• Ақпарат
  • 28 Шілде, 2011

Тәубе мен кешiрiмнiң айы

«Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, әне-міне дегенше, Алла Тағаланың ерекше ықыласы түскен, жыл он екi айдың ең қадiрлiсi басталмақшы. Шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп осынау Рамазан айы – исi мұсылман бір жасап қалатын да кез. Яки бұл ай – ораза ұстаушының күнәлары кешiрiлетін, Құранның, құлшылық пен тәубе, кешiрiмнiң айы. Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың бірі. Оған Құран мен сүннет дәлел. Сол себепті де Алла Тағаланың разылығы үшiн ораза ұстау аса абыройлы болса керек. Бұл орайда, айта кету керек, Құдайға шүкір, ораза ұстаушылар саны да жылдан-жылға артып келеді. Қазақ баласының кәрісі де, жасы да ең бір нұрлы Құдай үлесінен құр қалғысы жоқ. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны секілді, көңілге қонбайтыны – кейбір қандастарымыздың оған шын ниетпен, оразаның «мәні» үшін емес, «сәні» үшін кірісетіндігі болып тұр. Көпке топырақ шашпақ емеспіз, дегенмен қайсыбір кісілердің оразаны семіздіктен арылып, азып алу үшін немесе жұртқа еріп, атағына бола ұстанатыны қынжылтады. Әрине, ешкімнің ниетіне кепіл бола алмаймыз, бәрін бір Алла біледі. Қалай десе де, жоғынан бары жақсы-ақ. Алайда біреу «қыз алып қашады, енді біреу босқа қашадының» кебін кию жаман тәрізді. Сенімін әу баста дұрыс бағдарлаған өзіндей біреу тап өзіндей қиналып, Алланың назарына ілігіп, қисапсыз сауабын алып жатса, ниетті әуелден неге туырламасқа? Алдымен Алланың ризашылығы, сосын ғана барып басқасы емес пе? Ниеттік мақсатың дұрыс болмаса, онда ол ұстанғаныңның өзіңді-өзің текке азаптап, аштыққа салғаннан несі артық?! Рамазан оразасын шын ынта-ниетiмен ұстаушылар оның шарапатын қиямет күнiнде көрмекші. Ал дүниелік игіліктер – сол саф ниеттің қоса-қабатында өз-өзінен оңғарылып жататын үдерістер. Оразаның сөздік мағынасы деп түсіндіреді дін ғылымы – бір нәрседен алыстау. Ал шариғат терминінде ораза – ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін ораза­ны бұзатын нәрселерден сақтануы көрінеді. Былайша айтқанда, ораза белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану екен. Рас, оразаның материалдық һәм медициналық жақтары да бар. Бірақ бірінші кезекте рухани басымдығы екенін естен шығармаған ләзім. Айталық, ең әуелі, ораза аштығын басынан өткiзген адам кедейлер мен кембағал жандарға жақсылық iстеу керектiгiн сезінетіндей күйге түсуі керек. Одан қалса, оразаның маңызы сол, «оны ұстаған адамда Алладан қорқу пайда болмақ» деседі ғұламалар да айдың беделін аша түсіп. Олардың айтуынша, Алланы бар жан-тәніңмен сезiп тұру, тақуа сезiмi пайда болады. Ораза нәпсiнi тiзгiндеп, жүректi тазартады. Сөйтіп, жүректе Алла Тағалаға деген сүйiспеншiлiктен басқаға орын қалмауы тиіс. Ораза ұстауға қатысты Құран Кәрiмде: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айы­рушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретiнде Құран түсiрiле бастаған ай. Сендерден кiм Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Кiмде-кiм науқас болып, әйтпесе, жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесiн. Алла сендерге жеңiлдiк болуын қалайды, ауырлық түсiргiсi келмейдi» делінген (Бақара сүресi, 2/185). Құранның алғашқы аяттары да Алла тарапынан Рамазан айында түсiрiле бастаған. Ендеше, бұл айдағы таңның атуынан күннің батуына дейінгі уақыт – пенде атаулының рухани бір серпіліп қалатын ең бір жемісті шағы. Қасиеттi Рамазан айы мүбарак болсын, ағайын! Абылай МАМЫРАЙХАН

2591 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6363

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5794

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3535

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2917

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2878

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2587

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2572

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы