• Руханият
  • 08 Ақпан, 2012

Бақтыбай Айнабеков: Тоғыз балам – туған жердің тұмары

d0b1d0b0d0bad182d18bd0b1d0b0d0b9Ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолындағы» алыстан анасының құшағына енгелі арсалаңдап келе жатқан жеткіншек Абайға анасы Ұлжанның алдымен әкесіне амандасуын ескертетін сәті есіңізде ме? Міне, бұл сол тұстағы қазақ қоғамындағы әкенің орны һәм рөлін аңғартқандай. Солай бола да беру керек еді... Әу бастан қазақ әкені асқар тауға теңеп, ананы соның төсіндегі бұлаққа, ал баланы бұлақ жағасындағы құраққа баламап па еді? Түптеп келгенде қазақ қана емес, мұсылман жұртында әйел ердің қабырғасынан жаратылған деген ұғым бар емес пе еді? Ал бүгін ше? Кешегі «асқар таулар» көз алдымызда аласарып сала бергендей... Отағаларының орнын ошақтың қасынан іздейтін күйге түстік. Әкені әспеттетудің орнына, әйел затын әсіре әлпештетуге бой алдырдық. Қоғамдағы ер-азаматтардың образын да ойдан құрастыратын болдық. Ана арқылы баланы әкеге қарсы қойды. Бір сөзбен айтқанда, «әкелер институтын» жауып, «аналар академиясын» ғана қалдырдық. Кейінгі кездері көкек-аналар көбейді. Көгілдір экран да мұны жиі көрсететін болды. «Раушан-коммунистердің» кесірінен көптеген бала жарық дүниенің есігін ашпады... Жалпы, қазақ үшін әке кеше кім еді? Бүгін ше? Бала неге аз, әйел неге би? Бұл жайында біз бүгін өз кейіпкеріміздің аузынан естімекке аттандық. «Ауылың сенің Іргелі...» деп жүріп, Алматының іргесіндегі Іргелі ауылының шетін біраз шарлап, қос қабатты сары үйді әрең таптық-ау! Бұл – ақын Бақтыбай Айнабековтің қара шаңырағы. Бізді отағасы­ның өзі қақпаның алдында күтіп тұр екен. Еңселі үйдің есігінен енген­де алдымыздан етек-жеңі келісті, басына жаулық салған иманжүзді әйел қарсы алды. Тоғыз бала тапқан кей апаларымыздай денесі толысқан, сонысына сай тәкаппар қозғалатын жанға тіпті ұқсамайды. Қала берді, етжеңді әйелдер­дің өзін еңбек еңкіш тартқызатыны бар емес пе?! Оған да келіңкіремейді. Бойы тіп-тік, қимылы шалт, құрақ ұшып жүрген қараторы апайға қарап, іштей таңғала отағасының соңынан төр үйге өттік. Біздің әңгімеміз әріден басталды. Бірақ бұл жолы ақын ағаның шы­ғарма­шы­лығы жайында емес, қазіргі қо­ғам­­дағы әкенің рөлі, ананың орны, бала тәр­биесі турасында ой бөлістік. Кейіпкеріміз ретінде Бақтыбай ағаны таңдап алғанымыздың да жөні бөлек. Бұл кісі – ақын ғана емес, тоғыз перзенттің әкесі. Қалалық жерде, оған қоса қарын қамымен емес, қалам қамымен жүрген жанға тоғыз баланы өсіріп-жеткізу оңай емес екені де белгілі. Бұл жайында да сыр тартпақ ойымыз бар. Бақтыбай аға төрде маңғаз әрі өр кейіпте отыр. Дастарқандағы жаңа піскен бауырсақтың иісі мұрын жарады. Бір уақытта даладан мұржасынан түтіні бұрқыраған самаурынды көтере кірген Зүбайра апайға таңғала қарадық. Қалаға келгендеріне отыз жылдан астам уақыт өтсе де шаңырақтың көне жәдігері – сары самаурын әлі күнге сақылдап қайнап тұр. Иісі бұрқырап ет те жетті. Кейіпкеріміз әңгімесін бастады. «Шығармашылық адамының шағын ортада құлашын кеңге жаза алмайтыны бар. Ерте ме, кеш пе, Жаңақорғаннан Алматыға кету керек болды. Сөйтіп күн­дер­дің бір күнінде Зүбайраға «Алматыға жинал» дедім», – дейді. Бақтыбай ағаның осы жайында жазғанын жыр-жинағынан да оқығанымыз бар: ...Тез қимылда, Балалар ма – іске аспайды базынаң, Жеті балам – жеті менің қазынам, Туған жердің тұмары ғой, тұмары Жаратылған самалынан, сазынан... Жинал, жаным, Қарайлама, қиналма. «Тәуекел» деп сенім арттым иманға, Алматыға қалай ғана сыймаймыз, Жаңақорған құшағына сыйғанда?! – деп көштің басын Алматыға бұрыпты. Ағаның жеті бала дейтіні – отбасының Алматыға аттанарда алтын асықтай алты баласы болса, Жаңақорғаннан Алатаудың бөктеріне жеткенше жетінші бала жарық дүниенің есігін ашыпты. «Әйел адамның негізгі міндеті һәм қызметі – бала табу, ана болу. Мына жеңгелерің нашарлау болып отыр. Тоғыз ғана бала тапты. Одан да көп табуы тиіс еді (ақ жарыла күліп алды). Өзі мектеп бітіріп, Қарағандыға оқуға кетіп бара жатқан жерінде мені көріп, тас кенедей жабысты да қалды». Бақтыбай аға – қағытпа қалжың мен әдемі әзілге жақын жан. Жары Зүбайра апай екеуінің арасынан әлі күнге әзіл үзілген емес. Десе де, Зүбайра апай да қалжыңнан қара жаяу емес екен. «Бар құжатымды қолыма алып, Қарағандыға оқуға жүргелі тұрған жерімде «қағып» кетті ғой. Мен де қызықпын, сол кезде «оқу табылады ғой, мынадай жігіт табыла бермес» деген ой келді. Сол кезде ағаларың маған үлкен адамдай көрінген. Сөйтсем, ол да бар болғаны он тоғызда екен ғой. Сөйтіп, етегінен ұстадым», – дейді. «Келешегіңізді осы кісімен бірден елестеткен өзіңіз де көреген екенсіз ғой» деп біз бір қағыттық. Байқап отырсақ, отбасылық суреттердің көбінде бала-шағаның ортасында – апайдың өзі. Ағамыз мүлде көрінбейді. Шығармашылық адамының түздің кісісі екені түсінікті ғой. Осыны байқаған апай: «Ағаларың әр кез іссапарға кеткенде жүкті болам да, ол оралғанда омырауда бала емізіп отырушы едім... Сөйте тұра, бұл кісі тоғыз баланың біреуіне ат қойғызған емес. Өзі қояды. Кейін немерелерге қоям деп жүруші едім. Бақсам, оларға да қойғызатын түрі жоқ. Жақында ғана біреуіне тартқандай қылып қойдым-ау», – деп күліп қояды. Қызық, бұл үйдің балаларының аты да бір ерекше. Мысалы, 1983 жылы дүниеге келген ұлдарының аты – Алтындән. Сол кезде Қызылорда өңірінде егіс науқанының қызған шағы болса керек, ағамыз сол жерден хабар жүргізіп жүргенде дүниеге келген баласын Алтындән атауды ұйғарыпты. Тағы бір баласының есімі – Съезд. Д.Қонаев ағамыздың ел басқарған шағындағы бір съезден репортаж жүргізіп отырған отағасы дәл сол уақытта жарық дүниенің есігін ашқан тағы бір ұлына Съезд деген есім ұсыныпты. Кейін әңгімеміз бүгінгі қоғамдағы әкенің рөліне қарай ауысқанда, бір күрсініп алып: «Бұл сонау тоқсаныншы жылдары басталған құбылыс еді ғой. Елді жаппай жұмыссыздық жайлап, ер-азаматтар қызметтен айырылған тұс болды. Әйелдер қырықжанды ғой мұндайда. Біразы ала қап арқалап базар жағалап кет­ті. Бала-шағаны асырауға солар шықты. Сөйтіп еркек пен әйелдің отбасындағы рөлі алмасты. Ерлердің біразы қазан-ошақ қасында, ал әйел түзде жүретін болды. Ал байлардың перзентерінің біразы анашаға әуестеніп кетті. Сұйылды. Ол аздай, қалалық жерлердің бәрінде әйелдер жұмысқа шықты да, балаларын балабақшаға берді. Ал балабақшада оларды кім тәрбиеледі? Тәрбиешілердің бәрі – қыз-келіншектер. Одан кейін балаларды мектепке берді. Мектепте кім? Әйелдер. Тағы да ер балалар әйелдер қауымының ортасына түсті. Тіпті бүгінде жоғарғы оқу орындары оқытушыларының құрамын негізінен әйелдер құрайды. Оған қоса сол кездері жаппай әскерден қашу белең алды. Міне, осы құбылыстардың барлығы ұл балалардың психикасына, тәрбиесіне әсер етті. Ұсақталды. Ал дұрысында әйелдің қызметі, Алланың өзі жіберген бақыты – ана болу ғой. Әйел – затынан нәзік жаратылыс. Ол ер-азаматтың қамқорлығына мұқтаж. Ол тұрмыс құрғанда да басты мақсаты – «өзім келін боп түскен әулеттің өрісін кеңейтейін, ерімнің ұрпағын көбейтейін, түтінін түзу ұшырайын» деген ниетте болуы керек. Ал әкенің отбасындағы образын қалыптастыратын да – әйел. «Әйел – үйдің берекесі» деп тегін айтпайды. Мәселен, әкеден бұрын баланың дастарқанға қол созбауы, үйде басқаларды әкенің мысы басып тұруының өзіне себепкер болатын – әйел. «Әй, әкең келе жатыр... Әкеңмен ақылдас... Әкеңмен кеңес...Әкеңе айтамын... Анау әкеңнің – замандасы, барып есендес...» деген ана­ның балаға айтқан сөздерінің өзінде перзентіне әкесін құрметтету жатқан жоқ па? Соны сезіп, естіп өскен баланың әкесіне деген ықыласы да ерекше болады. Шаңырақта әкенің ықпалының болуы да осында жатыр. Еліміздің батыс өңіріне жолым түсіп барғанда мына көріністі көріп таңғалдым. 50-60 жастағы шалдардың өзі алдындағы көзі тірі әкелерінен именіп, сол кісілердің қабағына қарайды. «Көкеміз айтса солай, сол кісімен ақылдасу керек...» деп сөйлейді. Ал қазір қалай? Әйелдер балаларына туған әкелерін жамандап, айдап салады: «Сенің әкең – маскүнем. Қолынан іс келмейді... Сендерді адам қылған – мен», тағы басқа. Мұны естіген балада әкеге деген құрмет бола ма?» – деп бір қайырды. Бұл шаңырақтың шаттығы сол, бір сәтте бірнеше келін түсірген кездері де болды. Тоғыз баланы қоспағанда, бұл қара шаңырақтан туған-туыстың балаларының біразы аяқтанып шықты. Тіпті туған балаларының өзі Зүбайра апайды «жеңе­ше» атап кетіпті. Бұл, бір жағынан, ата дәстүр болса, бір жағынан, апайды қайны­ларының «жеңеше» дегендеріне еліктеп, балалары да аналарын солай атапты. Осылайша, «ниетіне қарай – несібесі» деген, тоғыз бала сүйсе де, дүниеден тарлық көрмепті. «Әр баланың өз несібесі болады. Ең бастысы, бір шаңырақтан өрген балалар бауырмал боп өседі. Бірін-бірі сүйрей, жетелей жүріп өсіп-өнеді. Әрқайсысы өз білімдерімен, ешкімнің қолдауынсыз оқуға түсті. Қызмет етті. Немере сүйгізді. Қазақта «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген қағида осыдан қалған шығар. Жалпы, қазақтың әр сөзінде негіз бар. «Қонақ келсе, құт келеді» дегені бар, ауылда болайық, қалада болайық, шаңырағымыздан қонақ үзілген емес. Ендігі мақсат – ел Үкіметі әйелдерден гөрі ер-азаматтарға көңіл бөлгені дұрыс. «Ана мен бала денсаулығы», «ана мен бала мәселесі» деген мәселелер неден туын­дап отыр? Қазіргі әйелдер бала тууға немкетті. Бәрі әйелдердің аттың жалына жармасқанында болып отыр. Оған мына гендерлік саясат та өз септігін тигізіп жатыр. Бұл «әйелдер жұмыс істемеу керек, оқымау керек» дегенді білдірмейді. Оқысын, уақыты артылса, қызмет те етсін. Бірақ өзінің Алла алдындағы, жар алдындағы басты міндеті – ұрпақ әкелу мен өсіруді ұмытпауы керек. Үкімет елдегі ер-азаматтардың жұмыссыз қалмауына қарайласуы керек. Істің құлағын азаматтарға ұстатуы тиіс. Ал ерлерде қызмет болса, оның әйел алдындағы беделі түспейді», – дейді отағасы. Иә, Зүбайра апай да он жетісінде отанасы атанып, өмір бойы қазан қасында отырған жоқ. О бастағы оқуға, білімге ұмтылысы оны қалаға келгенде де қағазға шұқшиюына көмектесті. Жеті баланы жетегіне ерте жүріп, оқуын бітіріп алды. «Қалаға келген соң «ештен кеш жақсы», оқып алайын» деп ұйғардым. Өзімнің қызыммен құрдас қыздармен бірге оқыдым, енді діни тұрғыда да білімімді жетілдірудемін. Мен енді әжемін ғой. Немерелерім күні ертең «әже, анау не, мынау не» деп сұрай бастағанда, дымым құрып отырмайтын болуым керек қой», – дейді отанасы. Ер-азамат шаңырақтың – егесі, асыраушысы, қамқоршысы. Бір жағынан алғанда, ол сол үйдің отанасының тағы бір баласы кейпінде де болады. Басқа балалары іспетті оның да тамағын дайындап, кір-қоңын жуып, қонағын күту – әйелдің парызы. Бұл тұрғыда Бақтыбай аға, өзі айтқандай, «бір өзі 11 балаға татиды». Сонда тоғыз баласы бар, 11 балаға татитын күйеуі бар, жан-жақтағы қайныларын қосқанда бір үйлі еркекті бағып-қағу бір ғана шүйкедей келіншектің қолынан келді. Арасында ата-енені де күтіп, бағып, батасын алып аттандырды. Қонағын қабылдай жүріп, оқуын да оқыды. Ендеше, «бір-екі баланы ауырсынып жүрген бүгінгінің келіндеріне не жорық» дейсіз іштей. Қала іргесіндегі қара шаңырақтан кісі үзілген емес. Әне, аяққа оралған тәп-тәтті немерелер. Қала берді, жиендер де жиі келгіштейді. Ал келіндердің басынан орамалы түскен емес. Орамал демекші, Зүбайра апай өткенге көз жіберіп былай дейді: «Қалаға алғаш келген кезіміз. Бір үйде қонақта болдық. Айналама көз жүгіртсем, толған қыз-келіншектердің бірде-бірі басына орамал салмаған. Жалғыз өзім ғана жаулық байлаппын. Менен үлкен әйелдердің орамалсыз отырғандарына қысылыңқырасам да отыра бердім. Өйткені менің болмысымда орамалсыз жүру деген жоқ екен», – дейді. Сол күйі орамалын тастаған емес. Келіндеріне де үйретері – осы. Ал Бақтыбай аға болса, «Балалы үй – базар», Құдайым базарымды тарқатпасын. Жеңгелеріңе «келіндеріңе, ең алдымен, «бала тап» деп құлағына құй» деп отырамын. Бала бар жерден береке кетпейді. Бала ол – байлық. Қалғанының бәрі бір күндік дүние ғой. Ал еркектің басын көрге сүйрейтін де, төрге сүйрейтін де әйел екендігіне шүбә жоқ. Ендеше, «әйелің жақсы болсын» деген тілек айтамын» деді күліп қасымдағы фототілші Азаматқа бұрылып. Ал Зүбайра апай болса, көргенді әйелге тән мінезбен күйеуі­нің көп сөзіне араласпай, айтқанына қосылғанын білдіріп, басын шұлғып қана отырды. Ара-арасында: «Қолымнан бар келгені сол, бір немереме Сара деп ат қоюға әрең қол жеткіздім. Қалғанының бәрі ағаларыңның ықтиярымен ғана. Қазақтың қыз-келіншектеріне темірдей төзім тілеймін. Сосын халқының ғұрпын сақтаса деймін. Сонда ғана шаңырағында шаттық болады. Әйел – үйдің босағасы. Ер – үйдің шаңырағы. Босағасы берік болса, шаңырағы да шайқалмайды дер едім», – деп қысқа қайырды. Қазір тоғыз бала өз алдарына тоғыз тарау жол салды. Бірақ қара шаңырақтан ұзамайды. Әрқайсысы – әр жерде әр қызметтің құлағын ұстаған. Бір қызығы, отағасынан немерелерінің санын сұрасақ, «Құдайдың бергені ғой, жиырмаға жуық бар енді» дей салады. Иә, қазақ малы мен жанының санын жасырған ғой. «Кім біледі, бұл да сол жоралғының жөні шығар» деп жорамал жасадық іштей. Біз барған сәтте үйде болған бала мен келін, немерелердің басын қосып, суретке түсірдік. «Жаман шешелеріңнің арқасында газетке шығатын болдыңдар» деп отағасы балаларын да қалжыңмен қағытып алды. Дегенмен бабын тапқан бәйбішесіне ағаның алғысы да аз емес-ау! Әрине, қазақтың еркегіне тән өрлігімен оны өзгеге сездіре қоймайды. Десек те перзенттерінің анасына арналған мына өлеңді жыр-жинағының ішінен тауып алдық: ...Сен нені көрмедің, Зүбайра, Шүкірлік жасадың Құдайға. Дәл мендей мінезді ақынға, Жалғанда бір әйел шыдай ма? Біз нені көрмедік, Зүбайра, Шүкірлік жасайық Құдайға Сыйладың төрт ұл мен бес қызды Басқа әйел дәл сендей ұнай ма? – депті. Біз аттанып бара жатқанда Бақтыбай аға «Үкімет ерлерге қарассын. Солардың жағдайын жасасын. Азаматтар ақша та­уып, отбасын асырап отырса, әйел бала туудан қашпайды» деп тағы да қайталай айтты. Кім біледі, «бөріктінің намысы – бір» дегендей, баспасөз арқылы жоғарыдағылардың құлағына тиер деген тілегі болар. Ер – әйелдің пірі. Әйел – үйдің ұйытқысы. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – «кең болсаң, кем болмайсың» дегеннің көрінісі. Кең болды, кем болған жоқ. Бастысы, бұл үйде әр іс әлі күнге әкенің әмірімен жүзеге асады, ананың ақылымен атқарылады. Ендеше, әкелерді әспеттейік, әлеумет. Динара ІЗТІЛЕУ Алматы

4377 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6909

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6060

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3800

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3191

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3147

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3121

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2849

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2837

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы