• Тарих
  • 08 Ақпан, 2012

Cіміре жұттым ауаңды...

Өзгерген өңір Қызмет бабында отыз жылдай Ақтөбе шаhарында жиі болғанымды айтпағанның өзінде, атамекенде талай табан ізі қалды ғой. Қазақ елінің батысын отарлау, экспансиялау, сонау XVIII-XIX ғасырлардан бергі кезеңдегі оқиғаларды осы жолдардың авторы өзі­нің «Дала Геркулесі» тарихи-деректі романында кеңінен жазған-ды. Қазақ жеріне одан әрі індете ену үшін 1869 жылы Ақтөбе бекінісін салды. Әрине, ол тек қана әскери-стратегиялық мақсатты көздеп жасалған қанқұйлы жоспар еді. ХХ ғасырдың 90-жылдарында біз қоныс аударғанға дейінгі Ақтөбе айналасы жалаңаш жатқан үлкен деревня болатын. Шым кепелі, тарғыл тасты, аяқ алып жүре алмайтын саз балшықты, әр жерде шашыраған шілдей, даланың жермен жексен, торғайға да пана болмайтын қара ағашы ғана өсетін-ді. Шаhардың орталық көшелері болмаса, қала тұрғындары суды ат, есек арбалармен, көбі жаяу таситын, су құдықтарында таңсәріден бастап түннің бір мезгіліне дейін кезекте тұратын қарияларды, әйелдерді көретін едік. Шаһар қараңғы түн құшағына оранғанда, үйіңді таба алмайтынсың... Бәрі қорқынышты болатын. Соңғы жылдардағы бүгінгі шаһар­ды аралау, көру сексеннің сеңгіріне шық­қан осы жолдардың авторына үлкен де мықты қуат, жастық жалынды, ұшқыр ойды, туған жерге деген сүйіс­пеншілікті қайта оятты-ау, шіркін-ай! «Қара ағаштан басқа ешбір өсімдік, тал-шыбық шықпайды, өспейді» деген бүгінгі қалада – жайқалған орман сыбдыры, көгалды көшелер, түкті кілемдей өрнек салған гүлдер, субұрқақтар, тұла бойыңды қытықтайтын таза да самал жел. Ал түнгі қаланы көру бір ғанибет! От өзеніндей ағып жатқан автокөліктер, самаладай электр шамдары, жерге инең түсіп кетсе, қиналмай табатын жап-жарық көшелер, қайырылыстар, тұйықтар, алаңдар. Ал қалада соңғы жылдары бой көтерген ықшамаудандар, аспанмен тілдесіп тұрған биік ғимараттар, тұрғын үйлер, нарық тынысы – компаниялар, әмбебап дүкендер, мәдениет орындары – сарайлар, жаңадан пайдала­нуға берілген өнеркәсіптер – бәрі абаттан­дырылған, көз тартады. Нұр-Ғасыр мешітіне тәу-тағзым етуге келдік. Жаның жай табады, ты­ныш­тық. Аруақтарға тәу етіп, аят оқыт­тық, садақа бердік. Мыңдаған адамның ойына келе бермейтін тың ойдың, идеяның куәсі болдық. Жұпар иісті Көктөбе Бұл өңір Елек өзені жазғытұры тасығанда кемерленіп, аппақ ақ көбікке көміліп, бүкіл алапты су басып кететін болған. Соның нәтижесінде жайқалған ну орман етек алған, жағалары ит тұмсығы өтпейтін тоғай, нар қамысты, кісі бойы бидайықты, етегі ажырықты, ойдым-ойдым кекірелі болып келген. Ертеректе Тоқпан байдың мыңдаған жылқысы көктемде осында құлындаған. Кемерленген су арнасы мамыр туа қайтып, «Тоқпан сайына» бет алады екен. Бұл – сол Ақкемер атанған жер, Тоқпан, Көтібар, Көбес осыдан сонау Ойыл, Қиыл бойларын жайлап, қыс басына қарай құмға, қыстақтарына қайтқан. Жасыл желекке бөленген жусаны мен шағырлы, көде бозды, жұпар иісті Көктөбе! Ауа райы, қалағанымыздай, қоңыр салқын, жібектей жұмсақ, бетің­ді сүйіп өтетін жел. Ақын Қадыр Мырза Әлінің «маңдайымнан сипап өткен самалды, қазағымның алақаны деп білем» дегендей, ұлы да аруақты батыр бабаның мәңгілік ұйқыда жатқан Көктөбесі ұрпағын осылай жылы қар­сы алды. Көліктерді шырақшы үйінің қасына тастап, батыр баба кешеніне жаяу көтерілдік. – Ал, аға, академик жазушы Сәбит Мұқанов бағалағандай, Көтібар Бәсен­ұлы қазақ халқының қорғаны болған тұлға емес пе? Ұрпағы соны еске алып, мынадай кесене салған екен. Аруағы ұрпағын қолдап, қорғай жатқай, – деп Сәбит бетін сипады. – Айтыңызшы, Тау аға, отарлаушылар қолынан қаза болған ғой батыр, ә? – Иә, 1833 жылдың терең боз­қыраулы күзі. Қазақтың батыс өңірінің жерін, елін сүйетін жақсылары Жағал­байлының Жанқасқа сері еліне – Ақбұлаққа отарлаушыларға қарсы қару­лы көтерілістің жоба-жоспары жайлы келісуге жиналатын болған. Көтібар бес-алты үзеңгілесін ертіп бір-екі күн бұрын келген. Жанқасқа батырға арнайы үй дайындаған. Түн. Қара жаңбыр арты – бұршақ, соңы қарға айналған лайсаң болған. Иә, Орынбор-Самара губерниясының бас губернаторы В.А.Перовский батырдың соңына шырақ алып түсіп, жолынан алу үшін екі естекті бір жыл бойы дайындап, осы бір күнді күтіп, батыр соңына түсіреді, батырдың күзетін алып, ұйқыда жатқан бөлмесіне кіріп, балтамен басын шабады. Жанқасқа күзеті қанды оқиғаның үстінен шығады. Күзетшілер екі естекті жетектеп, Жанқасқаға алып келеді. Табанда сері екі жауызды үюлі тұрған жыңғылға от жіберіп, өрт ішіне салып жібереді. Осы түнде Орта жүзден Сегіз сері жетеді. Қанды оқиғаны көріп, қат­ты қайғырып, батырға арнап жоқтау-жырын шығарады. – Тау аға, «Дала Геркулесі» атты кіта­быңызда Жыланкөз арғымақ жай­лы айтқан екенсіз. Сонда Жыланкөз аттың басын осы Көктөбе басына ескерт­кіш жасатып қойған депсіз, – деді Ғалым­жан жан-жағына көзін тоқтата қарап. – Дұрыс еске алып тұрсыз. Мына­най­дың дуалынан батыр Жылан­көз атымен секіріп, қолға түспей өтеді. Осы Көктөбеге аты қаратерге шомылып әрең жетеді. Мына, біз қазір сәлем беруге соғатын Сәмен мен Дәмелі тұрған Көтібар бұлағында отырған елге батырды жеткізіп, ат құлайды. Батырдың ағасы Самұрық (ел «Саңырық әулие», «көріпкел» деп кеткен) «аттың басын Көктөбе төбесіне терең жер қазып көме­йік, қасиетті, киелі, батыр­дың жан жол­дасы болған ат қой» депті. Содан батыр Орынборға әдейі бір топ адам жіберіп, аттың басын қоладан құй­ғы­зып ескерткіш жасатып, осы өзі жатқан жерге орнатады. Кейін Ресейден келген мұжықтар Көтібардың мазарының кірпіштерін тарқатып алып, бұлақ басынан үйлер тұрғызады, пеш салады, аттың басын – жезді Орынборға апарып сатып жібереді. Өзгерген өңір деп осыны айт! Аудан әкімі Серік Тілеулесұлы Шаңғұтов ауданда халық үшін жүргізіліп жатқан игі­лікті істерді баяндап берді. МҰҒАЛЖАР АСУЫ Екі жеңіл автокөлік бірін-бірі қуа, бірінен-бірі оза күн еңкейе Жем қала­сын жанай Мұғалжар тауының шатқалдарына кірді. Ауызда – жолдың жиегінде бірнеше адам қарсы алды. – Ал, Тау аға, бұл недеген сұлу қыз­дай назданып жатқан иір-иір тау! Не айтасыз? – деді Сәбит Досанов, – сәл кідірейікші, таудың кешкі самалын жұтайықшы. Тоқтадық. Иіссу сепкендей, жұпар иісті орманды тау. Ақ балтыр қайың, үлбіреген үйеңкі, басы көк сүзген қара­ғай, кеудеңді ұратын қараған мен саралжын, атты кісі түсіп кетсе көрінбейтін қарақұйрық қамыс, қыздың шолпы­сын­дай сылдыр қаққан бидайық, өлең-­қоға – бәрі-бәрі жайқалып тұр, жа­ның­ды тербетеді. «Қарағай қам­шым сабы ырғайда бар, тұнық су мал кешпеген тоғайда бар» деген халық әні есіме түсіп, Сәкеңе айта салдым. Жылға, қыраттарда дуадақ, тырна, шіл, қоян, түлкі.... Сосын арқырап ағып жатқан бұлақ, тұнық су, мұнда балықтардың түрі де, емдік сүлік те өседі, торала, итала, қоңыр қаздар да ұя салады, аққулар да қосағымен жүзеді. Үйтасты бұлақ, Жамантау, Жақсытау, Біршоғыр тау болып барлығы қарт Орал тауының таусылар аяғы – Мұғалжар тауы атанады. Тау іші. Тау жолы. Бәйбішем Балзада Шәмшіқызы Сәкеннің «Тау ішіндесін» ыңылдап айтып келеді. Туған жер ауасы, туған жер бұтасы мен өсімдігі, туған жердің тасы – бәрі ыстық. Жата қалып аунағың келеді, әр тасын құшақтағың келеді.Сағыныш деген – осы! Мұғалжар асуына таядық. Есет Көтібарұлының Ресей отарлаушыларымен «жерімді бермеймін, халқымды тәуелді етпей­мін» деп ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырып, оған қолбасшылық еткен өңір осы еді. Әрегірек айтсам, осы өңір­де Көшім 1515-1520 жылдары ту­ған. Ат жалын тартып, үзенгіге аяқ сал­ған кез­де Батыс Сібір жаққа, Ертіс бойына барып мықты мемлекет құрған, хандық еткен. Мемлекет құрамында батыстағы жетіру тайпасының және керей, арғын, найман, үйсін рулары болған. Даң­қы әлем­ге әйгілі Көшім хан атанған. Жан жары Сүзге заманының аса сұлу әйелі болған. Шоқан Уәлихановтың еңбек­терінде айтылады бұл деректер. Таудың ішкі жолы бұрынғы мен білетін, көрген жол емес. Тау іші тас жол, екі беті жарқыраған шам-жарық. Кідіріс жоқ. Тамаша! Иә, осы Мұғал­жар асуында 1947 жылы Қазақстанды бас­қарып отырған Жұмабай Шаяхметов мінген «шолақ пойыз» ақпан айындағы ақбасқын боранда бес тәулік бойы боран ішінде қалған. Осы жолдардың авторы ол кезде Шалқар қалалық кеңесі атқару комитетінде іс жүргізуші болатын. Бірнеше адам болып Жұмабай Шаяхметов пойызын қардан қазып, аршып алуға барғанбыз. Ақ тілек Түн ортасында Шалқар шаһарына жақындадық. Алдымыздағы жол жие­­гінде бірнеше автокөлік, бір топ адам күтіп алды. Бұлар Шалқар ауда­ны­ның басшылары екен. Қалаға әкеліп, қонақүйге орналастырды. Ер­те­ңіне аудандық тарихи-өлкетану мұражайында болдық. Мәдениет сарайында кездесу өтті. Біздің әулет жайлы деректі фильм көрсетілді. Туған топырақ, жас қауым, ыстық ықылас, көңіл көтеру, бір жасап қалу – бәрі болды. Әрине, сый-сияпаты, қонақасы – өз алдына! Қалаға кірер жазықта тік тұрып «сәлем берген» саршұнақтар, балпақ­тар, ақ қоян, ор қояндар «қош келдіңіздер» деп тұрғандай. Жолды орағытып бір қа­рап қызыл түлкілер өтеді алдың­нан. Қан­­дай сағыныш! Туған жерге деген махаббат, сүйіспеншілік! Үш авто­көлік­­пен «Есет-Дәрібай» кесене кешеніне ба­рып, тәу етіп, шырақшыға Құран оқыттық. Қазақ­тың сықақшы ақыны Садықбек Адамбековпен ширек ғасырдай жолдас, дос болғанмын. «Ақтөбеге бет алсам, батыр, әулие Есет Көтібарұлына тәу етпей, аттап кете алмаймын» дейтін. Жетпісінші жылдары бір келгенінде «Атыңнан айналайын, Есет батыр, Күмбезің жермен-жексен құлап жатыр. Күмбезіңді тұрғызардай, артыңда қалмаған ғой, бір ұрпақ іске татыр» деп көзіне жас алған еді. Сәбит Аймұқанұлына осыны айтып, Тәуелсіздік алған соң, 1993 жылы халық өз қаржысына осы кесенені тұрғызғанын жеткіздім. Мына қызыл кірпіш сегіз жүз жыл азбай тұратынын айттым. Сәкен елге риза болды. Шырақшы Құран оқып болғаннан кейін Сәкең: – Есеттің әкесін, халық батыры – Көтібарды жауыздықпен жандармерия жолынан алды. Ал Есет дүниеден қалай өтті? – деді. – Есет сексен жетіге бес ай қалғанда өз ажалынан дүние салды. – Иә, Есет – заманының ұлы тұлға­сы болған ғой, – деді Сәбит Досанов. Осы сапарда Есет батыр ауыл­ын­­да­ғы Қорғантұз мектебінің бірінші кла­сына 1937-1938 жылдары барған едім. Мектепке бірқатар кітаптарымды қолтаңба жазып қалдырдым. Иә, өкініштісі, сол клас­тастарымнан ешкімді кездес­тіре ал­мадым-ау! «Елу жылда – ел жаңа» деген – осы. Абаттанған, ажарланған Ақтөбе өңірінің тәуелсіздік жылдарында қай жері, қай саласы, қай өнеркәсіп, құры­лыс, әлеуметтік, экономикалық өрісі болсын өскенін, дамығанын, ата­ме­кен­­нің гүлденгенін көресің. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің осы жақ­тағы бөлігін мерзімінде салып, пайдалануға берген екен. Бұрын Ақтөбе – Ырғыз арасында ондаған сағат жүретін автокөліктер үш сағатта ағып өте шығады. Бұл – халыққа жасалған игілік. Қазақ елінің тәуелсіздік алған жылдарындағы бұл өңір адам танымастай болып өзгерген. Жаңарған, жанданған көріністерді көріп, туған халқыма текті бір аталықтың сексеннің сеңгірін алған бұтағы ретінде сол жерде-ақ тілегімді айттым. Арада ширек ғасырдай жуық уақыт өтті. Ақын Нұрперзент Домбай жаз­ғандай, туған жердің қадірін, жырақ­та жүрген біледі дей келіп, сіміре жұт­тым ауаңды, көкірек сарай тазарды. Сағындым туған елімді. Себебі жас келді. Қыр басынан құз басына шығып тұрмын. Туған елге тағзым! Тауман ТӨРЕХАНОВ, жазушы-журналист,Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Шалқар ауданының және Шалқар қаласының «Құрметті азаматы» Ақтөбе

4006 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7032

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6120

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3858

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3250

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3206

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3180

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2908

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2896

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы