• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2011

Ораз би

d0b1d0b8-5 Қазақ халқының азаттық жолындағы күресінде Алаш қозғалысы мен Алаш партиясының және Алаш­орда өкіметінің алатын орны ерекше. Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдай уақыт ішінде алаштану мәселесі бойынша еліміздің тарихшылары өте қомақты табыстарға қол жеткізді. Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда өкіметі, Алаш жетекшілерінің өмірі мен қызметіне арналған ғылыми жұмыстар жазылды, диссертациялар қорғалды, монографиялар жарық көрді. Ал жазылған ғылыми мақалалар мен ғылыми-көпшілік жұмыстарға сан жетпейді деуге болады. Елімізге белгілі тарихшылар К.Нұрпейісовтің, М.Қойгелдиевтің осы тақырыптарға арнап жазылған кең танымал зерттеу жұмыстары әзірге алаштанудың ең биік шыңы болып саналады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде бұл тақырып ең бір жақсы зерттелген мәселелер қатарына жатады. Алаш қайраткерлерінің өнегелі өмірі мен елі үшін жасаған қызметтері әрбір қазақ азаматы үшін тәрбие көзі болса, олардың арттарында қалдырған мол мұралары халқымыздың рухани байлығына айналып отыр. Тарихи біліміміздің шеңбері кеңейген сайын зерттелер тақырыптардың қатары молая түсері анық. Бір данышпанның «Білгенімнен білмейтінім көп» немесе «Неғұрлым көп білген сайын білмейтінім одан да көбірек бола түседі» деген керемет айтылған сөздерінің біздің тарихымызға, оның ішінде алаштану тақырыбына тікелей қатысы бар екендігі көрініп тұрады. Біздің білгеніміз – Алаш жетекшілері­нің өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармашылығы, мұралары болса, білмейтініміз – Алаш жетекшілерінің жергілікті жерлердегі сенімді адамдары, халқына сыйлы, беделді болған, сөзімен де, ісімен де үлгі бола білген тұлғалардың өмірі. Егер де Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты және т.б. ірі тұлғаларды ұлттық көлемдегі Алаш қайраткерлері десек, олардың ел ішінде сенім артып, арқа сүйеген адамдарын Алаштың жергілікті жерлер­дегі қайраткерлері деуге болады. Сондай қайраткерлердің біріне Әлихан Бөкейхановтың өзі сыйлап, құрмет тұтқан, ардақтаған Ораз би Тәтеұлы жатады. 1917 жылы 5-13 желтоқсан­да өткен екінші жалпықазақ съезіне арнайы шақырылғандардың тізіміне еніп, съезге бара жатқан жолда Ораз би қайтыс болады да, Әлихан Бө­кейхановтың ұсынысымен қа­тысушылар мен делегаттар съездің ашылар алдында оның аруағына арнап, Құран бағыштайды. Содан кейін ғана съезд өз жұмысына кірісіп, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылауға көшеді. (Алаш-Орда. Сборник документов. /Сост. Н.Мартыненко. Алма-Ата., 1992. С.64; С.Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу». Тарихи-мемуарлық роман. Төртінші басылымы. Алматы, «Жазушы», 1977., 72 б.) Алашорда үкіметін құрған осы съездің тарихта алар орны ерекше. Ал осындай тарихи съездің ашылуының қасиетті Құран сүресін оқумен басталуында мән бар сияқты. «Ал рухына Құран бағыштатқан Ораз би Тәтеұлы кім болған», «оның есімі неге бүкіл қазаққа таныс емес» деген сауалдар алдымыздан шыға береді. Осыған байланысты біз төменде қолда жиналған материалдарға сүйене отырып, Ораз Тәтеұлының тарихи тұлғасын ашып көрсетуге тырысалық. Ораз Тәтеұлы – 1854 жылы Арал өңі­рінде дүниеге келіп, 1917 жылы Орынборға бара жатқан жолда дүниеден озған белгілі би, шешен және Торғай облысы, Ырғыз уезіндегі Алаш идеясын жоқтаушылар­дың, қостаушылардың бірі. Уезд, облыс көлеміндегі Алаш қозғалысының белсендісі, Алаш жетекшілері – Әли­ханның, Ахметтің, Міржақыптың және т.б. сенім артып, сыйлаған, құрмет тұтып, ардақтаған, уезд, облыс көлеміндегі алаш қозғалысының қайраткері болған. Ол – ұлттық кө­лемде қайраткер ретінде танылмаса да, Батыс Қазақстан аумағының жұртшылығына әділ, тура айтар би­лігімен, ұтып сөйлер шешендігімен танымал болған адам. Оның замандастары әрі араласқан, сыйласқан адамдары – шектінің биі Мырзағұл Шыманұлы, Жақайым Жетес би, Жағалбай­лы Дербісәлі Беркінбайұлы секілді белгілі тұлғалар болған. Бидің тұлғалық бейнесін ашып көрсету үшін алдымен оның шыққан тегіне, өскен ортасына, тәлім-тәрбиесіне, өмір сүрген заманы мен тұлға боп қалыптасуына әсер еткен факторлар мен ықпал жасаған адамдарға тоқталық. Ораз бидің туып-өскен өңірі – Арал теңізінің батыс жағалауы жа­ғындағы жерлер. 1867-68 жылғы уа­қытына ережеге сәйкес, бұл жерлер Торғай облысы Ырғыз уезі Қабырға болыстығының аумағына енген. Кейіннен Ораз бидің өзі Қабырға болыстығының төрағалығына екі рет сайланады. Оның шыққан тегін шежірелік материалдар былайша көрсетіп береді: Кіші жүздің Алты ата Әлім деп аталатын тайпалық бірлестігіндегі алты тайпаның бірі – Қаракесек. Одан Есіл және Тобыл атты екі қанат немесе тайпалық бөлім таралады да, Есілден – Үңгіт, Жолай атты екі тайпалық бөлімше өсіп шыға­ды. Үңгіт – Табаншы, Естек, Жақау бо­лып үшке бөлінеді. Шежірешілер Жа­қауды «батыр, атақты Қарақып­шақ Қобыланды батырдың туған жие­ні» деп айтады. Жақаудың тоғыз ұлы сегіз руға түпата болып келеді. Тоғыз ұлдың соңғы үшеуі – Қасаболат, Малайсары, Шой-Жақаудың Қасай деген қалмақтан тартып алған әйелінен екен. Қаракесек тайпасы ішінде осы үш атаның ұрпақтарын «Қасай қаракесектер» деп атайды. Ораз би – «Қасай қаракесек» ішіндегі Шой руынан шығады. Шойдың бес ұлы­­ның үлкені – Көшекәлі, одан – Қалы­бай, Қалыбайдан Тілеуімбет туады. Тілеуімбеттің лақап есімі – Құрым. Құрымнан 11 ұл таралады. Солардың біреуі – Жәнтік аталығы. Одан бес ұл тарайды, бесеудің біреуінің есімі – Сары. Сарыдан – Тәте, ал Тәтеден Ораз, Оразбай, Жылмағамбет, Рүстем, Берістем, Ысқақ және Сүлеймен атты аталар өрбиді (Қараңыз: Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей) Т.13. 4-кітап. Алматы, 2010. 245-247, 252-255, 290-294 бб.). Міне, осы Тәтенің отбасында 1854 жылы Ораз би дүниеге келеді. Ораз би дүниеге келген XIX ғасырдың ортасы Ресейдің қазақ елін жаулап алуды толығымен аяқтап, отарлаудың қамытын халықтың мойнына мықтап кигізіп, оны заң жүзінде бекітіп жатқан кезі болатын. Бала Ораздың жас кезінде үлкендерден естігені Арал маңы мен Сырдың төменгі ағысы бойындағы жергілікті қазақтардың Хиуа хандығының езгісіне қарсы күресі, орыс отаршылдығына қарсы қозғалысы туралы әңгімелер болды. Осы күрестерде қол бастап, жетекшілік еткен Шекті Жанқожа батырдың, өз руласы Қаракесек Ақтан батырдың және тағы басқа батырлардың өмірі мен ерлік істері оған халқын сүйе білудің, халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі бола білді. Жас кезінен-ақ сөз қадірін түсініп, оның ерекшелігін жақсы ұғынған болашақ би әрі шешен жалпы халықтың ауыз әдебиетінің мол қорынан нәр алып, жергілікті ақын-жыраулардың, билер мен шешендердің ақыл-өсиет сөздерін санасына құйып өседі. Осылайша, жас кезінен-ақ шешендік өнерге қабілеті байқала бастаған Ораздың би, шешен ретінде қалыптасуына қаймағы бұзылмаған дәстүрлі қазақ қоғамындағы сөз қадірін құрмет тұтқан орта әсер етеді. Ал Ораз бидің ес білгеннен бастап көре бастағаны отарлау саясатының озбырлықтары еді. XIX ғасырдың 70-80 жылдары патша өкіметі Қазақстанды отарлаудың жаңа сатысына көше бастаған болатын. Әскери отарлау ол дүниеге келер қарсаңда аяқталып, әкімшілік отарлауға жол ашқан еді. 1867-68 ж.ж. жүргізілген әкімшілік реформалар отарлаудың бұл түрін де сәтті аяқтатады. 1870 жылдардан бастап рухани отарлау саясаты белең ала бастайды. Оның нақты бір көрінісіне қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру саясатының жүргізілуі еді. Соның нәтижесінде қазақ халқы ғасырлар бойы пайдаланып келген небір құнарлы, шұрайлы жерлерінен айырылып, шөлді, құмды жерлерге көшуге мәжбүр болады. Мұндай қайғылы кезеңді кейіннен Ораз би туыстарымен бірге өз басынан да өткереді. Ес жиғанда Ораз бидің көргені осындай елдің ауыр жағдайы болатын. Міне, осы жағдайды көріп өскен Ораз би жер бөлісуде, ел ішіндегі әртүрлі дау-дамайларға әділін айтып, турасын сөйлеп халықтың ба­сындағы ауыр азапты азайтуға тырысады. Орда бұзар шағында-ақ өзі­нің шешендігімен, ұтып сөйлейтін қасиетімен айналасындағы елге танымал болады. Бара-бара Қаракесек тай­пасының Малайсары аталығындағы сөзін тыңдата білетін, айтқанын істете білетін сыйлы адамдардың біріне айналады. Шамамен XIX ғасырдың 80-90-жылдарында қатарынан екі рет Ыр­ғыз уезі Қабырға болыстығының төрағалығына сайлауға түсіп, жеңіп шығады. Осы жылдар Ораздың әрі би, әрі шешен ретіндегі қасиетін ашады. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, Ораз би араласқан шешуі қиын дау-дамай, түйінді мәселелер әділ, тура шешіліп отырған екен. Ел ішінде «Ораз айтыпты» деген небір шешендік сөздер осы кездерде кең тарала бастайды. Оның асыл сөздерімен бірге есімі де бірте-бірте уезді шекарасынан асып, облыс және бүкіл Батыс Қазақстан аумағына тарала бастайды. «Елдің атын ер шығарады» дегендей, сол кезеңде Қаракесек тайпасы туралы әңгіме болса, «Ораздың жұрты, елі» деген тіркестер қатар айтылады екен. Ораз бидің замандастары, әрі сыйласып араласқан, жақсы қарым-қатынаста болған адамдары жақайым Жетес би, шектінің тілеу руының биі Мырзағұл Шыманұлы, жағалбайлының биі Дербісәлі Бер­кінбайұлы болған екен. Жалпы, қазақта болыс мөрін иеленген, би атанған тұлғалар көп болған. Олардың көпшілігінің елге жасаған қызметінен гөрі өзінің қарны мен қалтасының қамы үшін жұмыс істегені жасырын емес. Ал солардың ішінде болыстық билікті елі үшін, халқы үшін пайдаланып, адал қызмет жасаған тұлғалар жетерліктей. Жоғарыда есімін атаған тұлғалар осы топқа жатады. Олардың айтқан өнегелі сөздері, жасаған істері халық жадында сақталып қалған. Кешегі кеңестік дәуірде олардың есімдері ресми айтылмай, тарихқа енбесе де, елдің есінен кетпеді. Кеңестік кезеңнің қыспағы ол тұлғаларды қан­ша жерден бүркемелесе де, ел ішіндегі ақсақалдар мен көнекөз қариялар «Ораз би былай деген екен», «Ораз бидің айтқан сөзі мынау еді», «Ораз би пәленшенің сұрағына былай деп жауап беріпті» деген әңгімелерді жиі айтып, сөз ұғынар жас ұрпаққа бидің шешендік өнерін насихаттап отырады. Кеңестік жүйе келместің кемесіне мініп кеткеннен кейін ғана кешегі тыйым салынған тұлғалар халқына қайта оралып, қауыша бастады. Қазіргі кезде Ораз бидің ұтқыр сөздері ел арасында кең таралған. Кейбір ұтымды айтқан ойлары баспасөз беттерінде, шежірелік кі­таптарда жарияланып та жатыр. Енді­гі міндет – олардың бәрін жинастырып, жеке кітап етіп шығару болып табылады. Біз солардың бірнешеуін оқырмандар назарына осы жерде ұсыналық. Ораз биді сынау үшін немесе шешендігін тексермек болған замандастарының бірі оған екі сұрақ қойыпты. «Ореке, сіз жастайыңыздан атқа мініпсіз, ел басқарыпсыз, екі дүркін болыс болып сайланыпсыз. Үшіншіде өтпей қалыпсыз. Сірә, сізден де артық адам табылған-ау ол жақта?» – дейді. Екінші сұрақ: «Бай мал өсіріп байи­ды, молда дін уағыздап, табыс таба­ды, ұста көрік басып күнелтеді. Ал осы билер ше? «Олар тілмен мал табады» дейді, бұл харам емес пе?». Ораз би жауапты былай беріпті: «Айтуыңыз рас, мен жастайымнан өз қара басымның қамы емес, ел қамын көбірек ойладым, атқа міндім, билік­ке араластым. Абыройсыз болға­ным жоқ. Үшінші сайлауда өтпегенім де – рас. Оның себебіне келсек, адамға тән бір қасиет бар. Ол – тез тойыну, жақсыға да, жаманға да. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген осындайдан шыққан. Ал маған келетін болсақ, болыс­тықтан қалған соң мені анау жалпақ жатқан Тілеу-Қабақ елінің болысы, кемеңгер ағамыз шыманның Мырзағұлы өз еліне шақырады. Әуелі мен халық арасында «басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бар емес пе деп, бұл ұсыныстан бас тартпақшы болып едім. Мырзакең тұрып: «Ай, Оразжан-ау, мені сені еліңнен айырамын ба, шақырған соң бүкіл қаракесегіңді ертіп әкел деп отырмын» деген соң, «бұл да дұрыс екен, «Асылдың сынығы жерде қалмас» деген осы болар деп, тоқсан түтінді қаракесегімді ертіп келіп, Мұғалжар тауының шығыс беткейіне қоныстандық. Шүкір, халқым да – ырза, өзім де ырзамын». Екінші сұраққа: «Қазақта ұлы сөз бар: «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген. Дүйім жұрттың алдына шығып, әділ сөз айтып, халықты иландыру, қара қылды қақ жарғандай қазылық ету – ол ең қымбатты затың – арыңды шүберекке түю деген сөз. Олай болса, бұдан артық ауыр еңбек болар ма, өздеріңіз ойлап қараңыздар­шы? Бұл – бір. Екіншіден, шариғатқа жүгінсек, тіс арасына кірген тамақтың қалдығын бірдеңемен шұқып алсаң харам, ал тіліңмен үйіріп алсаң, адал демей ме?» – деген екен (Қ.Шүкіров, «Әлім, Ұла­нақ сұрасаң руымды Қаракесек...» Ақ­төбе, 2005. 64-65 бб.) Енді бірде тағы бір замандасы Ораз биге әдейі тиісіп, бір жиында «сен ит­сің» деген екен. Ораз би естімегендей, оған жауап қайтармапты. Әлгі замандасы жаңағы сөзін тағы айтыпты. Ал би тағы да жауап қайтармапты. Үшін­ші рет айтқанда әлгі адамға Ораз би қысқа ғана: «Сен күшіксің», – деп жа­уап қайтарыпты. Сонда әлгі адам «неге олай дейсіз» деп сұрағанда, Ораз би: «Ит көрсе, үреді, көрмесе, үрмейді. Ал күшік көрсе де, көрмесе де үре береді», – депті (Жақсыберген Үмбетұлының айтқан әңгімесі). Ораз бидің болыс ретіндегі қызме­ті еліне жақса да, уезд әкімшілігі­нің басшыларына ұнамайды. Патшалық әкімшіліктің жергілікті басшылары одан қауіптене бастайды да, келесі болыс сайлауында оны өткізбей қояды. Бұл шамамен XIX ғасырдың 90-жыл­дарының басы болса керек. Бұл қазақ жерлерін орыс шаруалары үшін күштеп тартып алып жатқан кез болатын. Ораз бидің жақын руластары да осындай күштеуге тап болады. Осындай жағдайдан хабардар болған Ораз бидің досы әрі сыйласы Мырзағұл би оны өз жанына шақырады. Шамамен 1895-1900 жылдары аралығында Ораз би 90 шаңырақ қаракесектерімен Мұғаджар тауы маңына көшіп барып, сондағы Қарасай, Сырлыбай, Ақтоғай өзендерінің бойына қоныстанады. Бұл өңірде де Ораз би ел ішіндегі руара­лық әртүрлі жанжалдарды, әртүрлі дауларды әділ шешуге араласады, елге сый­лы болады. Оның көптеген асыл сөздері осы өңірде кең таралады. Оларды әлі күнге дейін ауыл арасындағы шежірешілер айтып жүр. Ораз бидің тұлғалық қасиеті 1917 жылы ақпанда Ресейді 300 жылдан аса уақыт билеген Романовтар әулетінің соңғы өкілі II Николай тақтан тайдырылғаннан кейін жарқырап көрініп, бір саты жоғары көтеріледі. Ол осы кезден бастап Алаш қайраткерлерімен бірге жалпыұлттық мәселелер бойынша белсенді жұмыстар атқара бастайды. Ақпан төңкерісінің жеңісін қазақ халқы өте зор қуанышпен қар­сы алған соңғы кездердегі зерттеулер мен құжаттар жинағы арқылы белгілі болып отыр. 1917 жылғы «Қазақ» газетінің 225 жылғы санында патшаның тақтан тайдырылып, билікті Уақытша үкіметтің қолына алуына байланысты бірнеше өлеңдер мен бас мақала, үндеу мақалалар жарияланады. «Алашқа сәлем» атты өлеңінде Ахмет Мәметов: Иіліп сәлем бердім бүтін, алаш, Алдағы өзгеріске күтін, алаш. Бәйгеге осы қазір қосып тұрмыз, Жүйріктей жаратулы жұртың, алаш. Жасқаншақ, жамандарша саспа, алаш, Бұрынғы қорқақтықты таста, алаш. Мінеки, бүгін елге ерік болды, Сұрай бер керегіңді бастап, алаш, – деп алда болатын сайлауларға ха­лықты түгелдей қатысуға шақырса, («Қазақ» газеті. Құрастырушылар:Ү.Суханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы.1998, 368 б.) газеттің осы санында Сәбит Дөнентаевтың «Азаттық қүні» деген өлеңі басыла­ды. Онда халықтың қуанышы төмендегі­ше баяндалады: Тілекті бүгін хақтың берген күні, Көл-дария көздің жасын көрген күні. Талайдың тіршілігін қол сермеген, Қайғысын тас-талқан қып бөлген күні... Бостандық өмір сүріп, өлсін құлдық, Деп жұрттың мойын созып, төнген күні. А, Құдай, ұзағынан жаза көр деп Іркіліп көзге көзге жастың келген күні» («Қазақ» газеті. 371-372 бб.). Газеттегі Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов қол қойған «Алаш ұлына » атты үндеу-мақалада «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ...» деп бас­талатын Алаш көсемдерінің халық­қа үндеуі жарияланады («Қазақ» газеті. 372 б.). Бұл мақалалар мен өлеңдер қазақ халқының сол тұстағы қуанышы мен ертеңге деген үмітін білдіреді. Қазақ еліндегі 1917 жылдың наурызынан сол жылдың желтоқсанына дейінгі саяси даму барысы К.Нұр­пейісовтің М.Қойгелдиевтің, монографияларында және де тағы басқа зерттеу жұмыстарында жақсы көрі­ніс тапқан. Сол кезде қоғам өміріне демократиялық өзгерістердің ене бастауына байланысты уезд, облыс көлемінде небір басқосулар, жиындар мен жиналыстар, съездер, әртүрлі комитеттер мен ұйымдарға сайлаулар жиі өткізіле бастайды. Олардың ішін­­­де ең бастылары – 1917 жылдың сә­уір-мамыр айларында өткен облыстық қазақ съездері мен сол жылдың шілде, желтоқсан айларында өткен жалпықазақ съездері болды. Осы айларда Ораз Тәтеұлы Ырғыз уезі мен Торғай облыстық съездеріне белсене қатысып, шаршы топта сөз сөйлеп, Алаш қайраткерлерінің ұстанымы мен көзқарастарына қолдау көрсетеді. 1917 жылы сәуір айының 2-8 аралығында Орынборда Торғай облысының қазақ съезі өтеді. Бұл Қазақстандағы алты облыс ішіндегі алғашқы облыстық қазақ съезі болатын. Сондай-ақ 300-ден аса өкіл қатынасқан бұл съезге тек Торғай облысынан ғана емес, қалған бес облыстан, облыстардағы әртүрлі қоғамдық ұйымдардан, Ресейдегі түркітілдес халықтан өкіл қа­тынасады. «Қазақ» газеті бұл съезді «қа­зақтың орыс қол астына кіргеннен бері зор қалыпта құрылған тұңғыш съезі» деп бағалайды. Съезге келгендер «Қазақ» газетінде жазылғандай, ...елдің ылғи ығай мен сығайы, ел баққан ақсақалдар мен мырзалар, дінбасы молдалар,мұғалімдер, учредительдер, адвокаттар, докторлар, судьялар Алаш баласының артта қалмай, бәйгеге қосылу жолында арпалысып жүрген азаматтар болды. («Қазақ» газеті. 373 б.) Торғай облыстық қазақ съезінің осындай кең көлемде өткізілуі тегіннен-тегін емес еді. Өйткені Әли­хан Бөкейханов 1917 жылғы 20 наурызда Торғай облысының комиссары бо­лып тағайындалса, Торғай облыстық қазақ комитетін Ахмет Байтұрсынов басқарады. Алаш қайраткерлері­нің облыс көлеміндегі жүргізген ісі бүкілқазақтық ауқымға, халықтық сипатқа ие болады. Съезде бұрынғы Торғай облысының губернаторы Эверсманға сөз берілмей, ол залдан қуылады. Мұның бәрі елден келген делегаттарға қатты әсер етеді. Съезде 13 мәселе күн тәртібіне қойылып, олар 5 топқа біріктіріледі де, талқылау съезд құрған 5 комитетке жүктеледі. Өкінішке қарай, съездің толық хаттамасы болмағандықтан, Ораз Тәтеұлының қай комитетте болып, қандай ой-пікірлер айтқанын білу мүмкін болмай отыр. Съезд күн тәртібіндегі 13 мәселе бойынша арнайы қаулылар қабылдайды. Осы съезде бірнеше рет сөз алған Ораз Тәтеұлы өте белсенділік танытады. Оның ойлары мен пікірлері Әлекеңе де, Ахаңа да, жалпы съезге қатысушыларға қат­ты ұнайды. Соған байланысты Съезд «Съездер» атты екінші қаулының «Барша мұсылман съезіне өкілдер жіберу» деген бабы бойынша мынадай қаулы қабылдайды: «II. Мәскеуде 1-8 майда болатын жалпы мұсылман съезіне Торғай облысынан төрт өкіл сайланды: Ораз Тәтеұлы(«Қазақ» газетінде Ораз Тәтіғұлұлы деп жазылып кеткен. К.Нұрпейісовтың монографиясында Ораз Тәтиев деп дұрыс жазылады. - Б.К.), Сейітғазы Кәдірбаев, Аққағаз Досжанқызы, Сұлтанғазы Ас­қақұғлы («Қазақ» газеті. 376 б.). Ораз бидің жал­­пыұлттық көлемдегі тұлғалық рөлі осы съезден кейін көріне бастайды. 1917 жылы 19-22 сәуірде болған Орал облыстық съезі мұсылмандар съезіне Х.Досмұхамедовты, Ж.Дос­мұхамедовты, Ғ.Әлібековты, мұғалім Сұбхановты және тағы алты молданы, 25 сәуір-7 мамырда Омбыда өткен Ақмола облысының съезі Мағжан Жұмабаевты осы жиынға делегат етіп жібереді (К.Нұрпейісов, «Алаш һәм Алашорда». Алматы: Ататек, 1995.102,104 бб.). Басқа да өңірлерден съезге өкілдер сайланады. Олардың жалпы саны 20-дан асады. Сөйтіп, Мәскеуде 1-11 мамырда Бүкілресейлік мұыылмандар съезі болып, оған Ресейдің әр аймақтарындағы 30 миллион мұсылман атынан 800-дей адам қатысады. Қазақстаннан барған өкілдер арасында Ораз Тәтеұлы да болады. Съезд 12 мәселені талқылап, сол бойынша шешімдер қабылдайды. Ондағы жекелеген шешімдер Торғай облысының съезінде қабылдан­ған қаулылармен үндес келеді. Мұсылмандар съезі Мұсылман кеңе­сін құрып, оның атқару комитетін сайлайды. Атқару комитетінің құрамына Жаханша Досмұхамедов, Уәлихан Танашев, Жақып Ақбаев және Көлбай Тоғысов енеді (К.Нұрпейісов, «Алаш һәм Алашорда». Алматы: Ататек, 1995. 110 б.). 1917 жылғы мамыр-маусым айла­рында саяси оқиғалар тез дамиды. Алаш қайраткерлері мен белсенділері оқиғалардың соңында қалып қоймай, олардың басында және қақ ортасында жүреді. Сол айлардағы қазақ зиялылары үшін аса маңызды шараның бірі – жалпықазақ съезін өткізу болатын. Съезді шақыруға және ұйымдастыруға Ораз Тәтеұлы белсене араласады. «Қазақ» газетінде съезге қатысты «Жалпықазақ съезін құру туралы» мынадай хабарлама бар: «1917 жылы 9 мамырда Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарынан, Ішкі Ордадан, Түркістаннан жалпы мұсылман съезіне барған қазақ өкілдері жалпықазақ съезін құру туралы кеңесіп, мынадай қаулы жасадық» деп, 9 баптан тұратын қаулы қабылдайды. Қол қойған 17 адам­ның ішінде Ораз Тәтеұлының да аты-жөні тұр («Қазақ» газеті. 391-392 бб.). Сөйтіп, сол жылдың 21-26 шіл­десінде Орынборда алғашқы жалпы­қазақ съезі өтеді. Уақыттың аса ты­ғыздығына байланысты қазақ облыс­тарынан 20-дан аса өкіл қатысады. Күн тәртібіндегі 14 мәселе бойынша пікірлер алысып, ойлар ортаға салынады. Ең бастысы, осы съезде жалпыұлттық «Алаш» партиясы құрылады. Құжаттарда есімі айтылмаса да, біз Ораз Тәтеұлын осындай маңызды шаралардың бел ортасында жүрді деп нық сеніммен айта аламыз. Қазақ елінің тарихында ерекше орын алар келесі жалпықазақ съезі 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өтеді. Съезге ұйымдастыру комитеті жасаған тәртіп бойынша әр уезден екі сыйлы ақсақалдан, әрбір облыстық қазақ комитеттерінен екі өкілден және қазақ елінің әр өңірінен 30-ға жуық адам арнаулы шақырумен қатысады. Арнайы шақырылғандар ішінде Ораз Тәтеұлы да бар. Съезге қатысқандардың жалпы саны – 80-дей адам. Екінші жалпықазақ съезі өз жұмысын қалай бастағанын Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында былай жазады: «Жиылыс ашылар алдында Әли­хан: «Былтырдан бергі шаршы топта сөз сөйлеп бәйге алған осы съезге шақырылған ардақты шешен Ораз ақсақал Тәтеұлы өлді. Жиылысты марқұм Оразға дұға қылып басталық», – деді. Жиылған жұрт марқұм Ораздың рухына дұға қылып, кеңеске кірісті...» (С.Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу». Тарихи-мемуарлық роман. Төртінші басылымы. Алматы, «Жазушы», 1977, 72 б.). Сол кезде Ораз Тәтеұлының жасы 63-те болатын. Ел арасында Ораз бидің қалай қайтыс болғаны туралы мынадай әңгіме бар: «Атамыздың съезде сөйлеген сөзіне, шешендік өнеріне, кескін-келбетіне риза болған бір әйел атамызға «бір өзіңіздің басыңызға осыншама бақты, ақыл-парасатты, шешендік өнерді үйіп-төгіп берген екен» деп атамыз­дың арқасынан қаққан екен. Жолда келе жатып сырқаттанғанда қасында­ғы қосшыларына атамыз: «Маған тіл-көз жабысқан болу керек, бағанағы әйелдің көзі тиді-ау, қолы жаурыныма тигенде, етім тітіркенген сияқты болып еді», – депті. Міне, атамыз өлгенде жаңағы әйелдің қолы тиген жерде алақанның аумағындай боп терісі қап-қара болып кеткен екен. Атамыз өз ауылы Ақтоғайға жерленеді». (Қ.Шүкіров, «Әлім,Ұланақ сұрасаң руымды Қаракесек...» Ақтөбе, 2005. 67 бб.). Ораз Тәтеұлы туралы Алматы қа­ласының тұрғыны 1948 жылы туған Жақсыберген Үмбетов былай деп айтады: «Менің әкем 1900-1986 жылдары өмір сүрді. Жас кезінде Ораз биді көзімен көрген екен. Оның айтуы бойынша, Ораз би орташа бойлы, өте келбетті, кең маңдайлы адам болыпты. Көп сөйлемей, тек ұтып сөйлейтін адам екен. Оның мұндай қасиетін білетін адамдар онымен дауласуға қаймығып тұрады екен». Соңғы жылдары Ораз Тәтеұлы­­ның өмірі мен қоғамдық қызметі жө­нін­де бірнеше мақалалар орталық га­зеттерде жарық көре бастады (Қ.Шүкіров, «Әлім,Ұланақ сұрасаң руымды Қаракесек...» Ақтөбе, 2005. 63-68 бб.; І.Нұрмағамбетұлы, «Бақыты асқан би еді».// «Ана тілі». 2009 жыл, маусым.). Авторлар өздері жинастырған материалдар негізінде Ораз бидің тарихи тұлғасын сомдап, тарихтағы рөлін көрсетуге тырысқан. Жақында ғана Ақтөбе облысының Ырғыз өңіріндегі өз ауылында Ораз бидің аруағына арнап, ұрпақтары ас берді. Бұл шараны Ораз бидің өз халқымен қайта қауышуының бастамасы деп білуі­міз керек. Ал оны мәңгі есте қалдыру үшін Ақтөбе қаласында, облыстың аудан орталықтарында Ораз Тәтеұлына көше атауларын, мектептерге оның есімін беретін уақыт жетті деуге болады. Қорыта айтсақ, елі ардақтаған, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұрсынов секілді Алаш қайраткерлері құрмет тұтқан, әділ де турашыл би, аз сөйлесе де ұтып сөйлейтін шешен және Алаш қайраткерлерінің біріне айналған Ораз Тәтеұлының өміріне қатысты қысқаша баяндауымыз осындай. Болашақта Ораз атамыздың өмірі мен қайраткерлік жолына қалам сілтейтін зерттеушілер Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттарынан, ел ішінен көптеген материалдар тауып, тарихи тұлғаның бейнесін көрсететін және шешендік өнерінің қыр-сырын толық ашатын еңбектерді жарыққа шығарады деген ойдамыз. Берекет Кәрібаев, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы

7213 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6382

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5805

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3547

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2929

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2890

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2868

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2599

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2583

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы