• Ақпарат
  • 02 Ақпан, 2012

130-шы күнделік (Эссе)

NurshaukО заман да, бұ заман, жасы тоқсанға таяған ақсақалдың компьютердің терметақтасымен зырылдатып мақала жазғанын көргеніңіз бар ма?! Әй, қайдам... Компьютерді айтасыз, қазір күн санап азайып бара жатқан қариялардың ұялы телефонның түймесін cытырлатып басып отырғаны көзге біртүрлі ерсі көрінбей ме? Ана дәуірдің елесі мен мына дәуірдің белесі, әйтеуір, бір-біріне қабыспай тұрады. «Жігерін жас күнінде отқа ұстаған, селкілдеп сексенінде сот­ка ұстаған» дегендей, шал-шауқан мен кемпір-сампыр техниканың тетігінен алыс жүруге тиіс сияқтанады. Бірақ осы үйлесімсіздікті жоққа шығарып, сол техникаңа тез бейімделіп кеткен бір ардақты ағамыз болды. Ол журналистиканың қарт сарбазы болып өмірден өткен Әзілхан Нұршайықов еді.

Қаруы сайлы қарт сарбаз

Компьютерді қолданып,

Қайдағыны қазады...

Бұрынғыша толғанып,

Бүгінгіше жазады.

(Журналистік фольклордан)

Олай дейтініміз, әрқашан оның «бес қаруы» бойынан табылатын. Қолынан қаламы түскенше жазды. Қалтасында қойын дәптердің жеті атасы жүрді. Ұтымды ой келе қалса, оймақтай ғана блокнотына түртіп алады. «Ой дегенің қонақтап тұрған торғай сияқты. Пыр етіп ұшып кетсе, айырыласың да қаласың,» – дейтін ол. Тосын ой қылаң берсе, қалтасынан жып еткізіп алады да, жаза қояды. Сол ойдың ұшқындарын кейін титімдей блокнотынан теріп алып, әдемі детальға, әсерлі әңгімеге айналдырады. Сапарға шықса, объективі бір қарыс фотоаппараты мойнында, ұялы телефоны белдемшесінде, диктофоны қалтасында жүреді. Осы заманғы озық техниканың бәрі Әзағаңның жұмыс бөлмесінде қатар сап түзеген. Ксерокс, факс, компьютер, принтер, сканер... Қарт сарбаз соның бәріне таңертеңнен кешке дейін телміре қарап босқа отырмайды. Қаптаған құралды шекесінен шертіп, шетінен жұмысқа жегеді. Өзінің техникаға құмарлығы кез келген студенттен кем емес. Білмеген тұсын немере-шөберелерінен сұрап алады. Тоқсанға таяған қай жазушының компьютердің мониторына үздіге үңіліп, электронды поштаға зер салғанына куә болып едіңіз?! Егер өзі қаласа, осы күнгі жастар иіріп әкететін талай күрделі операцияларды жү­­зеге асыруға қаламгердің біліктілігі мол жететін еді. Бірақ оның алымды ардагерге қажеті шамалы болатын. Ол тек жазуға, жазып-сызғанын өңдеуге машықтанды. Осыны әжептәуір игерді.

Ара-тұра бір бұрышта жетімсіреп тұратын ескі досы – қара машинканы да пайдаланып қояды. Қара машинкамен басылған туындылар қазақтың қара ормандай қалың оқырманына қаламгердің есімін кең танытты. Сол серігін енді қалай ғана жұмыссыз қалдырар?! Босағада мөлиіп тұрған қара машинка компьютердің бастырмаларынан босаған Әзағаңның қолына тисе болды, қара жорғадай жүйтки жөнеледі.

Үйіне өзін іздеп келген адамды суретке түсіреді. Ол суретті жарытусыз зейнетақысынан жырып, ақы төлеп шығарып, әлгі кісінің соңынан қалмай жүріп, қолына тапсырады. «Қап, ана жолы түскен фотосын алмады-ау, ал деп айтайын десем, мекенжайын да, телефон нөмірін де сұрамаппын», – деп айдаладағы біреулердің жоғын жоқтап отырады.

Жаратқан ием оған мейірімін аямай төкті. Жер мен көктің арасын өртке ораған қан қасаптан аман қайтты. Үстіне қылау жұқтырмай күтіп мәпелейтін аяулы жарға жолықты. Қайда барса да кезкелген қазақ түстеп танитын танымал жазушының біріне айналды. Жұрт қолдан-қолға түсірмей жата-жастанып оқитын шығармаларды өмірге әкелді. Жасы ұлғайғанына қарамастан, сергек қалпынан айнымады. Ажары қайтып, шашы түсіп, жүнжіп кеткен жоқ. Әр кез сыртқы сынына мін түсірмей, бабында жүрді.

Қоғамдық өмірге әрқашан ілесіп отыр­ды. Айналада болып жатқан оқиғаларға дер кезінде үн қосты. Журналистиканың осы заманғы үрдістерінен ешқашан жаңылып көрген жоқ. Жаңаша ойлап, жаңаша жазды. Бұрынғы мен бүгінгіні жалғайтын алтын көпірдің міндетін атқарды. Көңілдегі көрікті ойды кейіптеу жағынан өзінен жетпіс жас кіші әріптестерінен қалысқан емес. Заманның тынысын, дәуірдің рухын сезіне білді. Зымырандай зырлаған уақыттың ырғағына ілесе алмай қалған жері жоқ. Кейіннен енген терминдерді мол пайдаланды. Осы күнгі оралымдар мен туынды тіркестерді жөнімен қолданды. Жазған-сызғанын авторын көрсетпей оқытып көрсең, ешкім де тап осыны сексен сегіздегі ақсақалдың дүниесі дей алмас еді. Қазір оның жасындағы қарттар қағаз шимайламағалы қай заман?!

Әзілхан ағаның тағы бір өте жақсы қасиеті бар еді. Ол бір нұсқаны жаза салып, «осыны қабылдаңдар» деп міндеттейтіндердің санатынан емес. Жазғанына сын көзбен қайта үңілетін. Кейбір көңілі толмаған тіркестерін өңдеп, өңін кіргізетін, жөндеп, жандандыра түсетін. Халық жазушысы халықтың талғамын ешқашан ұмытпайтын.

Қасиетті қарт сарбаз, міне, сөйтіп, тынымсыз ғұмыр кешті. Сексеннің бел ортасынан асқан кезінде де ат үстінен түспей, жаумен шайқасқан хас батырлар секілді өмірден өтер-өткенше жазудан қалған жоқ. Жанымен, жүрегімен жазды...

Жеңісті жақындатқан

жазбалар

Тағдыр оған болысқан,

Тосқауылдан қалқалап.

Аман келген соғыстан,

«Абай жолын» арқалап.

(Журналистік фольклордан)

Әзағаң – жетпіс жыл бойы үзбей күнделік жазған қаламгер. Бала күнінен өлең өрді. Бәлкім, өнерге бір адамдай таласы бар шешесі Мұхтардың өнегесі шығар. Ал өмірінде «күнделік жазам» деп ойлап көрмепті. Тіпті оның не екенін білмейді де. Әскерге алынғанға дейін-ақ айналысында болып жатқан күнделікті ірілі-ұсақты оқиғаларды тиіп-қашып қағазға түсіріп қоятын әдет тапты. Ол дүниелерінің бірлі-жарым парақтары ғана сақталған. Ең алғашқы ай-күнін көрсеткен жазбасы 1940 жылғы 27 маусымнан басталады. Сол күні былай деп жазыпты: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деген Абай сөзі рас екен. Мен қалада жүргенде анау-мынау ұсақ өлеңдер жаза беруші ем. Колхозға келгелі еш нәрсеге мойным жар бермейді».

1941 жылы Алматыда әскери дайындықта болды. Алма ағаштары жайқалған әсем шаһар. Түтінге тұншығып көрмеген асқақ Алатау. Жол жиегіндегі арықтың суы сылдырап ағады. Баланың басындай алмалар ағаштың бұтағын жерге жеткенше иеді. Сабағынан үзіліп, арықтың ішіне аунап түскен алма ағынға ілесіп, көше жағалап кетеді. Жасыл желек жамылған астананың осындай әдемі әсері ойға түйгенін жазғызбасқа қоймады. Содан бастап, не істеп, не қойғанын қойын дәптеріне түртіп отыратын болды. Күн сайын тіршіліктің түйткілдерін қағазға қаттаудан жаңылмады. Бұл оның бұлжымайтын дағдысына айналды. Әзілхан ағаның тура жетпіс жылға созылған күнделік жазбасы, міне, осылай басталды.

Ол осы қаладан соғысқа аттанды. Қып-қызыл майдан. Көктен от бүркіп, оқ борап тұр. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Ай­­­на­­лаңда алапат шайқас жүріп жатқан­да, байтал түгілі бас қайғы. Мұндайда бірдеңе жазбақ түгілі, өз пешенеңе не жазылғанын білмей қиналасың. Күндіз-түні сүйреп жүретін зеңбіректен бір елі ажырамайсың. Сәт сайын қанға боялып, жан тапсырып жатқан жауынгерлер. Сондай кезде сіздің ала қағаздың бетін айналдырып, бірдеңе түртіп отыруға мүмкіндігіңіз болар ма еді... Айдың-күннің аманында бап тілейтін пенденің қолынан келе қоймайды бұл. Ал жауынгер Нұршайықов күнделік жазуды сонда да тастамады. Соған өзі де таңғалады. Бәлкім, рухтың күштілігі шығар. Қып-қызыл өрттің ішінде жазу жазатындай көңіл күй қайдан келеді десеңші?!

Майданға аттанар алдында басталған күнделік осы қан-қасаптың ішінде мәңгілікке үзіліп қалуы да мүмкін еді. Күн сайын талайдың ғұмырын жалмап тұрған жаһандық соғыс. Өмір мен өлімнің алапат арпалысы. Қаңғыған оқ тисе, бәрі де әдіре қалады. Соның бәрін біле тұра жаза берді.

Бұл не деген жанкештілік?! Неткен құбылыс?! Бір сұхбат алғанымызда осы та­қ­і­леттес сұрақ қойдық. Әзағаң сонда былай деді: «Саған бір ғажап нәрсе айтайын. Мен соғыста өлем деп ойлаған жоқпын. Не құдірет екенін өзім де білмеймін. Ал адамдардың майданда ажал құшатынын өздері сезінетінін байқадым». «Оны қалай байқадыңыз?» – дейміз тақымдап. «Білмеймін, әйтеуір солай көрінді. Бірде жау танкісі алғы шепті бұзып өтті. Соны құртуға менің зеңбірегімді жұмсады. Жеті адамбыз. Оқ зу-зу етеді. Қарамағымда Ахмет Оразов деген төртбақ денелі, ірі жігіт бар еді. Ол снаряд салатын 30 келілік жәшіктің екеуін, кейде үшеуін қиналмай көтеретін. Сол Оразов мина жарылған кезде үріккен аттың шалынысқан аяғын орнына көтеріп қоя алмай, аяқ астынан абдырағаны. Күнде сипап жүрген үйреншікті атының аяғы. Мен осыдан секем алдым. Дөңге көтерілгенімізде, алдымыздан шыға келген жау ат-матымызбен жайпап жіберді. Ең қауіпті тұста тұрған мен ғайыптан тайып, аман қалдым. Зеңбіректің доңғалағы опырылып түсті. Оның орнына менің басым жұлынып кетуі әбден мүмкін еді. «Өлген деген осы екен» деп ойладым. «Сержант, сержант», – деген дауыс шығады. Соған қарап, тірі екенімді білдім. Жетеу едік, бесеуі табанда мерт болыпты. Аттар тыпырлап, тұяқ серпіп жатыр. Бір серігім кеудесінде жаны бар, екі көзінен қан саулап отыр. Әп-сәтте жалғыз қалдым. Қатты едім, қайсар едім. Сол жолы жыладым».

Әзілхан Нұршайықовты майданда періштесі бұдан кейін де талай рет қақты. Алла Тағала оған оған үнемі оққағарын ілестірді де отырды. Бірде Баймолда Қанапиянов деген зеңбірек көздеушісін танк тасасынан қарауылға алған жау снайпері сұлатып түсіреді. Сол кезде оқ кейіпкеріміздің маңдайынан сызып өтіп, көздеушінің құлақ шекесіне тиеді. Қатар тұрған майдандасы тіл тартпай кетеді. Ал таяп келген ажал Әзілханға шеңгелін батырмай, тысқары қалдырады. «Міне, осындай оқиғалар менің соғыста өлмейтініме сендіргендей болды. Бір құдірет алға жетеледі. Күйреуіктік сезім атымен болған жоқ. Күнделігімді жаза бердім», – дейді Әзағаң ағынан жарылып.

О бастан еңбекқор болып жаратылды. Соғыста да шаршап-шалдыққан жоқ. Жігіттер дамыл алған сәтте бұл дереу жазуға отырады. Майдандастары: «Қып-қызыл қырғынның ішінде мынау не істеп жүр?» – деп үдірейе қараған жоқ. Қайта олардың ерлік шежіресін қаттап жүрген бұған деген қадір-құрметі алабөтен болды. Бірі – снаряд жәшігінен шағын үстел құрастырып береді. Енді бірі – бөлек-бөлек қағазды бүктеп тігіп, дәптер әзірлейді. Қағаз дегенің өте тапшы. Қолына не түссе, соған жазды. Кейде бригада газеттерін шығарушылар тұрақты автор ретінде бума-бума қағаз беріп жіберетін.

Майдан даласында жүргенде «жазушы болам» деген ой миына келген жоқ. Тек оқ пен оттың ортасында бірге шайқасқан азаматтардың атын ақ қағазда қалдыруды жөн санады. Соғыстан 16 күнделік алып келді. Содан-ақ қанды қырғынның ішінде жүріп, қалай еңбек еткенін біле беріңіз.

Әзағаң соғыстан тек 16 күнделікпен ғана қайтқан жоқ. Ол майданға аттанарда Алматының дүкенінен сатып алған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын төрт жыл бойы жолқапшығына салып арқалап жүрді. Әр жауынгер қолдан-қолға түсірмей оқыған соң жұлым-жұлымы шыққан, оқ-дәрі иісі сіңген кітапты елге жеткізіп, ұлы жазушының өзіне тарту еткені баршаға белгілі. Ал от пен оқтың ортасынан келген 16 күнделіктің жайын елдің бәрі біле бермейді. Бұл жазбалар әрқайсысы отыз-отыз бес баспа табақ болатын екі томды құрайды. Көзі тірісінде «Әскери күнделік» деген атпен бірінші томы ғана «Өнер» баспасынан жарыққа шықты. Екінші том тап-тұйнақтай болып әзірленген күйінде даяр тұр.

Әзілхан Нұршайықовтың майданда жүріп, үзбей күнделік жазуы – екінші дүниежүзілік соғыстың тарихындағы аса қызық құбылыстың бірі. Өзі шайқасқа кірген күннен бастап, Жеңіс күніне дейінгі ұрыс шежіресі түгел қатталған. Ресейдің әйгілі әскери журналистерінің күнделік жазбалары болғанын білеміз. Ал қан майданның өтінде жаяу әскердің соңын ала зеңбірек сүйретіп жүрген сержанттың соғыс біткенше дамылсыз күнделік жазуы – таңғаларлық оқиға. Ажал төбеңнен төніп тұрғанда есеңгіремей еңсені тіктеп, майдан шежіресін қағазға қаттап отыруға кімнің құлқы болар?! Сөйтіп, Әзағаңның жанкештілігінің арқасында тұтас бір майданның әр сәтінің айы-күніне дейін анық таңбаланған дәлме-дәл жылнамасы қолымызға тиді.

Мыж-мыж болған майдан күнделік­тері өмірге деген асқан құштарлықпен жазылған. Жас сержанттың ойларының бәрі «жауды жеңіп, бейбіт күнге тезірек жетсек екен» деген ақжолтай ниетпен өрілген. Ендеше, жиырманың қызуымен жазылған, соғыстың жалыны шарпыған бұл жазбалардың жеңісті жақындата түскеніне дау жоқ.

Неміс пен намыс

Жолы талай тоғысқан,

Жаудан елді қорғаған.

Қару ұстап соғысқан,

Қалам ұстап толғаған.

(Журналистік фольклордан)

Біздің ұғымымыздағы фашист – сұмырайдың сұмырайы. Оның кеңес әскерінің қолына түскендегі кейпі айрықша аянышты. Кинодан талай көргенбіз. Бүрсеңдеп жүреді, бүрісіп қашады. Екі қолы ербеңдеп, серең-серең еткен біреулер. Автоматпен көздемей атады. Түрден түр жоқ. Әзілхан аға да олар­дың жауыздығы мен жексұрындығын танытудай-ақ танытады. Бірақ оның күнделігінде кейіптелетін тұтқынға түскен немістердің кеңес жауынгерлеріне еркін сөйлеп, ақыл айтатын кездері де болады. Соған қарағанда немістің де немісі бар шығар. Жау қолына іліксе де, әкесінің үйінде жүргендей тайраңдап, әркімге пайдалы кеңес беріп жүрген фриц жарықтықтардың рухы да, юморы да күшті екен! Енді күнделіктің осы тұсына үңілейік: «6 декабрь 1942 жыл. Бұрын бізде артиллерия мастері болып, кейіннен дивизияға ауысқан үлкен сержант Сперанский Борис келді. Борис айтады: Кеше біздің штабқа төрт неміс ұстап әкелді. Екеуі – офицер. Оларды алдымен дивизионның штабына әкелген. Онда кіші лейтенант Біләлов нан жеп отырса керек. Сонда немістің бірі тұрып:

– Мынау артиллерист пе, минометчик пе? – деп сұрады Біләловті.

– Артиллерист, – деп жауап беріпті біздің жігіттер.

– Ендеше, артиллеристеріңді ақ нан, колбаса беріп тамақтандыруларың керек. Сонда артиллерияларың дәл ұрады, – деп айтты дейді неміс.

– Ал минометшіні ше? – деп сұрайды Біләлов.

– Соломмен тамақтандыру керек. Минометчиктерің өте жаман ұрады, – депті.

Жолда әкеле жатқан часовойларға: «Сендердің киімдерің жылы, жүз жыл соғысуларыңа да болады ғой» деп айтады дейді немістер». Жаны жайсаң Әзағаң өстіп неміс екеш немістердің бойынан да шуақ іздейді. Оларға кейде жау деп қана емес, адам деп де қарайды. Сөйте тұрса да, майдангер соғысқа не үшін келгенін ұмытпайды. Немісті мысалға алған са­йын намысын жанып отырады.

Күнделік иесінің ұстанымы берік. Ол жан-тәнімен соғысты ертерек бітіруді, бейбіт күнге жетуді аңсайды. Кескілескен шайқас жүріп жатқан, күйіктің иісі сіңген сұрқай даланың өзінен әсемдік көргісі келеді. «Бүгін түн өте жарық, айлы, әдемі түн», – деп тыныштықтың түр-сипатын танытады. 1943 жылғы 29 сәуір күні таңертең шығып келе жатқан күнге қарап тұрып, мынадай екі жол өлең өреді: «Күнге қарап оқ атпан, Күншығыста елім бар!». Мұндай әсерлі толғаныстар жазбаларда жетіп-артылады.

Тумысынан бауырмал жас жауынгер кеудесіне жаны бар жануардың, ұшқан құс пен жүгірген аңның бәріне жанашыр. Жаһандық жойқын соғыстың жа­р­атылыстың жарасымын бұзып, күйін кетіргеніне налиды. Ең алды­мен, зеңбіректі тартуға жегілетін жылқы­лардың жайын көбірек ойлайды.

«19 апрель. 1943 жыл. Бүгін зеңбірек аттарының жал-құйрығын тарап, жуып жатырмыз. Бәйгеге қосатындай етіп, кекілін сәндеп, кежімдеп жатырмыз... Егер осы аттар болмаса, үш тонналық зеңбіректерді біз қалай сүйреп жүрер едік? Адам сияқты емес, ат байғұстар сол сіңірген еңбектеріне сыйлық сұрап, награда дәметпейді... Биыл 9 январьда 6 ат пен 6 жауынгерім оққа ұшты. Аттарым менің, асылдарым менің!», – деп толғайды Әзекең. Өзі марапат сұрамай-ақ майдан даласында жортқан, сарбаздарға серік болған сәйгүліктерді үнемі күтіп-баптайды. Жылқы жарықтық – талай ғасырдан бергі майдан көлігі. Арғымақтар бұл соғыста да адамзатқа адал болды. Зеңбірекке жегілетін артиллерия аттарының тұяғының дүрсілі аға сержант күнделігінің өн бойынан үздіксіз естіліп тұрады.

Сұм соғыс тек адам баласының ғана емес, табиғаттың да тыныштығын бұзды. Үркіншілікке ұшыраған орман-тоғай азынап-сарнап, мақұлық екеш мақұлық та мазасынан айырылды. Үріккен дала­ның осы бір сәті Нұршайықов күн­делігінде былайша бейнеленеді: «13 сентябрь 1943 жыл. Айнала тұман болып кетті. Артиллерия дауысынан есі шыққан 9 торғай ағаштан-ағашқа ұшып, пана таппай жүр». Осыдан-ақ жас жауынгердің жанының нәзіктігін біле беріңіз. Басқа­лар жан-жағына снаряд біткен томардай топырлап түсіп жатқанда төбеде ты­пыр­лаған тоғыз торғайды қайтсін?! Ал Әзағаң әлем-жәлем әлемнің іші­нен жарық сәулеге ұмтылады. Оның азан-қазан арпалыстың арасында жүр­ген кезде де аңғарымпаздық қасиетінен ажырамағаны қайран қалдырады. Бұл да – түбіне ешкім терең бойлап болмайтын түсініксіз құбылыс.

Жас сарбаз қауқарсыз құстың үрейі ұшқанына күйзелсе, түз тағысының аянышты халіне де қиналады. Тоғай ішіндегі табиғи үйлесімді бұзып, тыныштықтың шырқын кетірген соғыстың кез келген сәтін қалт жібермейді. Жалғыз жауынгер емес, тұтас жазармандар жасағын апарып, қолдарына қалам-қағаз беріп, отырғызып қойсаң да, ұрыс даласының шежіресін дәл осылай таныта алмас. «13 февраль 1945 жыл. Біз атып бола бере бізге қарай бір елік қашып келе жатты. Алдынан біреулер оқ атып еді, кейін қарай қашты. Ар жағынан зеңбіректің атылған дауысынан тағы бері қарай қашты. Байғұс, жаралы киік жанын қайда қоярын білмей сасуда» делінеді күнделікте. Жүректің тазалығы, рухтың биіктігі, ертеңгі күнге деген сенім ғана соғыс жүріп жатқан жердегі әр оқиғаның барысын өстіп масақ қалдырмай тәп­тіш­теуге мүмкіндік бермек.

Неміс пен намыстың арпалысында жеңіп шыққаны да осыдан шығар.

Шайқастың

шерлі шындығы

Маңайламас жанына,

Полевойдың қаламы.

Эренбург шаңына,

Ілесе алмай қалады...

(Журналистік фольклордан)

Әзілхан Нұршайықов – шығарма­шылық тұлға. Оның қаламгерлік қарым-қабілеті майдан өтіндегі жазбаларынан да танылады. Алқын-жұлқын арпалыстың арасында, алас-қапаста жазылған күнделіктен жауынгердің қарапайым көріністің өзінен-ақ көркемдік көргісі келетіні айқын аңғарылады. Күнделікке түскен «Немістің 6 стволды минометі дауысы қарлыққан қабаған итше үріп айбат шегеді» немесе «Түнде қып-қызыл оттар ерсілі-қарсылы тыным алмай жүгіреді де жатады» деген жолдар осыны айғақтайды.

Соғыс жүріп жатқанда Әзілхан Нұршайықов бастаған үш жауынгер Қазақстанға келіп кеткенін бәріміз білеміз. Сол сапарда олар Дінмұхамед Қо­наевқа, Ыбырай Жақаевқа, Нартай Беке­жановқа және қазақтың бір­қа­тар бел­гілі жазушыларына жолығады. Мұның бәрі қаламгердің естеліктерінде талай айтылды. Ал осы сапарға байланысты тағы бір қызық детальді күнделіктен табамыз. Жас жауынгер 1944 жылы 20 тамыз күні түс көреді. Түсінде аяғына оқ тиіп, қан саулап тұрады. Көрген түсін қаруластарына баяндайды. Сонда Одиноков деген солдат: «Сіз еліңізге барады екенсіз», – деп жорыпты. «Қалай? – дейді бұл. «Түсінде қан көрген жолаушы еліне барып, туыстарын көреді. Біздің жақта осылай жориды», – дейді әлгі солдат. Әзағаң бұған мүлде мән бермейді. «Ел қайда, мен қайда? Одиноков те ойына келгенді айта береді екен», – дейді де қояды. Қыркүйектің басында, шынымен де, елге жол түседі. Бұларға арнайы тапсырма беріледі. Осындай тағдырдың түйткілдері мен жазмыштың жоралғыларын аңғартатын фактілер күнделікте көптеп кездеседі.

Майдан жазбаларында соғыс психологиясы айқын бедерленген. «25 январь, 1945 жыл. Алды-артына снаряд жарылып, төбесінен оқ жауып тұрған адамның басында үш түрлі ой болады: әлде жарала­нармын, әлде сау қалармын, ең ақы­рында, амалсыздан мүмкін өлермін деген». Осылай төбеден ажал оғы себе­леп тұрғанда да біздің кейіпкеріміз ақ қағазға ойын өрнектей білген. Сарбаз жеңіске жадырайды, шегініске шытынайды, қателікке күйінеді. Азаматтық ұстанымын ғана емес, адами болмысын да ешқашан естен шығармайды. Мысалы, 1943 жылғы 6 қаңтарда: «Сұмдық болды. Сұмдық емей немене, кеше кешке бізді немістер позициямыздан кері шегіндірді», – деп жазады. Ал 1945 жылғы 17 қаңтарда: «Күндіз өзіміздің самолеттер шатасып, өз үстімізге бомба тастап кетті. Ұятсыз, шіркіндер», – деп кіжініпті.

Жау қолынан азат етілген елді мекендердегі солдаттардың іс-әрекеті де айна-қатесіз бейнеленеді. Дүниеқұмар сарбаздар бірден тәуір заттарға тап береді. Осы сәтте Әзілханның қасындағы жігіттер бірде-бір мүлікке қол салмайды. Мұны ол күнделігінде былай жеткізеді: «29 июль. 1944 жыл. Жұрт ол жерден (Брест маңы – Б.О) консерві, шоколад, арақ сияқты азық-түлік олжа жинап, қарқ болып қалды. Біздің расчеттан ешкім еңкейіп, жерден ештеңе көтерген жоқ. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деген қазақ мәтелін біз берік ұстандық. Коми жігіті Жижев те «қазақтың осы мәтелі маған қатты ұнайды дейтін». Әзілханның есіл-дерті қағаз еді. Соғыста оның қат болатыны белгілі. Сондықтан күнделігін үзіп алмау үшін анда-санда ғана тәуірлеу қағаздарды пайдаланғаны болмаса, басқадай дүниелерге тиген жоқ.

Нұршайықовтың майдан дәптерінде қазақтың танымал тұлғаларының жауынгер перзенттерінің есімдері ұшырасады. Бұл олардың бәрімен де майдан даласында танысады. 1942 жылы 16 желтоқсанда ақын Асқар Тоқмағамбетовтің автоматшы ұлын көреді. Каз ЦИК-тің төрағасы болған Елтай Ерназаровтың ұлы Мырзабимен бірге соғысады. Мырзабидің ерлігін үнемі жырға қосады. Әзағаңның күнделігінде мынадай да дерек бар: «13 февраль 1945 жыл. Таңертең бір қазаққа кездестім. Ол Қазақстанның анасы, қарт Дина Нұрпейісованың туған баласы екен. Бұрын Алматы филармониясында хорға қатысушы болған. Қазір 412-ші атқыштар полкінің, 3-ші батальонында санитар екен. Аты – Мұрат Шапеков». Күнделіктің осындай тұстары ерекше ілтипатпен жазылған. Олардың әйгілі әке-шешелеріне деген құрметі де сезіліп тұрады.

Жауынгердің соғыс аяқталған күнді күн­делігінде бейнелеуі керемет! Қаруластардың қалай қуанғаны қапысыз суреттеледі. Сол сәттегі сезімді мезетінде қағаз бетіне түсіре қойған соң шынайы боп шықпасын ба?! Қанды қырғынның ішінде дәптерінен ажырамайтын Әзілхан Жеңіс күні қалай аянып қалсын?! Қаламын армансыз сілтейді. Осы тарихи күннің оқиғаларын егжей-тегжейлі баяндайды, қыбыр еткен тіршіліктің бәрін ұмыт қалдырмайды. Бұл кезде ол Гороховецк оқу-жаттығу лагерінде болатын. Жеңістің хабарын түнде шырт ұйқыдан оятқан кезекшіден естиді. Содан не істерін білмей, бір тұрады, бір жатады. Ауық-ауық атып тұрып, көрші жігіттерден сүйінші сұрап келеді. Етігін бір шешеді, бір киеді. Ел басына туған күн жеңіспен аяқталғанын білдіргендей талай рет су кешкен етігі аяғынан сыпырылып түсе береді. Тағатсыздана күткен сол күннің әр сәтін тілі жеткенше сипаттайды. Ертеңіне: «10 май, бейсенбі, 1945 жыл. Соғыс біткеннен кейінгі бірінші күн. Бұл тыныштық дәуірдің бірінші күні, тыныштық дәуірдің басы!» – деп бастап, тағы да тереңнен толғайды.

Соғыс тарихының бізге беймәлім беттерін мол қамтыған күнделікте жалынның отына қақталған шындық бар. Орыс офицерлерінің шовинистік пиғылдары туралы да айтудай-ақ ай­тылған. Ұрыс даласындағы қазақ жауын­герлерінің нағыз болмыс-бітімі көрініс тапқан. Жаһандық соғысқа қатысқан жау­жүрек ұлттың тарихы қанмен жазылған.

Соғыста Әзағаңның майдандастары ғана емес, күнделіктері де зардап шеккен. Жазбаларының бірнеше беттері жұлынып алынған. Сиясын жаңбыр шайған. Жауынгердің елден келген хаттар мен суреттерді күнделігінің ішіне жапсырып, жанына тиісті мәтін жазып қоятын дағдысы болған екен. Сол дүниелердің біразы қолды болған. Әзағаң дәптерінің тура сондай жерлеріне «бұл суреттерді біреу сыпырып әкеткен» деп түсініктеме беріпті. Айдың-күннің аманында қолымызда жүрген құжатты жоғалтып, жер сипап қалып жатамыз. Ал қан майданның өтінде жазылған күнделікке залал тимей тұрушы ма еді?! Соның өзінде жас сержант бұл жазбаларды ұқыпты сақтаған. Оны айтасыз, қаламгердің жазуына қарағанда кейбір күнделік дәптерлері елге жіберіліп, одан қайтып алынған сияқты. Осыдан кейін оқ борап, снарядтар ызың қаққан ұрыс алаңында жүргеніңе қарамастан, үшбу хатыңды иесіне адастырмай жеткізетін дала поштасының құдіретіне бас имей көріңіз!

Әдеби байлам,

тұрмыстық толғам

Талап қойса өзіне,

Тастай қатып қалады.

Бес минуттық сөзіне,

Бес күн дайындалады.

(Журналистік фольклордан)

Өмір бойы екі түрлі күнделік жазды. Бұларды өзі «әдеби күнделік» және «тұрмыстық күнделік» деп атады. Әдеби күнделікке елеп-екшелінген, көркем кес­теленген, жүйеленіп-жинақталған ой-тұжырымдарын түсіреді, яғни деректері мен дәйектерін пайдаланып, әдеби әлемге енеді. Осының негізінде кейін мемуарлық шығармаларын әзірледі. Мұндай күнделік­терінің ұзын саны – 14-ке жетті. Әрине, әдеби күнделік күн сайын жазыла бермейді. Жазылған күнде де анда-санда тұрмыстық күнделіктеріне өзек болған оқиғалардың желісі бойынша түзіледі. Ал тұрмыстық күнделік ешқашан үзілмейді. Қан майданда тоқтамаған күнделік бейбіт өмірде неге кідіріс тапсын?! Тұрақты түрде күн сайын өрбіп отырады. Оған әр күннің оқиғасы жазылады. Ел өміріндегі елеулі өзгерістер баяндалады, өз айналасындағы жаңалықтар орын алады.

Осыдан бес жыл бұрын сұхбаттас­қа­ны­мызда сол уақытқа дейін жазып біткен тұр­­мыс­тық күнделіктерінің саны 124 еке­нін айтып еді. Сол кезде жазушының үстелі­нің үстінде 125-ші күнделік жатты. Өзіміз Әзағаңдарға қарағанда әлдеқайда жалқау, кежегесі кейін тартып тұратын буынның өкілі болған соң сұрақтарымыз да сол ыңғайға бейімделген-тұғын. «Күнделік жазудан жалыққан жоқсыз ба?», «Шынымен үзбей жазасыз ба?», «Үнемі жаза бересіз бе сонда, ерінбейсіз бе?» – деген сияқты кертартпалық сипаты басым сауалдарды көлденең тартқанбыз. «Күнде жазам. Ешқашан үзбеймін. Бұл – мен үшін тамақ жеу, шай ішу секілді үйреншікті дағдыға айналған нәрсе. Жазбасыма болмайды», – деп қарт сарбаз қайсарлық танытқан.

Әзілхан аға анда-санда сапарға шық­қанда өзімен бірге бөлек блокнот ала кетеді екен. Жол-жөнекей көргендері мен көңілге түйгендерін түртіп қояды. Қайтып оралған соң асықпай отырып, кеңейтіп жазады. Екі жұмысқа еті үйренбеген біздің буын үшін бұл да – тосын жай. «Ойбай-ау, аға-ау, одан да күнделігіңізді ала кетіп, біржола толтырып әкелмейсіз бе!» – дейміз марғау мінезімізді көрсетіп. «Жоқ, айналайын, жолда маза болмайды. Көңілдегідей жаза алмайсың. Үстелде отырғандай қайдан болсын», – деп ол тағы да бірбеткейлігіне басады.

Әзағаң – ауруханада ең көп жатқан қаламгердің бірі. Жүрек талмасы ұстағанда жансақтау бөліміне де талай рет түсті. Бірақ беті бері қараса болды, күнделігін іздеп табады. Қолына қаламын алып, жазуға отырды. Жазуға құлшыныс оның өмірге құштарлығын оятты. Көңілдегі көрікті ойдың қағаз бетіне ауысуы ем-домның шипасынан кем болмайды. Сөйтіп, күнделіктегі толғаныстардың желісі ешқашан үзілмеді.

Дәрігердің алдында бірінші кластың ба­ласынан бетер тәртіпті. Олардың айтқа­нын мүлтіксіз орындады. Бірде қатты ауырған кезде күніне 40 таблетка дәрі беріліп тұрыпты. Соны түгел ішкенінің арқасында аман қалған көрінеді. «Сол дәрілерді ішпей, тастай салғандардың көбісінен айырылдық», – депті емдеуші дәрігері. Өзі де жарты ғасыр бойы дәріден ажыраған жоқ. 45 жыл бойы күніге 15 таблетка дәрі ішті. Қайран асқазаны соның бәріне шыдады.

Жазушының бұлжымайтын жұмыс кестесі бар. Таңертеңгі 7-де ұйқыдан тұрады. Аурухана режимі бойынша кешкі сағат 10-да төсегіне қисаяды. Кейде түн ішінде оянып кететін кезі де болды. Ондайда көпке дейін ұйқысы келмесе, жазуға кіріседі. Күнделігін, негізінен, кешке қарай толтырады. Бір күннің оқиғасы кейде бір-екі бет, кейде үш-төрт бетке созылады. Соның өзін жазуға екі-үш сағат уақыты кетеді. Бес намаз секілді қаза қылмайтын міндетті шаруасының бірі осы болды.

Әзағаңның күнделіктен басқа да жазбалары жетіп жатыр. Әр жылдарда жазылған жүз алпыстай қойын дәптері, жүзге жуық шағын блокноты бар. Жазушыға мың екі жүздей кітап сыйға тартылған. Ол дегеніңіз – «соншама қолтаңба алынды» деген сөз. Өзі берген қолтаңбаларды да көшіріп алған. Бұрын қолмен көшіретін. Кейін ксерокстің алқымынан өткізе салатын болды. Жалпы, жинаған кітабы он мыңға жуық. Суреттердің саны мыңнан асады. Өзі қатысқан шаралардың бейне, аудиотаспаларын рет-ретімен ұқыпты сақтап қоятын.

Әзілхан Нұршайықов – оқырмандардан хатты ең көп алған жазушының бірі. «Махаб­бат, қызық мол жылдар» шыққан кезде – он мыңнан астам, «Ақиқат пен аңыз» жарық көргенде бес мыңдай хат алды. Өзі мыңнан астам хатқа жауап берді. Бұл дүниелерді мұрағатқа тапсырар сәтте бәрінің көшір­ме­сін алып қалыпты. Оны айтасың, мерей­тойға шақырылған меймандардың тізімі, жетпіс жылдан бері жинақталған түрлі құ­жат­тар, ақын-жазушылардың, өнер адам­дарының қазанамасы жарияланған газет қиындыларына дейін осы үйден табылады. Тек бір ғажабы, біздің бес-алты папкамыз сияқты әр жерде ыбырсып, шашылып жатпайды. Шашауы шықпай, асқан ұқыптылықпен жинаулы тұрады.

Жазушының шаңырағында үйіндегі бар жәдігерліктерге арналған картотека жасалған. Қайсысының қайда тұрғанын іздеп әуре болмайсың. Керек затыңды орнынан оп-оңай тауып аласың. Жаратылысынан жинақы Әзекеңе тумысынан тиянақты Халима қалай сай қосылған десеңізші. Ол халық жазушысының әрі зайыбы, әрі әдеби хатшысы, әрі кітап­хана­сының меңгерушісі, әрі жеке қорының сақтау­шысы, әрі реставраторы болды. Осы сан қырлы міндеттердің бәрін де мүлтіксіз атқарды. Ал Халима дүние салған соң осы мемлекеттік мұрағатқа бергісіз қазыналы құтхананың шырақшылығы Әзағаңның өз қолына көшті.

Кез келген журналистке сұхбат беруге асық­пай әзірленетін. Алдымен ойын өрнектеп қағазға түсіреді. Ауызша сөйлей­тін болса да сөйтеді. Өңдейді, жөндейді. Дауыс­­тап оқып шығып, қайта қырнайды. Сосын сы­қиып костюм-шалбарын киіп, галстугын тағып, шашын тарап, келетін кісіні тағатсыздана күтіп отырады. Өзі кешігу дегенді мүлде білмейді, уәдеде тұрмаған жері жоқ. Қайта әріптестеріміз уақтысында кел­мей қинайтын кезі болады. Ондай­да жеңіл күрсінеді. Тоқсанға таянғанда кіммен тірессін...

Қысқасы, ол – ұқыптылық пен ұлылық ұғымдарын бөле-жармай, бірдей қадірлей білген адам.

Қаламгер әрі алаугер

Жоғары ұстап жалауын,

Қалған емес дүбірден.

Азиада алауын,

Қолына алып жүгірген.

(Журналистік фольклордан)

Аурухана деген ұғым Әзағаңа таңсық емес. Қан қысымы шапшыған сайын «Жедел жәрдем» шақырады. Бірнеше рет инфаркт алып, қайта тіктелді. Қанаты қайырылып барып, қатарға қосылды. Сөйткен Әзілхан ағаны, әйгілі «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыздың» авторын ең соңғы рет ауруханаға «мен апарып саламын» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

7 ақпан күні шығармашылық өкілдеріне стипендия тапсыру салтанатына қатысу үшін Алматыға келгенбіз. Жұрт ерте жиналды. Олардың арасында Әзілхан ағамыз да бар еді. Көңіл күйі көтеріңкі, жайраңдап-ақ жүрген. Санасы қашанда сергек, қоғамдық шараға үн қосудан шаршамайтын ол бір-екі телеарнаға сұхбат беріп те үлгерді. Салтанатты сәт жақындап келе жатты.

Бір қарасам, Әзілхан аға кіреберістегі диванда жантайыңқырап отыр екен. Қасына біраз адам жиналып қалыпты. Түрі жайсыздау көрінді. Ерні кезеріп кеткен. Жүрек тұсын дамылсыз сипалайды. Біреулер дәрігер шақыруға кетті.

Жұрт залға кіріп жайғаса бастады. «Сен ағаңның жанында бол!» – деді маған министр Мұхтар Құл-Мұхаммед.

«Жедел жәрдеммен» жеткен екі дәрігер қыз ағамыздың инсульт алғанын айтты. Сол кезде Әзағаңның шыдамдылығына таңғалдым. Дәрігерлердің сауалдарына бәсең дауысымен баяу ғана жауап беріп жатты. Көзін бір нүктеге қадап алған. «Мына қыздарға айтшы, аялы алақандарының жылулық шипасын сезініп жатырмын», – дейді маған. «Үйге хабарлайын ба?» – деп сұрап ем, «Қайтесің, балалар қорқып кетер» – деді. «Жедел жәрдемнің» ішінде келе жатқанымызда «қасымда отырсың ба» дегендей, ауық-ауық қарап қойды. Жол бойы көбірек сөйледі. Мен: «Аға, сөйлемеңіз, шаршап қаласыз», – дегенмін. «Е, айналайын, мен қайбір жетіскеннен сөйлеп жатыр дейсің», – деді ап-анық дауыспен. Сөзі бұзылмағанына қарап, кеселдің жеңілдеу түрі шығар деп ойлағанмын.

Әдепкіде әлгі екі дәрігер қызға менің бұл кісінің кім екенін түсіндіруім қиынға соқты. Жігіттер асығыста Әзағаң тіркелген Іс басқармасы ауруханасының «Жедел жәрдеміне» емес, қалалық «Жедел жәрдемге» хабарласса керек. Содан олар жетіп келген. Әдебиет пен мәдениетіңе онша пысқыра қоймайтын жастар екені байқалады. Өздері асықпайды-ау, асықпайды. Әр нәрсені тәптіштеп сұрап, қағаз толтырып, отырып алды. Дәрігерлер менің: «Шырақтарым-ау, бұл кісі – әйгілі қаламгер. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Жасы тоқсанға таяу, тезірек жеткізбесек болмайды», – деп таусыла сөйлегеніме құлақ аса қоймады. Бір кезде шыдамым жетпей: «Бұл кісі – мына өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарында қолына алау ұстап жүгірген адам!» – деп едім, жайбарақат отырған екі қыз елең ете түсті. «Бағанадан бері солай деп айтпайсыз ба? Бұл кісінің Азиадаға қатысы бар екен ғой!» – деп зырлай жөнелді. Сол күндері дәрігерлерге Қысқы ойындарға жұмылдырылған адамдардың дені-қарны сау болуын қадағалау жөнінде ерекше тапсырма берілген көрінеді. Шынында да, Әзілхан аға осыдан бір апта бұрын өзі туып-өскен өлкесіне барып, Азиаданың эстафетасын жалғап, алауды жеткізуге қатысқан еді. Жасты да, жасамысты да елең еткізген бұл көріністі дүйім жұрт теледидардан қызыға тамашалаған-ды.

Сөйтіп, емделу орнына ертерек жетуі­мізге тоқсанға тақаған Әзағаңның әдебиет­тің жалауын емес, Азиаданың ала­уын ұстағаны себеп болды.

Президенттің Іс басқармасының ауру­ха­насына келдік. Ал бұл жерде жағдай мүл­де басқаша. Мұндағылар жарты ғасырдан бері емделіп келе жатқан Әзекеңді түгел таниды. Шетінен келіп, қарап жатыр. Бір дәрігер зердесін байқағысы келген болуы керек, мені көрсетіп: «Мынау кім?» – деп сұрады. «Менің Бауыржан деген інім», – деп жауап қатты. «Ол қайда жұмыс істейді?». Ақсақал «Айқынды» бір айтып, министрлікті бір айтып, әйтеуір, жобалап жеткізді.

«Бір аяғыңызды көтеріңіз», – деді жаңағы дәрігер. Әзілхан аға жайлап оң аяғын көтерді. «Енді екіншісін көтеріңіз!». Сол аяқ қозғалмады. Дүниені шарлаған, тіпті сонау соғыс жылдарында жат елдің топырағына дейін апарып келген аяқ тұңғыш рет Әзағаңа бағынбады. Соған күйзелді ме, ақсақал бетін қабырғаға бұрып, үнсіз қалды. Сол сәтте ол маған егіліп жылап жатқандай көрінді. Сыртқа шығып, жазушының қызы, ҚазҰУ-дің профессоры Жанар Нұршайықоваға телефон шалдым.

Әзілхан аға бүгінгі салтанатты жиында сөз сөйлеуі керек еді. Мен жазушының қашанғы әдетінше аса ұқыптылықпен әзірленген сол сөзінің мәтінін, стипендия ретінде алған қаражатын, қол сағатын, ұялы телефонын, сыртқы киімдерін жанұшырып жеткен ұлы Арнұр мен жиені Сәкеннің қолына табыс еттім.

Сәлден соң дәрігерлер Әзағаңды жансақтау бөліміне апаратынын мәлімдеді. Қарт сарбаз басын шалқақ ұстап, зембілдің үстінде кетіп бара жатты.

Тура бір аптадан соң Сәкен Алматыдан телефон соқты. Ағамыз дүние салыпты...

Шені – сержант,

шинелі – генерал

Тіл қатса, егер ол демде,

Тектілігін ұқтырар.

Қарт сержантты көргенде,

Генералдар тік тұрар!

(Журналистік фольклордан)

Адамның табанының астында жа­та­тын кәдімгі ұлтарақ та кейде ұлағаттың үлгісі бола алады екен. Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жырында» Халима апамызға арнаған «Сенің ұлтарағың» деген өлеңі бар. Қысқаша сюжетке құрылған шағын баллада үлгісіндегі дүние. Оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай. Бірде Халима Әзілханға ұлтарақ сатып әпереді. Ол ұлтарақ салғаннан жазушының табанына қатқыл тиіп, мазасын алады. Қолына алып көрсе, онысы қалыңдығы бір елі, бүдір-бүдір бірдеңе екен. Әзекең бұл ұлтарақты ұнатпай, ауық-ауық күңкілдеп қояды. Сонда Халима: «Бұл – емдік қасиеті бар ұлтарақ. Күні бойы табаныңа массаж жасайды. Оның бүдір-бүршіктері нерв талшықтарыңды түртіп оятады. Бүкіл ағзаңа нәр береді. Қысқасы, сергек жүруге, ұзақ жасауға септігін тигізеді. Мен бұл туралы «Здоровье» журналынан оқып, саған арнайы сатып әкеліп отырмын. Бір-екі рет кигеннен кейін үйреніп кетесің. Қара да тұр, осы ұлтарақ сені тоқсанға дейін жеткізеді», – депті.

Бұл емдік ұлтарақ қырық бір жыл бойы Әзағаңның табанының астында жүреді. Жазда – бәтеңкенің, қыста етік­тің ұлтанына төсейді. «Бойым осының арқасында бір сантиметрге биіктеді», – деп өзі мәз болады. Кейін Халима өмірден озғанда «Неге осындай ұлтарақтың біреуін саған да әпермедім екен?!» – деп өкінеді. Сол «ғұмыр ұзартқыш» ұлтарақ Әзағаңды, шынында, да тоқсанның іргесіне дейін алып келді.

Бұл ұлтарақты төсеген бәтеңкесімен сексен алты жасында солдатша адымдап ба­рып, генерал Абай Тасболатовқа честь берді. Ұлт руханиятының жанашыры Әбе­кең Әзағаңның иығына генералдың шинелін жапты. «Мен енді генерал-сержант болдым», – деп толқи сөйледі жазушы.

Шені – сержант, шинелі – генерал қарт сарбаз бұдан кейін шығармашылығына да құлшынып кірісті. Сарбаздардың арасында сержант болғанымен, сөз зергерлерінің ішінде сардар екенін дәлелдей түсті. Қарт қаламгерді көргенде оқалы бешпент кигендердің бәрі өре түрегеледі. Ұлттың ұлы қолбасшысы Бауыржан Момышұлы туралы елдің қолынан түспейтін шығарма жазған шүйкедей ғана аға сержантты жаны жайсаң жандаралдар алақанға салып аялады.

Майдан күнделіктерінің бірінде: «16 июнь 1942 жыл. Мен әскерге алынып, 100-бригадаға келгеннен кейін бір ай кіші командирлер курсында оқыдым. Атағым кіші сержант болып, зеңбірек командирі­не тағайындалдым. Бүгін маған «сержант» деген атақ берді. Біздің 76 мм артиллерия дивизионынан 5-6 адам жаңадан әскери атақ алдық» деп жазыпты. Сол сержант­тық шенін өмірден өтер-өткенше қадірлеумен болды. Аға сержант дәрежесін айбынды маршалдың мәртебесінен кем көрген жоқ. Төрт жыл бойы зеңбірек сүйретіп, терін сорғалатып, қанын төгіп жүріп алған атағын еш нәрсеге де айырбастамады.

Бірақ ол әдебиет майданында сержант болып қалмады. Әуелі көркем очерк­терімен танылып, ел назарына ілінді. Сосын көркем әдебиетке бет бұрды. Оқыр­ман таласып-тармасып оқыған «Махаб­бат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» атты екі романы екі иығына ең жоғары шығармашылық шенді бір-ақ қондырды. Меңтай мен Ербол бірнеше буын ұрпақтың идеалданған тұлғаларына айналды. Екеуі де кейіпкердің өлшемінен шығып, адами болмыстың ұғымына кірігіп кетті. Тұлымшағы желбіреген талай қыз Меңтай атанды. Ал «Ақиқат пен аңыз» батыр Баукеңнің онсыз да асқақ тұлғасына жарасымды сипат берді. Мың­даған оқырман қаһарман қазақ­тың ғибрат­ты ғұмырнамасының қалтарыс тұстары жөніндегі мол мәліметке қанықты. Қалам­гер Нұршайықов оны жұртшылыққа қызықты етіп ұсынудың жолын тапты. Әдепкіде әдеби ортаға тосындау көрін­ген роман-диалог өзін-өзі ақтады. Сатуға түскен бетте халық пышақ үстінен бөлісіп әкетті. Осы кітапты тұтас бір ауыл адам­дар­ының кітапханаға кезекке тұрып оқығанын көзіміз көрді. Мемлекеттік сыйлық иеленген шығармалардың бәрі осылай оқылса, кәнекей!

Әзағаңның басқа кітаптары да сөрелерде көп тұрмады. Жазған дүниесі лезде оқырман қолына жетіп жатты. Өзі үнемі ел-жұрттың ортасында болды. Жазушымен кездесуге ел адамдары шын ықыласымен келетін. Кез-келген шығармасын қызықты етіп жаза білетін қаламгер өз оқырмандарына кішіпейіл­ділігімен де ұнады. Оны ешкімнің көңілін жықпайтыны, балаға да, басқаға да қарапайымдылық танытатыны үшін сыйлады. Сондықтан да ол ел ішіне ең көп шақырылатын жазушы атанды.

Сексеннен асқан шағында Оңтүстік өңірге барып, Меңтай-Нұрғамиламен кездескенін айтсаңшы! Сөйтіп, талайды қаншама жыл әдемі әсерге бөлеген «Махаббат, қызық мол жылдардың» рухы қайта жаңғырды. Тіпті, махаббатқа жетік болғанымен «... мол жылдарда» шаруасы жоқ кейінгі буынның да қызығушылығын оятты. Осы тұрғыдан алғанда оны бақытты қаламгер деуге болады!

Бәрі де ұлтарақтан шығып кетті-ау... Аурухананың жансақтау бөліміне әкетер сәтте Әзағаңның киімдерін дәрігерлер бізге табыстағанын айттық қой. Соның ішінде қаламгердің қара бәтеңкесі де бар еді. Сол бәтеңкенің ұлтанына төселген ұлтараққа көзіміз түсті...

Ұлтарағына дейін ұлағат ұялата білетін халық жазушысының шығармашылық бағы мен тіршіліктегі бабы, шынында да, адам қызығатындай еді.

Жазылмаған

«Журналистер»,

Басылмаған «Боздақтар»

Таңсәріден оянып,

Тынбай жұмыс істеген.

Тоқсан жасқа таянып...

Тұғырынан түспеген.

(Журналистік фольклордан)

Қаламгердің шығармашылығынан зерт­теу­шілерге құлаққағыс білдіре кетейік. Халық жазушысы ілгеріде журналистер туралы роман жазуды жоспарлапты. «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» оның бұл шаруасын кейінге ығыстырған. Майдандас достары туралы «Боздақтар» романының бірқатар нұсқалары қағаз бетіне түскен тәрізді. «Әйгілі 100-ші бригаданың құрамындағы бес мың адам майданға бірге аттанып едік, содан үш жүздей ғана кісі елге аман келдік», – деп толғанып отыратын. Соғыс кезінде Халима екеуінің бір-біріне жазған екі папка хаты сақтаулы тұр. Қазақтың белгілі тұлғаларымен жазысып тұрған хаттары да жеткілікті. Олардың бәрі де өз ойын көркем кестелей білетін кісілер екенін ескерсек, бұл құндылықтар да рухани дүниемізге қосылатын үлес болмақ. Өз басым Әзағаңның үйінде Жайық Бектұровпен жазысқан бір папка хатының сақтаулы тұрғанын көргенмін. Қысқасы, Мұхтар Мағауиннің бір кейіпкері айтпақшы, Әзағаңда бәрі бар.

Қазіргі кейбір күнделіктердің басы­лып шыққан нұсқасын оқып отырып, за­ман­­ның ыңғайына бейімделіп, қай­та өңдел­генін аңғарасың. Бірқатар беттердің жыртылғанын сезесің. Күнделікке сенсең, автор­лар баяғыда-ақ елдің қамын ойла­ған. Ком­­мунистік қоғамның тарайтын­дығын Қоян жылы күн ілгері сезген. Қазақ­тың тәуел­­сіздік алатынын қапысыз аңғарған. Не де­ген сұңғыла десеңізші?! Ал Нұршайықов күнделіктерінде жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арпалысы бар. Оның күнделіктері әдеби тұрғыдан өңделмейді. Автор бірде-бір сөйлемінен бас тартпайды. Бірде-бір әрпін қисайтпайды. Мысалы, ол өз күнделігіне 1942 жылы 7 қараша күні былай деп жазыпты: «Кешегі газетте менің «Москва» деген өлеңім шықты-ау. Міне, сол ұлы көсем сол Москвадан сөйлеп тұр! «Береміз келіп рапорт салтанатты, Мос­ква, Кремль мен Сталинге», – деп біткен еді ол өлең. Көсемнің әрбір сөзін естігің, естіген емес-ау, жұтып қойғың келеді...». Көзқарасы өзгерген көп ағайын қазір осы тақілеттес ой-пікірлерін жариялауға аса құлықты емес.

Бірде күнделіктерінің негізінде жазыл­ған мемуарлық шығармасы жарыққа шыққан соң бір халық жазушысы Әзағаңды жерден алып, жерге салыпты. Телефонмен тілі жеткенше тілдепті. Халық жазушысы халықтың былапыт сөздерін де жетік білетінін көрсетіпті. «Бұрын жақын дос едік. Қазір хабарласпаймыз, амандаспаймыз. Елдің біразы куә болған бір оғаш қылығын жазып едім. Соған ашуланды. Күнделіктің осындай шындықты шырқыратып шығаратын ащы тұстары көп болады. Кісі оған шамданбауы керек, «кезінде неге осылай істедім» деп өкінуі керек», – деген-ді Әзағаң.

Қай істе де сабырға жүгінетін журналис­ти­каның қарт сарбазы өмірдің кейбір сәт­терін баспасөздің тіршілігімен байланыстыра бейнелейді. «Газет, журнал күйелеп, Жатса-дағы жасыма, Жаныңдағы жараңды, Қан шығара қасыма», – деп жаныңды жұбатып, сабырға шақырады. «Бүгін бұлтты болғанмен, Ертеңгі күн ашылар. Дауыл, боран, сұрапыл, Уақытында басылар», – деп алдағы күнге үміт артып, жігеріңді жаниды. «Бүгін түнек болғанмен, Ертең нұрлы күн шығар. Кеше көрген қорлықтың, Бәрі тегіс тұншығар», – деп қолтығыңнан демеп, қанаттандыра түседі. Ең соңында айтпағы да әдемі: «Сол газеттер өзіңді, Қайта мақтар кез келер. Кеше саған жау болған, Бүгін мүлде өзгерер». Оптимистік өлең. Өмір бойы журналист болып қызмет істеген Әзағаң шығармасында тіршілік түйткілдерін газеттің мысалы арқылы тілге тиек етеді.

Газет демекші, қаламгердің журналистерге арналған афоризмдерінің өзі кіші­гірім бір жинақ болып қалар. «Тілшінің кеңсесі — кең дала», «Тілшінің өзі – жаяу, хабары – жүйрік», «Тілшінің тілі – жұмсақ, қаламы – қатты», «Алыстағы жазушыдан жақындағы журналисім артық», «Аспанда қыран көреген, Елде тілші көреген», «Тілшінің шаңы бұрқырамайды, жаны бұрқырайды», «Жүйрік машинистканың саусағы жорғадай тайпалады», «Бір үйлі жанды бір қалам асырайды», «Тарыдай факт таудай оқиғаға апарады» деген нақылға айналған тіркестер баспасөз қызметкерінің тынымсыз тіршілігін дәл танытады. Осындай ойлы оралымдардың бірқатары автордың өз басынан кешкен жайттарының негізінде түзілген. Санасында суарылып, көңіл көрігінен өтіп, күнделігіне түскен.

Қарт қаламгердің күнделігін толтыруға мүмкіндігі болған ең соңғы күні – 2011 жылдың 6 ақпаны. Бұл күні де ол әдеттегі­ше ерте тұрыпты. Көптен ат ізін салмаған Абай ескерткішінің жанына келіпті. Алып Абайдың тұғыртасын алақанымен аялап, Алатау жаққа қарап үнсіз тұрыпты. Сосын көше жағалап біраз серуендепті. Әдеттегіше, жол-жөнекей жолыққан кісілер жазушымен тоқтай қалып амандасады. Қаламгер оларға қашанғы дағдысымен аты-жөні, мекенжайы жазылған тілдей қағаз үлестіреді. Біраздан әлде өзін жайсыз сезінді ме, әлде бүгінгі күннің әсерлерін ақ қағаз бетіне түсіруге асықты ма – үй жағына беттеген. Оның күнделіктерінде ең көп аталатын есімнің бірі Абай еді. Абыз ақынға қатысты жайттарды көрікті оймен өрнектемеген жері жоқ-ты.

Сонау 1940 жылғы 27 маусымнан басталған күнделігінің алғаш сөйлемінде Абайдың сөзін мысалға келтіргенін айттық. Сол күні ол Абайға арнаған өлеңін де жазып қойыпты. Ұлы ақын туралы төрт шумақ өлең былай түйінделеді:

Терең ой, шалқар теңіз, данам – Абай,

Жел-құздан қорғайтұғын панам – Абай.

Жалықпас өмір бойы ұстаздықтан,

Ұлтымды өркендетер санам – Абай!

Соңына «27. 06.1940 жыл, «Ақбұзау колхозы» деп қол қойыпты.

Сөйтіп, Абаймен басталған жетпіс жылдық жазба Абаймен аяқталды! Әзағаң­ның өнегелі ғұмырының шырқау шыңының куәсі – 130-шы күнделік, міне, осы жерден үзілді...

Енді қазақтың рухани өміріндегі кейбір деректер мен мәліметтерді нақтылай түскіміз келсе, екінші дүние жүзілік соғыс алдында «Ақбұзауда» бас­талып, жиырма бірінші ғасырда Алматыда аяқталған теңдесі жоқ шежірені көз қарашығындай сақтауымыз керек.

Жетпіс жылдың жүгін арқалаған 130 қалың дәптер тілін шешіп жіберсең, сайрағалы тұр...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

2011 ж.

7690 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6084

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5647

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3388

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2769

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2732

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2708

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2440

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2426

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы