• Руханият
  • 27 Қаңтар, 2012

Бедеулік пен белсіздік: кесел ме, кесір ме?

d0b1d0b5d181Адам өмірінің ең бір cәулелі сәті сәби сүйіп, ұрпақ жалғастыру десек, табиғат сыйлайтын бүгінде осы бақыттан шет қалып жататындар көп. Міне, бұл – қоғамның түйткілдерінің бірі. Әлемде 150 миллион ер адам эректильді дисфункция дертімен сырқаттанса, біздің елдің өзінде бұл ауруға жарты миллион азамат шалдығыпты. Қазақстан бойынша 24 мың ер адамның 56 пайызы түрлі формадағы эректильді дисфункция сырқатымен ауырады екен. Ал Алматыдағы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметіне жүгінсек, жас қыз-келіншектердің жиырма пайызы бала туу қабілетінен айырылған. Әсіресе, 18-25 жастағы бойжеткендерде бедеулік жиі кездесетін көрінеді.  Жалпы, «сәби сүю бақытынан айыратын сырқат неден туындайды, одан айығудың жолы қандай» деген сауалдар әркімнің де көкейінде жүрері сөзсіз. Көптеген дәрігерлер бедеулік пен белсіздіктің себептерін жастайынан денсаулықты күтпеуден көреді. Бұл дерттің дәл қазіргі таңда кең етек жаюының бір себебі – бүгінгі бойжеткендеріміздің бабымен бой түзей алмауы. Расында да, мықыны мен кіндігін ашып, кеудесін тар киіммен құрсаулай киінетін сәнқой қыздардан көшеде көз сүрінеді. Ал темекі мен сыраға әуес қаракөздеріміз өз келешегін өзі улап, тұншықтырып жатқанын, сірә, байқай бермейді-ау, шамасы. Сонымен қатар дәрігерлер ер-азаматтардың да денсаулығы сын көтермейтінін айтады. Орын алған олқылықтың аз да болса орнын толтыратын амалдар да болады. Денсаулығына байланысты бала сүйе алмай жүргендерге көмек қолын созып, жасанды жолмен ұрықтандыру тәсілін ұсынып жүргендердің бірі – биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова. Салтанат Берденқызының айтуынша жаратылыстағы барлық тіршілік иелерінің ішінде адамзаттың жүкті болу қабілеті өте төмен екен. Дертке дауа іздеген медицина ғылымдарының кандидаты Салтанат Берденқызы жасанды ұрықтандыру жолы арқылы балалы болу бақыты да бәріне бірдей бұйыра бермейтінін айтады. Мұндай әдіспен жүкті болуға 20 жастағы келіншектердің – 15-20 пайызы, ал 40 жастағы әйелдердің бес пайызы ғана қабілетті. Жасанды ұрықтандыру тәжірибесі ерлердің бес пайызында мүлде ұрық болмайтынын көрсеткен. Көбіне белсіздік ауруы 30 жасқа дейінгі ерлерде кездессе, ал 30 жастан асқандар ішімдіктің немесе сол секілді зиянды әрекеттердің кесірінен кеселге килігетін көрінеді. Жасанды ұрықтандыру жолы арқылы балалы болу бақытына 100 пайыз кепілдік бере алмайды, тек 95 пайыз бедеулік пен белсіздікті жеңе алады. – Балалы болу бақытынан айыратын сырқатқа кей жағдайда адам өзін-өзі апарады. Мәселен, ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу, жасанды түсік жасату – басты себеп. Ал жасанды ұрықтандыру жолы арқылы бала сүюге бәрінің бірдей қаржысы жете бермейді. Айталық, Израильде мұндай амалға жүгінетіндерге үкімет 2 балалы болғанға дейін тегін қызмет көрсетеді. Ондағы мақсат – халықтың санын кө­бей­ту. Кең-байтақ жері бар қазаққа да демографияны арттыру үшін осындай бір бағдарлама керек, – дейді «Экомед» медициналық орталығының ғылыми директоры Салтанат Берденқызы. Кейбіреулерге жаратылысынан, енді біреулерге күтінбеуден бе­рілетін бедеулік пен белсіздікті екінші қырынан, яғни діни наным тұрғы­сынан қарастырып көрсек, сәби сүю бақытын тәрк еткен көкек-аналардың кесапаты да секілді. Халық сенімі бо­йынша ананың бойына бітетін бала – Жаратқанның жіберген сыйы. Сол сыйды біле тұра өз қолымен өлтіріп, түсік жасату немесе баланы тастанды ету кесірлі іс емей, немене? Кеселге шипа іздеген әдіске «Жаратушы ғана бере­тін баланы қолдан қалай жасайды, бұл – күпірлік» деп қарайтын теріс түсінік те бар. Негізінде, «Алла тағала әрбір ауруды жібере отырып, оның емін де қоса береді» дейді. Сөзімізге арқау болып отырған осы амалды қолданысқа әкелген Салтанат Байқошқарова: «Алла адамға ақыл, сана, денсаулық берді, соны пайдаланып, ары қарай ізгі іс жасау – адамның қолында. Тіпті, бұл әдістің өзі 100 пайыз сәтті шыға бермейтінін айтып жүрміз», – дейді. Яғни, сәттілік Жаратушының жарылқауынан деп түсінейік. Балалы бола алмау шаңырақтың шайқалуына да бірден-бір себеп болатынын, талай жұбайлардың ажырасуына ықпал ететінін де көріп жүрміз. Бүгіндері жас аналар арасында құрсаққа біткен шарананы сақтай алмау сырқаты да басым. Сондай-ақ қазір дүниеге келетін нәрестелердің жартысынан астамы бас сүйегінің қан қысымымен, түрлі кемістікпен туылады. Ал бірқатар аналарымыз өз күшімен босана алмай, кесер тілігінің көмегіне жүгінеді. Бұл да – бір індет. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың тоғыз айында бір ғана Жамбыл облысында 223 жасөспірім ана атанған. Ал 130-дай жас қыз жасанды түсік жасатқан(!). Дені сау сәби­дің туылуы қазіргі күнде 10-15 пайызды ғана құраса, жүкті болу жасындағы әйелдердің 70-80 пайызы – ауруға шалдыққандар, ал 30 пайызына дәрігерлер «мүлде тууға болмайды» депті . Міне, соның салдарынан еліміздегі отбасылардың 25-30 пайызы нәрестелі болу бақытынан айырылған. Міне, бұл да – еліміздегі демографияның төмендеуіне бірден-бір әсер етуші фактор. Дәрігерлердің айтуынша, ананың құрсақ көтеріп, өз күшімен дені сау баланы дүниеге әкелуіне бірден-бір қауіп – қаназдық ауруы. Сондықтан ақ халаттылар қаназдықпен бала күннен күресу керектігін ескертеді. Ал сәбилердің ауру болып туылуы – ата-анасының денсаулығының нашарлығынан. Мамандар соңғы кездері «даун» ауруымен туылатын балалар көп кездесетінін айтады. Сәби­лердің мұндай сырқатқа тумысынан шал­дығуына әке-шешесінің жыныс жолдары ауруына шалдығуы себеп болады екен. Дәрігерлер қауымы жастар отау құрғанда отбасын жос­парлауды ескермейтінін, үй болуды тек үйленумен ғана толығатын шаруадай көретіндіктерін айтады. Басты байлықтан байқаусызда айырылып қалып, жаратылыстың сыйынан құр қалмаудың қамын күйттеген жөн-ақ. Қамар ҚАРАСАЕВА Тараз

8861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7257

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6229

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3970

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3360

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3319

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3288

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3016

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3004

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы