• Тарих
  • 05 Сәуір, 2012

Кең Жылыойдың абызы

Биыл Кең Жылыойдың абыз ақсақалы Жанаш Нұрмахан тоқсанға толады. Жәкең атақ-дәрежеге, лауазымға, марапатқа кенде адам емес. Ал абыз – бейресми атақ. Ол – елдің ерекше сый-құрметінің, сенімінің, ілтипатының куәсі. Әдетте, мұндай атақ терең білімді, кемел ойлы, сөзге шешен, елмен етене сіңіскен, оның мұң-мұқтажына қанық, халықтың жадын, тарихын, мәдени құндылықтарын, салт-дәстүрін жинақтаушы, шын жанашыры, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, көп жасаған дара тұлғаларға бұйырған. Абыздық – қазақ менталитетінің құрамдас бөлігі. Ығылман Шөрекұлы «Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда хақы бар» депті ғой. Жәкеңнің тоқсан жылының алпысында бір салада қоян-қолтық қызмет атқарып, жақын қатынаста болыппын. Ұстаз деп сыйладық, аға деп қадыр тұттық, қанды көйлек жолдастары сиреген шақта, көңіліне демеу болып, ескіні қопарып сырласатын жәйіміз тағы бар. Жәкеңе жақындаған сайын оның мінезінің жаңа бір қыр-сырына тәнті бола бересің. Ақса­қал әлі тың, тік басады, жеңіл киінеді, көзілдіріксіз оқиды, шақырылған жерлерден қалмайды, сөзі бұрынғысынша құнарлы. Еске сақтау қабілеті ерекше. «Қозғалмаса су сасиды, ойламаса ми сасиды» деген бар. Көп оқып, көп жатқа айту барысында зерде-түйсігін жетілдіріп, нығайтқан. Бұл өте өжет өнер тарландарында кездесетін сирек қасиет. Қарттықты мойындамайды. Оның көзінше біз үлкейдік, бір жеріміз ауырады деп айтуға именетінбіз. Қайырып тастауы да мүмкін. Ол жиналыстарда отырғанда қойын дәптерін тастамайды, кімдердің сөйлегенін, қандай құнды пікірлер айтқанын түртіп отырады. Қатаң қалыптасқан ғадет. Күнделік іспетті, басынан өткен негізгі оқиғаларды, оқыған кітаптарындағы деректерді мұқият тіркейді екен. Ана тіліміздің тазалығы үшін күресін ешқашан тоқтатқан емес. «Әрі қарай» деп жазғанмен, «әріғарай» деп дыбыстап сөйлеген жөн. Бұл Жәкеңнің маған жақында жасаған ескертуі, бір жиыннан кейін, менің сөйлеген сөзіме орай. «Орфография сөздігін жастанып жат­сақ та, тіл ғылымының орфоэпия саласына салғырт екенімізді мойындатқаны». Жанаш ақсақал осы ауданда Айран­көл деген жерде дүниеге келіпті. Жем бо­йында балалық шағын өткеріп, 4 жылдық бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, Жылыой кентіне ауысып, жоғары сыныптарды сонда оқыған. Ол Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының түлегі, ұлағатты ұстаз, тәрбиеші, ағарту саласының ұйымдастырушысы. Оған қоса ана тіліміз бен әдебиетін оқыту ісінің шебері, сандаған әдістемелік құнды еңбектер жазып, онысын ғылыми-теориялық конференцияларда дәлелдеп, өз қолымен іске асырып, елге таратқан методист-тәлімгер. 8-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығын жазуға да қатысқан. Жанаш Нұрмахан – мектепте ұлттық тәрбие беру жөнінен тұңғыш жол бас­таушы. «Халық педагогикасы» деген терминді алғаш ауызға алғандардың бірі – осы кісі деп жүр бұл күндері. Жәкең басқарған, кейін оқытушы болған №3 Шоқпартоғай мектебі оқыту мен тәрбиенің халықтық үлгісін жасақтауда ұйытқы бола білді, бұл саладағы озық тәжірибе осында жи­нақталып, ұжым ауданның базалық мектебі атағына ие болды. Мектеп өмірі облыстық, республикалық баспасөзде мадақталды, үлгі етілді. Бұл айтқандарға теориялық негіз салған Жәкеңнің мақалалары мен кітаптары екендігіне көз жеткізу қиын емес. Мысалы, оның кейін кітап болып шыққан «Үлкеннен қалған үлгі сөз» («А-Полиграфия» ЖШС, Ақтөбе, 2003) еңбегі отбасылық институттың қыр-сырына түбегейлі тоқталған шығарма. Ата-ананы танып, құрметтеу, сыйлау, отбасындағы әкенің, ананың, қыз баланың орны; махаббатты, тектілікті дәріптеу; оларға қазақтың жоқтау, жұбату, көңіл айту, естірту, көрісу салт-дәстүрі, еңбек, дін туралы мақал-мәтелдерін, ел аузынан жинаған және өзінің шығарған баталарын да қосуға болады. Бұның бәрі – біздің халықтық дүниетанымымыздың қайнар бұлағы, ажырамас бөлігі. Жәкеңнің ауданның ағарту саласына сіңірген 55 жылдық еңбегі аса қомақты. Сонымен қатар ол ақын, талай айтыстардың жүлдегері, өлең-жырлары, толғаулары көпшілікке танымал; көркемсөз шебері, жариялаған очерк, суреттемелері, әңгімелері газет бетінен түскен емес. Жазушылар одағы арнаулы сыйлығының, аудандық, облыстық өнер байқауларының лауреаты. Бірнеше кітаптардың авторы. Оның ауыз әдебиеті үлгілерін іздес­тіру, жинақтау, зерттеу бағытындағы еңбектері бір төбе. Оларға шешендік сөздер, тыйым сөздер, қанатты сөздер жайын­дағы қажымай-талмай, тірнектеп жиған-тергендерін және «Ана тілі» газе­тінде жарияланған «Халықта бар не бір сөз», «Сөз асылы халықта», «Көңілден шық­қан көркем сөз», «Көне сөздердің мәні» цикл­ді материалдарын жатқызуға болады. «Қазақтың 5 мың ақын-жырауы» (Алматы, «Өлке» баспасы, 2008 ж) атты энциклопедиялық жинағы – осындай ұзақ жылдарғы тынымсыз еңбегінің жемісі. Ішінде, тіпті, біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірден де мәлімет бар екен. Жинағаны 1000 ақын екен, әзірге тек жартысы ғана басылыпты. Қазақ даласында елеусіз қалған, есімі көпке бейтаныс айтыскер, жыршы-ақындардың туған, өскен ортасы жайлы қысқаша ғұмырбаянымен таныстырып, тарихи деректерге сүйеніп, шағын ғана мәліметтер берілген. Шын мәнінде кең ауқымды зерттеу еңбегі деп қабылдауға тұрарлық. Бұл қысқаша айтылғандарымыздың қай-қайсысы да жекелеген зерттеу еңбек­терге, монографияларға, мақала­ларға тақырып бола кететіндей дүниелер. Енді біз Жәкеңнің тағы бір қырына, жоғарыда бастап айтылған оның абыздық, шежірешілік табиғатына аздап тоқтала кетейік. “Үй артында төбешiк, ерттеп қойған ат болар. Қариясы кiмнiң бар болса, жазулы тұрған хат болар” – дептi Бұқар жырау. Жәкең дәл осындай қария, көп жасаған, көпті көріп, көкейіне түйе білген, жаратқанның бойына дарытқан жағымды қасиеттерін туған топырағының тарихын таразылап, айбынын асыруға жұмсаған адам. «Жылыой тарихы» деген кітап әлі шыққан жоқ. Бірақ бұл тарих Жәкеңнің очерк, эссе, мақалаларында қамтылған. Осы күнге дейін жарық көрген энциклопедия, жылнамалардың алғысөзі Жәкеңдікі немесе оның еңбектеріне сүйене отырып жазылған. «Жылыой жерінің кең екені рас: оған екі Изариль мемлекеті сыяды. Бірақ Кең Жылыой атағының ауданымызға жерінің аумағына қарап емес, адамдарының жан дүниесінің байлығына, кеудесінің кеңдігіне, кісілік парасатының молдығына байланыс­ты берілгені анық» – деп келеді оның сөздері. Қарапайым отырыстарда, дастарқан басында «Шешендер өтті жол салған тілдің өртімен, Палуандар өтті қарсыласы мертілген. Сатанның сазы сәскелік жерден естілсе, Сақыптың әнін естіген адам елтіген» деген секілді әңгіме қозғап, ел есінен өше бастаған күміс көмей әншілерді, бармағынан бал тамған күйшілерді, не бір ғажайып өнер иелерін еске түсіріп отыру оның әдетіне айналған. Советтік кезеңдегі партия ұйымы бір­ін­ші хатшыларының, атқару комитеті төрағаларының, ауданнан сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттарының, Еңбек ерлерінің, Ленин ордені иелерінің, аудандық газеттің бас редакторларының, басқа да елге танымал болған жерлесте­ріміздің өмірдеректерін іздесеңіз, сөз жоқ Жәкеңмен хабарласасыз немесе оның жазғандарына жүгінесіз. Ал бүгінде «Кең Жылой» атанып жүрген аудандық газет Жәкеңнің мінбері, сол өзінің сүйікті Жылыойын әлемге паш етудегі сенімді құралы десе боларлық, бұл газетке одан көп жазған автор жоқ. Жәкең ұзақ жылдар «Шежіре» клубы кеңесінің төрағасы, бас­пахана жолымен шыққан көп таралымды «Озат» газетінің қоғамдық негіздегі редакторы болып, аудан шежіресін жасауға атсалысты. Осы жылдары «Сайрап өткен бұлбұлдар», «Кең Жылыойдың көне мұра отауы», «Ұрпаққа өнеге тағдырлар» айдарымен «Ежелгі тарихқа көз салсақ», «Таңмағамбет жырау», «Меке ақын», «Сақып жырау», «Қашаған жырау», «Жәреке қазырет», «Байбақты батыр», «Боранбай мен қыздар», «Тұманшы би», «Жылыой татарлары» секілді көптеген еңбектері жарық көрді. Сөйтіп, ру, ауыл, мектеп шежіресі болып басталған әңгіме аудан, ел шежіресіне ұласты. Жәкеңнің «Қасиетті әулет» (Атырау, «Ақ Жайық» баспаханасы, 2008 ж.) кітабына Жылыойда туып-өскен, еңбек еткен 133 азамат жөнінде қысқа да нұсқа мәліметтер беріліпті. Жәкеңнің ұзақ жылдар бойындағы қомақты еңбегі үкімет тарапынан да, жерлестері тарапынан да толықтай бағаланды деп айта аламыз. Ол – Қазақ КСР, КСРО ағарту ісінің үздігі, Республикаға еңбек сіңірген мұғалім, «Еңбек Қызыл ту» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, ауданның Құрметті азаматы, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Жанаш Нұрмахан ақсақал Құл­сарының түбіндегі өзінің туып-өскен Шоқпартоғай ауылында тұрып жатыр. Жақында барып, сәлем беріп қайттым. Бұл жастағы адамға ыңғайсыз, өткен ғасырдың аяғында салынған жатаған үйлер. Тұрмыстың мұндай түйткілдері оның көңіліне кіреуке түсіріп көрген емес. Сол баяғы ажарлы, ақжайнақ қал­пы, бетінің әрі, көзінің нұры таймаған, жүзінде шаттық шалықтаған бақытты ақсақал. 15 жасынан жаза бастапты, осы күнге дейін баспасөзден қол үзбепті. Сол кезде Далабай Жазықбаев, Хамит Ерға­лиев сынды дарындардан ақыл-кеңес алып, болашағына берік бағдар жасапты. Есейгенде қазақтың не бір жайсаңдары­­мен өмір жолы қиылысып, жақын қатынас­та болуы рухани өсуіне, болмыс-бітімінің, дүиетанымының қалыптасуына оң ықпал етіпті. Ауданымызға келген сыйлы қонақтарды қабылдап, елді таныстыру­ға атсалысыпты; әртүрлі деңгейдегі өнер додаларына, әдеби, мәдени конференция, жиындарға шақырылып, пікір таластырып, шешендігін шыңдауға мүмкіншілігі болыпты. Қысқасы, ағамыздың қызу еңбек, жалынды күреске толы ұзақ ғұмыры мәнді де, сәнді өтіп жатқаны анық. Көп жасаудың бір сыры осында шығар.

Сабыр Ғабдолкәрімов, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Құлсары қаласы, Атырау облысы

5430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7097

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6148

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3887

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3279

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3234

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3208

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2936

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2923

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы