• Ақпарат
  • 03 Мамыр, 2012

Ел тыныштығын күзету - мерейлі мәртебе

Бағдат Майкеев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:rom_9167

7 мамыр Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше күн болып есептеледі. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасы Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылды. Содан бері бұл күн Отан қорғаушылар күні болып мерекеленіп келеді. Отан қорғау ежелден ерлердің міндеті болған. Елдің Тәуелсіздігін қамтамасыз ететін Қарулы Күштерді қалыптастыру үшін жиырма жыл көп уақыт емес. Біз осы орайда Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Бағдат Әбдіқадырұлы Майкеевті сөзге тартқан едік.

– Жиырма жыл ішінде Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жоғары жауынгерлік әзірліктегі армия құрылды деуге толық негіз бар, – деп бастады сөзін генерал, – Біздің бүгінгі Қарулы Күштеріміздің құрамы соңғы жетілдірілген техникалармен, қару-жарақтармен, білікті офицер кадрлармен жасақталған. Кез келген қауіп-қатерге, лаңкестік іс-әрекеттерге оңтайлы соққы жасап, дер кезінде жауап бере алады. Оған достас елдер өкілдерінің қатысуымен өткізіліп жүрген бірлескен командалық, жедел-тактикалық жаттығулар дәлел. 1997 жылдан бастап елімізде халықаралық әскери жаттығулар өткізіліп келеді. Осы жылы “Ортаазбат” жаттығуына 6 елдің әскери қызметшілері, әскери атташелері қатысқан еді. “Рубеж-2006”, “Дала қыраны”, “Әскери достастық-2011”, “Шығыс-2011”, “Өзара іс-қимыл” секілді бірлескен жедел-тактикалық оқу-жаттығулары да әскери дайындықтың жоғары деңгейде екенін танытты. ҚР Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды технологиялық жаңарту және қару-жарақ пен әскери техника өндірісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған Бағдарламасы жасалып, жұмыс істеп жатыр. Жаңа қару-жарақ пен әскери техниканың жыл сайынғы өсімін 7 пайызға арттыру, сондай-ақ, 2015 жылы әскери және екі жақты мақсаттағы өндірілетін өнімдердің қазақстандық үлесін 50 пайызға дейін жеткізу туралы негізгі тапсырмалар анықталды. Сондай-ақ, мемлекеттік басқаруды жетілдіру мақсатында 2008 жылғы ақпан айында Үкімет Қаулысымен Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері бойынша Комиссия құрылды. Бұл комиссия Үкімет жанындағы бірден-бір консультативті кеңес болып табылады. Онда қорғанысты қамтамасыз ету, әскери-техникалық саясатты жүзеге асыру, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың негізгі бағыттары, әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. 2003 жылғы наурыз айында Үкімет Қаулысымен «Қазақстан инжиниринг ҰК» Акционерлік қоғамы құрылды. Бұл компания холдингтік құрылым ретінде бірнеше қорғаныс өнеркәсібі кешендерінің басын біріктіріп отыр. Бүгінде компания құрамына 29 еншілес және тәуелді кәсіпорын кіреді.Оның 17-сі қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ, мұнайгаз, теміржол, агроөндіріс, жылуэнергия кешендеріне арналған өнімдерді шығарып, оларға жөндеу жасайтын мүмкіндікке ие. 2010 жылдан бері жыл сайын бекітілетін еліміздің мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тұтастай отандық қорғаныс кәсіпорындарына жүктелді. Биыл 2009 жылмен салыстырғанда, тапсырыс же­ті есеге артып отыр. Бұл өндірілетін өнімдер­дің қазақстандық үлесін арттыруға, өнімдерді дамы­ту мен жаңартуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Байланыс, барлау және басқару, радио­элек­тронды күрес жүйесі, ұшқышсыз ұшу аппараттары, құлтемірлеген екпінді кешендер, заманауи көлік авиациясы, жауынгердің ұрыс алаңындағы жеке қорғаныс жүйесі, жоғары дәлдікті қарулар және онымен күрес құралдары қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың басым бағыттары болып табылатыны сөзсіз. Бұл жұ­мыстардың Қорғаныс министрлігінде екі жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын және ізашар болып отырғанын атап өткен жөн. Толыққанды, дербес қорғаныс өнеркәсібі кешенін құруға бірнеше жылдар мен мемлекеттің ұдайы қолдауы қажет екенін ұмытпауға тиістіміз. Сонымен қатар, дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қорғаныс өнеркәсібі кешенін тек мемлекеттің күшімен дамыту жеткіліксіз. Бұл әрі бюджетке де қосымша салмақ. Қорғаныс өнеркәсібін дамытуда мемлекеттік әрі жеке әріптестікті қалыптастыру маңызды. – Қарулы Күштердің 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде Қорғаныс министрлігінде қандай іс шаралар тізбесі бекітілген? – 2012 оқу жылындағы жауынгерлік жарыстың ұраны «Қарулы Күштердің құрылғанына 20 жыл толуына – Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің ерен еңбегіміз!» деген атпен мәлім. Бұл – армияда болып жатқан іс-шаралардың барлығы Қарулы Күштердің 20 жылдығына арналған деген сөз. Осы мақсатпен мерейтой шеңберінде атқарылуға тиісті бірқатар шаралардың жоспары жасалды. Ол іс-шаралар жыл басынан бері аталған жоспарға сай өткізіліп келеді. Мәселен, әскер өмірін спортсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда Қарулы Күштердің 20 жылдығына ұйымдастырылған армияшылардың Спартакиадасы мәреге жетіп қалды. Бұл додада біздің әскери қызметшілеріміз спорттың әр түрінен бақ сынасып, қуаты мен қарымын, айласы мен амалын ортаға салуда. Мерейтой шеңберінде мамыр айының алғашқы онкүндігінде Ұлттық қорғаныс университетінде «Қазақстан Рес­публикасының Қарулы Күштеріне – 20 жыл» атты алқалы конференция өтпек. Сондай-ақ, 7 мамырда Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында әскери өнер ұжымдарының ұйымдастыруымен мерекелік үлкен концерт өтеді. Ұлы Жеңістің 67 жылдығын мерекелеу шеңберінде 9 мамыр күні «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі болады. Сол жерде ардагерлерге арналып, дәстүрлі «Сарбаз ботқасы» беріледі. Астаналықтар мен қала қонақтарына Қорғаныс министрлігі басшылығының қатысуымен қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұйымдастырылатын болады. Ал 3-6 мамыр аралығында Астанада екінші қазақстандық халықаралық «KADEX-2012» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді. Осыдан екі жыл бұрын өткізілген алғашқы көрменің қорытындылары нәтижелі болды. Қор­ғаныс министрлігінің өкілетті органы – «Казспецэкспорт» кәсіпорны сол жолы бірнеше шетелдік ком­паниялармен құны 1,5 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасасты. Соның арқасында қазіргі таңда ел аумағында бірнеше бірлескен кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Олар­дың қатарында электронды-оптикалық құ­ралдар өндіретін түріктің «Қазақстан Aselsan Инжиниринг», ЕС 145 тікұшақтарын өндіріп, оларға техникалық қолдау көрсететін француз-немістік «Eurocopter Қазақстан Инжиниринг», радиостансалар өндіретін француздың «Tales Инжиниринг» және испандық «Indra Қазақстан» сияқты жетекші компаниялар бар. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінде екінші көрмені өткізуге қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Бүгінде шетелдік әскери техника үлгілерін орналастыруға және олардың мүмкіндіктерін көрсетуге арналған арнайы полигон жасалуда. Көрмеге қатысуға қазірдің өзінде 236 отандық және шетелдік компаниялардан өтініш келіп түсті. – Бағдат Әбдіқадырұлы, айбыны асқақ елдің тыныштығы тұрақты деп жатамыз. Айбынды әскеріміз барда елдің шетін жау жағалай қоймасы анық. Десе де, айбарлы әскерилеріміздің әлеуметтік қамтылуы қай деңгейде екен? – Елбасы әскерилердің әлеуметтік жағдайын тұрақты назарда ұстап келеді. Биыл «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» жаңа Заң қабылданып, ол 7-наурызда күшіне енді. Жаңа Заңда әскерилерге қатысты қажетті әлеуметтік аспектілер кеңінен қамтылған. Бұл заңнамалық құжатта әскери қызметшілердің мәртебесі мен құқықтары нақты айқындалған. Оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету кеңінен қарастырылған. Жаңа заң аясында азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларды бітіруші студенттерге «Запастағы лейтенант» атағын беру нормасы қайтарылды. Бұған дейін әскери кафедраны бітіруші түлектерге «запастағы сержант» әскери атағы беріліп келген болатын. Заң нормасы бойынша әскери қызметшілердің жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері артты. Сонымен бірге, зейнет демалысына шыққан әскерилердің зейнетақысының мөлшері өзгелермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екенін атап өткен жөн. Қазіргі таңда әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңында көрсетілген тәртіппен жүргізіледі. Жаңа Заң бо­йынша 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде 10 және одан көп жыл болатын әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріледі. Олар оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген шарттармен және тәртіппен жекешелендіруге құқылы. Әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету жалғаса бермек. Мәселен, биыл Қарулы Күштер бойынша 2707 Отан қорғаушыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. – Түсінікті, енді ҚР Қарулы Күштерінің биылғы жылғы жоспарымен бөліссеңіз? – Қарулы Күштердің әлеуеті мен қуаты негізі­нен жауынгерлік әзірлік болып табыла­тыны сөзсіз. Сол себепті, біздің негізгі мақса­тымыз жауынгерлік әзірлікті әр кезде жоғары деңгейде ұстап, әскери қызметшілердің кәсіптік біліктілігін шыңдау болып табылады. Жаңа ай­тып өткенімдей, 2012 оқу жылы Қарулы Күштер­дегі жауынгерлік іс-шаралар да «Қарулы Күш­тер­дің құрылғанына 20 жыл толуына – Қазақс­тан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің ерен еңбегіміз!» ұранымен өткізілуде. Осыған сәй­кес, биыл да халықаралық дәрежедегі бірқатар оқу-жаттығулары өткізілмек. Мысалы, алдағы маусым айында Тәжікстан Республикасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде өтетін «Бейбіт миссия – 2012» оқу-жаттығуларына қазақстандық әскери қызметшілер де қатыса­тын болады. Сондай-ақ, күзде Арменияда өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы «Өзара іс-қимыл – 2012» жаттығуларына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тізімге Қазақстанда өтетін «Дала қыраны», «Алдаспан» сын­ды халықаралық жаттығуларды да қосуға болады. Қарулы Күштердің алдында жауынгер­лік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетіл­діру тапсырмалары тұр. Сондықтан, Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді. Еліміз заманауи, жинақы да ұтқыр, жауынгерлік дайындық деңгейі жоғары армия құру жолын таңдады. Ал Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру мемлекеттің әскери қауіпсіздік саласындағы бас­ты тапсырмаларының бірі болып қала бермек. Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев анықтап бергендей, армияның басты тапсырмасы «әскерлердің сапасы мен тиімділігін арттыру» болып отыр. Сол себепті де, Қазақстан әскері жаңа қару-жарақпен, әскери техника жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қазіргі заманға сай жауынгерлік қимылдар жүргізуге бейімделген жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуді жалғастыра бермек. Біз үшін бейбіт елдің тыныштығын күзету – мерейлі мәртебе, асқақ абырой. – Әңгімеңізге рахмет. Қарулы Күштердің айбыны асқақтай берсін! Бейбітгүл Исаева Астана

3750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6875

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6044

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3784

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3171

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3131

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3105

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2833

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2819

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы