• Тарих
  • 20 Қаңтар, 2012

Ұлыма хат

2. «Балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма».

Шаңырағым менің! Сен білім іздеп, сонау, ата-бабаның табаны тимеген Қытай еліне кеткелі өзіңе деген сағынышым басылар емес. Әке баласын сағынады, «ұзынтұра бойын көрсем екен» деп, бала әкесін сағынады, «жетпесімді жеткізіп берсе екен» деп арда ақын Мұқағали айтқандай, мен де сені сағынып отырмын. Енді сол сағынышымды басу үшін және саған әкелік ақыл-кеңесімді беріп отыру үшін хат жазуымды жалғастырамын. Есіңде болсын, құлақпен есту ұмытылады, ал жазылған хат мәңгілік тарихқа айналып кетеді. Хат жазысудың да өзінше мәдениеті мен сыры болады. Күні кешеге дейін адамдар бір-бірімен хат жазысып, амандық-саулықтарын білісіп келді. Тіпті ірі қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар да бір-біріне деген ыстық ықыластары мен сыйластықтарын хат жазысу арқылы білдіріп отырған. Мысалы, Шоқан мен Достоевскийдің, Шәкәрім мен Лев Толстойдың, Мұхтар Әуезов пен Бауыр­жан Момышұлының, Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың, осы күнгі өмірдегі Шерхан Мұртаза мен марқұм Камал Смайылдың бір-біріне хат жазысып сырласуы олардың арасындағы аса сыйластықты, пікірлестікті көрсетсе керек. Сол сияқты мен де студент кезімде, әскер қатарында жүргенімде, әкем мен шешеме, тума-туыстарыма хат жазғанмын. Ол заманда байланыс саласының қызметі бүгінгі күндегідей дамымаған. Қазіргі уақыттағы компьютер мен ұялы телефондар ол кезде атымен жоқ болатын, тіпті ауыл мен ауылдың арасында да телефон байланысы болмаған кез. Жұртшылыққа ел өмірінде болып жатқан түрлі жағдайлар жайы хабаршы арқылы хабарланып отыратын. Менің шешем марқұм Алмажан – сенің әжең он күн сайын ауылдың поштасына барып менен хат күтетін. Егер хат келсе, шаттанып, қуанып, хатты ашып, қолымен сипап, өзінің сауатының болмауына байланысты хатты пошташы жеңгеміз, марқұм Шамшияға қайта беріп, сол бойда оған оқытып, менің амандығымды білетін. Хатты оқытып, сағынышын басқаннан кейін өзі айтып тұрып, Шамшияға хат жазғызатын. Шамшия жеңгеміз: «...Шешей менің қасымда тұр, ауыл тегіс аман, шешейдің айтқан сәлемін хатқа түсіріп жазып тұрмын, өзің аман жүр, сабағыңды жақсы оқы», – деп хатты аяқтайтын. Жалпы, әжең өте балажан адам болатын, ақ жаулығы желбіреп ауыл поштасына келетін «сол анамның көңілі жабырқамасыншы, хабар алып шаттансыншы» деген ниетпен хат алған бойда хат жазатынмын және сабақты да бір адамнан кем оқымайтынмын. Сөйтіп, мен хат танымайтын анаммен бес жылдан астам уақыт бойы хат жазыстым. Ауылға демалысқа келгенде жарықтық анам менің жазған хаттарымды орамалға түйіп сақтап жүргенін көрсететін. Енді, міне, Алла қаласа, мен де сенімен ұзақ уақыт бойы хат жазысам ба деп отырмын. Сен білмегендеріңді хат арқылы менен сұра, ал мен саған өзімнің білгенімше жа­уап беріп тұрайын. Келістік қой, менің Батырым! Сен енді әке-шешеңді, тума-туыс­та­рың­ды, бұрынғы өткен бабаларыңның ізі қа­л­ған Ұлыборсық құмын, кәмелет­ке то­лып ор­та білім алған жерің – сүйікті Ақтө­бең­ді, тіпті күллі Қазақстаныңды сағына­сың. Әке-шешең де, бірге туған бауырла­рың да сені сағынады. Алайда өзге әкелер сияқты мен де өз ұлымның жақсы адам, білімді азамат, қайырымды да мейірімді жан болып өскенін, толық адам болып толысуын жаратқан иемнен тілеймін. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің өсиет сөзінде «ғылымды Қытайда болса да барып алыңыз, жердің алыстығына, халықтың жаттығына қарамаңыз» деген екен. Сондай-ақ Абай атамыз: «...Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдей­лік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – деп өзінің өсиетін қалдырған. Әр ұлттың тілін, өнерін білген кісі сол ұлттың өзімен бірдей теңеседі. Бүгінгі өмірде өзіңді лайықты сезінуге ең керектілердің бірі – тіл білу. Тіл мен іскерлікте шекара болмайды. Сабағыңның жемісті болуы, өзге де байланыстарыңның дұрыс болуы үшін қытайша, ағылшынша сөйлеуге мәжбүрсің. Біреу арқылы сөйлескенің ауызба-ауыз өзіңнің сөйлескеніңдей болмайды. Қанша елдің тілін білсең, сонша рет адамсың. Қазір сен өте қиын жағдайдасың. Түсінемін, саған дүкенге барып, күнделікті тұтынатын заттарыңды сатып алуда да үлкен қиындықтар кездесуде, өйткені тіл білмейсің. Алайда төзімділік көрсетіп, алға қойған мақсатыңнан қайтпай, қайсарлық та­нытып, тілді үйренгенің абзал, сенің зама­ның осыны талап етіп отыр. Сен кеше теле­фонмен сөйлескенде: «Тіл білмегесін менің күнделікті өмірім қиындықпен өтуде, қайда барсам да мылқау, саңырау адам сияқтымын, керек затымды ыммен нұсқап, қолмен көрсетіп, түсіндіре алмай әлек болам, іштей «қайда тап болдым» деп ыза­ланамын. Үш балаңды Ақтөбеде оқыт­тың, олар ешкімнен кем емес. Мен де елде оқы­ғанда ешкімнен кем болмайтын едім ғой, неге мені шетелге асырдың?», – дедің. Айт­­қаның дұрыс, елде жүріп те білім алуға болады. Алайда шетелдің аты шетел ғой. Ол елде өмір сүру – біздегіге қарағанда, өзгеше, ертең-ақ басқаша айтатын боласың. Өмір деге­німіз өте күрделі, әртүрлі қиын­дық­тардан тұрады, адам болған соң кездес­кен қиын­дықтарды жеңе білу керек. Мен сені «дүниені танып білсін, ой-өрісі кеңісін деген ниетпен «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балам бала болсын десең, оқыт, мал аяма» деген да­нышпан Абайдың өсиетін орын­дау үшін жібердім. Сен енді маған көмектес, шыда, табандылық көрсет. Ал ата-те­гіңде жоқ жасықтық жасасаң, өз қата­рыңның соңы боласың. Сол үшін: «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық, оқы­ған­ды көңілге ықыласпен тоқылық!» – деп өсиет еткен Ыбырай бабаңның аманатына жақын бол. Пешенеңе шетелде білім алу жазылған екен, түсінсең бұл – үлкен бақыт. Әрбір келген бақыт әуелі табаныңнан кіреді, яғни қаз тұрып, тәй-тәй басып, адам қатарына қосылғаның. Сен ол бақытты ұстай алсаң, тізеңе дейін көтеріледі, яғни буының бекіп, тізеңнің біріккені. Осы бақытты ұстай алсаң, бақытың беліңе дейін көтеріледі, яғни бұғанаңның бекіп, беліңнің қатайғаны, күш-қайратыңның то­лысқаны. Егер ол бақытты ұстай алсаң, бақытың қарныңа дейін көтеріледі, яғни қарын тоятындай еңбек етіп, өз күніңді өзің көргенің, дәулетке аяқ басқаның. Егер осы бақытты ұстай алсаң, бақытың кеудеңе көтеріледі, яғни бағың тасып, дәулетің асып, аяқты алшаң-алшаң басқаның. Бұл кеудеге көтерілген бақыт – ауыр бақыт, кеудеңді жарып та кетуі мүмкін (өмірде кеудеге қонған бақытын көтере алмай жарылып жатқандар қаншама, бізді Алла ондайдан аулақ еткей). Егер сен осы мен айтқан бақыттарды ұстай алсаң, бақытың басыңа қонады. Мұндай адамды халық «басына бақ қонған, атына дәулеті дарыған» деп жатады. Мұндай бақытқа жеткен адамның бақыты өзінен кейінгі үрім-бұтағына там-тұмдап даритын болады. Сен адамға сыртқы әсерлердің күшімен келетін адами бақытқа жету үшін өмірде кездесетін қиындықтармен күресе білгенің жөн, яғни шетелде оқу бақытына ие болған екенсің, енді соны уысыңнан шығарып алма, нықтап ұстай біл. Есіңде болсын, балам, адам басына бір қонған бақыт екінші қайтара қонбайды. Сондықтан жазмыштың жазуымен келген бақытыңды ұшырып алма! Сен – жаны таза, тұла бойы толған ме­йірім, намысқа тырысса қылыштан да өткір, шүйліксе қыраннан да алғыр сұңқар­дың тұқымысың. Сен – кешегі қазақ елінің азаттығы үшін қан төккен ерлердің ұрпағысың. Білім алып толғанша саған ел керек, білім алып толған соң сен елге керексің. Сондықтан сен бірінші – қытай тілін, екінші – ғылымын, үшінші – кәсібін игеруің керек. Біздің Кеңес өкіметі тұсында туған ұрпақтың шетелге шығып оқуға мүм­кін­діктеріміз болмады. Көптеген дүниелерге қолымыз жетпеді. Алайда, Аллаға шүкір, ел қатарлы білім алып, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп дегендей, өмір-өзенмен ақырын жүзіп келеміз. Тәубе! Менің арманым, мен жете алмаған асуларға сен шықсаң, мен ала алмай қалған білімді, сен алсаң, мен біл­меген, тіпті түсіме де кірмеген тілді сен білсең, сол тілде еркін сөйлесең, еліме жасай алмаған менің қызметтерімді сен жасасаң, онда менің арманым орындалды дей бер. Иә, енді біздің отбасымыз неге Қытай елін таңдады? Соған тоқталайын, өз білге­німше сол ел туралы оқығандарымды хатқа түсірейін. Қазақстан-Қытай қатынастары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. Екі мемлекеттің арасында әртүрлі деңгейде, сондай-ақ жоғары дәрежеде тұрақты саяси кездесулердің, сұхбаттардың өткізілуі дәстүрге айналып, екі ел бір-біріне жақындай түсті. Түрлі мәдени шаралар өткізілуде. Бүгінгі таңда, менің білуімше, Қытайдың әртүрлі қалаларында мыңнан астам қазақстандық жас білім алуда. Сен солардың бірісің. Керісінше, Қытай жастарының біразы Қазақстанда оқып жатыр. Ғылыми-техникалық ынтымақтастық қарқынды түрде дамып келеді. Айталық, мен саған көп дәріптейтін адамзаттың данышпаны Конфуций институтын құру Қазақстанда жоспарланып отыр. Келер жылы екі ел арасындағы достықты күшейте түсуге, ұлттық мәдениетті, дәстүр мен қазақ халқының ерекшелігін тереңірек тануға мүмкіндік беретін Қазақстанның Қытайда­ғы мәдени күндері өтеді. Елбасы, Үкімет басшысы Қытайда болып, түрлі кездесулер өткізеді. Сапар барысында Елбасы шетелде білім алып жатқан студент жастармен кездесулер өткізеді. Сәтін салса, сен де сондай қайталанбас кездесулердің куәсі боларсың. Тәңірім соған жазсын! Біздің отбасы қазақ елі үшін жұмбақ болып келген қытай елін осындай себептермен таңдады. Оған сенің бөтен елде, жат ортада қиындықтар болатынын біле тұра ниет білдіргенің бізді осындай шешім қабылдауға ықпал етті. Ниет қабыл болсын! Мінезің парасатты болсын, ол – сенің қорғаушың. Ақылың пайымды болсын, ол – сенің басшың. Ойың терең болсын, ол – сенің шолушың. Талабың таудай болсын, ол – сенің жетекшің. Алар білімің терең болсын, ол – сенің таусылмайтын кенің. Кәсібің зейнетті болсын, ол – сенің жолдасың. Са­бырың тұрақты болсын, ол – сенің қорғаның. Ұшқан ұшағың аман-есен жерге қонсын, ол – сенің амандығың. Ақ жол болсын, ол – сенің болашағың. Осы тілегімді бір Алла қабыл етсін! Көретін қызығың көп болғай! Аман, сау бол. Қанатбай Елеусізұлы Ақтөбе

11026 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7157

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6177

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3918

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3309

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3263

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3237

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2965

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2952

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы