• Ақпарат
  • 03 Мамыр, 2012

Қазақ тілі көне қыпшақ тілінен шыққан ба?

Кенжебек Күркебаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Қыпшақтар – өз дәуірінде Шығыс Еуропа мен Дунайдан бастап Орта Азияны, Азов теңізі жағалауын, Қырымды, Солтүстік Кавказды, Мысырды, тіпті, шығысында Қытай қорғанына дейінгі ұлан-ғайыр аумақты уысында ұстап, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген әлемдік өркениет пен мәдениетке, тарихқа өзіндік үлесін қосқан аса қуатты түркі мемлекеттерінің бірегейі еді. Бұл ойымызды түркітану, қыпшақтану мәселесімен жан-жақты шұғылданып жүрген, түркі жұртшылығына аса танымал тарихшы ғалым Мурад Аджи дәйектейді: «К концу V века, кипчаки заселили пол Европы и всю Центральную Азию. Тюркская речь заглушала на Евразийском континенте любую другую. Тюрки были самым могучим и многочисленным народом мира... На Идели (Волге) встретились культуры Востока и Запада. Благодаря усилию кипчаков древний мир соединился в единое пространство, которое называли Евразией» деп, нақтылай түседі [1,75]. Сол дәуірдің тарих сахнасында батырлық пен ерліктің, жауынгерліктің нағыз символын танытқан қыпшақтармен достық қарым-қатынаста өмір сүру Еуропаның көптеген мемлекеттері мен орыс князьдарының, Қап тауы ақсүйектерінің арманына айналған еді.Бұл мүмкіндікке қол жеткізуге тырысқан әр алуан мемлекет басшылары қыпшақтар­мен саяси одақтар мен әскери бірлестіктер құруға, қыз алысып, күйеу болып, құдандалық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал жасады. Олар қыпшақтардың шапқыншылығына ұшырамаудың айла-әрекетін жасап, орайы келгенде олардың әскери қуаты мен жа­уынгерлік шеберліктеріне арқа сү­йеп, өздері­нің ішкі және сыртқы саяси жағдай­ларын реттеуге пайдаланғаны да белгілі. Қыпшақтар бұл жерлерде тек саяси үс­тем­дік жасап қана қойған жоқ, өздерінің ата салты мен ділін, дінін, тілін дәріптейтін үлкен рухани-мәдени ошақтар қалыптастырды. Бұл мәдени ошақта қыпшақтардың этникалық менталитеті мен дүниетанымы, этностық тілі мен этностық санасы, этникалық моралі мен салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ерекше қарқынды дамыды. Әсіресе, «төрткүл дүниенің жарты әлемін» билеген әйгілі Алтын Орда мемлекеті тұсында қыпшақтардың мәдени кеңістігінің өрісі кеңейе түсті. Бұл жөнінде «Арабские и персидские историки, побывавшие в Золотой Орде сообщают о многих ученых, писателях, богословах и поэтах, которые жили на территории Золотой Орды, занимались научной и литературной деятельностью. Ныне обнаруженные памятники материальной и духовной культуры Золотой Орды подтверждают высокую культуру, вес центрах», – деп орынды атап көрсетеді [2, 29]. Тарихтың дәл осы тұсында қыпшақ тілінің қолданылу аумағы мен қоғамдық қажеттілігі арта түскені белгілі. ХІ ғасырдан бастап моңғолдардың шапқыншылығына дейін де, Шыңғысхан ұрпағы құрған аса қуатты Алтын Орда мемлекеті тұсында да қыпшақ тілі халықаралық тіл дәрежесінде кеңінен қолданылған қуатты тіл болғаны Еуропаның шығыстанушы ғалымдары мен жиһангерлерінің, араб ғалымдарының жазба дүниелерінде кеңінен сөз етіледі. Тіпті, басқыншы моңғолдардың өзі жергілікті қып­шақтарға ассимилияцияланып, сол тіл­де сөйлегені, Мысыр, Шам, Үнді, Кавказ халықтарының бұл тілді үйренуі сол кез­дегі қыпшақтардың саяси үстемдігімен тікелей байланысты болса керек. Алтын Орда хан­дарының бұйрықтары мен жарлықтары, түрлі мазмұндағы хаттары, Араб ғалымдары мен Мысыр сұлтандарының жазбалары, Грузия, Армения жерін бағындырып, мекен еткен армян-қыпшақтардың тарихи-фило­логиялық және құқықтық сипаттағы ең­бектері, Үнді сұлтандарының жәдігерлік­тері сол дәуірде қыпшақ тілінде жазылған еді. Оның айқын дәлелі ретінде Орта ға­сырда әртүрлі әліпбилермен қыпшақ тілі туралы жазылған «Кодекс Куманикус», Абу Хайианның «Китаб әл-Идрак ли-лисан әл-атрак», «Терджуман түркий уа ғараби», «Китаб әд-дурра әл-мудийа филлуғат ат-тур­кйиа», «Ат-тухфат әз-закия филлуғат ат-түркия», «Китаб булғату ал-муштак фил луғати ат-туркия ва-л қыфчақ», Жамаладдин ат-Туркидің «Китаб Булғат әл-муштақ фи-луғат ат-турк», Молла ибн Салихтың «Ашшудүр әд-даһабия уа-л-қита әл-ахмадия лұғат ат-түркия» сияқты еңбектерімен қатар, армян-қыпшақтары тілінде жазылған «Дана Хикар сөзі», «Армянша-қыпшақша дұғалық», «Төре бітіг» және әлі жете зерттелмеген түрлі жанрдағы тарихи жазбалар мен сөздіктерді жатқызуға болады. Мұнымен қоса, Алтын Орда мемлекетінің аумағында жазылған Хорезмидің «Мұхаббат-наме», Сәйф Сараидың «Гүлистан би-түрки», Құтыптың «Хұсрау-Шырын», Махмуд бин-Алидің «Нахдж әл-Фарадис» шығар­маларының тілі де оғыз-қыпшақ тілінің элементтері басым құнды дүниелер екенін түркі­танушы ғалымдар талай рет алға тартқаны белгілі. Дегенмен де, «ескі қыпшақ тілінің лекси­калық қоры мол сақталған жоғарыда аталған жазба ескерткіштер тілі бүгінгі түркітану ғылымында жан-жақты түбегейлі зерттелді» деп айта алмаймыз. Мәселен, поляк зерт­теушісі А.Зайончковский: «Терджуман түркий уа ғараби» ескерткіші туралы былай дейді: «Тарджуман тюрки» относит к числу «старейших словарей» или «письменных памятников арабско-тюркской (кипчакской) лексикографии из государства мамлюков» и отмечает, что «издания Хоутсма доступна нам только по типографическому изданию без факсимиле, а значит – и без возможности контроля по уникальной лейденской рукописи» [3, ], – деп, бұл тарихи мұраны ғылыми айналымға ең алғаш рет шығарған М.Т.Хоутсманың неміс тіліндегі аударма нұсқасы мен транскрипциясын жетілдіре түсу туралы ұсыныс айтқан еді. Қала берді, сол кездегі қарым-қатынасты қыпшақ тілінде жүргізіп, христиан дінінің армян-григорян бұтағын тұтынған қауымдық топты бұлар, яки ассимлияцияланған армяндар болар, яки екінші халықтың тілін жетік меңгерген қыпшақтар болар деген пікірталас – тарих пен тіл ғылымында әлі толық басы ашылмаған мәселе. Тіпті, ескі армян жазуымен жазылып, бізге аударылған «Дана Хикар сөзі» шығармасының транскрипциясындағы кемшіліктерді айтпағанның өзінде, түпнұсқадан аударылған сирия, араб, грек, армян, славян нұсқаларынан қыпшақша нұсқасының кемшін тұстарын зерттеуші С.Құдасов былайша атап көрсетеді: «Армян тіліндегі нұсқасы сирия, араб нұсқаларына қарағанда қысқалау, ал қыпшақ тіліне тек Хикардың өсиеті ғана аударылған» [4,84]. Қалай десек те, сол дәуірде моңғол шапқыншылығынан зардап шеккен қыпшақтар мен армяндардың бір бөлігі Шығыс Еуропаның Львов, Каменец-Подольск маңына қоныс теуіп, өздері өмір сүрген Польша корольдігінің саяси-экономикалық өміріне елеулі өзгеріс енгізгеніне тарих куә. Көне армян тілінен діни кітаптар, көркем шығармалар мен дұғалықтар аударылып, полякша-армянша-қыпшақша үш тілді сөздіктер құрастырылғаны, грамматикалық еңбектер мен жылнамалар жазылғаны белгілі, яғни, өз заманында армян-қыпшақ тілінде әр алуан мазмұнда әртүрлі әліпбиімен жазылған мол жәдігерліктерді зерттеп, қыпшақтану ғылымының айналымына түсіру – бүгінгі түрко­логиядағы өзекті мәселелердің бірі болмақ. Орта ғасырдағы қыпшақ тілінде жазылған жәдігерліктердің тілдік ерекшеліктері туралы айтқанда, ескі қыпшақ тілінің лексикалық қоры негізінен көне түркі, орта түркі лексикасынан бастау алып, өздері өмір сүрген аймақтағы этникалық топтардан кірме сөздерді қабылдап дамып отырғаны ешбір дау тудырмайды. Қалай дегенде де, ескі қыпшақ тілінің элементтері қазіргі қыпшақ тобына жататын қазақ, ноғай, қарақалпақ, құмық, қарашай-балқар, татар, башқұрт тілдерімен етене жақын екені түркітану ғылымында тұрақталған тұжырым. Осы аймақтарда өз саяси-экономи­калық, мәдени, идеологиялық үстем­дігін жүргізген қыпшақтардың этнонимі түркітану ғылымында әртүрлі нұс­қаларда жиі ұшырасады. Бұл олардың географиялық орналасу аймағымен және жергілікті тұрғындардың комму­никативтік ерекшеліктерімен тығыз байланысты болса керек. Мәселен, Батыс Еуропа мен Шығыс Азияға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты «Дешт-и-Қыфчақ» (Ұлы қыпшақ даласы), Еуропа аймағын жайлаған қыпшақтарды «кумандар», орыс даласын мекендеген қыпшақтарды «половецтер», Египет пен Сирияны билеген қыпшақтарды «мамлюктер», Армения, Грузия, Украина, Польша жерінде мекендеген қыпшақтарды «армян-қыпшақтар» деп атаған. Ежелгі қыпшақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамы сақ пен ғұннан бастау алып, көптеген көне түркі тайпаларының сөздік құра­мын бойына сіңіре отырып, Орта ғасырлардағы жазба дәстүрді басшы­­лыққа алып, жеке тілдерге ыдырау дәуіріндегі экстралингвистикалық және интра­лингвистикалық құбылыстарды бастарынан өткерсе де қазіргі қыпшақ тобына жататын тілдермен фонети­калық жүйесі, лексикалық құрамы, морфологиялық құрылымы, синтак­систік қабатының лингвистикалық сабақтас­тығы молынан сақталған. Оған қыпшақ­тар сол кездің өзінде, бірі Алтын Орда мемлекетінің құрамында, бірі – Кавказда, бірі – Еуропада, енді бірі Мысыр елінде болса да ежелгі қыпшақ тілінің лексикалық құрамын танытатын көптеген сөздер мен атаулардың азын-аулақ фонетикалық өзгешеліктер мен айырмашылықтарда ұшырасқанымен, негізгі тұлғасы мен лексикалық мағы­налары сол қалпында сақталғанын төмен­дегі жазба ескерткіштер тіліндегі мысалдар нақты дәлелдейді (кестеде). Жоғарыдағы кесте мысалдарына назар аударғанда қазіргі қазақ тіліндегі дыбыстық құрылымы жағынан бөлектеу сөз нан атау болып тұрғаны белгілі. Көне түркілік, орта түркілік жазба жәдігерліктерде және әралуан аймақта мекендеген ежелгі қыпшақтардың, оғыздардың, қарлұқтардың тілінде парсы тілінен енген нан атауының орнына көне түр­кілік етмек сөзі кеңінен қолданылған. Мысалы, Күндүз у кеча тійілмедім өвратмахтан тойдурдум аны ус у ахыл біле нечік кім еса сувдан да етмактан тойгай «Ертелі-кеш үйретуден тыйылмадым, оны ес-ақылға нан мен судан тойғандай тойдырдым» (Дана Хикар сөзі). Етмек сөзінің архетип түбірі бір буынды ет етістігі «істеу, жасау» мағынасын білдірген. Ал -мәк аффиксі етістіктен есім тудыратын өнімсіз жұрнақтардың бірі болған. Сонда, ескі қыпшақ тіліндегі туынды түбір етмәк атауы парсы тілінен енген нан сөзіне дейін де кеңінен жұмсалған өзіміздің көне түркілердің ежелгі төл атауы екен. Кестеде көрсетілген ескі қыпшақ тілінің фонетикалық сипаты мен қазақ тілінің фонетикалық сипатына назар аударғанда орта ғасырдағы көне қыпшақ тілінде жазылған жазба ескерткіштерде ч дыбысының жиі қолдануы, оның қазақ тіліндегі ш фонемасына сәйкес келетіні қыпшақ тілінің қазақ тіліне жақын тілдердің бірі екенін айқындайды. Оған мысал ретінде, басқа да чиче - шеше, чечек - шешек, үч - үш, чыбын - шыбын, чүбрек – шүперек сияқты сөздердегі ч ~ ш дыбыс алмасуларын жатқызуымызға болады. Ескі қыпшақ тіліндегі көптеген фразеологизмдерді қазіргі қазақ тіліндегі нұсқаларымен салыстырғанда, мағыналық жағынан да тұлғалық жағынан да етене сабақтас екеніне көз жеткіземіз. Мысалы, Оғулм теңриниң буйрухуна дайме хулах хой. «Ұлым, тәңіріңнің бұйрығына дәйім құлақ қой» (Дана Хикар сөзі). Ескі қыпшақ тіліндегі хулах хой фразеологизмі қазіргі қазақ тілінде құлақ сал тұлғасында жұмсалып, айтқанды тыңда мағынасын білдірген. Сондай-ақ, бүгінгі түркі тілдеріндегі көп­теген сөздердің лексика-семан­тикалық сәй­кестігін көне қыпшақ тілі элементтерімен са­лыс­тырғанда мағына­ларының орайлас, үндес екеніне көз жеткізу үшін этимологиялық талдаулар арқылы шығу төркініне барлау жасап, генезистік түп-тамырын айқындауға болады. Мысалы, көне қыпшақ тіліндегі жазба ескерткіштер тілінде «әйел» мағынасында ебчи сөзі қолданылған. Аталмыш сөздің түп-төркіні туралы Э.Севортян сөздігінде түбір ев көне түркі тілінде «үй» мағынасында қолданылғаны көрсетіледі. Ал көне түркі тілінде -чы, -чі сөз тудырушы жұрнағы іс-әрекетті орындаушының атауын білдірген [5,137], яғни бұл жұрнақтың ескерткіштерде­гі мағынасы қазіргі түркі тілдеріндегі кәсіп иесін, мамандық иесін білдіретін -шы, -ші сөз тудырушы жұрнағымен семантикалық жағынан бірдей болған. Сонда көне қыпшақ тіліндегі туынды епчи сөзінің мағынасы «үй ұстаушы адам» дегенді білдіреді. Бұл сөз қазіргі хақас, тува, шор, қырғыз сияқты түркі тілдер жүйесінде әр түрлі фонетикалық нұсқада ұшырасады. Қазіргі қазақ тіліндегі «сиыр» атауы көне қыпшақ ескерткіштер тілінде де сығыр, инәк түрінде ұшырасады. Бұл жөнінде М.Мусаев былай дейді: «...что из двух основных названий коровы в тюркских языках одно – сыйыр занимает единую территорию, охватывающую в основном кыпчакские языки. Другое название – инек не образует сплошной территории, а имеет большой территориальный разрыв» [6,287], яғни түркі тілдерінің солтүстік-батыс тобы сыйыр сөзін қолданса, ал инек сөзін моңғол тілдерімен тығыз қарым-қатынаста болған шығыс және оңтүстік аймақта орналасқан түркі тілдері қолданған. Инәк сөзінің тарихы туралы айтатын болсақ, инәк сөзінің иңәк тұлғасы да ежелгі түркі тілдерінде ұшырасады. Көне ескерткіштер тіліндегі инәк сөзінің семантикасына назар аударғанда, жалпы жан-жануарлардың аналық, ұрғашы тегіне байланысты қолданылғанына көз жеткіземіз. Мәселен, М.Қашқари сөздігінде іңәк атауы «тасбақаның аналығы» ретінде көрсетіледі. Бұл түбірлес сөздердің байырғы тұлғалары мен семантикалық валенттілігі жағынан ұқсастығына сүйеніп, мағыналары жақын деген қағидаға сүйенсек, қазіргі қазақ тіліндегі түйенің аналығын білдіретін інген сөзі де осы түбірлерден тараған болуы әбден мүмкін. А.М.Щербак инәк сөзінің түбірін «ана, шеше» мағынасында инә, әне сөзімен сабақтастырып қарастырғанды жөн санайды[4,287]. Шындығында да арғысы көне түркі, бергісі ескі қыпшақ тіліндегі инәк сөзі қазақ тіліндегі ене, ана, інген сөздерімен семантикалық жағынан да, дыбыстық жамылғышы жағынан да орайлас, үндес, сабақтас келеді. Орта түркі тілінде парсылық гүл сөзімен қатар осы мағынадағы түркілік чечәк сөзі кеңінен қолданылған. Чечәк сөзі «Диуанда» гүл мағынасында жұмсалған. Бұл атау қазіргі түркі тілдерінде де гүл мағынасында жұмсалып, әртүрлі фонетикалық нұсқаларда кездеседі: аз.т. – чичәк, баш.т. – сәсек, қаз.т. – шешек, алт., құм., тув.т. – чечек, тат.т. – чәчәк, түр.т. – січәк, чув.т. – чегек. Ескі қыпшақ тілінде жұмсалған чечек сөзі қазіргі қазақ тіліндегі ерте көктемде шығатын бәйшешек сөзінің құрамында сақталған. Бұл сөзді бәйге, байрам тұлғаларымен бір қатарға қоюға болады. Өйткені, ортақ түбір бай//бәй шор, сағай тіліндегі «той» мағынасындағы пай сөзінен шыққан. Бәйге – «жарыс, жарыста жүлде алу», ал чечек – «жарыста озып бірінші көктеп шығу» ұғымын білдіреді. Сонда ескі қыпшақ тілінде қолданылған чечек сөзі басқа гүлдерден бұрын озып шығу мағынасын білдірген. Қорыта айтқанда, Орта ғасырда Мысыр, Шам, Үнді, Кавказ, Алмания, Польша, Украина, Ресей жерлерінде әртүрлі әліпбилермен жарық көрген қыпшақ тілі туралы жәдігерліктердің тіліндегі тұлғасы мен мағынасы орайлас лексикалық парал­лельдердің этногенетикалық, глотто­генетикалық тамыры ескі қыпшақ тілі мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығының айқын дәлелі болады.

11356 рет

көрсетілді

14

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6704

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5965

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3705

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3094

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3050

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3026

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2756

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2740

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы