• Ақпарат
  • 27 Қаңтар, 2012

Жаңа кезеңге – жаңарған Парламентпен

d0bfd0b0d180d0bbd0b0d0bcd0b5d0bdd182-5Өткен жұмада Елбасы Н.Назарбаевтың қатыс­уымен бесінші шақырылған Парламенттің қос пала­тасының бірлескен отырысы өтті. Бесінші шақырылған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында Президент ел Конституциясының 59-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламентінің бесін­ші шақырылымының бірінші сессиясын ашық деп жариялады. Одан әрі су жаңа депутаттарды жаңа қызметтерімен құттықтаған Н.Назарбаев келесі кезектегі сөзінде еліміздегі жоғарғы заң шығарушы органның жаңаша жасақталуын «ерекше маңызды күн» деп атады. «Таяудағы Мәжіліс сайлауы тәуелсіздік тарихындағы бетбұрысты белес болды. Жарқын келешекке жауапты қадам жасап, біз демократиялық дамудың даңғылына шықтық. Осылайша, жаңа кезеңге жаңарған Парламентпен бірге қадам бастық. Мен ел сеніміне ие болған депутаттарды шын жүректен құттықтаймын, баршаңызға зор табыстар тілеймін!» – деген Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын саяси жаңғырумен бастағанымыз­ды тілге тиек етті. «Бұл бәсекелес­тік жағдайында байы­пты шешімдер­дің қабылдануына жол ашады деп санаймын. Таяудағы оқиғалар қоғамымызды біріктіре түсті. Еліміз тәуелсіздік жолында татулық пен тұрақтылықты, тыныш­тық пен түсіністікті таңдады. Бұл – өрлеу мен өркендеу үшін дауыс берген отандастарымыздың ортақ олжасы мен жасампаз жеңісі болып саналады», – деп тоқтады. Мемлекет басшысының сөзінен ұққанымыз, енді ассамблея мен үш партия өкілдерінен тұратын Парламент­ті алда іргелі міндет­тер кү­тіп тұр. Ел мүддесі мен мемлекет мұраты партиялар бағдары­нан биік тұрады. Сондықтан Мәжіліске енген партия өкілдері ортақ мүдде төңірегінде топтасып, бірлесе қызмет атқаруға тиіс. Президент Н.Назарбаев елімізде өткен сайлаудың әділ, ашық және бәсекелестік жағдайында өткенін де атады. Додаға қатысқан барлық партиялар үгіт-насихат жүргізуде тең мүмкіндіктерге ие болғанын, соның нәтижесінде әлемнің көп­теген елдерінің бақылаушылары Қазақстандағы электоралды үдеріске жоғары баға бергенін де назар­дан тыс қалдырмады. Жалпы, өткен сайлау еліміздің са­яси жүйесін жаңғыртудағы тағы бір маңызды қадамға айналды. Ұлт көшбасшысының сөзінше, Мәжі­лісте енді халқымыздың әртүрлі әлеуметтік, гендерлік және кәсіби топтары бұрын-соңды болмаған деңгейде кең ұсынылатын болған. Партиялар Қазақстанның барлық аймақтары, барлық әлеуметтік топтары өкілдерінің кіруін ескерді. Әйелдердің, жастардың, әртүрлі этностар өкілдерінің қатары арттырылды. Бұл жолғы Мәжіліс төрінде нәзік жандылардың саны басымырақ екенін айта кеткеніміз абзал. Егер төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінде 19 әйел депутат болған болса, енді депутат ханымдардың саны 26-ға жетті. Сонымен бірге тарап кеткен Мәжіліс құрамында 25 өзге ұлттың өкілі болған болса, бұл жолғы депутаттық корпуста басқа ұлттың 32 өкілі халық қалаулысы атанып отыр. Президент сөзінен және бір ұққанымыз, елдегі заң мен тәртіп – халқымыздың бірлігі сайлаушылардың халық қалаулыларына артқан ең басты, аса маңызды аманаты. Сондықтан Қазақстанның жаңа көппартиялы Парламенті тек жемісті пікірталас қана емес сонымен бірге, бірлескен сындарлы іс-қимыл орны болуы тиіс. Ендігі кезекте депутаттар алдында халыққа айтқан уәделерін орын­дауға бағытталған күрделі жұмыс тұр. Ол үшін бірігіп жұмыс істеу қажет. Бұйыртса, партиялар­дың бәсекелестігі Парламенттің өмірін сөзсіз жандандыра түседі. Президент өз сөзінде, өт­кен сайлауда қандай партия үшін дауыс бергендігіне қарамастан, әрбір қазақ­­стандықтың жасаған таңда­уына үлкен құр­метпен қарайтын­дығын мәлімдеді. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының сөзсіз әрі күмән тудырмас жеңісін үлкен ризашылықпен қабылдайтынын жеткізді. «Нұротандықтардың» мақтан тұтары да бар. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан­ның ішкі жалпы өнімі 27 трил­лион теңгеге жетті. Бүгінде еліміздің ІЖӨ жан басына шаққанда 11 мыңнан аса долларды құрайды. Мемлекет әлемнің адымын құрсаған қиындықтарға қарамастан, ел экономикасының 7,5 пайыздық өсіміне қол жеткізді. Қазақ елінің жиынтықтағы ха­лықаралық резервтері 75 миллиард доллардан асқан. Тек үш жыл ішінде ғана қазақстандықтардың жалақылары мен зейнетақылары екі есе өсті. Билеуші партияның қуатты қолдауы арқасында өмірге жолдама алып жатқан іргелі істер қатарында «Үдемелі инновациялық индустрияландыру» бағдарламасы, жұмыспен қамту, таза ауызсу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта құру, аграрлық секторды дамыту, «Бизнес-2020» және басқа да бағдар­­ламалары бар. Бұл – тұғырлы, база­лық бағдарламалар, алда­ғы кезде бізге не істеу керектігін, қалай жасау керектігін және оны қалай қаржыландыру керек­тігін анықтап береді. Енді елдегі эконо­ми­калық көрсеткіштер өскен сайын, қоғамымыздың мәдени және білім деңгейін көтеруге, жаңа қазақстандық интеллектуалдық ұлтты қалыптастыруға көбірек көңіл бөлу қажет болады. Сонымен қатар ұлтаралық және дін­аралық келісім ары қарай да жан-жақты нығайтылады. Ел Үкіметі зейнетақыны да, табысты да инфляция деңгейінде индексациялайтын болады. Алдағы 5 жылда жаңарған Парламенттің ел болашағы үшін, қоғам тұрақтылығы үшін және оны жан-жақты жаңғыруы үшін өзіне жауапкершілік алуға қабілетті болатын пәрменді саяси күшке айнала­тындығына Елбасының сенімі мол. Қазақстанды бұдан да күшті, тұрақты және мызғымас мемле­кет ету депутаттардың қаншалықты күш сал­ған­­дығына байланысты бол­мақ. «Біздің бәріміз бірігіп, осы мақсат­та жұмыс істейтін боламыз!» – деді Елбасы. Бұрыннан Парламент қа­быр­ғасында жұмыс істеп келе жат­қан, тәжірибелі депутат­тарға депутат­тық корпусқа жаңадан келген әріптестерін үйретуді тапсырды. «Бұл жерге отыру үшін емес, жұмыс істеуге, заң шығаруға, заңның жобасын талқылауға келдіңіздер» деп салмақтады сөзін. Ел үшін жұмыс істеу оңай еместігін, ол білімді, іскер­лікті қажет ететіндігін ескерт­ті. «Сондықтан енжарлыққа орын жоқ. Бар­лығымыз бірігіп жұмыс істей­міз деп мен зор сенім білдіремін. Сондық­тан сіздерге артылатын жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес» деп, халық қалаулысының қызметі жүрдім-бардым істейтін қызмет еместігін депутаттардың есіне салды. Елбасы сөзінен кейін, жаңа сайланған депутаттар Конституциясының 51-бабы, 6-тармағына сәйкес Қазақстан халқына, Ата заңымыздың 41-бабы­ның 2-тармақшасы бойынша Президент алдында ант берді. Бұл күні Мәжілістің тұңғыш бірлескен жиынына 44 сенатордың – 42-сі, Төменгі палатаның 107 депутатының 105-сі қатысқанын айта кетейік. Салтанатты рәсімнен кейін Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Мәжілістің бірінші жалпы отырысын ашты. Күн тәртібінде ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасын сайлау және Ел Үкіметіне сенім білдіру мәселелері қаралды. Палата төрағасы қағаз бюллетень пайдалану жолымен жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Осы рәсімді өткізу үшін Есеп комиссиясы құрылып, арнайы екі кабина мен дауыс беру жәшігі орнатылды. Депутаттардың ұсынысы бойынша парламентшілер Нұрлан Нығматулинді бірауыздан ҚР Парламенті Мәжілісінің төр­ағасы лауазымына сайлады. Өз орны­на жайғасқан, Парламент Мәжі­ліс­інің Спикері, ең алдымен, осындай жоғары лауазымды қызметке өзін қолдап, дауыс бер­ген­дері үшін әріптестеріне алғыс біл­дірді. «Алдағы уақытта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және сіздердің сенімдеріңізді ақтау, Парламент Мәжілісінің беделін одан әрі көтеру жолында барлық күшімді, білімім мен тәжірибемді жұмсайтын боламын» деді және барлық депутаттар біріге отырып алға қойылған міндеттерді орындайтынына әрі жаңадан сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісі барлық қазақстандықтардың мүддесі үшін қызмет ететініне сенім білдірді. Содан кейін Палата төра­ғасының ұсынысы бойынша экс-әкімдер Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Сергей Дьяченко оның орынбасарлары болып сайланды. Бұл күні Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкіметке де сенім білдірілді. Қалаулылар алдына шығып сөз сөйлеген Үкімет басшысы, өзіне сенім білдіргені үшін парламентшілерге ризашылық білдірді. «Әрдайым қоян-қолтық жұмыс істеп, диалогқа дайын екенімді айтқым келеді. Саяси көзқарастар әртүрлі болғанымен, біздің мақсатымыз – бір, мұратымыз – ортақ. Ауызбіршілік бар жерде, алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ. Әрқашанда келісімге келуге болады. Мен оған сенемін және менің ұстанымым – осы», – деді Кәрім Қажымқанұлы. Мәжілістің Үкіметке сенім білдіргеніне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтып, болашақта да депутаттар ұсыныстарын ескеретіндігін жеткізді. «Елбасы бізге маңызды әрі жауапты мақсат-мін­деттерді жүктеді. Біз оны орындауға міндеттіміз», – деді. Мәсімов айтқандай-ақ, сол күні түстен кейін елдің саяси өмірінде бірқатар өзгерістер орын алып, кадрлық тағайындаулар бас­талып кетті. Одан әрі Мәжілістің жалпы оты­рысында, тұрақты комитеттерінің төрағалары сайланып, комитетердің құрамы бекітілді. Енді депутаттар алдында елдің болашағы үшін жауапкершілігі мол міндеттер тұр. Елбасы айтпақшы, енжарлыққа орын жоқ. Бейбітгүл Исаева

2718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6015

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5611

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3350

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2733

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2696

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2672

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2405

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2390

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы