• Тарих
  • 05 Сәуір, 2012

Қиын керіш. Оны ғалымдар «Әлемнің сегізінші кереметі» дейді

d0bad0b8d18bd0bd-d0bad0b5d180d0b8d188Зайсан көлінің солтүстігінде Құйған, Аманат, Ақсуат, Мөнекей, Жолнұсқау сияқты ауыл­дар тұрғындары ежелден балықшылықты кәсіп етеді. Көлдің солтүстік шығысында Қиын керіш деген геологтар мен табиғат танушыларды, археологтарды жіпсіз байлайтын жер бар. Бұл атырап туралы да ғалымдар мен натуралист жазушылар ара-тұра жазып жүр. Қиын керішке барарда Қарабүйрек шоқысы мен мұндалайды. Осы жота қып-қызыл болып көз тартады. Неге олай? «Топырағы неге қызыл?» деген сауал өзінен өзі туындайды. Геологтар бұл араны «балқып жатқан адырлар» деп те атайды. Қарабүйрек шоқысының қарасы көрінгеннен-ақ түрлі түске еніп, сағым ойнайды. Жақындаған сайын от шашқан сияқты көрінген адырлар айқын көріне бас­тайды. Сағымдар «қисық айнаға» түскендей құбылады. Жалт-жұлт еткен отты ұшқын көзді арбайды. Расында таңғаларлық-ақ. Осының бәрін сөзбенен айтып жеткізу қиын. Бейне бір отты адырларға әлемнің барлық жұлдыздары жауып, енді торға түскен балықтар сияқты тыпырлап, көз қызықтырар сәулесін шашып, аспанға ұшып кеткелі жатқандай көрінеді. Нағыз – «Жатпланеталық пейзаж». Ғажайып адырларға қадам басқанда түс көріп немесе ертегі әлемінде жүргендей сезінесің. Көре келе жарқыраған жұлдыздардың да құпиясы ашылады. Оның өзі жарық шашқан күн нұрымен шағылысқан друзалар (бір негізді кристалдар тобы) мен олардың жарықшақтары екен. Бұл дегеніңіз, геологиялық Зайсан Колорадосы немесе әлемнің кереметі – Қиын керіш. «Мұнда әр келген сайын ке­ріштер әр қырынан көрінеді», – деп жазады жазушы Борис Щербаков. Зайсанның бұл керіштері шөгінді жыныстардан пайда болған. Миллиондаған жылдар теңіз бен көл түбінде жатқандықтан, әр түрлі химиялық құрамдағы қатпарлар қабаттаса берген. Әр геологиялық дәуір өз қолтаңбасын, өз бояуын қалдырып отырған. Мейірімді күн нұрын төгіп, көк жасаң нуға оранды, пальмалар мен папоротниктердің орнын қылқан жапырақты ормандар басқанын да бастан кешірді. Олардың керіштер мен тасқа түскен бедерлері бүгінгі бізге жазылған хаттай таңбаланып қалды. Осы арадан алып тасбақалар мен жыландардың қаңқалары сияқты өте ертедегі тропикалық кезең фаунасы мен флорасының белгілері болып бізге жетті. Алып жануарлар мен құстар зулаған ғасырлармен бірге кетті. Қаһарлы суық климат пен құрғақшылықтар да өте шықты. Қазіргі өсімдіктерге ұқсас табиғат әлемі де осы арада үстемдік құрды. Уақыт өте келе біздің планетамыз жаңаша жасанып шыға келді. Артынша осы алапты мұз құрсауы басып жатты. Қиын керіш – бейне бір геологиялық кітап дерсің. Бәрі өткенге кетсе де, бірінен соң бірі тізбектелген дәуірлердің тасқа айналған бейнелері осы кітапта сыр қозғап тұрғандай. Антрополог ғалымдар адамзат­тың арғы атасы қайдан бастау алатынын білу жолында қаншама ізденіп, сарыла еңбектенді десеңізші?! Соңғы жылдары Еуропадан есте жоқ ескі замандағы «Идой» деп ат қойылған маймылдың қаңқа сүйегі табылды. Планетологтар «барлық адамзат дамуына бастау, эволюциясына негіз болған бір тармақ осын­дай жан иелері ме» екен деген ойға келген. Алай­да дәл осы жерде Зайсан Қазан шұңқырында­ғы біз сипаттап отырған керіштерден өте ертедегі приматтардың түпкі ата-бабаларына ұқсас қаңқаны тап­қанын естен шығаруға болмайды. Қиын керіш – бағзы заман­дар­дағы «үшінші мыңжылдық» деп аталатын дәуірдің, бір кез­дердегі теңіздер мен бұғаздардың көзі. Куәсі десе де болады. Осында аяқ басқан мамандар мен ғалымдар, қызыққұмар әуесқойлар, жақсыны көрмекке құлшынып тұратын қалам­герлер Кайнозой дәуірінен кейін келген, осыдан 60 миллион жыл бұрынғы «үш мыңыншы» дәуірде жүргендей әсер алатыны сөзсіз. Голландияның табиғатты қорғау департаментінің натуралистері осында болып, табиғаттың ғажайыбына таңырқап, «Шығыс Қазақстанның «Колорадосын» сақтап қалудың барлық шығынын өзіміз көтеріп алсақ» деген тілек білдіріпті. Оның өзі түсінікті де. Бағзы заман көзіндей болған табиғат ғажайыбына қамқорлық жасап, сақтап қалудың қамын ойлаған ғой. Шет елдерде болса Қиын керішті мемлекеттік иелікке алып, елге келген қонақтар мен туристерге көрсетер тарихи орынға айналдырар еді. Қазір алаң-ашық жатыр. Зайсан көліндегі Қиын керіш Алтайдағы Мұзтау немесе Марқакөл сияқты қайталанбас табиғаттың құбылысы – Алланың сыйы емес пе?! Міне, біз Кайнозойдан жеткен бір үздік інжуді тамашалап жүрміз. Адам қиялында шек бар ма?! Әйтпесе, Кайнозой, Палеозой қайда, біз қайда? Осындайда ақын Төлеужан Ысмайловтың: Жер – сандық домалақ, Қазына – іші мол. Сақалы сабалақ, Палеозой ағашы – Көмірдің атасы, Көк жалын – күші мол. Тулаған, оқ атқан, Вулкандар – өжеттер, Ғаламат толғақтан, Туды алып перзенттер. Келді Алтай өмірге, Орал тау орғыды. Мекен боп көмірге, Мұхиттар сорғыды, – деген жыры еске түседі. Вулкандар демекші, Қарабүйрек шоқысы да жанартау атқылауынан тасы, топырағымен қоса жалынға оранып, күйіп кеткен. Топырағы күл сияқты қып-қызыл болып жататыны да сондықтан. Ал Қиын керіштің қазіргі «бет-бейнесін» де жасап кеткен осы жанартау – вулканның «жұмысы». Өйткені, осы аймақта жер сілкіністері жиі болып тұрады. 1990 жылғы болған зілзаланы республика жұртшылығы жақсы біледі. Өткен замандарда қыс ішінде жер сілкініп, Зайсан көлін құрсап жатқан қалың мұзды бұзып су атқылағанын тарихшылар хатқа түсірген болатын. Аллаға шүкір, қазір Зайсан жағалауы тамаша, мамыражай. Таң ата өзінің жасана жайнағанын күтіп, күннің көтерілуін тосып Қызыл керіш те мүлгіп жатыр. Алғашқы сәуле адырларға шашырағанда сарыала қаздар тобы ұшып келеді. Жер бедерімен үйлесім тапқы­сы келетіндей, сарыала қаздардан қызыл үйректердің қалыспайты­нын қайтерсің?! Өлеңдер мен жырларда «көкала» үйрек деуші еді. Бұл арада сирек кездесетін қызыл үйрек бар. Оны айтасыз, ертеректе қызыл қасқырлар да болған. Сай бойлай сумаң қағып қызыл түлкі жалт етіп бір көрініп, жоқ болады. Бұл енді үйреншікті көрініс. Зайсан көлінен онша алыс болмаса да аптап ыстық­тан қажып, шіркін, суға бір шомы­­лып, демалып алса ғой дейсіз. Өйтке­ні, дәл осы Қызыл керіш – сусыз адырлар. Оның ғажайыптарын көру үшін аяққа тыным бермей шар­шайты­ның рас. Топырақ қабатының өзі қызыл, ақ, сары, көгілдір болып, сан түрлі бояуға малынғандай. Қарайсың да таңқаласың. Жыралар мен жарқабақтарды аралап келе жатқанда айналаң түгелдей көгілдір түске айналады. Кинофильмдерде «Марас аң­ғары» дегенді көрсетіп жатпай ма? Міне, сол фан­­тастикалық пейзажға тап боласыз. Ға­жа­­­­йып көріністерден көз ала алмайсыз. Табиғат­­­­тың осындай жұмбақтарын шеше алмай, әрі шөл­­ден қаталап шаршап, шөлдегенде бұл жер­дің неге «Қиын керіш» атанғанын ойлайсың. Қаз­екең де жерге ат қойғыш-ақ қой. Қиын керішке келушілер соңғы кездері аздап болса да төбе көрсете бастаған. Ал жергі­лік­­ті халықтың көзі үйреніп кеткен. Бәрі үйреншік­­ті жайттар сияқты. Содан болар, журналистері­міз бен жазушыларымыз республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына ештеңе жазбай келеді. Бұл салғырттық, ен­жарлық дегенді қойсаңшы! Біз «әлі көремізбен» жүргенде палеонто­лог-жазушы И.А. Ефремов осында келген екен. Қатты әсерленгені сондай, «Ойкумендер өлкесінде» деген кітап жазбақ болып кетіпті. Қиын Керіштің тылсым жұм­бақтары әлі шешіліп болған жоқ. Әлі де талай қиял қуған таланттар келер. Осы араны ғарыш әлемімен байланыста деп болжам жасар. Фантастикалық шығармаларына, кинофильмдерге арқау етер. Ол – келешектің ісі. Зайсан көлі жағасын «алғашқы адамдар қай замандардан бері мекендей бастады» деген сұрақтың туындауы заңды. Бұл арада ғалымдар зерттеуіне жүгінеміз. Бұдан алты, жеті мың жыл бұрын жаңа тас ғасырында Шығыс Қазақстанның жануарлар әлемі, табиғаты мен ауа райы қазіргі кездегідей қалыпқа келген. Ол замандағы адамдар металл құрал-жабдықтар­ды жасауды білмеген. Аңшылық, балық аулау, терімшілікпен күнелткен. Тас дәуірінің палеолит, неолит кезеңдерінің іздері облыста бірша­ма зерттелді. Зайсан көлінің Қоржын мүйісінен археологтар неолит кезеңінің құралдарын тапты. «Жоғарыдағы құрал-заттарды сабақтай келсек, бұларды пайдаланғандар аңшылар мен балықшылар болса керек. Қазақстан аумағының барлық жерінде кездесетін неолиттік мәдениет бір-біріне ұқсас. Тас­ты қолдану мақсаттары бір болға­нымен, атқарған жұмыстары әртүрлі. Мұны археолог-ғалымдар Шығыс Қазақстанды зерттеу нәтижесінде дәлелдеп берді. Тас ғасырының ескерткіштерін зерттей келе Шығыс Қазақстан туралы мынандай қорытындыға келесің: Жоғарғы Ертіс өңірін мекендеу процесі алғаш мұз дәуірінің соңында (80 мың жыл бұрын) болған сияқты», – деп жазады тарихшы Зейнолла Қайсенов. Тас ғасыры адамзаттың қаз­тұрған балалық шағы ғой. Демек, айдын-шалқар көл көне дәуірден адамзатқа қоныс, күнкөріс көзі болып келеді. Асқар Алтай мен оның айналасы адамзат қауымының бесігі десе де болады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында «Ал­тай – түркі халықтары мәдениетінің алтын бе­сігі» деген ғылыми-тәжірибе­лік конференция­ның өтуі де жай­дан-жай емес. Сонда бас қосқан ғалымдар Шығыс Қазақстанға жеке-дара тоқталды. Бергі мыс, темір ғасырларын айтпағанда, оның алдыңғы жағындағы тас ғасырларында неандерталдықтар (осыдан 100 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдарды ғалымдар осылай деп атайды) тастан жасалған (добалдап) қарапайым пышақтарды, басқа да ағаштан, сүйектен жасалған құралдарды пайдаланып, тауларда кездесетін үңгірлерді күнделікті тіршілік жасайтын баспанасына айналдырды. Алғашқы адамдардың мұндай мекендері өңірімізде көптеп кездеседі. Осы арада Шығыс Қазақстанда есте жоқ ескі замандарда Еуразияның ірі металлургиялық орталығы қалыптасқанын да атап өткен жөн. Ғалым Байбатыров Шығыс Қазақстан облысы

7889 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7100

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6150

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3889

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3281

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3236

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3210

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2938

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2925

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы