• Ақпарат
  • 20 Желтоқсан, 2011

Ежелден еркіндікті серік еттік...

Тәуелсіздік! Қандай асыл сөз! Қандай қастерлі ұғым! Тәуелділіктен, біреуге күнің қарап қалғандықтан сақтасын! Өзгеге тәуелді болудың өлшеусіз қасірет пен қайғы әкелетінін өткен өмірімізден көрдік. «Одағым – ордам» деп бөркімізді аспанға атып, шаттанып, шалқығанымызбен мұнымыз жай, өзді-өзімізді алдарқату, көзбояу тірлік екен. Тордың ішіндегі бейшара құстың кейпінде болғанымызды кейін – Тәуелсіздіктің көкірегімізге нұр құйған арайлы таңдарын бастан өткеріп жатқан сәулелі сәттері сезіндік. Ақиқатын айтар болсақ, Тәуелсіздік ұғымы қазақ үшін таңсық емес. Қазақ шыр етіп, жарық дүниеге келгеннен Еркіндікпен бірге жұп жазбай, қатар өмір сүріп келеді. Қазақ – ұшы-қиыры жоқтай кеңінен созылып жатқан байтақ даланың перзенті. Қазақтың көзін тырнап ашып, көріп келе жатқаны – көкте еркін қалықтаған құс, желмен жарыса жүйткіген сәйгүліктер. Солар арқылы қазақтың бойына, арман-қиялына Бостандық пен Азаттықтың сәуле-нұры дарыған. Қазақ­ты тар қапаста, бұғау-шеңбер­де ұстау қиын. Ол Жаратушы жер мен көкті, күн мен айды тек өзіне ғана жаратқандай, тек өзіне ғана тарту еткендей Ұлы даланы қалауынша, емін-еркін мекен еткен. Өн бойынан қайтпас қайсарлық пен өжеттік байқалатын Көк бөрінің тұқымына осылай ғұмыр кешу маңдайына жазылғандай. Қазақ қазақ болғалы талай рет су ақты, талай рет су тартылды. Ұлан-ғайыр далада пенде атаулыға бас ұрмай, кеудесін әрдайым көтеріңкі ұстаған Көк түріктің ұрпақтарын талайлар тәубесіне келтіруді, тіпті тұқымын қалдырмай құртып жіберуді көксеген. Міне, содан да о баста еркін, о баста азат қазақтың Еркіндік пен Азаттық үшін сан мәрте арыстанша алысып, жолбарысша жұлқыласуына тура келді. «Абылайлап» атқа қонғанда да, «Оян, қазақ!» – деп бір-бірін намысқа шақырғанда да түпкі мақсат, басты арман – Азат ел болу, Еркіндіктің тізгінінен айырылып қалмау болатын. Аңсаған, арман еткен асыл да аяулы Тәуелсіздігімізге де жеттік-ау! Бұдан 20 жыл бұрын. Талай ғасырды, талай жылдарды артқа тастап жеттік. Азаттық жолында қан да төктік, жан да бердік. Күрестік. Арпалыстық. Бірақ дегенімізге, діттегенімізге жеттік. Құдай өзі қолдады. Алдымыздан ақ таң атты. Ол – Азаттық таңы, Тәуелсіздік шапағаты. Тәуелсіздікке – 20 жыл! Бір қарағанда аса көп те емес. Адам ғұмырына шақсаң – жігіттік шақ. Азаматтық кезең, толып-толысар шақ әлі алда. Көңілге қуаныш ұялататыны – осы жылдардың тарих сахнасынан елеусіз өте шықпағандығы. Ең үлкен нәтиже – Қазақстанның әлемге танылғандығы. Қазақ елі егемен, тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде төрткүл дүниеге өзін мойындатты. Қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін пікірлер әралуандығы, көзқарастар қайшылығы болатыны – үйреншікті жайт. Адамдардың ой-түсініктері әрдайым бір жерде түйісе бермейді. Бірақ солай болғанымен Тәуелсіздікті тұрлаулы етуде, туған Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншілігімізде бөле-жарушылық, әрі тарт та, бері тарт әрекет болмауы тиіс. Сана-сезімі тұнық, жүрегі таза адам үшін туған жерден артық топырақ, туған елден ыстық не болатын еді... ...Қазақ елінің туында шұғылалы күн астында қанатын сермей, қалықтап бара жатқан қыран бейнеленген. Қыран – еркіндіктің бел­гісі. Ал еркіндік, қазақтың ежелден аңсар-арманы. Сол Еркіндік, сол Тәуел­сіздік осыдан жиырма жыл бұрын бақ құсы болып басымызға қонды. Бағымнан айыра көрме, Тәңірім! Нұрперзент Домбай

2520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6146

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5679

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3420

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2801

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2765

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2742

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2473

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2458

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы