• Тарих
  • 06 Қаңтар, 2012

Алапат тасқын төнгенде

d29bd0bed0bdd0b0d0b5d0b23Қара аждаһа Алтын көпір салсаң да шыңға аспалы, Ашыла ма қазақтың мұңды аспаны? Таудан жойқын дария ақтарылып, Алматыны топан су тұр басқалы. Алматыны тасқыннан сақтағалы, Үлкен-кіші қонған-ды атқа бәрі. Жаудың қолы секілді, толқып-тасып, Таудан жойқын топан тұр қаптағалы. Алқымға алып ұрғашы, еркегін де, Қандай тажал төнген бұл елге күнде? Қара жойқын тасқыннан жұрт аз емес, Кете барған жойылып Жер бетінде. Қасіретін тажалдың біліп ел де, Кеңес құрған күнімен, түнімен де... Ақтарылса, жойқын су тау басынан, Қала ма аман қалада тірі пенде? Құрыш балқып қайнаған құштарында, Ақыл таппай сарсылған күшті ақын да. Жер-жаһаннан ғалымдар шақыртқан-ды, Димаш қалып тағдырдың қыспағында. Маңдайлары сәулеге сан жарқырап, Көсілгенде тіл безеп, бәрі арқырап. Көк жойқынды бұғаулап, ағызады, Кең далаға ауызбен арна құрап. Ғалымдар ма шау тартып шабандаған, Оқығанын, көргенін амалдаған. Сайраса да, қаншама үміт отын Қонаевтың көзіне жаға алмаған. Тауға сыймай бұл кезде қара аждаһа, Алматыны жұтқалы жалаңдаған. Ғалымдарға Адамзаттың арына ара тұрған, Ей, ғалымдар! Ар болып жаратылған. Ақыл-ойдың сәулесі күллі әлемге Сендер, сендер арқылы жаратылған. Алатаудың қатпарлы қабатынан, Тап болам ба зауалға қан атылған? Қара аждаһа қаптаса ақтарылып, Сызылғаным тірінің санатынан. Өздеріңдей ғұлама ғалым барда, Табиғаттың апаты арындар ма? Қасқыр көрсе, шоқтай боп жиылатын, Бір өрісте жайылған табындар да. Сала алмаған кесапат бүлікті елге, Адам күші жұмылып біріккенде. Біз жеңеміз қалайда бұл апатты, Ар-намысты қайтадан тірілткенде. Қанған бар ма, дүние қызығына? Қара тажал тағдырдың бұзығы ма? Тау басынан топан тұр құлағалы, Табиғаттың шыдамай қысымына. Табиғаттың шықты ма тас-талқаны, Адамдарды атпасын аспанға әлі? Кезінде оған жасасақ біз шабуыл, Шабуылы енді оның басталғаны. Ақыл-ойды тұсаған іркілістен, Арылмадық, білемін, күлкілі істен. Бір сілкінбей болмайды, ей, ғалымдар, Дүние тұрса жарылыс, сілкіністен. Қысылғанда кім айтсын жөн сендерге, Барлығың да айналып сом семсерге, – Бұғаулаңдар тажалды тоған етіп, Мені апарып жолына көмсеңдер де. Жарылыс жайлы сөз болғанда немесе қарсыластар шабуылы Жарылысты, оу, Димаш, жөн көргенің – Апаттарға, ажалға жол бергенің. Пәле тілеп басыңа,қара аспанды Алматының үстіне төңкергенің. Сырың, жырың жатса да, тылсым белде, Жұртқа қарап, айтсаңшы бір сыр сен де. Неге бізді тыңдамай сырғақтайсың, Бастағалы бір сұмдық жүрсің бе елде? Ақтарылып тау-тастың бүкіл селі, Таба алмай қап жүрмесін күлкің сені. Бұл Алатау онсыз да тұрған жоқ па, Сылтау іздеп сыныққа сілкінгелі. Жайғасса да жарқылдап тау қасыңа, Пәле тілеп қайтесің сау басыңа? Көк жойқынды арықтың суы көрме, Үйдің кіріп аунаған ауласына. Жарылысты қуаттап қолдағаның – Қайғы-қасірет елге онда жолдағаның. Тыңдағаның біздерді қилы шақта, Аждаһадан халқыңды қорғағаның. Дүр сілкінтіп тастарын майдалама, Тауда өспесе көк орман жайқала ма? Қандай асау арна да жуасыған Бұрылғанда ағысы сай, далаға... Мәжілісте жан бар ма көсілмеген, Димаш бәрін тыңдаған төзімменен. Бірақ, бірақ қатерді құрықтайтын, Сөздерінен жақсылық сезілмеген. Шаш өсіріп қазақтың еркектері, Сана қуып, неге ақыл өсірмеген?! Академик М.Лаврентьевтің сөзі Қауіп-қатер ойласаң сен егер де, Маңыңда жүргендерге сене берме. Жарылыстан шіркіндер не біледі? Жақын емес және олар сенен елге. «Жасасам» деп талпынған бір көмегін, Бәрі ойлы ма, жол нұсқап сілтегеннің? Елін іштен іріткен басшы аз ба, Тілін алып кезінде білмегеннің. Сау басыма сақина тілеп қайтем, Үйім емес меншікті түрме менің. Жоқ нәрседен үркектеп, сескенгенге, Қатер болып көрінген ескен жел де. Қопармасқа шара жоқ, дүниеден, Зауал туса, тау тұрмақ көшкен ел де. Ғалымына, сенгендер ғылымына, Көтерілген биіктеп тұғырына. Залымына сенген жұрт бордай тозып, Қара ұйықтың батқан-ды жылымына. Қилы уақыт етегін түргенде елдің, Аз болмаған табалап күлгені ердің. «Биік жандар» деп әсте сен ойлама, Бәрі бірдей биікте жүргендердің. Ойын күтпей, бой түзеп сереңдеген, Жанның қалай ойлары тереңдеген. Тыңдай берме, Димаш дос, қорқақтарды, Көлеңкеден сескеніп елеңдеген. Алды-артты ойлап, кең шолып барлағанда, Сенім болған қашанда арлы адамда. Тасқын жолын байлайсың, аспанға атып, Екі арасын қос шыңның жалғағанда. Онсыз қалай жойқынды қарсы аласың, Неге босқа қайғы жеп қажаласың? Жұртты кейде апаттан сақтау үшін, Көкірегін таулардың қақ жарасың. Пайда болған қателік, жаңылыстан, Шатқалды көр сарғайған сағыныштан. Димаш достым! Ойласаң жер бетінде, Жыртық қанша бітелген Жарылыстан. Келістік пе? Шешімің өзгермесін, (Жамандықты, әрине, көз көрмесін). Табиғаттың апатын сен жеңесің, Табиғаттың тосқанда өз кеудесін. Қонаевтың пәрмені Заманның да түзеткен дөңгелегін, Ғұламаның ақылын жөн көремін. Сонда ғана алапат аждаһаны, Қанжығама бөктеріп өңгеремін. Пәрмен берем, мен неге өкінемін? Бәріңнен де сұранып өтінемін. Жарылыстан орнасын алып бөгет – Қақ айырып құз, таудың көкірегін. Сұңқардайын самғатып дала ұшырған, Жаңалықты қолдаймын дана ұсынған. Бейғамдықты күтпейді жойқын тасқын, Шатақ іздеп шатқалда аласұрған. Апаттар мен аурудың алдын алған – Болашаққа адымдап жарқын барған. Асықпаса бола ма, жойқын тасқын, Тау басынан құлауға жақын қалған. Сойғылаған жартасты сына қақпай, Қардың суы тұра ма, жыраға ақпай? Жеңе алмаймыз апатты, арнасына, Алатаудың қос шыңы сұлап жатпай. Жарылыс Сарғайса да сансырап сағыныштан, Дүние түгел тұра ма бағыныштан? Алатаудың қос шыңы жатты сұлап, Жұмыр жерді сілкінткен жарылыстан. Тас батқаны білінбей жамбасына, Арқар ғана жусаған жартасына. Алатаудың қос шыңы сұлап түскен, Тау бөгет боп аждаһа арнасына. Жұмыр жердің көрмеген сұр даласы, Жарылыстың басталған зіл-заласы. Аспанға атып қос шыңды сілкінгенде, Ұшып тұрған қой жайған қыр баласы. Жарылыстан бүкіл тау сілкінгенде, Болса, кәне, бір шығын бүкіл елде. Алматыда сынбаған бір терезе, Қара бұлты аспанның түтілгенде. Тәңіріден жалынып сұрап алған, Қолдады ма Димашты мына жалған? Аждаһаның алдына кеуде тосып, Бір Алатау, шынында, тұра қалған. Тасқынның да басылмай тулағаны, Ақтарылған биіктен сынағалы. Алматының басын бұлт үйірген, Кім-кімді де шыңғыртып шырмағалы. Жұмыр басын қатерлі ой шырмағанда, Үрей неге болмасын бұл адамда? Көк жойқынға тау бөгет төтеп берген, Үш мың метр биіктен құлағанда. Уақыт та, қатер де өзгергесін, Жарылысқа неге адам сөз бермесін?! Табиғаттың апаты омақасқан, Табиғаттың тосқанда өз кеудесін. Тағы да табиғат апаты, Қараса да, қаншама қайғы аларып, Қоныстансын Алматы қайда барып? Жылдар салып араға, жойқын тасқын, Қауіп-қатер төндірген қайталанып. Ел сенімін үйренген жастан ақтап, Димаш неге қамықсын сасқалақтап? «Жау жоқ, – деген, – жеңетұғын», Апат қайда барады бастан аттап? Жер бетінде саналы, білікті ел де, Жауды жеңген жұмылып біріккенде. Тағдырға да бұл қазақ қарсы шапқан, Қабырғасын күйрете сіліккенде. Апатты да жеңбеуі мүмкін емес, Ел шетіне қатер боп іліккенде... Алматыға тасқынын, суын бұрған, Күштің бәрін тоғанға жұмылдырған. Бұл апаттың кездері аз емес-ті, Қара топан тасқынмен жуындырған. Сескенбеген найзағай, жарқылдан да, Адамнан айла-тәсіл артылған ба? Жойқын тасқын далаға ақтарылған, Алып құбыр тоғаннан тартылғанда. Құбырлардың бойымен тулап ағып, Қара Аждаһа сұлаған құмға барып. Сексеуілдер секіріп асыр салған, Құм қажаған балағын суға малып... Тартылғанда көрініп көл табаны, Ақылды елдер қашанда жол табады. Таудан аққан тасқын су жуасыған, Суландырып шөлдеген шөл даланы. Төніп ылғи тұрса да, қайғы аларған, Көмек сұрап бұл қазақ қайда барған? Табиғаттың алапат апатын да, Игілігіне елінің пайдаланған. Аждаһаның үш басы Сыртын берген біреуге, бетін берген, Сұм жалғанда ер қанша сертінде өлген. Үш қатер бар қалаға тұрған төніп, Аждаһаның үш басы секілденіп. Адырнасын алысқа созған атып, Қосқан кейде бәйгеге сөз жаратып. Алматының бір жауы – көршілері, Іргесіне жайғасқан көз алартып. Өжет елдің, өр кеуде өршіл елдің, Димаш барда даласын еншілер кім? Шыбыны ұшып тор-шептен өте алмаған, Көз алартып сұқтанған көршілердің. Қилы шақта кеудесін қақпа қылған, Қала жұрты қыдырып, баққа ағылған. Төндірсе де қатер бұлт сел-тасқыны, Тау басынан көктемде ақтарылған. Тоғандарды талқандап, жырып барып, Тасқын енді бұзбайды шырықты алып. Ол апат та біржола тұншыққан-ды, Қонаевтың қолымен құрықталып. Бас көтерген бір қатер бұл күндегі, Жұмыр жердің «жынданып» сілкінгені. Қозғалысқа, кім білсін, көшсін дей ме, Ағыстардың алқынып іркілгені. Батыр қала жол беріп масқараға, Сілкіністен сескеніп, жасқана ма? Содан, бәлкім, Алматы кейде ұқсайды, Бомба үстіне жайғасқан астанаға. Сұм тағдырдың қылкөпір, кіл өткелін Кім білмейді бұл қай күнде түлеткенін? Димаш та өзі айналған жолбарысқа, Басқарғанда жолбарыс жүректі елін. Инфаркт Аждаһаны бұғаулап, жан-жағына, Құрсау салып, жеткенде арманына. Жүрегінің бұл қалай сыр бергені? Ауыртпалықтың шыдаған салмағына. Кеудесінде шырқырап шыбын жаны, Бір қатерге жүрмесе ұрынғалы. Инфаркт ап, апатты жеңген кезде, Қонаевтың бұл қалай жығылғаны? Көз жазбаған ғұмыры ұлы ағыстан, Қыран еді биікке бір-ақ ұшқан. Ауыртпалықты көтерген алып жүрек, Қабынды ма, кім білсін, қуаныштан?! Атажұрттың айналған тірегіне, Ұлы жүрек қалжырап, жүдеді ме? Өткен-кеткен тарихқа көз жіберсең, Қамқор болған Димаштай кім еліне? Диқан қанша жүрегі соқпай қалып, Тұрып қалған сүйеніп күрегіне. Қырға шығып қарттар да тұрды аңырып, Асқар таудың көз салып сілеміне. Жылқышылар ауданға тұра шапқан, Қамшы басып таң асқан күреңіне. Ана қанша аңырап, амандығын, Күміс салып тілеген білегіне. Елдің бірге жүрегі ауыра ма, Айналмаса, бұл Димаш жүрегіне?! Оу, дәрігер! Қонаев инфаркт алып төсек тартып жатып қалғанда, Склянкин деген орыс жігіті дәрігерге келіп «асыл ағаның жүрегі емделуге көнбесе, менің жас жүрегімді салыңыз» деп өтініп, қиылып тұрып алған. Г.Толмачевтің «Қонаевпен 50 сұхбат» деген кітабынан. Биігіне биліктің өрлегелі, Не көрмеді, жоқ шығар көрмегені, Оу, дәрігер, жазғайсың ағаны емдеп, Жерлесең де тірідей көрге мені. Туған елдің айналған бақытына, Ұлы бақыт – Димаштың өлмегені. Тауға ұқсаған тұрысы, тұлғасы да, Димаш туған өр тұлға бір ғасырда. Мендей шопыр жүр қаптап, қойдай өріп, Алматыда, даланың қырқасында. Көрмесем де жақындап, қолын алып, Димаш менің мұңдасым, сырласым да. Азамат ер жер басып, аман жүрсе, Сезінемін жүргендей шың қасында. Оу, дәрігер! Сен босқа аласұрма, Димаш зәру болмаған жанашырға. Жүрегімді суырып мен берейін, Кеудесіне тулатып саласың ба? Сал, дәрігер, жолбарыс жүрегімді, Қас пен көздің сездірмей арасында. Асыр салып ойнасын жел белеңде, Бір жақсылық жасайын елге мен де. Димаш пірім болса егер не істемекпін, Жүрегімді суырып бермегенде?! Кіндігіне кіндігім бір байланған, Димаш десе, жанарым күндей жанған. Бұл жүректі, қайтемін, Азаматтың Ұзартпаса ғұмырын пірге айналған?! ҚОНАЕВТЫҢ ЭЙЗЕНХАУЭРМЕН КЕЗДЕСУІ Жақында «Толғанай» баспасынан «Ақиқат» журналының бөлім редакторы, танымал жазушы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Ораз Қауғабайдың «Таңғажайып Қонаев» атты белгілі кітабы оқырмандар өтініш-сұранысы бойынша Димекеңнің 100 жылдық мерейтойына байланысты толықтырылып, қайта жарыққа шықты. Кітапта Димекеңнің сол кездегі әлемдік саясаттағы танымалдылығы жөнінде жеке тарау бар. «Құрлықтарда Қонаев рухы» деп аталатын тарауда Димекеңнің АҚШ сапары жөнінде айтылып, осы елдің президенті Дуайт Эйзенхауэрмен кездесуі баяндалады. Әлемдік саясатта азуын айға білеген АҚШ сол кезде тек КСРО-мен ғана санасатын. Өйткені ғарышқа тұңғыш рет КСРО азаматы ұшты және қару-жарағы бойын­ша ол өте қуатты ел еді. Үкімет басына Н.Хрущев келгеннен кейін капиталистік елдермен түсінісіп, қарым-қатынас жасауға жол ашылды. 1959 жылы Димекең «совмин» төрағасы болып тұрғанда бір топ Америка губернаторларын қабылдап, жүздесіп, әңгімелеседі. Америкалық атақтылар, негізінен, тың игеру мәселелері жөнінде білгілері келеді. Сондай-ақ Қазақстанда халық шаруашылығы дамуының сыры неде екенін көзбен көруді мақсат етеді. Республика экономикасын бүге-шігесіне дейін білетін Димекең олардың барлық сауалдарына жауап беріп, қайшылықты сұрақтарымен де келісіп, бәрін түсіндіреді. Айтпақшы, Димекең мұның алдында КСРО-дағы АҚШ елшісі, белгілі қоғам қайраткері Гарриманға көмірімен әлемге әйгілі Қарағанды қаласын көрсетіп, Рес­публика өнеркәсібі жөнінде әңгімелеген еді, яғни Димекеңнің америкалықтармен таныс-білісі алдымен өз елінде басталған болатын. 1960 жылы Димекең делегация құрамымен АҚШ-қа келді. Келулеріндегі мақсат – Кеңес Одағы туралы Америка халқына дұрыс түсінік беріп, елдегі жетістіктерді айту. Бейбітшілікті сақтау, үгіттеу жөніндегі ел саясатын ұғындыру және екі мемлекет арасындағы достықты нығайту сияқты мәселелер еді. Ішінде Қазақстан басшысы бар делегацияны Нью-Йорк штатының губернаторы, дәрежесі президенттен кем емес атақты Нельсон Рокфеллер қабылдайды. Екі ұлы мемлекет арасындағы рухани, мәдени, экономикалық бай­ланыс жөніндегі кездесу, жүздесулердің бәрінде Димекең болып өзінің ұсыныс, пікірлерін айтып отырады. Ымыраға келмейтін екі империя арасындағы татулықты, дос­тықты және ізгі қарым-қатынасты қалыптастыруға байланысты келген делегацияның ішінде Димекеңнің жүруі Қазақстан үшін мақтаныш еді. Ұлы Димекең Н.Рокфеллер сияқты миллионермен ғана емес, АҚШ-тағы әлем таныған қоғам және мемлекет қайраткерлерімен де кездесіп, олармен терезесі тең сөйлеседі. Аса құрметті игі жақсылармен танысады. Мемлекеттік хатшы Гертермен, АҚШ Жоғарғы Сотының төрағасы Уоррсимен жүздеседі. Ақ үйде АҚШ-тың сол кездегі президенті Дуайт Эйзенхауэрмен кездесіп, әңгімелеседі. Димекең бойындағы кемеңгерлік қасиет пен даналықты сезген президент Қонаев туралы: «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын терең меңгерген. Ол КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы», – деп баға береді. Екеуі бір реті келгенде бірге суретке түседі. Осы жерде бір қызық оқиғаны айта кетсек артық болмайды. Димекең Алжирге іссапары кезінде теңізге жақын жерде қонақүйде жатады. Ол түскен номер соғыс кезінде генерал Д.Эйзенхауэр жатқан бөлме екен. Осында жатып генерал Америка әскерлеріне команда беріп, соғыс іс-қимылдарын бақылайды. Димекең өзінің естелігінде бұл оқиғаны ерекше еске алады. Азуын айға білеген АҚШ-тың атақты президентімен алғаш кездескен Димекең өзінің тегін адам емес екенін осылай сездірген. АҚШ сапарында Қонаев серіктерімен халықаралық беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы хатшысының қабылдауында болады. Бұл жерде қарусыздану жөнінде әңгіме жалғасады. Америкада жиырмадан аса штатты аралап, бәрін көзімен көріп, көңіліне түйген Димекең АҚШ сапары жөнінде бірауық достарына әңгімелеп жүреді. Қонаев КСРО-дағы белгілі мемлекет қайраткері болып, атағы шыға бастағанда АҚШ-тағы бір тарихшы (Марта) ол кісі жөнінде өмірбаяндық дерек жинап, іскерлі­гі мен ұйымдастырушылығы жөнінде және саяси ұстанымы туралы жаза бастайды. Тарихшы Димекеңнің ұлттық кадрларды көптеп өсіргенін тілге тиек етеді. Сондай-ақ екі жылға жуық М.Горбачевпен болған оның табанды айқасы жөнінде де айрықша айтады.Жалпы, Д.Қонаевтың өнегелі өмірі туралы тағы да басқа деректерді аталмыш кітап беттерінен оқуға болады. Индира Нәлібаева АЯЛЫ АЛАҚАНДЫ АҢСАУ Өзіміз сондайлардың қатарына жатпасақ та, математикалық сандардың түзілуінен ерекше тағдыр белгілерін іздестіріп, үлкен мән беретіндер бар екенінен хабардармыз. Қара аспанды төндіріп, алтын күнді сөндіріп, ақырзаманды есігіңнен кіргізіп қоятындар да уәжін сол сандардың тізбесімен, жүйелене қалыптасуымен келтіреді. Сенбеуін сенбейсің, әйтсе де, белгілі бір тұлғалардың өмірінде кейбір сандардың қайталанып келуі оқиғаларға ерекше әр беретінін байқағанда ойланып қалатынымыз бар. Басқасын кім білсін, аяулы Димекең­нің – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың тағдырында сандардың 16, 12 болып келуі екі рет ауыр із тастап кетті. Тарихтан белгілі, 1962 жылғы 16 желтоқсанда Никита Хрущев Димекеңді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатып, орнына Исмаил Юсуповты тағайындайды. Білімді де білікті, көргені көп, тоқығаны толайым Қонаевтың өзіне қайта-қайта қарсы шыға беруінен біржола құтылғандай сезінген Хрущев өзінің саяси өміріне бір жылдай уақыт қалғанын білмеген. Басқасы – басқа, бірақ Хрущевтің Мәскеуде Қазақстан өнерінің онкүндігі өтіп жатқанда ел басшысын қызметтен ала салып, ертеңіне түк болмағандай екі жүзден аса қазақ өнерінің қайраткерлерімен кездесуі кеңестік екіжүзділіктің айқын көрінісіне айналғанын қалай ұмытарсың?! Дәл осындай кеудемсоқтық, қазақ еліне мұрнын шүйіре қарау тарих сабағынан дәріс алмаған екінші бір басшы – Горбачев тарапынан да орын алғаны белгілі. Кездейсоқтық десеңіз еркіңіз білсін, ол да тура желтоқсанның 16-сында Алматыға Разумовскийге Колбинді ертіп жібереді ғой. Бас-аяғы 15 минутқа созылған, тарихта өткен ең қысқа Орта­лық Комитеттің пленумында Бірінші хатшыны, әлемді тітіреткен империяның Коммунистік партиясының Саяси Бюро мүшесін, үш мәрте Социалистік Еңбек Ерін, Ресейден кейінгі екінші үлкен Республиканың ұзақ жылдарғы басшысын бір жылы сөз айтпай, арқадан қақпай қызметтен босатады. Бұл қызыл империяны таратудағы алғашқы қадам болатын. Алматыдағы алаңнан бастау алған азаттық үшін арпалыс артынша Бурятия, Эстония, Литва, Әзірбайжан, Грузия елдерінде де көрініс тапты да, КСРО-да ыдырау үдерістері басталды. Желтоқсан желі кеңестік кеңістіктегі барша республикалар үшін Тәуелсіздік самалына ұласты. Жазалау шараларын алғашқы күннен-ақ жүзеге асыра бастаған сол кездегі биліктің басты мақсаты да айқын еді – алаңдағы қақтығыстарда қаза тапқандар мен жараланғандар үшін Қонаевты кінә­лі ету, оны мемлекеттік қылмыскер ретінде көрсету. Себебі де айқын – Димаш ағаның кір шалмаған ақшаңқан қадіріне күйе жақсаң, оны қолдаған халық та қараланады. Бірақ одан түк те шықпағанын тарих дәлелдеді. Халық пен абыздың арасына сызат түскен жоқ. Тау сұлбасы алыстаған сайын зораятыны сияқты, күн өткен са­йын Димекеңнің де тау тұлғасы биіктеп, бейнесі жарқырай түсуде. Онымен кездескен, сөйлескен, араласқан, алыстан болса да көрген адамдар өздерінің қандай бақытқа ие болғандарын енді-енді түсіне бастаған сияқты. Сондай адамдардың қатарында өзім де бар екеніме шүкіршілік етемін. Қазақпыз ғой, бүгінгі қол жеткен дәреже, атқарылған жұмыс, алынған белестердің барлығы да баяғы бала кезімде басымнан Димаш ағаның сипағанының жемісі деп есептеймін. Хош, балалық шақтан ойын мен қызық қалады, олардан басқа дүние жас келе күңгірттене береді. Тат бас­пайтын, жадымнан кетпейтін бір оқиға – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына, біздің мектепке келуі. Білім беру, оқыту барысымен танысқан Димаш аға алдында біз – оқушылар өз өнерімізді көрсетуге барынша тырысып бақтық. Ән де айтылды, өлең де оқылды, би де биленді. Соның барлығына ол кісі рақаттана қол соғып отырды. Әлі есімде, ел басшысы біздің ұрпақ алдында бақытты болашақ тұрғаны, сондай болашақты жақындата түсу үшін біз жақсы оқып, барлық жағдайда да тырысуымыз қажет екендігі туралы толғана әңгімелеген болатын. Білмеймін, мүмкін кездесу ұзаққа созылған да болар, бірақ мен үшін ұлы адамды көру бақыты қас қағым сәт арасында өткендей еді. Қоштасарда кей баланың қолын алып, біреулерді құшақтап, біраздарының басын сипап еді, асыл аға! Басын сипатқандардың бірі мен едім. Абыз аға: «Ал, батыр, өскенде кім боласың?» – деп сұрағанда, толқып тұрып: «Бірінші хатшы боламын!» – дедім. «Бірінші хатшы болу мақсат емес, қатарыңнан бірінші бола білсең, міне, сол – жеңіс!» – деп еді. Биыл Димекеңнің дүние есігін ашқанына 100 жыл болады. Айтулы күн жақындаған сайын көңіл күнделігі парақтала бастайтынын байқаймын. Өзім ағаның аялы алақанын аңсайтындай сезінемін... Шамсат Исабеков, ҚР Таэквондо федерациясының президенті, қара белбеу мен VI дан иегері, Ұлттық Олимпиада комитетінің мүшесі

4234 рет

көрсетілді

48

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6280

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5746

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3486

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2868

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2830

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2809

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2539

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2524

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы