• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2011

АТАЖҰРТТЫ АҢСАП ОРАЛҒАНДАР

Тарихи Отандарында шат-шадыман тұрмыс кешіп жатыр«Тарихи Отанымызға оралып, өз еліміз үшін еңбек етсек» деген арман әрқайсысымыздың көкейімізде болғанымен, «көзіміздің тірісінде бұл бақытқа қол жеткізеді екенбіз» деп ойлаған емеспіз. Ол бір орындалмас тілектей боп көрінетін. Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жеріне келіп, қандастарымызбен қауышып, өз елімізде, өз жерімізде, Тәуелсіздік туының астында бейбіт те берекелі тірлік кешу, маңдайымызға жазылған екен». Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алғанын өзбек елінде жүріп естіген Шахарман Ерсейітованың сөзі. «1991 жылы теледидардан қазақ елі егемендігін жариялағанын естіп, Ташкентте отырып ағыл-тегіл жылағанмын», – дейді ол. Тек Шахарман ғана емес, ол күні тағдыр жазуымен атамекенінен алыстап, жат жердің дәм-тұзы бұйырған барша қандастарымыз қуаныштан бөріктерін аспанға атқан. Міне, бүгінде олар шекара асып келіп, қазақ елінің түкпір-түкпіріне қоныстанып жатыр. Атырау аймағына да алыстан ат арылтып оралған ағайындарымыздың бір бөлігі облыс орталығына іргелес «Тасқала-2» ауылына орналасқан. Бұл орайда біз «Оралман-Жайық» бірлестігі Әйелдер ісі жөніндегі комитеттің төрайымы Шахарман Ерсейітовамен бірге осы ауылға барып, қандастарымыздың мәдени өмірімен танысып қайттық. ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІ ӘНДЕТІП ҚАРСЫ АЛДЫ Күздің ызғарлы күнінде «Атамекен» әжелер ансамблінің мүшелері бізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Қансұлу Аққұлова, Сырға Құбайдоллаева, Айым Пулатова, Гүлстан Нұрмұханова, Мәрияш Жиенбаева сынды әжелер – бірінен бірі өткен өнерлі. Халық әндерін шырқай жөнелгенде осындай бай тарихы мен мәдени мұрасы, ән-күйі бар елде туғаның үшін өзіңді бақытты сезінесің. «Бүгінгі әжелер ақ кимешек киіп, немере-шөбересін жанына алып, ән айтып, ертегі оқып отырмайды. Оған уақыт жоқ. Тіпті Түркияның костюмін сәнге балап, кең етек көйлекті менсінбейтін әжелер көп. Біз – даладай дарқан көңіл халықтың ұрпағымыз. «Әже», «ата» деген сөздердің өзі мейірім, кеңдік, жомарттықтың үлгісіндей естіледі емес пе?» – дейді Шахарман Әбілқасымқызы әжелердің шарықтата салған әнін тыңдай отырып. Шыны сол, қаймағы бұзылмаған қазақы қалып, ақ кимешек пен зерлі камзол көненің көзіндей көзге ыстық көрінеді. «Сусамыр елдің жайлауы, өмірдің бар ма байлауы?». Бір мезгіл өткен күндері, жаттың жанарына телмірумен өткізген уақыттары естеріне оралды ма, әнші әжелердің дауыстары да мұңды естілді. Енді бірде – «осы отырған отырыс, бір ғанибет емес пе» деп ата қоныстарымен қауышқан бүгіндеріне шүкірлік айтады. Ал: «Астанам менің, Астанам!» – деп шырқатқандарында жүздерінде шаттықтың нұры ойнайды. «Біздің ешқайсысымыз да кәсіби әнші емеспіз және музыкалық жағынан бағыт беретін маманға да әлі жолыққан жоқпыз. Атырауға қоныс аударып, бір ауылда тұрғасын, бәріміз ағайын-туыстай болып кеттік, той-қуанышта жиналып, осылай әндетеміз. Кейде қалада өтетін мәдени шараларға қатысамыз. Жақында болған «Ауылым – алтын бесігім» фестивалінде өнер көрсеттік. Әрине, үлкен сахнаға шығу үшін әлі де көп дайындық керек», – дейді Айым әже. Ал осы әжелердің басын қосып, «оралмандар ауылы» аталатын елді мекеннің үлкені мен кішісін мәдени шараларға тартып жүрген Шахарман Әбілқасымқызы: «Менің әжелерім ұйымшыл, қолдарынан келмейтін ісі жоқ. Осы орайда біздің облыс көлемінде өтетін шараларға қатысуымызға үнемі қолдау көрсетіп отыратын Алғабас селолық округінің әкімі Ғалымжан Әбішов пен Кеңөзек селолық клубының меңгерушісі Бегімсалиев Нұржанға айтар алғысымыз шексіз», – деді ризашылығын жасыра алмай. «Атамекен» әжелер ансамблінен басқа да бұл ауылда өнерлі жандар аз емес. Мысалы, қазір Алматыдағы Құр­ман­ғазы атындағы ұлттық консерваторияда оқып жатқан Жанқожа Аяпов – осы жердің түлегі. Халықаралық, рес­публикалық өнер байқауларында оза шауып, алысқа ән оздырып жүрген Жанқожаның бүгінде белгілі әнші Сәуле Жанпейісовадан дәріс алып жатқанын ауылдастары мақтан етеді. Сондай-ақ елге танымал жырау Тұрлан Бисенғалиев те мәдени шаралардың белор­тасында жүреді. ҰЛТТЫҚ МҰРАМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАУДАН ҰТЫЛМАЙМЫЗ Қияннан оралған қандаста­рымыздың жергілікті халықтан бір айырмашылығы – олар қазақтың салт-дәстүрі мен өнерін, қолөнерін сақтап қалғандығы. Мысалы, біз кей­бір салт-жоралғыларды тойларда ғана қолданатын болсақ, олар күнделікті өмірлерінде іске асырып отырады. Сондықтан да біз біршама қаражатқа дүкендерден сатып алатын арабтың, түріктің кілемдерін, өзбектің жылтыр маталарымен қапталған көрпелерін алып әуреге түспейді, бәрін де өз қолдарымен жасайды. «Қанша жерден дәулеті асқан бай болсын, бізде жасауында қолдан басылған киіз бен құрақ көрпе болмаған қалыңдықтың дүниесі дүние болып саналмайды», – дейді Шахарман апай. Ал мұндағы әжелер ғана емес, қыздар мен келіндердің бәрі де он саусағынан өнері тамған шеберлер. Кесте тігу, жүн түту, ұршық иіру, киіз басып, кілем тоқу дейсіз бе – әндетіп отырып-ақ бәрін істеп тастайды. «Кәсіби білімі болмаса да, табиға­ты­нан­ дарынды, керемет суретші қызы­мыз бар, оның аты – Ғазиза Әкімниязо­ва», – дейді Шахарман Әбілқасым­қы­зы. Бүгінде Атыраудан шағын шеберха­на ашып, қолөнермен айналысып отыр­ған Ғазиза облыстық өнер мұра­жайын­да жеке көрмесін де өткізген. «Орал­ман-Жайық» бірлестігінің Әйелдер ісі жөніндегі комитетін басқаратын Шахарман апай ұмытылып бара жатқан ұлттық мұраларымызды ұлықтаудың ешқашан да артық болмайтынын айтады: «Қазіргі қыздардың көпшілігі қолөнерді, тіпті қарапайым іс тігуді біле бермейді. Мына әжелереміз, апаларамыз барда үйреніп қалуымыз керек. «Қаладағы колледждерде қолөнер сыныбы ашылса, не болмаса, осы Ғазиза секілді шеберлерді сабақ оқытуға шақырса, жастар көп нәрсені меңгерер еді» деп ойлаймын. Малды өңірміз, шүкір, жүн, тері жетеді. Бірақ қолда барды ұқсата алмай отырмыз. Неге, мысалы, түріктердің біздің қойымыздың терісін алып, одан жылы тон жасап, біздің нарыққа алып келуін күтіп отыруымыз керек?». Өзгенің тігіп берген көйлегіне телмірмей, отандық өнім шығарып, әр жерде тау боп үйіліп жатқан жүн-терілерді пайдаға асырсақ, шыны­мен де, жа­ман болмас еді. Осы орай­да «Оралман-Жайық» бірлестігі­нің мүшесі, белгілі кәсіпкер әрі қолөнер­ші Айана Мырзақұловаға жүн иіру це­хын ашуға ұсыныс жасапты. Мысалы, жоғарыда атап отырған Түркия елінде студент жастар бос уақытында кілем тоқу фабрикаларына барып, сағатына жалданып, жұмыс істейді екен. Бұл екі жаққа да тиімді, жастар ұлттық қолөнерді меңгеретін болады және онысына ақы алады. Ал біздің студенттеріміз ше? Оларға ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, сол арқылы қосымша қаражат табуға мүмкіндік беріп отыр­мыз ба? Ауылдағы әке-шешенің тапқанына ортақ бола бермеуді қалаған студенттеріміз мейрамханалар мен қонақүйлерді аралап, арақ-шарап тасып жүр. Міне, бұл да – ойланатын мәселе. Ал осындай істі қолға алып, жұмыс орынын ашуды мақсат қылып отырған ағайындарымызға тек қана қолдау көрсете білуіміз керек. Шахарман ханым, сондай-ақ пайда­ла­нылған мақтаны қайта өңдеуден өткізетін цех ашуды да ойлайтындарын айтады. «Ол үшін қажетті станок Өзбекстанда бар екен, егер соны біздің елге әкеліп, жұмыс істесе, мақтадан жаңа өнім жасауға мүмкіндік туар еді», – дейді. Бұл ауылда кезінде өзбек елін өнерімен тәнті еткен белгілі қолөнерші, кілем тоқудың шебері Рабиға Ташенова да тұрады екен. Бірақ ол кісі іссапарда жүргендіктен біз онымен жолыға алмадық. Рабиғаның кілемдері тек өзбек пен қазақтардың ғана емес, шетелдіктердің де үлкен сұранысына ие. Қазірдің өзінде оның тоқыған кілемдерін Атырауға келіп алушылардың легі көп. ПАЙДАСЫ КӨП ЖҮГЕРІНІ ПАЙДАЛАНБАЙ ЖҮРМІЗ «Тасқала-2» деп аталатын ауылға, не­гізінен, қияннан оралған қандаста­рымыз қоныс тепкен. Солардың бірі – Камаловтар отбасы. Өзбек елінен көшіп келген Гүлстан Нұрмұханова ұлдары – Омар, Асқар, Ерболдармен бірге жеке шаруа қожалығын ашқан. Сөйтіп, былайғы ел «сортаңды», «шөп өспейді» деп айтатын Атыраудың аймағын гүлдендіріп әрі жергілікті халықты қысы-жазы көкөніспен қамтамасыз етуді қолға алыпты. «Өзбекстанда «Арай» деген жеке қожалығымыз болып еді. Көзімізді ашқаннан несібемізді жерден теріп келе жатырмыз. Атырауға 2005 жылы келдік. «Мұнда да қарап отырмайық» деп, жер алып, егін шаруашылығын бастап кеттік. Қазір қысы-жазы алған өнімімізді «Көктем» базарына апарып сатамыз. Шаруамыз кереметтей дөңгеленіп кетті дей алмаймын, бірақ бәрі де уақытпен келетін дүние ғой, шүкірлік айтамын. Ұлдарым мен келіндерім, немерелерім бірліктерінен ажырамай, ұйымшылдықпен осы істі қолға алып жатыр. «Биыл мемлекеттен субсидия алсақ» деген ойымыз бар. Несиеге қол жеткізсек, жерді кеңейтіп, комбайн сатып алғымыз келеді», – дейді Гүлстан әже. Жеміс - жидек пен көкөністің неше түрі өсетін шаруашылықтан біздің назарымыз ерекше бір өсімдікке түсті. «Бұл не керемет» деген сауалымызға Гүлстан әже мен келіні «жүгері» деп қатарласа жауап берді. «Жүгері ұны», «жүгері наны» дегенді естуіміз бар болғанымен, оның тап осындай 2 метр биіктікте ағаш тәрізді боп өсетінін білмейді екенбіз. «Жүгерінің қай қасиетін айтып тауысайын, – деп қызықтырып қойды бізді әже, – кішкене ғана дәннен, міне, осындай үлкен ағаш өсіп шығады. Мұның жапырағы малға керемет азық, ал «жүгерібас» деп аталатын өнімді ағашынан ажыратып алып, келіге түйеміз, кейін диірменнен өткізіп, ұн қыламыз. Ертеде ата-бабаларымыз жүгері ұнынан наурызкөже дайында­ған. Ал біз көжемен қоса «зағара нан», «быламық», «бөртпе палау», «үзбе», «жүгері күртік» деп аталатын еттің нанын дайындаймыз. Жүгеріде адам ағзасы үшін қажет­ті дәрумендер мен минералдар көп, сондық­тан да ол күш-қуат береді және қой-ешкі жөтеліп, құрт ауруына шалдыққанда күнде ертемен ашқарын­ға бір уыс жүгері дәнін берсе, дым болмағандай жазылып кетеді екен. Диірменге тартылған жүгері ұнына пісіріліп жатқан еттің ыстық сорпасын құйып, қамыр дайындап, содан бес саусақпен кішкене ғана бөлшегін алып, шеңбер тәріздес нан жасаған әжелер бізге өздері «жүгері күртік» деп атайтын тағамды дайындап көрсетті. Кәдімгі қазақша асылған ет, тек наны басқаша әзірленеді екен. «Бешбармақ» деген сөз негізі осыдан шыққан. Ертеде апаларымыз жүгері қамырынан бес саусағымен үзіп алғандарын етке салып, асып берген», – дейді көненің көзіндей Мәрияш әже. Ал Камаловтар отбасы өзбек елінің Беруни ауданынан арнайы әкеліп, Атырау топырағына егіп жатқан жүгерілерінің бітік шығарына және елдің сұранысына ие боларына сенеді. «Ауылым», «атамекенім» деп алып-ұшып келгенімізде алғаш бұл жерде біраз қиындықты бастан кешкенімізді жасыра алмаймын, – дейді Шахарман Әбілқасымқызы, – бірақ «көш жүре түзеледі» деген рас екен. Міне, көз алдымызда тәуелсіз еліміз гүлденіп, аяғынан нық тұрып келеді. Ата-анамыз армандап өткен осы күнге жеткенімізге тәубе дейміз. Ендігі бар міндетіміз – егемен еліміз үшін еңбек ету». Бақытгүл БАБАШ Атырау облысы

3795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6285

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5749

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3489

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2871

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2833

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2812

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2542

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2527

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы