• Ақпарат
  • 29 Наурыз, 2012

Аманатқа адал азамат

Солтүстік Қазақстан облысын Тайыр Мансұров басқарған жылдарда аталған өңірге біз де жиі барып тұрдық. Көбінесе Тіл басқармасына ат басын тірейтінбіз. Басшысынан бастап барлығы қонақжай. Қазақы мінезді қыз-жігіттер болатын. Барлығымен емен-жарқын әңгімелесіп, пікір алмасып, мәре-сәре болып қайтатын едік. Сол кездің өзінде адамның есімін cақтау қабілетім кемшіндеу маған бірден Кемел деген жігіттің аты да, заты да жатталып қалды. Ол кезде ол сол Тіл басқармасында бір бөлімді басқарады екен. Орта бойлы, ақсары жігітке жап-жас қыз-жігіттер «Кемел Қарашаұлы, анаған көмектессеңіз, мынау болмай жатыр...» деп өтініш білдірісіп, жан-жағынан жамырасады. Олардың ешқайсысының бетін қайтарып жатқан Кемел жоқ, бәріне жәрдемдесіп жүргені. Сол кездің өзінде білдей бір бөлімді басқарған жігіттің елгезек екені әрі өз ісінің білгірі екені көрініп тұр. Сол ақкөңіл, қарапайымдылығынан шығар, тез шүйіркелесіп, тонның ішкі бауындай болып кеттік. Сол сапарымызда кешегі бөлім бастығы, ал бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының Тілдерді дамыту басқармасының тізгінін ұстап отырған Кемел Қарашаұлымен шалғай аудандарды аралауға да бірге шыққан едік.Кемел Оспанов – бүгінде бір басқарма­ның бастығы ғана емес, орысы қалың өңірдегі оң істердің ұйытқысы. Оның кішіпейіл, көпшіл, ілтипаттылығының сыры нағашы атасы, соғыс және еңбек ардагері, атақты Кеңес одағының батыры Жәлел Қизатовтың тәрбиесінде өскендігінде екен. Атасына іле­сіп, Қызылорда барып, сол облыстың пединститутын тамамдапты. Турашылдық, қызмет бабындағы адалдық, бауырмалдық бәрі-бәрі сол атаның аялы алақанынан жұғысты болса керек. Кемел Қарашаұлымен әңгімеміз мемлекеттік тіл саясаты, жалпы, туған тіл­дің дамуындағы түйткілдер турасында өрбиді. Сымдай тартылған ақсары жігіттің мемлекеттік тіл төңірегінде тындырғаны аз емес. Өзара әңгімеден аңғарғаным, бір ғана оқу жылының өзінде алты аралас мектеп таза қазақ мектебіне айналып, он сегіз білім ордасында қазақ сыныптары ашылыпты. Бұл біле білгенге өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған өлкедегі аз уақыттың ішінде атқарылған ілкімді іс деп айтар едік. Облыс әкімі былтырғы қаулысында: «атаулары қа­зір­гі талаптарға сай келмейтін жекелеген ауыл, село атауларын өзгерту жөніндегі жұмыс жандандырылсын» десе, биылғы қаулысында: «барлық мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде оқытатын және тәрбие беретін топтар ашылсын»; «мектептерде қазақ тілінде оқытатын дайындық топтары мен бастауыш сыныптар санын көбейту жөніндегі жұмыс жандандырылсын»; «мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы «Қазтест» негізінде білім деңгейін бақылаудың жыл сайынғы жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылсын» деген міндеттер жүктеген екен. Бүгінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы бас болып, бұл іске белсене кіріскен. Соның алғашқы нәтижелерін жоғарыда атап өттік. Жоғарыда сөз еткеніміздей, бұл қаулы­­­лар­дың елді елеңдететін себебі: көпші­лік облыс­тарда орталықтан берілген түрлі нұсқаулар­ға және өзге жағдайларға байланысты дәл осы шаруалар тоқырап тұр. Соған қарамас­тан, өңір басшысының ынта-ықыла­сына байланыс­ты мұндай мәселелерді заңды түрде шешудің жолы да жоқ емес. Екіншіден, әрине, басқарма бастығының іскерлігіне, ұлтжандылығына да көп нәрсе қатысты. Тағы бір таңдандырарлық нәтиже – қай облыс, қала болсын, мемлекеттік тіл жөніндегі мониторингіде қаржы, экономика, құқық қорғау салалары соңғы орындарда жүреді. Солтүстікте бұлар, керісінше, қазақ тілділігі жағынан алдын бермейді екен. Құптарлық, үлгі аларлық жайт. Олардың санатында облыстық Қаржы, экономика және бюджет­тік жоспарлау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің СҚО бойынша басқармасы, тағы басқалары бар. Өңірде жыл сайын мемлекеттік қызмет­шілерді «Қазтест» бойынша сынақтан өткізу жолға қойылыпты. Шенеуніктердің қазақшасын компьютер бағалайды. Соған орай талап күшейтілген. Оған қоса тестті қабылдауға арнайы уақытын бөліп, облыс әкімінің өзі келетін көрінеді. Сосын облыстағы атқамінерлер тайлы-таяғы қалмай тест тапсыруға ағылады. Мемлекеттік тілге қамқорлық деген осы емес пе?! Облысты қамтыған бұл емтихан көрсеткіші бойынша биыл Ақжар ауданы алға озыпты. Жыл сайын өтетін әр өңірде тілдер фестивалі өтіп тұрады. Бұл үрдіс аталған облыста әбден қалыптасқан. Бұл жиынға да облыс басшысы өзі қатысады екен. Биыл да солай болыпты. Жылдағыдан ерекше жаңалық – мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағытында атқарған зор еңбектері үшін қазақ тілі пәнінің мұғалімі Таласбай Мұсабаев пен Петропавл қаласы білім бөлімінің мемлекет­тік тілдегі құжаттардың редакторы Әлия Жүкеноваға пәтер кілттерін табыс етіпті. «Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің» атты шығармалар байқауы да өңір басшысының тікелей қолдауымен өткізіліпті. Осы тақырыпта әңгіме-дүкен құрғанымызда, Кемел Қарашаұлы былай деді: «Патша өкіметінің саясатына сәйкес елді мекендердің байырғы қазақша атауларын бұрмалау 1774 жылы басталыпты. Зорлықпен өзгертілген алғашқы атаулар Омбы уезіндегі Атқы-Мөнтік-Сары Қарауыл болысы – Николаев болысы, Петропавл уезіндегі Матақай-Сыбан-Керей болысы Преснегорьковская деп ауыстырылған. Өзіңіз білесіз, кейіннен патша ІІІ Александр генерал-губернаторларына жолдаған құпия хатында: «Елді мекендерге орыс атауларын беріңдер немесе оларды орыс тіліне аударып, ресми қағаздарда орыс грамматикасының ерекшелігіне қарай жазылатын қылыңдар» деп нұсқау берген. Тіпті, қазіргі Петропавл қаласынан 40 шақырым жердегі Смирново елді мекенінің бұрынғы аты «Дәрмен» болған, осындағы станцияның аты да солай аталған. Ресейдің орталық аймақтарына, Қазақстаннан күшпен жиналған астық пен етті жедел жеткізу үшін Көкшетауға темір жол тарту жұмысын, азық-түлік халық комиссарының орынбасары Смирнов деген біреу басқарыпты. «Дәрмен» атын өзгертіп, Смирновтың атын беру «еңбекшілер жалынып сұраған соң» іске асырылған. Халқы ашаршылыққа ұшырап жатқан өлкеден азық-түлік барымталаған шенеуніктің аты осылайша құрметтелген. Патша өкіметінің тұсында миссионерлер де аса белсенділікпен жұмыс жүргізгенін, әрқайсысы үш мәртеден қайталанатын мына атаулар да айғақтайды: Воскресеновка, Вознесенка, Благовещенка, Архангельское, Рождественка, Крещенка, Покровка, Спасовка, Святодуховка. Кәдімгі өзіміздің Шабақты – Чебачье, Бескөл – Бишкуль, Тереңкөл – Торангул, Тоқыш – Токушино, Асан – Асаново болып адам танымастай қалыпқа түсті. Сондықтан Тәуелсіздік жылдарында 42 елді мекеннің тарихи атауы қайтарылды немесе қазақша атауға ие болды. 27 елді мекеннің транскрипциясы қазақ тілінің нормаларына сәйкестендірілді. Өз тіліміздегі ауыл-село саны алты пайызға өсіп, 242-ге жетті. Жалпы, облыс бойынша 713 елді мекен аттарының небәрі 34 пайызы қазақша. Байқап отырғаныңыздай, әлі де атқарылар істер жетіп артылады. Мектеп оқушылары арасында (екі тілде) шығарма жазу байқауын жариялағанда да олардың отансүйгіштік сезімін арттыру мақсатын көздедік. Өйткені осы өрендерге жүктелетін жауапкершіліктер болады. Аға буыннан қалған аманатқа олар да адал болуы тиіс». Иә, әлі күнге қазағы аздау болып саналатын, отаршылдық тырнағы өзгеден бұрын қатты батқан осы өлкенің азаматы ашылып та, ашынып та сөйлейді. Онысы орынды да. Әсіресе, ашаршылық жылдарында осы өңірде жер бетінен мүлдем аты да, заты да өшіп кеткен ауылдар қаншама... Біз тек ата-баба аманатына адал мұндай ұлтжанды азаматтың ісіне сәттілік тілейміз. Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ, журналист

3187 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7213

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6203

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3943

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3334

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3292

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3261

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2989

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2978

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы