• Тарих
  • 20 Қаңтар, 2012

Нұрым жырау

d0b4d0bed0bcd0b1d18bd180d0b01Қазақ халқы ғасырлар бойына талай аласапыран тарихи жайттарды басынан өткізгенін қазіргі жаңаша баяндалған ғалымдардың тарихқа байланыс­ты ғылыми тұжырымдарынан көз алдымызға шынайы түрде елестете бастадық. Өткен замандардағы қазақтың басынан кешкендері сол кез жырларында көрініс тапты. Себебі әдебиет – халық өмірінің көркем бейнесі. Тарихтың ұмытылмауына әдебиеттің қосқан үлесі мол екені белгілі. Сондықтан өткен ғасырлардағы ақындар, жыраулар, жыршы­лардың туындыларын ерекше мән беріп қастерлеп, әдеби шежіре деп қарауымыз керек. Өткен ХІХ ғасыр көрнекті ақын-жырауларының бірі – Нұрым Шыршығұлұлы. Нұрым – Атырау өңірінің жырауы және суырыпсалма ақыны. Өткен жылы оның туғанына 180 жыл толды. Жырау туралы, оның шығармашылығы туралы оқырман жақсы біліп, жадында сақтауы жөн. Нұрымға ақындық қалай қон­ғандығы жөнінде халық аузында аңыз бар. Нұрым бала кезінде арып-ашып ел аралап жүріп, далада шаршап келе жатып, бір жерге келіп ұйықтап кетеді. Түсінде ақ киімді адам аян беріпті: – Балам, шөлдедің ғой, – деп, сүттей ақ, балдай тәтті сусын береді. Сусын­ды ішсе, сусын мұздай болады. Оянып тұра келсе, іші кеуіп бара жат­қан көрінеді. Айқайлап өлең айта жө­неледі. Өлең айтқаннан жаны жай та­уып, сергіп, жазыла бастапты. Содан соң Нұрым суырыпсалма ақын болыпты. Ақындық қасиеттің қонуы туралы кейде ақындардың өздері, кейде халық осындай аңыздар таратқан. Бұл асқан өнерпаздықтың ерекшелігін жоғары ба­ға­лағандықтан болса керек. Қанша­ма «сыртқы бір әсерлерден ақындық дари­ды» деп ертегідей сендіргенмен, ақын­дық өнерпаздық ортаның жемісі екен­дігін мойындағысы келмеген жұр­тшылық бұны құдірет сыйлығы деп түсінген. Нұрым Шыршығұлұлы ақиық ақын, төгілме жырау боп танылған. Ақынды Мұрын жырау өз көзімен көрген. Ол Нұрымның түр-тұрпатын былайша суреттеген: –Нұрым – денелі, шоқша сақалды, жазық маңдай, қыр мұрын, қияқ мұртты кісі. Жиын-тойларда домбырасын алып, суырып салып қоя беретін, салмақпен төкпелеп айтатын. «Абыл ақынның қасына 17 жасымнан ердім» депті. Бес жыл бірге жүріп, бата алдым деген. Ақын қазіргі Қызылқоға ауданының (Атырау облысы) Тайсойған деген жерінде 1831 жылы дүниеге келген. Руы – адай. Әкесі Шыршығұл 1879 жылғы «Ақ қоян» аталған жұт жылы аталастарына – Маңғыстауға көшіп кеткенде, Нұрым отбасымен туған мекенінде қалған. Көп жылдардан кейін әкесі қатты сырқат боп жатқанда қасында болып, ақ жуып, арулап мәңгілік мекеніне тапсырыпты. Нұрымның оқи алатын және жаза білетін сауаты болған. Нұрым шығармашылығын жинаушы, зерттеуші, оның ғұмырнамасына байланысты талай адамдармен пікірлесіп, мағлұматтар жинаушы филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Қабиболла Сыдиықұлы Нұрым шығармашылығы жайлы былай деп жазған: «Нұрым Тайсойған жерінде туып-өссе де, жыршы-жыраулардың ежелгі дәстүрімен Хиуа, Маңғыстау, Жайық бойы, Ақтөбе қырын жайлаған елдерді аралап, өнерпаздармен кездеседі, көне жыршыларды жаңғырта жырлап, терме, толғаулар шығарады. Жаскілең, Берішқызы, Балмырза, Қашаған ақындармен айтысқа түсіп, «Тоғыз ауыл» сияқты ерлік дас­тандар толғайды» (Қ.Сыдиықұлы. «Біртума жыр саңлақтары», Алматы: «Ғылым», 2001, 78 б.). Нұрым жыраудың жырлары – негізінен, арнаулар, термелер және дастандар. Оның арнаулары мен термелері мыналар: «Термелер», «Ұсынсам қолым жетер ме», «Қылышқа көңіл айтуы», «Әтембекке айтқаны», «Шенен ер», «Қоштасу» және тағы басқа. «Термелер» атты шағын жырында ол өзінің ақындығына күмән келтір­ген, оған қарсылық жасаған адамдар­ға қыр көрсете, өзін дәріптей сөйле­ген. Бұл ұзақ жырдың бізге жеткен тек кіріспесі сияқты. Ұзақ толғауды бас­тарда төкпе ақындар әуенінде осылайша толғайтын дәстүр бар. Ақын өзінің ақындардың ішіндегі ең жүйріктерінің бірі екендігін айтқан. Ол «Бабам Қадыр қолдаған», «Көре алмаған біреулер сөз айтады сыртымнан» деген жолдармен арызын көпшілікке арнай келе, өзінің мықты ақын екенін мына жолдармен көрсеткен:

Қас жүйріктің белгісі, Дуды көрсе, жұлқынған. Айтулы жүйрік мен едім, Салдырмай қамшы ұмтылған. «Ұсынсам қолым жетер ме» атты жырында мақал-мәтелге, афоризмге айналған сөздер тұнып тұр. Бұл жырын ақын жастарға, өзінен кішілерге арнаған дер едік. Жыр ақынның жасы ұлғайған кезінде жырланған сияқты. Өйткені онда өзінен кейінгілерге айтқан ұлағаты, әр сөзінде тасқа қашалғандай ақыл-ой, философиялық тұжырымдар мол. Айтсам сөзім өтер ме Ақылсыз туған жаманға, – деген сөзі жастарды жігерлендіру үшін айтылған сияқты. Содан кейін ақыл-кеңестер кестелене жөнеледі. Мысалы: Қайыра қамшы сілтеме, Сүйекке біткен шабанға. *** Екі жақсы дос болса, Бірін-бірі қия алмас. Екі жаман дос болса, Бір мекенге сия алмас, – деген халық арасына кең тараған мақал Нұрымның осы жырынан алынған екен. Ақын одан әрі ой-тұжырымда­рын төкпелете берген. Мысалы, мына келтірілгендер өмір шындығы екеніне дау бар ма? Қас жаманға мал бітсе, Ебіменен жидым дер. * * * Қас жаманнан ұл туса, Қатарымнан оздым дер, Бұл күнде өзім болдым дер. * * * Дүние деген – сары алтын, Жетімдерді алдаған. Қабаты қалың қара жер, Талай ерді жалмаған. Ақын әрі қарай ерлерді дәріптеген асыл сөздерін төккен. «Астана жұртын меңгерген», «Хандарды тақтан тайдырған», «Ақ сүңгісін өңгеріп, жауға жалғыз жөнелген» деген жолдардан ерлерді дәріптегендігі көрінеді. Толғаудың келесі бөлімі адам өміріне шолу жасайды. Ғұмыр-тіршіліктің ұңғыл-шұңғылын, ой-қырын көрген ақын өзінен кішілерге, әсіресе жастарға ұлағат айтады. Не жақсы, не жаман екеніне көздерін жеткізуге тырысады, жастықты құр өткізбеуді кеңес етіп, өмірден құр қалмауды үлгі етеді. Ғұмырдың мәңгілік емес екенін, қандай батыр, қандай төкпе ақын, төгілген шешен болсаң да, бір кезде өмірдің шегіне жетпей қоймайтынын түсіндіреді. Өлім айласынан ешкім асып кете алмаған деген ой айтады. Бір өлімнің айласын, Шыбын жанның пайдасын Ешкім ойлап таппаған. Ақынның «Қылышқа көңіл айтуы» деген толғауы – Қылыш атты замандасына баласының о дүниелік болуына байланысты айтылған жұбатуы. Нұрым «адам баласы – асыл қазына» деп, оған бәс жетпейтіндігін ғажап сөздермен дәріптеген. Жаһұт, маржан секілді Адамзаттың баласы, – деген жолдар оған куә. Алайда ақын адам­ның бәрінің алдында бір өлім бола­тынын, бұл – өмір заңы екенін ұғын­дырады. Қорқыттың да күйі осындай бол­ғандығын мына жолдарда келтіреді: Қорқыт ата қобалжып, Дүниені кезіпті, Өлмейтін жер қайда деп. Өлім – өмір заңы болған соң, өлген адам қанша қымбат болса да, қайтып келмейтіндігіне меңзеп, қайғылы отбасын жұбату үшін асыл жырын аямаған. Нәрестең кетті қасыңнан, Терезе-әйнек секілді Сынған күні шатынап. Қайғырғаннан пайда жоқ, Қан түкіріп аһылап. Адамзаттың баласы Бұл дүниеден кеткен соң, Келмегі жоқ-ты қатынап. Бұл толғау – әрбір қайғылы адамға басу айта алатындай жыр. «Шенен ер» деген жыры да – опат болған ерді жоқтаудың үлгісі. Арнау өлеңдерінің қатарына біз «Тайсойған-Бүйрек – екі құм», «Ба­лишанға», «Әтембекке айтқаны» деген жырларды да қосамыз. «Әтембекке айтқаны» атты толғауы Жайық бойында өмір сүрген, халық алдында беделі асқан Әтембек батырдың бір жағымсыз ісіне наразылықтан туған. Ру арасында кек туғызып, үлкен қателік жасаған Әтембектің ашулы мінезінен тайсалмай, кемшілігін бетіне басады. Әуелі оның батырлық, мәрттігін дәріптеп алады. Сіз бір туған ақсұңқар Ұшар деп келдім жөніне, – деп ақын батырдың жөнсіз істеген әрекеттерін айтуға келгендігін, ел арасында өшпенділікті жоюға ешкімнен сескенбейтіндігін, батырдың да қаһарынан еш қорықпайтындығын, ел арасын бітістіруге келгенде қандай қиыншылықтан да тайсалмай, қанжардай жарқылдайтындығын білдіреді. Қарасам бүгін өзгеріп, Солғын тартқан өңдерің... Ақылды беріп ашуға, Шайтан болды ергенің... Халықтан жеке туғандай, Адамды тең көрмедің... Тәубесі қабыл болмайды, Тәкаппар болған менменнің. Халықтың көңілін қалдырма, Зар боларсың бір күні, Есікті кетсе, сарт ұрып. Ақынның өжетсінген батырға біраз батыл сөздер айтқаны осы жолдардан айқын көрінеді. Батырдан жасы кіші болса да, ақылды кісілік көрсетіп, оның қаһарын басатындай мұндай сөздер халық тағдырын, оның болашағын, тыныштығын ойлағандықтан айтылған. Асып-тасқан шабытты жырдың аяғы әсіресе қатал үкімімен көрінеді. Ақын өзі халық өкілі болып, халықтың сөзін айтуға келгендігін батырға сездірмей қоймайды. Жырдың аяғында «егер батыр алған бетінен қайтпасаң, халықтың алдында беделден жұрдай боласың» дегендей ой білдіреді. Дұшпаныңды қош көріп, Ашуыңды дос көрсең, Бұл тілекті бермесең, Айтқаныма көнбесең, Сағынып аңсап, «аға» деп, Енді сәлем бере алман. Менен бұрын сен өлсең, Құрметтеп, қолдап көме алман. Енді қайтып оралып, Босағаңды көре алман. Батырдың бетінен қайтып, достыққа шақырған жыры терең мәнділігімен көрінеді. Нұрым ақын өнердің ғажайып күшін адуын батырға көрсете білгені сөзсіз. Нұрымның «Қоштасу» атты жыры ұзатылып бара жатқан қызға арналған. Ақын жат жұрттық болып бара жатқан қыздың сұлу келбетін, адамгершілігін, пәк мінезін таңдаулы сөздерімен шебер бейнелеген. Қырымның жұрт жиылған қы­зығындай, Бедерің бес жасыңнан тұр бұзылмай. Қып-қызыл екі бетің алмадайын, Базарда бұлы қымбат қырмызыдай. Асылдай ақ күмістен айырулы-ай, Қасиетті бір мінезің абиұрлы-ай. Ақ бетің ақ жауқазын айға меңзес, Бұқардың бұлы қымбат ақ ұнындай. Осылайша, қыздың артықтығын суреттеп болғаннан кейін, заманның ағымына адам өзі-ақ еріксіз түсетіндігін ескертеді де, жағымсыз мінездер мен әдеттерден аулақ болуды өсиеттейді. Ерке өстің ата-енеңе жасыңда, қыз, Бұл күнде қосылғайсың асылға, қыз. Қуалап дүние түбін малды ойласаң, Бір күні өтер дәурен қапылда, қыз. Сонымен бірге, еркелікті қоюды, басыңда қызыл шарқат тұрғанда болашақты болжай білуге, баста дәурен көп тұрмайтындығына, мықты болуға, қиыншылыққа қарсы күресе біліп, өмір заңына, тағдырға бағына білуді ұлағаттайды. Бұл жыр әрбір жасқа айтылған өнегедей сезіледі. Өз заманында рөлін жақсы атқарған, кейінгілер үлгі тұтар асыл үлгілер жырда баршылық деуге болады. Нұрымның суырыпсалма ақын­дығы айтыстары мен сөз қағыс­тарында көрінген. Ол әрқашан көркем сөздерімен, тапқыр ойларымен халықты қызықтырған. Нұрымның сұрақ-жауап түріндегі екі айтысы Абылмен және Қашаған­мен болған. Мұнда ақындар дін туралы бір-бірінің білімділіктерін байқасқан. Нұрымның бізге толықтау жеткені – Жаскілеңмен және Берішқызымен сөз қағысулары. Жаскілеңмен сөз қағысуында негізгі көтерген мәселе – елдік пен ерлік жайы. Бірақ олар рулық шең­берден аса алмай қалады. Жалпыха­лықтық мәселелерге көтерілмейді. Нұрым айтысының мәндісі, идеясы және көркемдігімен биік көрінетіні – Берішқызымен айтысы. Бойжеткен ақын қыз Нұрыммен айтысудан сескеніп жүреді екен. Соны сезген Нұрым бұрын атын естігенімен өзін танымайтын қызға «Нұрымның інісі Тастемірмін» деген соң, қыз ақынмен сөз қағыстыра жөнеледі. Берішқызы адайдың көшпелі ел екенін мінейді. Кезінде Бала Оразды жеңген ақын қыздың сөзге жүйріктігін білген Нұрым оның осал жерінен ұстауды ойлап былай дейді: Қызыл тіл сөйлей-сөйлей желдей ескен, Беріштің бір өнері ағаш кескен. Мал берсе, Беріш қызын бере берер, Сізді де тоқалдыққа берер дескен. Қалыңмалы алынып, басы байлаулы болып отырған қыз осы сөзден кейін жеңілгенін мойындап, өзінің мұңын шағады. Рулардың кемшілігін айтудан басталған айтыс әлеуметтік мәселені қозғаумен түйінделеді. Бұл айтыста заман бейнесі көрінген. Нұрым – дастан да шығарған ақын. Оның «Тоғыз ауыл» аталған дас­таны «Аламан» (1926) атты жинақта «Байбоз-Жанбоз» аталып жарияланды. Ондағы қозғалған негізгі тақырып – басқыншылыққа қарсы күрес. Дастан тарихи болған оқиға негізінде туған. ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Маңғыстаудағы адайдың Байбоз-Жанбоз руының тоғыз ауылына Хиуа қарақшылары шабуыл жасайды. Шапқыншылар малды айдап, адамдарын тұтқын етеді. Құрамында екі жүз елу адамы бар жауға адайдың қырық батыры қарсы шығып, Борқұдық деген жерде тоналған мал-жанын айырып алады. Көп адам шығын болады. Амантұрлы, Есенияз, Қабыл, Ықылас, Төленді сияқты айтулы батырлар осы соғыста қаза тапқан. «Байбоз-Жанбоз» атты жырда бей­біт жатқан елді түрікмен Жәуміттің қанқұйлы қолы кенеттен шауып, тонап талқандайды. Ақын мұны былайша суреттеген. Қаперсіз ерлер жатқанда, Қапыда түсті қақпанға. Елдің алды асқанда, Көлденең шыңға басқанда, Есіл ердің баласы, Айла таппай сасқанда, Тұс-тұсына қашқанда, Күйкеннен бергі бауырда, Екі жүз елу Жәуміт келіп ұрынған. Көптеген адамды, қыз-қырқынды тұтқындап, мыңғырған малды айдап алып кетіп бара жатады. Бұл хабарды Байбоз-Жанбоз жігіттері ести сала жиналғанда, олардың саны қырық-ақ жігіт болыпты. Атақтары елге белгілі батырлар сайман-сауыттарын киіп, жау соңынан аттанады. Ақын суреттеуінде ол былайша көрінген: Бұл хабарды есітіп, Қуып шыққан қырық жігіт. Қой суы менен қамаудан, Алпыс екі тараудан, Дүние өтті талайдан. Көп өтіп дәурен азайған, Тоғыз ауыл шабылды. Толықсып жүрген адайдан, Қатын-бала, қара орман. Еріксіз кетіп барады, Жау қолында қарайған. Қырық жігіт түрікмендерге жеті­сімен қырғын шайқас болып, кешке дейін кескілеседі. Айналдырған қырық жігіт, Кешке дейін соғысқан. Еш те көмек болмады, Былайғы мұңал, тобыштан. Ертеңнен кешке соғысып, Тастады жәуміт олжасын, Қорғаумен болды өз басын. Сөйтіп, жәуміттер шеттерінен қыр­ғыншылық тапты. Қырық жігіттің екі жүз елу саны бар жауға төтеп беруі, онымен қоймай, оларды талқандап жеңуі, бәріне де қырғын таптыруы айта қалғандай. Батырлардың елін жау шауып бара жатқанда, еш сес­кенбестен қарсы шабуы көзсіз ерлік екендігі сөзсіз. Олардың өз бастарын да ажалға тігуге бел байлаған адамдар екендігін көреміз. Қуғыншылардан да шығын болғандығы жырда анық айтылған. Нұрым ерлікті осылайша жырлап, халық санасына дастан ретінде қалдырған екен. Бұл шығарманың тууына, әрине, себеп те болды. Ақынның жүрегін жырлауға қыжыл­датып жүрген адайлардың ерлігі үлкен жиында туыпты. Ол туралы Х.Досмұхамедұлы бастырған «Аламан» атты жинақта былай делінген: «Осы оқиғадан кейін бір үлкен жиында (аста) Байбоз-Жанбоздың адамдары: «Түрікменнің көп қылтаманын жеңіп, жесір айырған қырық жігітке лайықтап сөз шығарған ақынға арғымақ ат, ала тон береміз», – депті. Асқа жиылған ақындар сөз айтуға жолды Жаман адай Шыршығұлұлы Нұрымға беріпті. Сонда Нұрым осы сөзді айтып, арғымақ ат, ала тонды алыпты. Бұл әңгіме ХІХ ғасырдың алпысыншы жылының шамасында болған» (Х.Досмұхамедұлы, «Аламан», Алматы, «Ана тілі», 1991, 156 б.). Нұрымның екінші дастаны – «Балуаннияз». Осы дастанның мазмұнын қысқаша баяндағанды жөн деп есептедік. Балуаннияз – өмірде болған адай руының батыры. Дастан оқиғасы да шын болған, себебі дастанда аттары аталған түрікмендермен соғысқа қатысқандар – сол кезде өмір сүрген адамдар. Оқиғаның халық жадынан шықпай, олардың ерліктерінің ауыздан-ауызға айтылып жүргенінің куәсі – ақынның өзі. Сонымен бірге оқиға ақын өмір сүрген кезде болған. Екі жүз шамасындағы жаудың келе жатқанын батырларға жеткізген адам Тұрмамбет болатын. Кел, жігіттер, жүріңіз, Атқа жылдам мініңіз. Қайтарында ол қолдың, Қапталынан тиіңіз. Не салғанын Алланың, Сонда барып біліңіз... Жауға жесір жіберіп, Жігіттер, үйде қорқып, Лайық па жатқаның? Тұрмамбеттің еттен өтіп, сүйекке жететіндей сөздері жігіттердің жан-жақтан жиналуына қозғау салады. Жауға қарсы адайлардан қол жиналып, жорыққа аттанады. Алпыс кісі адайдан Сонда кеулеп жөнелді. Ит түрікменді іздесіп, Сол адайдың басы екен Балуаннияз мырзаңыз. Балуаннияз әуелден аты халық арасына кең тараған батыр болған. Жауға қарсы аттанған алпыс сарбазды басқарады. Жыр Балуаннияздың қандай ер екендігін былайша әсем жолдармен сипаттайды: Басына қыдыр дарыған, Уызына жарыған. Ежелден құдай қалаған, Аш-арыққа қараған. Сырлы аяқтың түбінен, Бал сыпырып жалаған. Жасынан-ақ жау көріп, Ат құйрығын тараған. Бір өзінің дәл басын, Мың кісіге балаған, Азын көпке санаған. Ауылдан-ауыл, жұрттан-жұрт қой­­май жапырып келген түрікмен қа­нішерле­рі бейбіт елді талқандап, үйін өртеп, ма­лын алып, жанын тұтқындап ел­деріне қа­рай бағыт алып бара жатады. Таудағы елді талқандап, Қақ айырып қазанын, Балтаменен ояды. Тойғанынша мал алды, Мұсылманды құл қылып, Сатайын деп мол алды. Ырғалып-жырғалып кетіп бара жатқан түрікмендер Босаға деген жерге жеткенде, алпыс батырға бетпе-бет келеді. Ұрыс басталады. Білтелі мылтықтар іске қосылады. Көп түрікменге төтеп берген адайлардың шайқасы ұзаққа созылады. Табаны аумай қасқайып, Қазақ байғұс шыдады. Сол ұрыстың ішінде, Шаршамаған күнімен. Қимылдаған шынымен, Жүйрік жүріп оқ атқан, Оғын қардай боратқан, Кенжебек пен Серғазы. Халқының жолында жанын пида етуге дайын Балуаннияз улап-шулап тұрған бала-шаға, әйелдерді көргенде, жаны жылаған сайын жігеріне жігер қосылып, айбаттана түседі. Жырда Балуаннияздың батырлар­ға қарата айтқан монолог-толғауы өте әдемі де айшықты, ақын ашына толғанған батырдың тебірене айтқан сөзін ғажап қисындықпен төкпектеткен. Менің көңілім тынбайды, Осы жаумен тоғыспай, Араласып соғыспай, Қорқып қалсақ осы жерде Бір адайды келтірмес, Маңғыстау деген қонысқа-ай! Ақынның өзі ежелгі батырлар жы­рындай ерекше суреттеген. Сол жыр­лардағы кейбір жыр орамдары ақын аузына еріксіз түскендей. Ақынның осы жыры батырлар жырының қатарын толтырған төл інжу-маржандарының бірі деп бағалауға болады. Балуаннияз батырдың батырлық келбетін аша түскен деталь жырда мол көрінеді. Жамандатқыр құла атқа, Қамшы басып шу деді. Шу дегенде гуледі, Табаны тасқа тимеді. Асқар таудай айбатын, Алла берген қайратын, Талау тигір бәйге атқа. Балуаннияз қасқайып, Түтеп тұрған мылтыққа, Бір қайыспайды жасқанып. Балуаннияз шайқаста жаудың қолбасы Бөрі батырын жекпе-жекте өлтіреді. Бөрінің қаза тапқанын көрген түрікмендер бөрі тигендей қаша бастайды. Жауды тым-тырақай қашырып, тұтқынға түскен елді, жесірлер мен бала-шағаны, айдалып бара жатқан малды аман алып қалғанымен, Балуаннияз батыр майдан кезінде алған жарақатын елемей жүре берген екен. Ақыры сол жарасынан қаза тауыпты. «Балуаннияз» дастаны ақын­ның ірі шығармасы және шығарма­шылы­ғының шыңы деуге болады. Ақын елі үшін еңіреген ер Балуаннияздың батыр тұлғасын жасаған. Жырда аса мән беріліп жырла­на­тыны – басқыншылық, ел-елдің ара­сындағы осындай жау­гершілік­тің тоқтамай, жайбарақат өмір сү­руге мүмкіндік бермей, елдің үздіксіз тынышын ала беретін осындай шапқыншылықты ұйымдас­ты­ру­шылыққа қарсы шыққан ақын көзқарасы айқын көрінеді. Дастан кейінгі ұрпақты ерлікке тәр­биелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Нұрымның шығармашы­лығын­дағы ерекшелік – оның батырлар жырының бірқатарын кейінгі ұрпаққа жетуіне күш салған айтулы жыраулардың бірі екендігі. «Қырымның қырық батыры» цикліндегі батырлар жырларының біразы Нұрым арқылы тараған. Нұр­пейіс, Қашаған, Мұрын жыраулар дәстүрі бойынша жырларды Нұ­рымнан үйренген. Мысалы, «Қарадөң ұрпақтары» атты бір топ жырларды жас жыраулар Нұрымның айтуы бойын­ша біздің заманымызға жеткізген. Нұрпейіс ақын да жыр­лардың бірқатарын Нұрымнан алған. Нұрым Шыршығұлұлы – батыр­лық жырларды таратушы және өрнекті түрде дамыта жырлаушы. Нұрым өзі өмір сүрген заманға сын көзімен қарап, ел азаматтарын жақсы мінез-құлыққа үгіттеп, жақсы қасиеттерді насихаттайды. Ақын адам ғұмырының кезең-кезеңдерін жырлап, әрқайсысына мінездеме берген және ғұмыр мәңгілік емес екендігін көркем тілмен айта білген. Оның жырлары халықтығымен, бұқараның айнымас арын арлаушы, жоғын жоқтаушы болғандығымен көрінеді. Қадыр Жүсіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор

13525 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7093

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6147

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3886

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3278

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3233

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3207

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2935

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2922

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы