• Мәдениет
  • 06 Қаңтар, 2012

Ұлу жылы үмітімізді үкілесін

d0b3d0b0d0b7d0b5d182d182d0b5d180-d0bad0bed0bfd0b8d18f Жұмабек Кенжалин. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның  Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Алаш баспасөзінің қарлығашы саналатын «Қазақ» газеті өзінің алғашқы нөмірі шыға бастағаннан–ақ тікелей оқырмандарына арқа сүйеді. Соның мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Алатаудан – Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін көсіліп жатқан Ер Түрік жерінде Елдік сананы қалыптастыруға, Ұлттық мұратты ұлықтауға үндеді. Сөйтіп, бірде – намыс найзағайы болып от шашса, енді бірде – бұлт үйіріп күркіреді. Енді бірде – «елім» деп еміреніп, елжірей білді.  Ол осы бір үрдісте жеке-дара шапқан жоқ. Өзімен қарайлас, ниеттес әріптестерімен тонның ішкі бауындай араласып, мақсатты істе тізе қоса білді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып қимылдады. Ағалық танытып, егіздің сыңарындай болған «Айқапқа» әр кез көз салып, бағыт-бағдар беріп отырған жайы тағы бар еді. «Қазақ» нөмір аралатып болса да, өз беттерінде «Сарыарқа», «Алаш», «Бірлік туы» газеттерінде ел тынысынан жазылып жүрген мәселелерге байланысты өз пікірін білдіріп отыруды да ұмытқан жоқ. Олардың таралымы, шығарылымы, оқырмандарға жетуі жайынан да мәлімет беріп тұрды. 1915 жылы «Айқаптың» қаржы тапшылығынан жабылуына байланысты өкініш білдіріп, арнайы мақала арнады. Біз жоғарыда атап өткен қай-қай газет болса-дағы оқырмандардың күшімен, солардың газет-журналдарға жазылуынан түскен қаражат есебінен шығып тұратыны белгілі. Сондықтан өз оқырмандарына сөз арнаудан «Қазақ» еш жалықпаған, ауқатты кісілерге сөз салған. Алаш баласының намысын қайраған. Осы бір дәстүрден арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, қазақ баспасөзі танған емес. Бүгінде ата газет – «Егемен Қазақстан» басы болып, «Ұланға» дейінгі аралықтағы басылымдар әр жыл сайын таралым данасы біреуге көбейсе де қуанады. Алдындағы малы егіздеп төлдегендей бөркін аспанға атады. Өйткені газет таралымы бір данаға өссе, журналист пақырыңыз «тағы бір қазақтың жүрегіне жол таптым-ау» деп мақтанады, марғаяды. «Айтқан сөзіміздің бағасы болғаны-ау» деп серпіледі. Онысы – дұрыс. Қазіргідей жаһандану дейтін үрдістің көмекейіне жұтылып кетпей өзіндік қалпыңды, рухынды сақтап қалуға иненің жасауындай болса да үлес қосуға үндейтін бір күш бар болса, ол – газет сөзі. Осыны тереңінен ұғынған және оны өз оқырмандарына ұғындыруға тырысқан «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты мерзімдік басылымдар Қоян жылын ойдағыдай қоры­тын­дылап, Ұлу жылына көп үміт артып отыр. Оның басты көр­сеткіші – үстіміздегі жылдың баспасөзіне жазылу науқанының сәтті аяқталғаны. Әрине, бәрі де сәтті болды дегенімізбен тақтайдай жолдың сайрап жатпағаны – тағы шындық. Газеттер мен журналдардың межелі тұстан көрінуі бұл шаруаға шын жанашырларымыздың білек сыбана кірісуінің арқасында ғана мүмкін болды. Осы шаруаға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы облыстарындағы іс басында отырған азаматтар: « Бұл да – менің төл міндетім. Егер мен болмасам бұл мәселені кім шешеді» деген ниетпен кірісті. Сөйтіп, олар бұл жұмысқа өзгелерді қауымдастырып, қоғамдастырып тарта білді. Нақты нәтижеге жеткенше тыным таппа­ды. Міне, озар елдің өресіндегі болар елдің өрендері, осылайша, мінез көрсетті! Шыны керек, бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде теңдессіз идеологиялық, саяси-қоғамдық жұмыстың өріс алуына немесе оны тұншықтырып, жөргегінде жойып жібере алатын арсеналға айналды. Бұл – ақиқат. Ал газеттер мен журналдар осы бір мылтықсыз майданның жүзі лыпыған ақ алмасы екендігіне шәк келтіруге болмайды. Сондықтан оның тұтқасын кім ұстаса, соның қаруы қамал бұзады. Бұл – ақ пен қарадай шындық. Және ол біз ашып отырған жаңалық та емес. Бұл – сәт сайын мың құбылған бүгінгі ғалам үдерісінің ғибратынан түйген тұжырым. Кешегі өткен кеңестік за­ман­ның идеологиялық қамту жұмысының бір арнасы – осы баспасөзбен жұмыс, оны тарату, биліктің халықпен байланысын баянды ету бағытында БАҚ-ты мейлінше тиімді пай­даланумен тікелей байланысты еді. Әр дәуірдің өзінің озығы болады, тозығы болады. Шынын айту керек, өткен уақыттың бәріне топырақ шашу оны терістеу парасаттылық емес. Оның тозығын сыпырып тастап, озығын алып замана үрдісіне сай пайдалану да – білгірліктің белгісі. Баспасөзге жазылуды ұйым­дастыру, оны әрбір көкірек көзі ояу азаматтың міндетті ісі ете білу үлкен шеберлікті қажет етеді. Біз сөз басында ұлт үнжариясы «Қазақ» газетін шығарушылардың, оның жанашырларының баспасөзге жазылу мәселесіне қандай талап қойғанын айттық. Соның озық үлгісін кешегі кеңес дәуірінде идеология майданының тізгінін ұстағандар шеберлікпен пайдалана білді. Бұл шаруаға олар бұқаралық сипат берді. Соның нәтижесінде бүкіл ел көлемінде идеологиялық қамту шаралары жүзеге асты. Сендіру, иландыру мәселесі жүз пайыз болмағанымен сексен, тоқсан пайыздың төңірегінде орындалып жатқаны – ақиқат. Бұл-ақпарат құралдарын биліктің тиімді пайдаланудың арқасында ғана мүмкін болған шаруалар. Нарықтық экономика бас­талғалы бері газет-журналға жазылу әркімнің өз ісі деген пиғыл өріс алды да, бұл шаруада иесіздік пайда болды. Соның салдарынан газет-журнал оқымайтын ұрпақ өсіп шықты. Абайды, Сәкен, Ілияс, Мағжанды білмейтін, тіпті бүгінде билікте отырған кісілердің аты-жөнін білмейтін күйдіргілердің бар екені жасырын емес... «Ештен кеш жақсы» дейді халық даналығы. Сондықтан бір жылдары экономиканы жоспарлаудан ат-тонымызды ала қашып, кейін айналып үйіріліп индикативті жоспарлауға келгеніміз секілді, баспасөзге жазылу бағытында да міндеттеу, жоспарлау саясатын жүзеге асыру қажет. Бұл – уақыттың өзі талап етіп отырған мәселе. Әрине, ғаламда БАҚ-тың элек­трон­дық жүйеге көшуіне байла­нысты «газеттер мен жур­налдардың сайттық нұсқасын пайдалану жөнін­де тәжірибелер бар емес пе» деген сауал туады. Рас, қазір Астана мен Ал­матыда, еліміздің бір­қатар ірі-ірі қалаларында мерзімді басылым­дарды оның сайттық нұсқасы арқылы оқу етек алып бара жатқаны мәлім. Бұл жұмысты, әрине, өрістете түсу керек. Қазіргі ғылы­ми-техникалық прогресстің озық үлгілерін пайдалану – кезек күттірмес мәселе. Бірақ бұл шаруа түбегейлі шешілгенше, әрбір қазақ отбасы оның мүмкіндігін барынша пайдалану жағдайына жеткенінше газет-журналды жылдар бойғы қалыптасқан дәстүр бо­йынша жазылу арқылы та­ратудан бас тартуға болмайды ғой. Шалғайдағы елді мекендерді «ба­сылымдардың электрондық нұс­қаларымен қамтамасыз етеміз» деп жүріп, тәжірибедегі бар дәстүрден бас тартпаған жөн. Қажетінше, бұл шаруаны қатар өрістету керек. Қазақ қоғамындағы газеттер мен журнал­дардың бұқара арасындағы тәрбиелеушілік ролі, ағартушылық миссиясы әлі кемімек емес. Бұл бағытта атқаратын шаруалар шаш етектен! Сондықтан оны бағалау қадір-қасиетіне жету – іс басында отырған кісілердің азаматтық парызы. БАҚ – бағалай білсеңіз, қуатты қару, ал оны уыстап ұстай ал­ма­саңыз осып түсер алмас қылыш. Біз мақаламыздың басында мәселені тереңінен түсінетін кісілердің облыстарын айттық. Онда «баспасөзге жазылу – бүкіл­халық­тық іс» деп қараушылық жоға­ры екендігін және қосып жаздық. Ал бірақ бұл мәселеге теріс ыңғайымен қарайтын өңірлер де бар екені байқалып қалып отыр. Айталық, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. Бұл – тұтастай өз қандастарымыз тұратын өңірлер. Былтырғы жылы, мәселен, Қызылорда облыс бойынша «Ана тілі» газетіне «Қазпошта» мекемесі арқылы 204 адам ғана жазылса, ал екінші жарты жылдықта оған 24 адам қосылып жыл бойына 228 оқырман ғана газетті қолына алып тұрды. Осы жағдайды ескеріп, мәселенің алдын алу үшін биылғы жылдың жазылым науқанына байланысты ерте бастан қамдандық. Дүркін-дүркін жазылым науқаны кезінде тілшілерімізді іс-сапарға жіберіп, осыған орай хаттар жолдадық. Облыстағы жағдайдың сын көтермейтіндігін айтып, облыс әкімінің кеңесшілеріне хабарлас­тық. Ержан Уайспен ежелден таныс-білістігіміз бар еді, соны алға салып, жағдайды айттық. Обалы нешік, Ерекең бұл мәселеге шұғыл мән беретіндігін және дереу жергілікті жерлерге тапсырма беретіндігін айтып, пәтуаластық. Мәселеге облыс әкімшілігінің назарын аударту үшін «Ана тілі» газеті екі рет материал жариялады («Құлдыққа бой ұрғандық па? Қы­зыл­ордада Қытай жазулары бой көр­сетіп жатыр» №43, 27 қазан-2 қа­раша, 2011 жыл, «Сыр азамат­та­рының мұнысы несі?» №45,10-16 қараша, 2011 жыл). Осы екі жариялымда да әңгімемізге өзек болып отырған мәселе айтылған. Қазір енді Республика бойынша жазылым деректерін қолға алып, сараптап отырмыз. Өкінішке қарай, Қызылордадағы жағдай сол күйінше қалған. Ежелгі Сыр елі мен жыр елінде биыл 243 оқырман ғана «Ана тілін» алып тұратын болады. Ащы да болса, ақиқат – міне, осындай... Бұл жерде біз Сыр өңірін мекен еткен жалпақ жұртты кі­нәлап-күстәналап отырған жоқ­пыз. Мәселе – жергілікті жер­лерде осы бір мәселеге мән бе­рілмеген­дігінде, атқа­мі­нерлердің оралымсыздығында болып отыр. Әрине, «Қызылордадағы жағдай осындай болған екен» деп көш тоқтап қалмайды, өмір үдерісі өз заңымыен алға жылжи бермек. Ұлу жылы қазақ тарихында үлкен үдерісті шаруалар қолға алынған жыл болып енген. Бұл жылдың қадір-қасиеті әуезе-әфсаналардың өзегіне айналып, оны құт-береке жылына айнал­дырудың ырым-жоралғылары жасалған. Сондықтан да бізде биылғы жылды жақсы тілекпен, оң ниетпен бастасақ деп отырмыз. Ұлу жылы үмітімізді үкілесін!

2065 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6380

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5804

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3546

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2928

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2889

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2867

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2598

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2582

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы