,
Қасиетсізім, қалай төлейсің? 

Ертең-ақ келер ұрлықтан хабар,
Саған арналған жырды ұқ та доғар!
Бүгін мәзсің бе, байып қалдың ба? 
Ал ертең сені құлдыққа салар… 

3365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13075

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7413

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7044

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6418

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6363

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6154

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4938

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4921

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы