• Тарих
  • 10 Мамыр, 2012

Сабыр Рақымовпен бірге шайқасқан

d181d0b0d0b1d18bd180-11 d181d0b0d0b1d18bd1802 Бәтен апам Ұлы Отан соғысында бауыры Төлебаев Райымбектің хабарсыз кеткенін айтып, көзіне үнемі жас алып отырушы еді. Сандығына сарғайған суреттерді өмір бойы сақтап келді. Апам: «Бұл Қорабайдың ұрпақтары, ертеректе басқа жаққа қоныс аударылған, соғыстан оралмады. Аталарыңның қонысы Көктастының сайы еді», – деп жиі еске алып отыратын-ды. Мен сол сарғайған суреттегі адам атамыз Сабыр Рақымов екенін 61 жыл уақыт өткеннен кейін, яғни 2006 жылы ғана білдім. Қазақтың қаһарман генералы Сабыр Рақымовпен бірге шайқасқан Кеңес Одағының батыры, 90 жастағы Тоғанбай Қауымбаев Шымкент қаласында тұрады екен. Зайыбы Шәрбану апа екеуі немере-шөбере сүйіп отырған жандар. Бірде Әбдіғапар Жүнісов, Базарбай Омаров, Сәкен Тілемісов, Беглан Әбдіхаев дейтін азаматтар мені Тоғанбай қариямен кездестірген еді. Тоғанбай қарияға Сабырдың Брест қаласында 1940 жылдың көктем мезгілінде түскен Қызыл ту орденді суретін көрсеткенімде бірден танып: «Шіркін, Сабыр ержүрек, мықты, бауырмашыл адам еді ғой» деп әңгімесін бастай жөнелді: – Мен ол кезде 109-шы полк командирі гвардия полковнигі Г.М.Левиннің адьютанты едім. Біздің полк Сабыр Рақымов басқаратын 37-атқыштар дивизиясының құрамына енген болатын. Мен алғаш рет генералмен жер кепедегі штабта жолықтым. Екеуміз өмір жолдарымыз туралы әңгімелестік. Ауыртпашылықтан әкем қайтты дүниеден, сонан соң көп ұзамай атам өмірден озды. Сөйтіп анам екеуміз, Рақым атайдың қолында қалдық. Ол кісі өсірді, тәрбиеледі. Әлі есімде, әкемнің туған-туыстары келген сайын, мені көрсе, жылаушы еді, – деген Сабырдың сөзі қазір де құлағымда тұр. Мынандай бір оқиға да есімнен шықпайды. Генерал өзінің адьютанты Аркадий Юсуповты жіберіп мені шақыртып алдыртты. Сөйтсек Ташкенттен әртістер концерт қоюға келіпті. Бұл кешке жоғарғы шенді офицерлер түгел жиналыпты. Сондықтан да арнайы дастарқан жасалған екен. Елден келген өнер иелерінің ішінде бұлбұл көмей әнші Роза Бағланова болды. Әншілер шаршағанына қарамай, күніне үш рет концерт берді. Осындай концертің бірінде Сабыр Рақымов Розаны құрметтеп танктің үстіне көтеріп шығарды. 1945 жыл 25 наурыз күні таң сәріде дивизияның саяси бөлім бастығы, гвардия полковнигі А.Ф.Смирнов, артиллерия бастығы полковник Руденко, байланысшылар командирі полковник Головань, адьютант, офицерлерді жанына ілестіріп гвардияның генерал-майоры Сабыр Рақымов келді. Бұл уақытта біз полк командирінің ұрыстағы бақылау, басқару пунктін толық дайындап біткен болатынбыз. Дивизия командирі, қасындағы офицерлер, дивизия бөлімдерінің ұрысқа дайындықтарын тексеріп жүр екен. Польшаның Гольдкруг қаласын азат еткен кезіміз еді. Осыдан кейін Бретнау, содан соң қорғаны мықты Гданьск (Дансик порт) қаласына қарай бағыт алуға әзірленіп жатқан болатынбыз. Генерал мені шақырып: «Тоғанбай, окоптарды аралап шығайық» – жүр деп, маған ұсыныс жасады. Орман ішіндегі жалғыз аяқ жолмен жүріп келе жатып: – «Елден хат-хабар бар ма?» – деп қайта-қайта сұрады. Окопқа келген соң жауынгерлердің жағдайын білуге тырысты. Оларға жігерлендіретін сөздер айтты. Сабыр ағаның қарапайымдылығына қайран қалдық. Сол күні генерал өте көңілді болды. Тіпті орманды жаңғырта күліп, қазақы дарқан пейілімен, ашық көңілімен өзгелерді де күлдіріп жүрді. Қазір ойлап отырсам, сол сәт бәлкім бой жазғаны ма, кім біледі... Бір уақытта үлкен жарылыс аяқ астынан гүрс ете қалды. Дереу қасыма екі жауынгерді ертіп, жарылыс болған жерге жеттік. Келсек генерал басынан жарақат алыпты. Жанындағы полковник Смирнов Головань және үш офицер жан тапсырыпты. Ал полковник Руденконың бір аяғын оқ жұлып кетіпті. Дереу үш зембіл көтерген алты санитар жетті. Сабыр мен Руденконы тоғай ішіндегі медсанбатқа жеткіздік. Генералдың ауыр халі туралы Кеңес Одағының екі дүркін батыры генерал Батовқа хабарланды. Бір тәуліктен кейін генерал есін жыймаған қалпы көз жұмды. Кешіктірмей Батов келіп, генерал-майор Сабыр Рақымовтың мәйіті кортежбен Пинск қаласына жөнелтілді. Саптың алдында жүретін қаһарман генералдың қасында соңғы сапарына дейін болдым». Кеңес Одағының батыры Тоғанбай қария әңгімесін ауыр күрсіне отырып осылайша аяқтады. Иә, қазақтың қайсар генералы туралы мағлұматтар енді-енді шыға бастады. «Генерал-майор Сабыр Рақымовтың өмірі мен қызметін, ерлік жолдарын, қолбасшылық таланттарын зерттеуіміз қажет» – дейді тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай. Ал, Алматы қаласы №139-мектеп гимназиясының 9-сынып оқушысы Арыстанбек Шолпан тарих пәнінен мектепаралық олимпиадада «Генерал-майор Сабыр Рақымовтың өмірі мен ерліктері жайында тың деректер» атты реферат жазып қорғаған еді. 2012 жылдың сәуір айының соңғы күндерінде Тұран университетінде қорғалған еңбекті оқи отырып, Сабыр Рақымовтың өзіме туысқан екенін мақтаныш еттім. Ерлік ОМАРОВ, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы

4593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6837

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6030

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3769

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3157

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3115

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3091

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2819

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2805

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы