• Тарих
  • 20 Қаңтар, 2012

«Шын аты оның – мейірім мен даналық»

d0bad0bed0bdd0b0d0b5d0b2-02-1«Қонаев мешітінің»  бой көтеруі

Бұл бұдан жарты ғасыр бұ­рын болған оқиға еді. Димекеңнің аталас туысы, ол кезде СХИ-да «үздік студент» Берден мен болашақ ұстаз Сәбираның үйлену тойы жақындайды. Институттың соңғы курсында оқитын жерлес студенттер «ақын-студент» Абдрахман Асылбековке қолқа салады. «Берден мен Сәбира үйленейін деп жатыр. Халықтың әуен-жыры – «Жар-жардың» жаңаша нұс­қа­сын жаз. Біз тойда соны айтайық», – дейді. Әбекең ежелгі жырдың заманға бейімделген нұсқасын тез жазып береді. Машинкада көбейтіп, достарына таратады. Сөйтіп, халық әні Әбекеңнің жаңа жыр шумақтарымен жаңаша түрленіп, тез жатталатын махаббат жырына, тілек жырына айналады. Күллі Қазақстанға белгілі «Жар-жардың» нұсқасы Берден мен Сәбираның үйлену тойында алғаш 1959 жылы орындалады. ... Қадамдарың екі жас құтты болсын, жар-жар, Ақ отаудың еңсесі мықты болсын, жар-жар, Ата-ананың үмітін ақтаңыздар, жар-жар, Махаббатты мәңгілік сақтаңыздар, жар-жар, – деп аяқталатын үйлену той-жырын бұдан 50 жыл бұрын жамбылдық жастардың тұңғыш шырқағанын қазір көпшілік біле бермейді. Димекең ағайын-туыс, жекжат-жұра­ғаттардың келін түсіру, қыз ұзату тойларында жақсы тілек тілеп, қуаныштарына ортақтасқан ғой. Інісі Асқар Қонаевтың ұлы Елдар үйленгенде алғаш сөз сөйлеп, құдай қосқан құдаларының қасында отырған еді. «Жар-жар» айтылғанда Зухра Шәріпқызы екеуі қуаныштан, той әсерінен, құда-жекжаттардың тілек-сөздерінен қуаттанып, өздерінің үйлену тойларын еске алып, іштерінен жастардың бақытты болуын тіледі. «Жар-жары» шырқалып, биі биленіп, күйі күмбірлеген тойдың асабасы атақты академик Өмірбек Жолдасбеков еді. Өйткені Өмекең мен Асекең (А.Қонаев) дос болатын. Димекеңе қатысты шаруалар болғанда көбіне Асекеңмен кеңесіп, осы кісі арқылы «үлкен үйге» кіретін. Ежелден «Жар-жарсыз», кәде-сыйсыз қазақтың тойы өтпеген және құда-жекжат болу – Құдай ісі. Димекең інісі Асқардың келін түсіру тойында құдасы Асанбай (Асқаров) екеуінің өмірлік туыстығы мен сыйластығы басталады. Асекең Желтоқсан оқиғасы кезінде басына күн туып, тұтқындалғанда Димекең үшін жанын шүберекке түйді. Димекеңнің кіршіксіз тазалығын айтып, кір жуытпады. «Жар-жардың» халықтық нұсқасын жаңартқан оның авторы Абдрахман Асылбеков қой. Берден ағамен екеуі жерлес. Талас өңірі – екеуінің туған жері.Таластың Тамабек ауылында Бекең Димекеңе арнап мешіт салды. «Алла үйін» салу – оңай болған жоқ. Қаржы, құрылыс, материалдары оңайлықпен табылмады және ұста-шеберлер де бірден іске кірісіп кеткен жоқ. Тынымсыз әрекет пен табандылықтың арқасында шар­уа бітті. Дінмұхамед Қонаев атындағы мешіт адамдар жиі келетін қасиетті орынға айналды. Сыйға тартылған «Тұлпар» Сексенінші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басы Димекең үшін торығу мен күйзелудің, іштей қайғыру мен жабырқаудың кезі еді. Өйткені сүйікті жары, тосын дүние салған Зухраның қазасы ауыр тиді. Бірақ Алла тағала сабырлы етіп жаратқан Димекең қиындыққа да, қайғыға да шыдады, сыр бермеді. Ежелден сыйласқан жақын туыстары мен адал достары қарияның хал-жағдайын біліп, мүмкіндігінше көмектесіп тұрды. Қазақстанның көркеюіне бірі кісідей-ақ еңбегі сіңген Қонаев көлік жағынан қатты қиналды. Сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділевке телефон арқылы жағдайын айтқаны бар. Зекең қамкөңіл адамға көмектесуді өзіне парыз санап, мұны ойластырған. Бір күні Димекеңнің үйіне туысы Берден Байқошқаров кіріп келді. Димекең аман-саулық сұрасып, соңында қандай шаруамен келгенін білгісі келді. «Аға, сізге немерелеріңіз атамыз мініп жүрсін деп бір «темір тұлпар» әкеліп еді, есік алдына шығып, соны көріңіз», – деді. Далаға шыққан Димекең жарқыраған шетелдік машинаны көргенде қапелімде не айтарын білмеді. Көліктің есігін ашып, ішіне кіріп, алдыңғы орындығына отырып, «иномаркаға» риза болған Димекең: «Жақсы, жарайды», – деп балаша қуанды, күліп алғысын айтты. «Берден-ау, менің пенсиям кейде мұның бензиніне жетпей қалады ғой», – деп әзілдеді. Әзіл емес шындығын айтқанын Бекең сезді. «Балалар бензинін де табады», – деді Бекең. Көлікті ұнатқан Димекең «ат мінгізген» ағайын-туысқа қатты риза болды. Бекеңнің ұлы Жанат алғаш бизнес­пен айналысып, табысына «иномарка» алады. Америкалық «Понтияк» машинасын әкесіне сыйлауды жөн көреді. Димекеңнің тозған ескі көлікпен қал­ған жағдайын біліп отырған әкесі: «Ба­лам, тұлпарыңды даңқы әлемге аян ата­мыз Димекеңе сыйлап, үлкен кісіден бата алайық, соған келіс», – дейді. Әке сөзін тың­дайтын бала бұған келіседі. Сөйтіп, соңында «иномарка» Димекеңе сыйланады. Бекең осы оқиғаны кейде жиі еске алып, көп әңгімелейді. Өйткені қамығып жүргенде қамқор болған жанды Димекең өле-өлгенше жақсы көрген. Димекең ақтық демі біткенше осы көлікпен жүрді. Димекеңнің туған күні – 12 қаңтарда «иномарка» Қонаев мұражайына тарту етілді. Келін түсіру қуанышы Бекең ақынжанды азамат, ақын-жазу­шылармен өмірбойы араласып келеді. Қаламгерлерге жасаған қамқорлығы да бар. Сондықтан ақындардың Бекеңе арнаған жырларын жинаса, бір кітап болады. «Өнер алды – қызыл тілдің» қасиетін, киесін Бекеңнен артық «түп-тегінен» қозғап, әңгіме айтатын кісілер аз. Өйткені ол Бөлтірік шешеннің туысы емес пе?! Бөлтірік шешенді Димекеңнің өзі пір тұтқан. Қонай мен Бөлтірік ақын замандас болса керек. Бекеңнің ақын-жазушыларды жақсы көріп, құрметтеуі Димекеңе ұқсайды. Ежелгі тарих, шежіреге сұңғыла Бекең Димекеңді даңқы Шығысқа белгілі «Бахтияр патшаға» (Ақ император) теңейді. Өйткені Қытай тарихын көп оқыған Димекеңе туыстық жағынан ғана емес, алдымен рухани жағынан жақын Бекең Қонаев бойындағы қасиетті әбден зерттеп-білген. Кемеңгердің жалғыз міні болды. Алла тағала перзент бермеді. Димекеңнің ет-жақын туыстар арасында кейде налып: «Алла тағала маған бәрін берді, бірақ бала бермеді», – деп айтатыны содан. Халық пайғамбарға теңейтін Димекең жөнінде белгілі діндар: «Пайғамбарда да ұлдан ұрпақ болған жоқ», – деп Тәңір ісін өзінше түсіндіретін. Димекең өмірінің соңында Құдай қосқан қосағынан айырылған тұста бала жоқтығынан қатты қапаланған кездері болды. Осыны сезген таластық тарлан ақын Нарша Димекеңмен кездесуде: «Ей, ағайын мына отырған дәу шалдың байлығы да, баласы да – біздерміз», – деп текке жыр шығармаса керек. Қазақ үшін келін түсіріп, немере сүюден асқан бақыт жоқ. Өкініштісі, Димекең келін түсіре алмады. Өйткені өмірден перзентсіз өтті. Бірақ бір тосын келін түсіру қуанышын көріп, оны өз үйінде жасап, үйленген екі жасқа бата берді. Бекең ұлы Жанат үйленгенде келін­ді алдымен Димекеңнің үйіне әкеліп, тойды осы шаңырақтан бастады. Шашу осында шашылып, «Жар-жар» осында айтылды. Беташар рәсімі де осында жалғасты. Халықтың дана перзенті төрде отырған Димекеңе арнап суырыпсалма ақын жыр төкті. Ұлындай болған Жанатқа және оның жұбайы Гүлмира келінге ақ тілек тіледі. Жиырма бір немересі, екі-үш шөбересі бар Бекеңнің Димекеңе келін түсіру тойы соңында мейрамханада жалғасып, ұлан-асыр қуаныш Алматыда дүркіреп өтті. Бекең бір немересіне Дінмұхамед, екінші немересіне Зухра деп ат қойды. Бұлар Қонаев ұрпақтары саналады. Өйткені жаңғырған есімдер олардың бұл өмірдегі аты мен затын өшірмейтін «рух жалғастығы» болса керек. Айтпақшы, Зухра апа Бекеңнің жұбайы Сәбираны көзінің тірісінде қатты құрметтеген. Қыз кезіндегі тағдырын айтып, сырын ашып әңгімелескен ғой. Ал Димекең болса: «Сәбира келіннің құрт, ірімшік, жентіне жететін дәм жоқ», – деп тамсанушы еді. «Байлығы да, баласы да біздерміз» Бұрын Әулиеата деген қасиетті атқа ие болып, шын әулиелер өмір сүріп, өмірден өткен Тараз-Талас өңірінің жыршысы, ақиық ақыны Нарша Қашағанов өзге ақындардай емес өз елінде өмір кешіп, өміршең жырлар жазды. Осы өлкеден шыққан атақтылар ішінде Наршадан артық көп жазған ақын сирек. Оның арнау жырлары – өнеге әрі атақты тұлғалардың «ғұмыр-рухының» өшпей, лаулап тұрған от-жалыны, дидар-бейнесі. Накеңнің Бөлтірік шешен, Есей би және Саурық батыр жайындағы жырлары аруақтар тіріліп келгендей әсерлі. Ақын Құдай тағалаға сыйынып, тебіренеді. «Әр уақытта желеп-жебеп жүретін аруаққа сыйынайық», – деп ойын түйіндейді. Өйткені қазақ ежелден «Құдай қолда, аруақ оңда» дейді ғой. Нарша ақын шығармашылығындағы тарихи тұлғаларға арналған жырлар – айшықты әрі ойлы. Әсіресе, батыр Бауыржанға арнаған өлеңдері айрықша. Таластық танымал ақын Димекеңмен жүздесіп, сөзін тыңдап, біраз жыр арнаған. Әр жырында Алла тағала берген асыл қасиеттер әр қырынан өрнектеліп, ойлы жыр төгіледі. Бұл тірлікте әркімдерді «сіз» дерміз, Бірақ түбі ірілерді іздерміз. Ей, ағайын! Мынау отырған дәу шалдың Байлығы да, баласы да – біздерміз. «Армысың алты алаштың ақсақалы» атты кездесуде оқыған жырында Димекең туралы осылай тебіренсе, ол кісі дүние салғанда, қапаланып былай дейді: Таза ісі талайларды таң қылып, Қазасымен ел жүрегін қан қылып, Әне, кетті әділетсіз әлемнен. Әулие-әмби мекеніне мәңгілік. Талас ауданында Димекеңе ескерткіш ашылғанда қуанып, ерекше шабытқа мінген ақын. Өткен, кеткен бұл фәниден сан алып, Тарих үшін ол да емес жаңалық. Дінмұхамед – Қонаевтың жай аты Шын аты оның – мейірім мен даналық. Өткен жылы Нарша ақынның «Жақ­сы­лық жаса адамға» атты жаңа жыр кітабы жарық көрді. «Өлеңдерім – халқыма жазылған хаттарым» деп өзі айтқандай, қасиетті ақын халқы мен елі жайында толғанады. Қолынан келгенше жақсылық жасағысы келеді ел-жұртқа. Тәңірден ізгілік пен иман тілейді. Өйткені өзі жыр арнаған Димекең өмір бойы адамға жақсылық жасауды парыз санап, өмірден өтті ғой. Димекең өзіне жамандық жасағандарға жақсылық жасап, кешірімшілігі мен кеңдігін өнеге етіп кетті. Сондықтан Димекең халықтың піріне айналды. Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы, профессор

4393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7140

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6170

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3911

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3302

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3256

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3230

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2958

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2945

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы