• Тарих
  • 08 Ақпан, 2012

Нұрзия Қажыбайқызы: Қилы заманның куәсімін

d0bdd183d180d0b7d0b8d18fБатыста «ауызша тарих» (Oral History) деген ғылыми жанр әлдеқашан мойындалғаны белгілі. Мәселен, Еуропа елдерінде соғысқа қатысушылар, босқындар, тағы басқа куәгерлердің естеліктерін зерттейтін ауызша тарих институттары бар. Әдетте, мұндай дереккөздер мазмұны дәстүрлі макротарихи қабылдауда көзге ілінбейтін жекеленген отбасылардың күнделікті өмірі мен «кішкентай адамның» болмысын сипаттауға көмектесетін микротарихты бейнелейді. Міне, сол себепті анам Нұрзия Қажыбайқызының Кеңес заманы туралы көзімен көрген, ата-анасы, ағайын-туысынан естіген естелігін өз аузынан жазып алып, қысқартылған нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмын.  Нәзира Нұртазина, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

Мен 1926 жылы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Көкпекті ауданына қарасты Биғаш ауылында жарық дүниеге келіппін. Ата-аналарым – Қажыбай Қалмақбайұлы (1891 ж.т.) мен Бибәтима Мәтірияқызы (1896 ж.т.) – Орта жүз, найман ішіндегі қаракерей руының қазақтары. Қаракерейлердің құрамында біз мұрынбыз (Сары мырза). Ата-бабаларымыз ежелден Шығыс Қазақстанның Қытаймен шекаралас өңірін қоныс еткен. Жайлауымыз – Қалбатау, қыстауларымыз – Тарбағатай тауының баурайы. Арғы тегімізде даңқты батырлар мен билер, әулиелер мен мыңғырған жылқы ұстаған байлар да болған. Арғы бабамыз Байыс би атақ-абыройының арқасында баласына Ұлы жүздің әйгілі Бәйдібек биінің қызын айттырып әперген екен. Осы некеден шежіреде «үш рет Қыдыр дарыған» деп айтылатын әулие Жолымбет дүниеге келген. Даңқты бабаларымыз – атақты Қаракерей Қабанбай, Боранбай би, тоғызыншы бабамыз – Назар батыр. Еңсегей бойлы Ер Есім қатағандық Тұрсын ханның басын алғанда Назар бабамызға олжа ретінде ханның қызы Жәмбикені сыйға тартқан дейді. Аталарымыз бабаларымыздай даңққа бөленіп, байлық­қа кенелмесе де, ел басына түскен қиындықтарға қасқая қарсы тұрып, ежелгі салт-дәстүрмен, көшпелі қазақ­тардың ұғымында шүйгін жайылым, қоңды малымен ауқатты ғұмыр кешкен екен. Үлкен атам Ыбырайым діни сауатты, мал-жанды, бақуатты кісі болыпты. XIX ғасырда патша өкіметінің әскери қызметі мен діни қысымынан қашқан татарлар туыс­тас, кеңқолтық қазақ арасын паналайды. Ыбырайым бабам осы татарлардан діни білім алған және солардың бір қызына үйленіпті. Анам Бибәтима көптеген бай-бағландар, болыстар мен қажылар шыққан жергілікті Бәйтеке деген күшті әулеттен тарайды. Анамның туған атасы – нағашым Саққұлы Мазыбайұлы 1901 жылы шалғай­дағы Шығыс Қазақстаннан Меккеге қажы­лық­қа барған (ол кісі 1924 жылы 97 жасында қайтыс болыпты). Біздің өлкенің тұрмыс-тіршілігіне Ресейдің ықпалы бұрыннан жүре бастаға­ны­мен, өз әулетіміз бен руымыздың өміріне көз салсақ, халықтың хал-ахуалы 1916 жылғы көтерілістен кейін күрт төмендегенге ұқсайды. Біздің жақта наразылық патша бұйрығынан бас тартып, Қазақстан аумағынан үдере көшу түрін­де байқа­лады. Қытайға жаппай қоныс аударудың алғашқы легіне атам Қалмақбай да отбасымен бірге ілеседі. Олар: әйелі Жаңыл, ұлдары Қажыбай (менің әкем), Ешенғазы, Шайыққазы, қызы Зүбайза. Алайда арғы бетте де қол қусырып күтіп алатын ешкім жоқ еді. Әкемнің естелігінен: Біз бүкіл ауылымызбен барлық малымыздан айырылып, әп-сәтте кедей-кепшікке айналып шыға кел­дік. Өйткені ол жердің ой-шұңқырын білмей­міз, бағытымыздан адасып, Құбының құмында (Гоби шөлінің Жоңғариядағы бөлігі) тентіреп қалдық. Кейін естідік қой, егер сонда біреу-міреу дұрыс жол көрсеткенде Ерен Қабырғаның (Шығыс Тянь-Шань) баурайындағы шөбі шүйгін, кең қонысқа жетеді екенбіз. Жат жерде әке-шешемнен айырылдым. Шамасы, ауа райы жақпаған сияқты. Осылайша, атам мен әжемнің сүйегі жат жердегі беймәлім мекенде, қазіргі Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалды. Әкем ата-анасынан айырылып, қайғы жұтып жүргенде патшаның тақтан түскені туралы (1917 жылғы ақпан төңкерісі) хабарды естіп, інілері мен қарындасын ертіп, ағайындарымен бірге атамекеніне оралады. Тәубешіл халық алдағы бақытты өмірден үміт күтіседі... Алайда қазақтың көрешегі әлі алда екен. 1917 жылғы Қазан төңкерісі, «ақтар» мен «қызылдар» арасындағы шайқастың мәнін менің ата-анам да, олардың көптеген қарапайым замандастары да ұғына алмаған. Осының бәрін олар орыстардың ішкі шаруасы деп түсінген. Өкіметтің кері ықпалы сезіліп, елдің бір бөлігі соған ойыса да бастайды. Жарлылардың біразы, әсіресе төлейтін қалыңмалы жоқтықтан тіпті үйлене де алмай жүрген қу тақыр кедейлер Кеңес өкіметі билік, мансап ұсынып, қалыңмал­ға тыйым салғандықтан, саясаттың мәнісін жөндеп ұқпаса да, соның жағына шығып алды. Әйтсе де, 30-жылдарға дейін Кеңес өкіметі шалғай қоныстардағы қазақтардың өміріне пәлендей қол сұға қойған жоқ. Әри­не, халықтың бұрынғыдан әлденеше есе жұтағаны анық. Соның бәрі шекарадан ары-бері сабылу, мал-жаннан айырылу, Колчак әскерінің шығысқа шегініп бара жатып қазақ ауылдарын сыпыра тонауының кесірі. 1921 жылы әкем мен оның айналасындағы бірнеше шаңырақ туған жерден (қазіргі ШҚО-ның Тарбағатай ауданы, Көкжыра ауылы) түп көтеріліп, қазіргі Көкпекті ауданын­дағы тұрмысқа қолайлы Биғаш ауылына қоныс аударады. Осы Биғаш ауылында мен дүниеге келіппін. Алғашында маған Нұрзада деген ат қойыпты. Бірер күннен соң әкемнің бір танысы үйге келіп қоныпты. Сол кісі сәл ойланып отырып, мені «Нұрзия» деп атауды ұсыныпты. Биғаштағы біршама бейқам тірлік тоғыз жылға ғана созылыпты. 1930 жылы күтпе­ген жерден орыс қонысау­дарушы­лары сау ете қалады. Тік мінезді, суық жүзді және бөтен тілде былдырлайды... «Бұл жерге совхоз (кеңшар) салынады» деген қауесет тарайды. Орыс пен жаңа өкіметтің түсініксіз әрекеті үлкен үрей туғызады. Әкем дін жағынан қауіп қылады. Тіл білмеу де жағдайды қиындатқан. Сөйтіп, олар атақонысқа – Тарбағатай баурайына қайтуға бел байлайды. Олар салған үйін де, қора-қопсысын да тастап кетіпті. Кейде «қорқып-үрікпей-ақ сол жерде тұра беру керек пе еді» деп ойлайсың. Біз ауылға, ата-бабамыздың моласы жат­қан жерге оралып, туған-туысқа қосыл­дық. Мұндағы жағдай да оңып тұрған жоқ екен. 1928 жылы байларды тәркі­леу нау­қаны өтіпті, жекелеген ауқатты отбасы­лар Қытайға көшіп үлгеріпті. Жыл өткен са­йын біздің жағдайымыз да қиындай түсті. Сол кезде байлар мен молдаларға қарсы айдап салып, бастарын айналдырып қойған сауатсыз кедейлер, яғни шолақ белсенділер атқа қонған еді. Біздің өлкенің халқы Ленин мен Сталин туралы қаңқу-қауесеттен ғана естіп, олар туралы түсінігі бұлыңғыр болған. Алайда қандықол большевиктердің сойқанды­ғын өздерінің бар малын тартып алғанда нақты сезінген. Бұл 30-жылдардағы алапат нәубет еді. Елдің қолында тігерге тұяқ қалдырмай тартып алып, бәрін қасаптап, әлдеқайда (шамасы, қалалардағы жұмыс­шыларға, орталықтарға) әкетіп жатты. Колхоз (ұжымшар) туралы ешқандай үгіт жүргізбеген. Тек «өкіметтің бұйрығы» деп бар малды жиып-теріп әкетіп, елді аштан қатырған. Анамның айтуынша, малмен көзін ашқан ел тіпті «Құдайым-ау, қойдың құмалағын көретін күніміз болар ма екен» деп зар илеген екен. Бірден айтайын, өз басым, ата-анам, аштықтың азабын онша тартқамыз жоқ. Өйткені, біріншіден, 1933 жыл­дың көкте­міне дейін біз ішіп-жемнен тарық­падық, әкем інілерімен тыным таппай ойды-қырды кезіп, азық іздеп, кей-кейде жылы киім­дерді, бұйымдарды бір шелек бидайға айырбастап қайтатын. Екіншіден, жағдай қиын­­даған сәтте біз босқындардың кезекті легімен бірге Қытайға өтіп кеттік. Бұл 1933 жылдың наурызы еді. Біз Қытай­дың Шәуе­шек қаласына аттанатын болдық. Нағашымыз Қайдар, әкемнің інілері Ешен­ғазы мен Шайыққазы, Зүбәйза тәтем бізге қосылды. Әуелгі байлардың ауа көшкеніндей емес, 1932-33 жылғы қозғалыс – көшу емес, жалаңаяқ, жаяу-жалпы, аш-жала­ңаш, ауру-сырқаулардың амалсыз босуы бола­тын. Бейбақтардың көпшілігі жолда қалды. Бүгінде ештеңеден бейхабар жас­тар мен өзге ұлттың өкілдері оралмандар туралы «олар – байдың тұқымдары, байлы­ғын сақтау үшін не қиындық­­тан қорқып қашқандар» деген сияқты бұралқы сөздерге әуес екен. Өз басым Қытайда бала кезімде жарты жылдан аздау ғана тұрып қайтқандықтан, оралмандарға еш қатысым болмаса да, әділдік үшін айтарым: мұндай ойланбай сөйлеу – үлкен күнә. Балаларының тірі қалу-қалмауына қауіп төнсе, айнала адам мәйітінен сасып-шіріп жатса, кез келген ақыл-есі дұрыс адам қашпағанда не істеуі керек? Өкіметке қарсы шығуға қару да, күш те жоқ еді. Сөйтіп, әке-шешем мен туыстарым жылы киім, көрпе-жамылғысын, азығын, ең қажет деген заттарын қамдап, жолға жиналды. Әйелдердің күміс әшекейлерін, бірнеше түлкі ішік және тағы басқа заттарды да ұмытпады. Оларды азық-түлікке, сәті түссе малға айырбастауды көздеген еді. Үш-төрт отбасынан тұратын, шамамен 15-20 адам жолға шықтық. Үйреншікті сүрлеумен емес, Тарбағатай жотасымен асатын айналма, қиын соқпақпен шекарадан өтуге шешім қабылданды. Өйткені төте жолмен кеткендерді кеңес шекарашылары сұраусыз, сотсыз атып тастайды екен. Ал мына асуды былайғы жұрт біле бермейтін. Әкелерім соны жақсы білетін бір кісі тапты. Ол 10 жастағы ауру ұлымен қоса жол бойы біздің есебімізден тамақтанатындықтан келіскен екен. Біз 15 тәулік бойы жаяу жүрдік. Сақтық үшін түнде ғана жолға шығып, күндіз быт­қыл жынысқа, сайға жасырынып ұйықтап жүрдік. Асудан асарда көк мұз басқан қауіпті жерден өткеніміз жақсы есімде. Алдағы әкелеріміз шотпен, қайламен мұзды кертіп, адам аяғын қояр ойық жасап отырды. Мені белімнен қыл арқанмен байлап, бір ұшын Ешен ағам мықтап ұстады... Иә, ашыққан жандарға ерте көктемде Тарбағатайдың қыр арқасынан бейтаныс жолмен түнделетіп асу өте қиын еді. Азын-аулақ азығымыз қатаң түрде бөлінетін. Тәулігіне бір-ақ рет – кешке, жолға шығар алдында ғана жүрек жалғайтынбыз. Бұл тұз қосылған ыстық суға бұқтырылған талқан еді. Соның өзі әрең-әрең жетті. Ақыры Шәуешекке жеттік. Бұрын келген жерлестеріміздің көпшілігі сарттар­ға (ұйғырларға) жалдамалы жұмысқа кірген екен. Біз туыстарымызбен бір сарттың төбе­сі жабық кең қорасына орналастық. Ата-анам осында еш шығынсыз жеткені­мізге қуанысып, Аллаға және ата-баба аруағы­на ризашылық білдіріп жат­ты. Шәуе­­шек қаласында бір айдай тұрдық. Осы мез­гіл­де үлкендер қайткенде жан сақтауды, күнкөрісті ойлаумен болды. Табылған жұмысты істеп, жергілікті базарға шығып, әшекей, киім, мүліктерді сатты. Тәтеміздің іс мәшинесі бар еді. Тігіншілікке икемі бар анам сонымен тапсырыс алып, елге киім тікті. Бірақ көп ұзамай үлкендер «қалада орныға алмаспыз» деген шешімге келді. Қала сыртында мал ұстайтын қазақ ауылдары бар екен, біз соларға қосылдық. Аллаға шүкір, қажымас, адал еңбектің арқасында біраз ақшаға да жари бастадық... Алайда әкем безгек сырқатының ауыр түріне шалдықты. Емшілерге көрінсе, «өле қоймас, бірақ көп қиналады» деген екен. Әкем «маған Қытай жері жақпайды» деп күйі­нетін. Көп ұзамай «елден ашаршылық­тың қаупі сейілді» деген хабар алдық. Мұны ести сала әкем қайтуға бел байлады. Көпшілік оны райынан қайтаруға тырысты. Әкем әуелі екі інісін елге аттандырды. Олардың ізін ала әкем, шешем және мен – үшеуміз туған жеріміз Көкжыраға кері қайттық. Бұл 1933 жылдың тамыз айының аяғы, қыркүйектің басы болатын. Төте жолға түсіп, бірнеше күннен соң шекара бекетіне жеттік. Қару асынған шекарашылар қасымызға жүгіріп келді. Бір орыс, бір татар екен. Татар әкемнің сөзін аударып тұрды. Әкем: «Атамекенге қайтуға бел будық. Жейтін тағам болмай, ашыққан соң амалсыз­дан кетіп едік. Енді жағдай оңалыпты, «өкімет қайтуға рұқсат етіпті» деп естідік. Міне, малымыз – алдымызда, туған жерде еңбек етіп, өмір сүргіміз келеді», – деді. Олар «дұрыс екен» деп, әкемді арқасынан қағып, еш кедергісіз жіберді. Менің Қытайға «сапарым» осылай аяқталып еді. Ата-аналарым туған жерге қайта оралған­ға қатты қуанды. Бір тәуірі – әкем без­гек­тен дереу айықты. Ауылдағылар бидай орып, баулап жатыр екен. Тірі қалған­дар ептеп тірлігін жасай бастапты. Әрбір шаңыраққа бір тайынша мен екі қойдан үлестіріпті. Ондағы мақсат – мал өсірсін дегені, бірақ оларды союға рұқсат жоқ. Көп ұзамай колхоз құрылды. Олар өте шағын еді. Біздің колхозымыз «Ақтоған» деп аталатын, әкем оған 1935 жылдан мүше болды. Сілікпесін шығаратын ауыр жұмысқа қарамастан, әкем таңғы және кешкі намазын қаза қылмайтын. Оның: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» – деп азан шақырған дауысы қазір де құлағымнан кетер емес. Әкем социалистік жарыстың жеңім­пазы атанды. Басшылар соны ескеріп, мақтау қағаздарын берді, бірде тіпті өгіз де сыйлады. Көп ұзамай әкемді қой фермасына меңгеруші етіп тағайындады. Бұл кезде елдің мал басы артып, өкімет жұрттың өздерінен артқан қойын фермаға азын-аулақ ақшаға өткізуге үгіттеуші еді. Сталиндік тәртіп елдің бәріне үрей ұялатты. Нақақ айыптау мен сөз тасу деген жиіледі. 1937 жылғы халық санағында өкімет адамдары үй-үйді аралап, бүкіл мәліметті жазып алып жүрді. Онда дін туралы сауал болатын. Осы сұраққа әкемнің өзіне қауіп төнетінін біле тұра «мұсылманбыз, дініміз – ислам» деп тайсалмай жауап бергені есімде. Мен 1934 жылы кеңестік қазақ мекте­біне бардым. Әуелде біз латын әліпбиімен оқыдық, көп ұзамай бүкіл ел орыс әліпбиіне көшкендіктен, жаңа жазу­ды үйретті. Мен кілең беске оқыдым, «октябрят», «пионер» болдым. Слеттерде жиі сөйлеп, мақтау қағаздары мен сыйлық­тар алатынмын. Ұстаз болуды армандадым. «Зайсандағы педучилищеге түсемін, бәлкім, оқуды одан әрі жалғастырамын» деп қиялдадым. Әке-шешем бұл талабымды қолдады. Бірақ 1941 жылы соғыс басталып, бүкіл жоспарым күл-талқан болды. Бұл соғыс қазаққа зор қайғы-қасірет әкел­ді. Әкем жасы келіп қалса да, заң бо­й­ынша «еңбек армиясына» жарамды еді. Алайда ферма меңгерушісі, еңбек озаты ретінде оған «бронь» дегенді беріп, соғыстан босатты. Әке-шешем тағдыр­дың талай тауқыметін тартса да, Алла оларға тыныш қартаюға, жалғыз ұлдары Құмарғазы­ның қолында, немерелерінің ортасында ұзақ өмір сүруге мүмкіндік берді (әкем – 92, анам 97 жасында дүниеден озды). Алайда менің әке-шешем сияқты соғыс зұлматынан аман қалғандар некен-саяқ. Қаншама адамның тағдыры бүлінді, қайғы-қасірет шекті, қаншама жас қыршынынан қиылды десеңізші! Назархан төре деген ғажайып ауылдасымызды жиі еске аламын. Кезінде күллі найманға билік жүргізген Әбілпейіз ханның (Әбілмәмбет ханның ұлы) тікелей ұрпағы еді. Соғыс жылдары Назар­хан төремен достасқан әкем оны күн­де кешкісін тамаққа шақыратын. Ол кісі діни қиссалардың, шариғаттың, шежіренің нағыз білгірі еді. Ал бірақ Кеңес өкіметі мен сұм заман хан тұқымына не көрсетпеді? Ашаршылықтың азабын тартып, сан қилы қорлық көрді. Қартая бастағанда ашқұрсақ тірлік кешіп, колхоз малын бақты. Жалғыз ұлын соғысқа әкетті. Арабша ғана сауаты болғандықтан, ұлынан келген хаттарды мен дауыстап оқып беретін едім. Ақыры төренің ұлы Қалиханнан да «қара қағаз» келді... 1944 жылы мен тұрмысқа шықтым. Жұбайым Дәуітбек Нұртазин біздің аудан­ның жігіті еді. Ол да сталиндік зы­миян саясаттың барлық ауыртпалығын бастан кешкен азамат болатын. Жастайынан ата-анасынан айырылып, кеңестік жетімханада тәрбиеленген. Зайсан педучилищесін бітірген 19 жастағы бозбаланы майданға әкетеді. Орысша жақсы білген соң әуелі қысқа мерзімді офицерлік курсқа апарады. Алайда оқуын бітіртпей-ақ, жаяу әскер қатарында, Сталинградтың қанды қасабына салады. Майданда жараланып, госпиталға түседі. Сол кезде мұғалімдерді тылға қайтару туралы жарлық шығып, оны ту­ған же­ріне қайтарады. Кейін жоғары білім алып (ҚазПИ), мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, облыстық оқу бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарды. Бар өмірін мектеп пен ағарту ісіне арнады. Отағасының әке жағынан да, шеше жағынан да тұқымдары түгел діни сауатты, оқымысты жандар екен. Атасы Асылымбек елге мәлім молда болған. Балаларының арасынан ол кенжесі Нұртазаны молда қылып шығарыпты. Ғұмырлары қысқа болып, мен көруге жазбаған қайын атам мен енем екеуі де, елдің айтысына қарағанда, арабша сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу жандар екен. Бірақ аласапыран заман оларға таланттарын толық ашуға, сөйтіп, оның игілігін көруге мұрша бермеген. Біздің отбасымыз сияқты олар да 1916 жылы Қытайға бас сауғалап, патша тақтан құлаған соң кедейленіп, арып-ашып оралған. Алайда 1932 жылы күзге салым қаза табады. Оларды «аштықтан өлді» деуге келе қоймас. Өйткені сол кез­дің өзінде атаның қолында әлі де бір жылқысы мен түйесі қалыпты. Олардың малын өкіметтің неге алып қоймағанына таңым бар. Осыған байланысты кейде біз­дің өңірде ашаршылық, кісі жегіштік сияқты адам шошырлық сұмдық сипат алмаған-ау деп ойлаймын. Оның үстіне шолақ белсенділер де қарғыстан қорқуы мүмкін. Нұртаза молданың үйінде әкесі Асылымбек молда кезінде бір арабтан сатып алған жұмбақ кітап болғанын, сонымен болашақты болжайтынын, т.с.с. елдің бәрі білген екен. Қалай десек те, ата-енем – Нұртаза Асылымбекұлы (1889 ж.т.) мен Ырым Аманқызы (1897 ж.т.) – сталиндік билік­тің қарапайым құрбандары. Отағасы кейде әке-шешесін еске алғанда «олардың осылай ауру-сырқаудан қайтыс болғаны да оң болған-ау, әйтеуір өз төсектерінде көз жұмды, егер олар 1937 жылға дейін өмір сүрсе, әкемді «молда» деп елдің алдымен тұтқындайтыны айдан анық, бәлкім, анамды да «арабша сауатты әрі байдың қызы» деп әкетуі мүмкін еді ғой» дейтін (айтпақ­шы, күйеуімнің үстінен де өз жерлестері мен руластары «молданың ұлы», «Қытайда туыстары бар» деп домалақ арыз жаудырып келді). Осылайша, болашақ жұбайым Дәуітбек Нұртазин тұл жетім қалады да, әкесімен бірге туысатын Көшкін атаның қарауына өтеді. Көп ұзамай Ақсуатта ашылған балалар үйіне өткізіледі. Ондағы жағдай да оңып тұрмаған еді. Бір тілім нан, бір стақан шай береді екен. Балалар шыбынша қырылып жатыпты. Кім біледі, иманды болғыр Көшкін ата (1937 жылғы қуғын-сүргін құрбаны, Сібірде көз жұмған) жетім Дәуітбекке сол кезде бірнеше рет талқан беріп жібермесе тағдыры қалай боларын. Тағы не айтайын?!. Аштықтың апаты, қуғын-сүргін, тағы басқа кесапаттарды естен шығармай, қазақтың бүгінгі ұрпағы тыныштық пен баршылықта, өзінің тәуелсіз Отанында өмір сүріп жатқаны, бүкіл әлемге абыройлы Елбасының барлығы үшін Алла­ға мың мәрте алғыс айту қажет. Әрине, мен әңгімелеп отырған осынау кесапат­тың бәрінің дерлігі Кеңес өкіметінің салған лаңы екендігі баршамызға мәлім. Бірақ кек сақтамай, бәрін бір Аллаға тапсыру қажет. Өткенге – салауат. Орыстардың арасында да қайырымды, жарқын жандар аз емес. Әкем марқұм «орыстың бәрін кәпір деуге болмайды, өйткені сен адамның жанына үңілген жоқсың және олар Жазуы бар (Інжіл) «кітабия халық» деп отырушы еді. Өзім орыс әдебиетін, әсіресе Пушкин, Толстой, Шолохов, тағы басқа шығармаларын сүйіп оқыдым. Біздің Ақсуатта (Тарбағатай ауданы­ның орталығы) Вишняковтар отбасы тұрды. Олар көршілермен тату еді, қазақша таза сөй­лей­­тін. Әйелі Екатерина Вишнякова маған киім тігуді, әр қилы тағам­­дар даяр­­лау­ды үйретті. Біз ертеректе, сонау 70-жыл­дардың басында ауылдан, Шығыс Қазақстан­­нан – Жетісуға, Талдықор­ған қаласы­­на көшіп кеттік (Алматыда оқыған балаларымыздың алды елге қайтқысы кел­меді, бұл отағасының ертеректегі қалада тұрғысы келген арманымен үйлесе кетті). Талдықорғанда біз әр ұлттың өкілдерімен араластық. Люба есімді кәріс көршіміз болды. Сондай-ақ мен қалалықтардың көпшілігіне қадірлі Қари-ака есімді (фамилиясы Расулов) өзбек молданың отбасымен араластым. Қасиетті, керемет жан еді. Зайыбы – Сара құрбым жайсаң мінезді ұйғыр қызы болатын. Қари-ака Бұхарадан жоғары діни білім алған екен. Өзбекстанда ол әйгілі сопы-ишанның ұлы ретінде 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Солтүстіктегі лагерьлердің бірінде 10 жыл айдауда болып қайтып, сосын Қазақстанға жер аударылыпты. Кеңес дәуірінде өзім пір тұтқан осы кісінің уағыздары маған бекем діни тірек болды. Иә, Алла да, аруақтар да адамдарды ұлтқа, ұлысқа бөлмейді. Сондықтан әділетті болуымыз керек. Алайда қазақ жерін сүйіп, қазақ тілін біліп, бабаларды есте тұтып, тәу етуге бәріміз міндеттіміз! Қазаққа өткеннің тауқыметі мен қайғысын ұмытып, көкірек керуге, күнәға батып, ысырапқа жол беруге болмайды. Тарихтың тағылымы деген де осы болса керек.

Келешекте отандық тарих ғылымында «ауызша тарих үлгілері, ел аузынан жиналған мағлұматтар ерекше орын алады» деген ойдамыз. Нұрзия апаның ғұмырнамалық әңгімесі біздің көз алдымызға сол қилы замандарды басынан кешірген буынның, миллиондаған қарапайым азаматтар мен абзал аналар тағдырын елестетеді. Естелікте халықтың өз тарихи жады, нақты болмысы мен тұрмыс-тіршілігі жақсы көрініс тапқан, жалпы, бұл бағыт ресми деректерге негізделген Отан тарихын өлке, рулар мен әулеттер, жеке тұлғалар тарихымен байыта түседі. Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрзия Қажыбайқызының естелігін оқып шықтым. Маған ұнады. Бұл естелікте тек ашаршылық пен миграциялар емес, басқа да Кеңес дәуірінің мәселелері туралы – дін, ұлтаралық қатынастар, т.б. қызықты мәліметтер бар екен. Уяма Томохико, профессор (Жапония)

4513 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7056

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6132

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3870

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3263

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3217

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3192

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2920

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2908

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы