• Руханият
  • 05 Сәуір, 2012

Ғалым мұрасы – ел игілігі

Бақытжан Майтановты өзінен бұрын оның есімін газет-журналдардан көрдім. Жазған мақалаларын оқысаң, тәжірибелі де толысқан сыншының қаламынан жорғалап түсе қалғандай. Ойлы да нақты, әрі өзгеше сөйлем құрылыстары ғана емес, теориялық сипаттары айқын, мазмұнды талдау мақалалары ойланып оқуды қажет етеді екен. Сырттай таныстықтан бірер жыл өткен соң, Бәкеңнің өзін көрудің де сәті түсті. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген кезім. Бұрын «А3» форматы­мен етектей болып жарық көріп жатқан төрт беттік газеттің көлемі ұлғайып, форматы да кішірейетін көрінеді. Газет-журнал аз шығатын заманда мерзімді баспасөзге жұмысқа орналасу – талапкерлердің көбінің арманы. Қызмет таба алмай, қаңғып әр жерде жүр­ген менің кө­кейімде де сондай арман. Қазіргі белгілі әдебиеттанушы ғалым, сыншы Бекен Ыбырайымов өзі жас болса да, осы газеттің белді қыз­меткерлерінің бірі. Маған алғашқы сын мақалаларды жаздырып, осы басы­лымға автор ретінде тартып жүрген сол. Не керек, ақыры редакция қызметкерлерінің тартуымен сын бөлімінде қызметкермін. Өзім сырттай ғана білетін сыншылар мен әдебиеттанушылардың көбіне алғаш рет осында жолықтым. Солардың бірі – сол замандағы тегеурінді де екпінді жас сыншы Бақытжан Майтанов еді. Ол мен қызметке кірісіп жатқан алғаш­қы күндерде-ақ редакцияға кел­­ді. Қолында портфелі, үстінде жылы киім. Жымиып келіп, амандасты да, жай­­лап басып, төрге озды. Төрге озған себе­бі – ол жақта бөлім меңгерушісі Асқар Егеубаев отыратын. Екеуі бұрыннан қатар оқыған жігіттер, ә дегеннен-ақ шүйіркелесіп сөйлесіп кетті. Айтатындары – жекебастық немесе отбасылық жағдайлар емес, таза шығармашылық мәселелер. Шығармашылық болғанда да әдебиет сыны жайында. Бәкеңнің әкелген мақаласы бар екен. Соны портфелінен суырып алып, Асқардың алдына қойды. Асекең де биязы мінезді, жылы жүзді жігіт еді ғой, әлгі қолжазбаны ілтипатпен алып қалды. Алдымен өзі оқып шығып, жариялауға берді. Бір-екі рет мен жаққа көз тастағанымен, түстеп тани алмай отырғанын байқады ма, Асқар мені Бақытжанға таныстырды. Онсыз да белгілі адам болғандықтан шығар, Бақытжанның кім екенін маған індетіп айта қойған жоқ. Таныстық осылай басталды. Кейін ара-тұра әртүрлі жағдайда кездесіп тұратын болдық. Қашан көрсең де бірқалыпты. Жүрісі де, сөзі де көп өзгере қоймайды. Сөйлесіп байқасам, тек жазған дүниелерін айтпағанда, әдебиетке деген даярлығы да мықты маман екен. Оны баспасөзге шығып жүрген мақалаларынан ғана емес, редакцияға әкеліп беретін қолжазбаларынан да байқадым. Бөлім меңгерушісі редакцияға келіп түскен материалдарды өзге қызметкерлерге таратып беретін. Осындай тәртіппен келіп қолыма түскен қолжазбалардың арасында Бақытжан Майтановтың да материалы болды. Бір күні ол редакцияға қуанып келді. Сөйтсек, алғашқы сын кітабы шыққан екен. Ол замандарда жай көркем шығармалардың өзін былай қойғанда, сын кітабын шығарудың өзі үлкен оқиға болып саналатын. Қанша айтқанмен, әркім өзі ұстанған бағытта, өзі жазатын жанрда еңбегінің еленге­нін, аты-жөнінің көрінгенін қалайды ғой. Сол тұңғыш кітабын басқа жігіттермен бірге Бәкең маған да жазып берді. Сол кітап автордың біркелкі, сүйкімді қолтаңбасымен әлі күнге менде сақтаулы, және жай ғана сақталып қойған жоқ, әр жылдары өзім осы сын, әдебиеттану саласында бірдемелер шұқып жазған кездерімде пайдаланып отырдым. Демек, сол бір жасыл түсті жұқа мұқабалы кі­тапша менің ғана емес, талай ізденушілердің, жас сыншылардың кәдесіне асты деген сөз. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қыз­мет­­кер болып істейтін Бақытжан Майтанов­ты Қазақстан Жазушылар одағының әр түрлі жиналыстарында да көріп жүр­дім. Жас болса да, асықпай, маң-маң ба­сып келе жатады. Мәжіліс залына кірген­нен кейін, отырған орнынан қозғалмай, жиналыстың аяғына дейін болатын. Оқылып жатқан баяндамалар мен жарыссөздерді мұқият тыңдауға да дағдыланған. Басқа біреулер сияқты отырған орнын ауыс­тырып, басқа жерге отырып алу немесе тез-тез басып, өз шаруасымен тайып тұру әрекеті де оған жат болатын. Бұл – оның әде­биеттегі ғана емес, өмірдегі ұстаны­мы­ның, күнделікті тір­шіліктегі жұмыс­тарының тиянақты екендігін де байқа­татын болса керек. Кейін жаңадан ашылған «Заң» га­зетінің редакциясына жұмысқа ауысқан кезімде Бақытжан­мен жиірек ұшырасып отырудың сәті түсті. Сөйтсем, ол да жаңадан ашылып жатқан Заң университеті­нің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушылыққа ауысып келген екен. Қызметтік ғимаратымыз, кіріп-шығатын есігіміз бір болғандықтан, әрлі-берлі өткенде жолығып қалып, кездесіп жүрдік. Кейде университет шаралар өткізгенде оларға мен де шақырылып қалатынмын. Сондай уа­қыттарда әңгімелесіп, сырласқанға Ба­қытжан жақсы әріптес бола ала­тын еді. Айтқаныңды асықпай, мұқият тыңдай отырып, өз пікірін де қосып отыруға бейім. Сондықтан, онымен әңгімелескен адам онша шаршай қоймайды. Тек ортақ тақырыпты таба білуің керек. Олай дейтінім – Бәкең кез-келген тақырыпты іліп әкетіп, сөйлей бермейтін. Өзінің оң жамбасына келетін мәселеге ғана тоқталып, сол жағын тарқатып әкетуге даяр тұрады. Мұнан соң тағы бірнеше жыл өткеннен кейін Бақытжан Майтановпен жолымыз М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының шаңырағында тоғысты. Мен шақы­рылып келген осы мекемеге қа­расты М.О.Әуезов мұражай-үйінде бас редактор болып қызмет істеп жүр екен. Бір жағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде сабақ беріп, кафедра басқарса, екінші жағынан әлгі ғылыми-зерттеу институтында М.Әуезовтің бірінші рет толық шығып жатқан елу томдық шығармалар жинағына жетекшілік етіп жүрген кезі. Шаруаларының қауырт екенді­гіне қарамастан, екі жұмысты да қатар алып, екеуін де жауапкерші­лік­пен сапалы атқарып жүрді. Кейде Бәкеңнің сыртынан ұзағырақ қа­рап тұрып қалатын кезім де бола­тын. Сондағы байқағаным – баяғы әлі тұң­ғыш кітабы да шықпаған жас сыншы Бақытжан мен қазіргі ғылым докторы, профессор Бақытжанның арасынан бәлендей айырмашылық таба қоймаушы едім. Рас, едәуір есейген, сәл-пәл толысқан, Бірақ сол бапты қимылы, сол орнықты сөз саптасы, байыппен қарайтын көзқарасы, тіпті, өзгере қоймаған. Жиналыстарда асықпай сөйлеуге, ойын тиянақты түрде дәлелдеп жеткізуге қалыптасқан. Ептеп даулы болып қалатын жұмыстар жөнінде де өз ойын тайсалмай, ашық жеткізіп отырушы еді. Оның назар аударалық қа­сиеттері­нің бірі – жаңадан шығып келе жатқан немесе өсіп келе жатқан жас сыншылар мен жас ғалымдарға жөн-жоба сілтеп, қамқорлық жасап жүруі. Талантты дәл тауып, тани білу де Бақытжан Майтановтың қабілет қарымдылығын, байқағыштығын көрсетсе керек. Ұлы Абай «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп сипаттайтын оқымысты жандардың қатарынан болатын. 2010 жылдың қазан айында ол біз­дің бөлімге меңгеруші болып келді. Сөйтті де жұмыс барысына қойы­латын талаптарды күшейтті. Ең бірінші қолға алғаны – қызметкерлерді «Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет» бөлімінің атына сәйкес жиырма бірінші ғасыр­дағы қазақ әдебиетін зерттеуге жұмылдыру. Директор Сейіт Қасқабасовтың осы идеясын Ба­қытжан құлшына қолдап, бәрімізге тиісті тапсырмалар берді. Жиырма бірінші ғасырда еңбек етіп жатқан ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, зерттеу жұмыстары жүріп жатты. ...Алпыс жасына да жете алмай, өмірден ертерек өткен ғалымның артында қалған ғылыми мұрасы топтап, толықтырып шығаруды қажет етеді. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына енген ғалым мұрасы қазақ руханиятының игілігі болып қала берері сөзсіз. Нұрдәулет Ақыш

3082 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7140

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6170

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3911

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3301

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3255

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3229

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2957

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2944

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы