• Ақпарат
  • 03 Мамыр, 2012

Шапшақты шақшамен шатастырып жүрміз

Халқымыздың ауыз әдебиеті өте бай әрі мәнді де мағыналы. Жазба әдебиетіміздің өрістеп, дамуына негіз болған осы ауыз әдебиеті болса, оның ішінде мақал-мәтелдеріміз үлкен орын алатыны сөзсіз. Мақалда терең мағыналы философия­лық толғамдар, саналы адамға, әсіресе, жас ұрпаққа үлгі, өнеге боларлық, адамды жаманнан сақтандырып, жақсылық­қа баулитын өсиетті сөздер мол.Енді осы мақал-мәтелдердің дұ­рыс-бұрыстығы туралы айтсақ, «бүгін­де олар қаншалықты дұрыс қолданы­лып жүр?!» деген сұрақ туындайды.  Мақалдарды байқап, ойланып қолдану туралы алғашқы аталы сөзін данышпан Абай айтқан. Осы күнге дейін одан басқа ешкім айтқан жоқ. Қара сөздерінің жиырма тоғызыншы сөзінде Абай былай деп жазған екен: «Қазақтың мақалдарының көбі­нің іске татырлығы да бар, іске таты­мақ түгілі, не құдайшылыққа, не адам­шылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі «Жарлы болсаң, арлы бол» дейді. Ардан кеткен соң тірі болып жүргені құрысын. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», ең барып тұрған құдай ұрған сөз – осы. «Сұрауын табамын, қалауын табамын» деп жүріп қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой. «Атың шықпаса – жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Алтын көрсе періште жолдан шығады» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анадан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның жанынан да малы қымбат екен. Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң құдайға дұспандық іс емес пе? Осындай білместікпен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек». Міне, данышпан Абайдың бек сақтандырған, ойлап сөйлеуге, біліп айтуға шақырған өсиеті осындай. Осы ұлы ақынның әрбір оқыған қазақтың үйінде тұрған кітабында айдан анық жазылған осы ескертуді ойлап, осы мағынасы теріс, жұртты адал жолдан адастыратын мақалдарды бір ескеріп, қолданбай тастадық па? Амал қанша? Осы күнге дейін газет-журналдарымыз­да, тіпті, кейбір жазушылардың кітап­тарында да «Періште алтын көрсе жолдан таяды», «Қалауын тапса, қар жанады» деген мақалдар қаптап жүр. Бұл қолына қалам ұстаған азаматтардың мақал сөздердің мағынасын терең ойланбай, оған мән бермей, ескі әдет бо­йынша жаза салатынын көрсетеді. Ол аздай, тіпті, көптеген мақал-мәтелдерді бұрмалап, өңін теріс ай­налдырып айтып та, жазып та жүргендер толып жатыр. Олардың бірқатарын 2007 жылы мамыр айында асқан білгір журналист Бекболат Әдетов «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше нөмерінде «Ақсақалдар айтпа­ды деп жүрмесін» деген тақырыппен сынаған болатын. Олардың дұрыс негіздерін соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп берген. Амал не, Абайдың сынын да, Әдетовтың сынын да ешкім қабылдаған жоқ. Сол қалпында, Абай айтқандай «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» болып қалып келеді. Сондықтан, қазіргі журналистер мақал-мәтелдерді өздерінше бұрмалап жазып та, айтып та келеді. Мысалы, газет-журналдарда жиі жазылып жүрген «күл болмаса бүл болсын» деген мәтел. Бұл мәтелдегі «Күл» түсінікті – оттың күлі. Ал «бұл» деген не? Неге «күлді» «бүл» қылуымыз керек? Бұған ешбір автор жауап бермейді. Өйткені, бұл – түсініксіз сөздер. Басында оның дұрысы – «бұл болмаса, күл болсын» болатын. Оны бір жазғыш шала-пұла естіп, «Әй, осылай шығар» деп жазып кеп жіберген. Енді, міне, жарты ғасыр бойы (бұл сөздер өткен ғасырдың елуінші жылдарында пайда болған) газет-журналдарымыз бен кітаптарымыздың бетін шарлап келе­ді. Сөздікте: «Бұл – кездеме, мата» деп көрсетілген. Ендеше сол бұлың «бұл болмаса күл болсын» деп тұрған жоқ па? Бұған да күдіктенетіндер болса Мұхтар Әуезовтің 20 томдық шығармаларының 9-шы томының 114-ші бетін қарасын. Онда Мұхаң дәл өз мағынасында қолданған. Енді бір, елдің бәрін шатастырып, айтушылар мен жазғыштардың өздері де шатасып жүрген мәтел сөз – «шарадай басы, шақшадай болды». Сонда «шара» деген не, «шақша» деген не? Ал шарадай басы шақшадай болғанда қандай күйді білдіреді? Сонда басы үлкейіп кете ме, жоқ, кішірейіп қала ма? Бұл мәтелді қолданушылар осы жөнінде ойлана ма? Бұл сөз тіркестерін түсіндірме сөздік те шатастырған. Онда «шақ­шадай басы шарадай болды», «шарадай басы шақшадай болды» (Қаз.т.т. сөздігі 10-том, 101-бет) деп екі түрлі айтылуын берген. Бірақ сөздік түзген ғалымдар «адамның басы шарадай немесе шақшадай болғанда қандай жағдайды білдіреді?» деген сұрақтарға дұрыс жауап бермейді. Сондықтан да журналистер тұр­мақ, атақты жазушылардың өздері бұл сөздерді дұрыс қолданбай келеді. Дұрысында, атам қазақ бұл сөздерді қатты қиналғанда, басы қатып, мең-зең болғанда «басы қазандай» болып дағдарып қалған кезін түсіндірмек болып: «Шарадай басым шапшақтай болды-ау» деп қатты күйзелгенде айтқан. Бұл жердегі шара – кәдімгі үл­кен тостаған, кішілеу табақ. Көлемі адамның басы шамалас. Ал шапшақ – үлкендігі темір шелектей ағаш ыдыс. Шелек сияқты биік емес, аласалау. Жуантық келеді. Оған айран, қатық, ашыған көже құйып ұстайтын болған. Оңтүстік облыс­тардың тұрғындары бұрынырақта көп пайдаланып келген. Кейінгі кездерде қолданылыстан шығып қалған. Сондықтан, оның аты да хатқа түспей қалыпты. Көлемі басыңнан екі есе үл­кен. Міне, енді әлгі күйзеліске тү­сіп, әбден қатқан басыңыз (шарадай) осы шапшақтай болып үлкейіп кеткендей, қиналған күйін көрсетеді. Бұл жерде «шақшаның» (қарттардың насыбай салатын құтысының) бұл сөздерге ешбір қатысы жоқ. Оны сол баяғы жазғыштардың әсірелеу үшін қолдана салғаны. Сөз соңында айтарым, сөз қол­данарда сақ болайық. Үсенбай ТАСТАНБЕКОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі Алматы облысы

6050 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6621

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5924

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3667

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3052

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3012

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2988

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2717

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2702

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы