• Ақпарат
  • 10 Мамыр, 2012

Зеңбірекші майдангер

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 67 жыл өтсе де, сұрапыл соғыс жылдарының жаңғырығы майдангерлердің жүрегінен өшпек емес. Бейбіт өмірдің туын қадап, алаңсыз тіршілік етерлік заман әкелген олардың еңбектері өлшеусіз.  Бүкіл әлемге аждаһадай төнген жау­дың бетін қайтарып, мысын басқан кешегі жас жауынгер, бүгіндегі қарт ардагерлеріміздің бірі – Сәбит Кенжеұлы атамыз. Ол Ұлы Отан соғысына 1942 жылдан бастап қатысып, бірнеше орден, медалдармен марапатталған. Өзінің айтуынша, май­данға 1942 жылы аттаныпты. Сталин­град түбінде дайындықтан өтіп, зеңбірекшілер дивизиясына бекіпті. Сәбит Кенжеұлы – ұрыс майдан­да­рын­да қазақ жігітіне тән қажыр-қайрат көр­­се­­тіп, қайыспас төзімділікпен соғыс­тың со­ңы­на дейін шайқасқан қандастары­мыз­дың бірі. Берлинге Жеңіс туын көтеріп, атойлап кірген жауынгерлердің арасында Сәбит атамыз да болыпты. Қажырлы қазақ азаматының ерен еңбегі Ұлы Отан соғысының шежіресінде алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Зеңбірекші, 1-ші орудия командирі болған ол небір қиын жағдайларда оңтайлы шешім тауып, әскери іс-қимылды сауатты жүргізе білген. Бұл туралы старшина Лог­винен­коның жазбаларынан оқып біле­міз. Онда былай делінген: «Капитан Ку­зя­к­тың батареясы жабық позициядан сәт­ті шығып үлгерді. Жау шебіне қарай тұт­қиылдап шабуылдады. Сержант С.Кен­жеұлы өз зеңбірегін көшенің сол жа­ғына орналастырып, дұшпандардың әс­­кері­не жойқын соққы жасады. Жау зең­бірегі қарымта оқ қайтаруға дайындала бас­тады. Мұндайда сәттілік бірінші болып қи­мыл­даған жаққа ойысатыны белгілі. Бұл жағдайды жақсы түсінген сержант С.Кенжеұлы мүдіріп қалмай, оқты бірінен соң бірін боратты. Неміс жауынгерлері есең­гіреп қалды. Зеңбірекшілерден келе­тін қауіпті сезінген олар біздерге көп мүм­кіндікті беріп қоймау үшін автомат пен пулеметтен қарсы оқ жаудырды. Өлім қаупі, әсіресе, Сәбит Кенжеұлына тым жақындай түскен еді. Бірақ ол өз ісіне жан-тәнімен кірісіп, тұсынан өтіп жатқан оқтарға қарайтын емес. Сержанттың бет-әлпеті түнере түсудің орнына, көздері жайнап, денесінен шексіз энергия бөлініп жатқандай жанталасады. Аса қатерлі кезде де ол ерік-жігерінің мығым әрі күшті екенін байқатты. Осындай ішкі арпалыстың арқасында ғана біздің әскерлердің күші жау әскерінен басым болып шықты. Ауыр зеңбірек бүкіл жерді дүр сілкінтіп, жаудың қорғаныстарын бұзып-жарып алға озды. С.Кенжеұлына жақын орналасқан жеңіл зеңбіректерге қарағанда оның атқылаған зеңбірек оқтары мақсатты жерлерге дөп тиюмен болды. Бұл қазақ сержантының әскери тапсырманы шебер орындайтынын көрсетіп берді. Осы бір қуанышты сәт сержанттың жеңіске деген сенімін арттырып, қайратын нығайта түсті. Бірінен соң бірі толассыз ұшқан оқтардың неміс әскерлерінің төбесіне түсіп жатуы да ұмытылмастай оқиға болып еді. С.Кенжеұлының бағыттаған снарядттары үйлердің қабырғаларын қа­қы­ратып, шаңнан дауыл тұрғызып, дұш­панның зәресін алып, құтын қашырды. Еңсесін езіп, тізесін дірілдетті. Осылай­ша Қазақстанның батыр ұлы Сәбит Кен­же­­ұлы дұшпан күштерін қиратуға деген өр­шіл рухының биік екенін байқатты. Соғыс өрті одан әрі өрши түсті. Сержант С.Кенжеұлының жүрегі шайлық­пады. Қайта күн өткен сайын жаңа күш алып, жеңіске деген құштарлығы ұлғая берді. Варшава жеріндегі ұрыстарда фа­шис­тік әскердің көзін жоюға білек сыба­на кірісті. Тамыз айындағы соғыстың аса ауыр сағаттарында С.Кенжеұлының зең­бірегі шешуші рөлдердің бірін атқарды. Жауға қарсы жөнелтілген оқтары көздеген жерден табылып жатты. Жаудың беті қайтып, техникалары өртке оранып, түгі қалмай жанып кетті. Өздері жан-жақ­қа бытырай қашып, қолға оңай түсті. С.Кенжеұлының бағыттаған снарядтары фашистердің үрейін ұшырып, жанын алды. Ол ұрыс алаңдарында көз жұмған майдандас достарының кегін алу үшін де қайрат көрсетті. Оның Сталинградтан Берлинге дейін жүріп өткен жолында дұшпанға қырғидай тиген сәттері аз болған жоқ. Қирап қалған жау танкілері, снаряд соққыларынан ойылып түскен шұңқырлар, жаулардың өлі денелері – майдандағы нәтижелі шайқастардың айқын белгісі еді. «Біздің зеңбіректер бір позициядан екіншіге ауыса отырып жылжып отырды. Осылайша, соғыстағы бірінші ұрысты Сталинград түбінде қабылдап, жеңіс снарядын Берлиндегі Рейхстагқа бағыттап, төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. Отан үшін күшіміз бен денсаулығымызды аямадық. Жанымызды бердік. Жараландық та. Жеңіске жететінімізді сездік», – дейді қарт майдангер Сәбит Кенжеұлы. Ол соғыстан кейін коммунистер партиясына мүшелікке қабылданды. Отанға деген адал қызметі, соғыс тапсырмаларын орын­даудағы ерен ерлігі үшін Сәбит Кенжеұлы «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталды. Жасы тоқсанға жетіп отырған Сәбит атамыз сөз соңында: «Мұндай соғысты адам баласының басына бермесін! Соғыс енді болмасын!» деп тілегін білдірді. Лайым, солай болғай! Дәуіржан Төлебаев

2716 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6310

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5761

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3501

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2883

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2845

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2824

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2554

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2539

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы