• Ақпарат
  • 10 Мамыр, 2012

Нағанай бек және оның ұрпақтары (Алтын Орданың түрк бектері)

fragmenty-tatarskoy-istorii-chast-1 (Соңы. Басы өткен санда). Ел аузында тараған дәстүрлі Қоңырат шежіресінің қай-қайсысы да әлқисса сөзін Нағанай биден бастайды. Қоңыраттың түп атасы Нағанай бабамыз екен, оның отыз баласы болыпты, қазіргі қазақ қоңыраттары оның Жығалы, Мелдеби, Орынби деген үш баласынан өріпті, қалғандары Жиделі-Байсын жақта екен делінеді (Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. 42-48-б.). Қазақ шежіресіндегі «Нағанай бидің отыз баласы бопты» деген бұл әпсана халқының жартысы қоңыраттардан тұратын қарақалпақтарда да бар. Олардағы ерекше­лік Нағанайдың Нағадай деп аталуында ғана. Мәселен, қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақ Қарғабайұлының (руы қоңырат) «Шежіре» атты шығармасында: «Нағадай бий йурт ағасы Жумлә Қоңыраттың бабасы, Отыз уғылның атасы, Уғлы отыз болған екен»2, – дейтін жолдар бар (Бердақ. Таңдамалы шығармалары. Нөкис: Қарақалпақстан, 1987. 273-б.). Осы шығарманың тағы бір шумағындағы: «Нағадайдың отыз уғлы, Ебен-Себен еки қулы» деген жолдар да қазақ қоңыраттары ше­жі­ресіндегі: «Нағанайдың отыз ұлы және Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай ол екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді»; «Нағанай Үрге­ніш­ке барғанда оған Емен, Семен деген екі құл беріпті. Нағанай ол екеуін де құлдықтан азат етіп, өзіне бала қылып алыпты. Соларды қосқанда, Нағанайдың отыз екі баласы болған» дейтін қосымша тәптіштеулермен қабысып жатады. Ауызекі шежірелерде қоңыраттың түп атасы ретінде аталып, бірсыпыра аңыздық сарындармен көмкерілген Нағанай есімі бір қарағанда, қазақтың басқа да тайпаларына қатысты кей шежірелерде ұшырасатын, көбіне әуелгі түпбаба ретінде халық қиялынан ғана туындаған, тарихи дерегі мәлімсіз тұлғалар секілді болып та қабылданар еді. Алайда, Нағанайдың жөні басқа. Ол – өмірде шын жасаған, сонау Алтын Орда дәуірінде Өзбек ханның замандасы болған, одан кейінгі Жәнібек ханның әйгілі ұлысбегі ретінде танылған айбынды әмірлердің бірі. Жошы ұлысы (Ұлұғ ұлыс, Алтын Орда) заманына қатысты жазба дереккөздерде Нағанай бектің есімі қарақалпақ шежіре­сін­дегідей, Нағадай, Нағатай немесе Нуғдай, Нангудай, Янгудай түрінде әртүрлі боп түскен. Қазақ тілінің өз үндестік ерекшелігіне сай ол бізде Нағанай болып қалыптасқан. Егер мерзім жағынан дәйектер болсақ, Нағанай есімінің тарихта алғаш рет қағазға түсіп таңбалануы әйгілі араб саяхатшысы Әбу Абдаллах Ибн Баттутаның (1304-1377) ар­қа­сында жүзеге асқанын көреміз. 1334 жылы Жошы ұлысын аралап жүрген ол, Өзбек ханның Бестау маңына жайлауға шыққан жазғы ордасына барғанда өзінің осы бекпен тікелей жолыққанын жазады. Ол заман – Алтын Орданың аса дәуірлеп, ерекше байыған, сән-салтанаты артқан кезі. Жиһангездің хан ордасы мен оның төңірегіндегі берекелі де бақуатты тірлікті қаз-қалпында бейнелеуі этнографиялық тұрғы­дан аса құнды мағлұматтарды ортаға тартады. Баттутаның бұл жазбаларын Ұлұғ ұлыстың сол дәуірдегі дәулетті, мамыражай тыныс-тір­шілігі туралы энциклопедиялық деңгей­дегі жинақ десе де болады. Мұны Өзбек хан­ның ханымдары көшінің жайлауға қалай бет­теп келе жатқандығы суреттелген жолдардан да айқын байқау қиын емес. «... Әрбір ханым күймелі арбамен жүреді. Күйме шатыры алтын жалатқан күмістен, не оймышталып боялған ағаштан жасалған. Арбаны сүйрейтін аттар – жібек жабулы. Аттардың бірінің арқасында отырған айдаушы бозбаланы ұлақшы деп атайды. Күймедегі ханымның оң жағында әжептеуір егдерген кәрі әйел, оны ұлұқатын (көмекші) деп атайды, сол жағында құжыққатын (киіндіруші) аталатын егде әйел. Ханымның қарсы алдында – жүзіктің көзінен өткендей сұлу, өрімдей алты қыз. Ал арт жағында арқасын сүйеп отыру үшін дәл сондай тағы екі қыз жайғасқан. Ханымның басында төбесіне тауыстың әсем қауырсынын бекіткен, қымбат асыл тастар­мен безендірілген тәж, үстінде алтын-күміс, асыл тастан көз қарыққан жеңіл желбегей шапан. Ұлұқатын мен құжыққатынның бастарында – зерлі кимешек. Қыздардың басында – төбесіне тауыс қауырсыны тағыл­ған, асыл тастармен безендірілген шошақ тебетей. Бәрі де асыл тастары жарқ-жұрқ еткен жібек көйлек киген. Қатын көшінде – он-он бес шақты, үстерінде жібектен тігіліп, алтынмен зерленген, асыл тастармен әрленген киім киген византия немесе үнді бозбалалары. Олардың қолында – алтын, күміс немесе сол алтын-күміспен апталып, күптелген асатаяқ. Қатын көшінің соңында – 100-ге тарта бас­қа арбалар. Олардың әрқайсысында – үстеріне жі­бек киім, бастарына шошақ бөрік киген төрт-бес қызметші әйел. Олардың соңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, оларда қатынның қазынасы, дүние-мүлкі, киім-кешегі, ас-суы артылған...» (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды // История Казахстана в арабских источниках. 1-том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 219-222-б.). Араб саяхатшысының жолжазбасынан дәл осындай салтанатты қатын (ханым) көшімен Нағанай бектің қызы Кебек бегімнің де жайлауға келгенін байқаймыз. Елде Өзбек ханның сыйлы қонағы ретінде жүрген Баттутаның бірер күннен кейін оның ханымдарының шаңырақтарына да ілтипат білдіріп бас сұғып шығатыны бар. Әуелі бас ханым Тайдулы бегімнің (Жәнібек пен Тыныбек ханзадалардың анасы) ордасында мейман болған соң, саяхатшы келесі күні ханның екінші ханымы Кебек бегімнің ордасына да ізет жасайды. Оның отауына кірген кезде ханым жайлы төсеніш үстінде киелі Құран кітабын оқып отырыпты. Үй ішінде оншақты кемпір мен жиырма шақты қыз зерлі киімдер тігумен айналысуда екен. Меймандардың иіліп амандасқан ілти­патына Кебек бегім соншама биязы түрде жауап беріп, әдемі тілектерін білдіріпті. Молда құран оқығаннан кейін ханым сәнді тос­та­ғандармен қымыз алдырады. Солар­дың бірін бегім саяхатшыға деген құрметін білді­ріп өз қолымен ұсынады. «Бұл – Нағадай бек­тің қызы, – деп жазады Баттута. – Әкесін көр­дім. Зор денелі кісі. Аяғына тұз байлану дерті­мен ауырады екен. Аяғын баса алмайтын бол­ған соң көбіне арбамен жүреді. Бір жерге бару керек болса, қызметшілері оны қолдарымен көтеріп алып келеді, кетерінде де солай алып кетеді. Дәл осындай науқасқа ұлұғбек Исабек те ұшырапты. Оны да осылайша көтеріп алып жүреді екен» дейді әрі қарай саяхатшы. Бұл Исабек те – атақты ұлұғбек Құт­лық­темірмен бірге талай жыл Өзбек ханның ең сенімді адамдарының бірі болған тұлға. Құтлықтемір екеуі бір-бірімен кезек-кезек алмаса отырып беклербектік лауазымды атқарған. Өзара туыстығы, жекжаттығы да бар. 1335 жылы көз жұмған Құтлықтемірдің өз басы Өзбек ханның әпкесін алған, баласы Һарунбекке Өзбектің Тайдулыдан туған қызын әперген, орданың сарысүйек құдасы болса, үйсін Исабек те Өзбекке қызын беріп қана қоймай (кіші ханым Ордаша осы ұлұғбектің қызы), өзі де ханның үлкен қызы Үткөшекті алған бел күйеу. Нағанайдың да ханмен ілік-шатыстығы осындай. Оның қызы Кебек бегім Өзбектің екінші әйелі болса, ханның тағы бір қызы Шекербикені баласы Аққұсайын сопыға әперген. «Нағанайдың арғы тегі кім? Ол қоңыраттың қай тұқымының ұрпағы?» деген сауалдарға жауап іздер болсақ, біз оны Алтын Орданың Тоқтай хан заманындағы (1291-1312) әйгілі қоңырат бектерінің ең мәртебелісі болған Салжұдайдың төңірегінен табар едік. Бұл әмір туралы парсының атақты тарихшысы Рәшид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының «Қоңырат тайпасы» атты тарауы ғана емес, басқа да тұстарында біраз мағлұмат бар. Салжұдай – Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеге жақын туыс боп келетін дүмді бектердің бірі. Әкесінің аты – Бұлаған ноян. Бөрте бәйбішенің жақын туысы болған соң да сөзі өтімді Бұлаған бек өз уақытында Шыңғыс ханның Еке Моғұл ұлысының төрт тірегі болған ұлдарының кенжесі, қара шаңырақ иесі Төленің туған немересі (оның Құтықты деген баласының қызы) Келміш бикеге құда түсіп, баласы Салжұдайға алып берген. Салжұдай мен Келміш бикеден туған Олжай бегім Ұлұғ ұлыстың ханы Мөңкетемірге (1266-1282) шығып, екеуінің некесінен Алтын Орданың 1291-1313 жылдардағы билеушісі Тоқтай хан туған (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 2. М.-Л. АН СССР. 1960. 84-85-с). Рәшид әд-Диннің аса құнды шығарма­сын­да осы Тоқтайдың Жошы ханға шөбере боп келетін туысы, атақты қолбасшы, Дон өз­е­ні­нен Дунайға дейінгі аралықты жеке өзі билеп-төстеген Ноғай беклербекпен қақтығысып қалуының бір себебі де осы Салжұдайға қатысты туындағаны жазылады. Тоқтай ханға туған қайнаға боп келетін Салжұдай өзінің баласы Байлаққа (Яйлақ) әйгілі хан тұқымы Ноғайдың қызы Қияқты (Қабақ) әперген екен. Алайда жас жұбайлар көп ұзамай біріне-бірі салқын тартыпты. Келін түртпектеуге ұшырапты. Қияқ бұл жайдан төркіндерін хабардар етіпті. Ноғай бұған кәдімгідей тулап, кезінде Тоқтайдың таққа отыруына өзінің ақылын да, айласын да аямай жұмсап, тақты жауларынан тартып әперуге үлкен күш жұмсағанын алға тартып, енді «сол еңбегімді еш қылып, билікті Салжұдайға беріп қойғаның қалай?» деген ренішін білдіреді. «Егер мені­мен дұрыс қатынаста болғың келсе, Салжұдайды Хорезмдегі өзінің ұлысына жібер» деген қатаң талапқа барады. Бұған Тоқтай хан: «Ол әкемдей болған адам, жасы кеп отырған бек, өзіме тәрбие берген, қалай шеттетемін» деген уәж айтып, көнбейтінін байқатады. Ақыры сол егес үлкен кикілжіңге ұласып, Ноғай мен Тоқтайдың арасындағы соғысқа ұрындыра­ды. 1300 жылы Ноғай қолы жеңіліске ұшы­рап, қасында қалған он жеті адаммен қашып бара жатқанда Тоқтай ханның жасағындағы орыс сарбазының қолынан қаза тауып, бұл дүниеден өтеді (Сонда). «Жамиғат-тауарих» жылнамасында Сал­жұдайдың Байлақтан (Яйлақ) басқа бала­сының есімі аталмайды. Дегенмен, осы орай­да американдық ғалым Ю.Брегельдің ор­таазиялық қоңыраттардың әулеттік тарихын зерттеген еңбегіндегі Аққадай баһадүрдің есімі аталатын дереккөз мәліметіне назар аударған мақұл дер едік. Онда Аққадайдың 30 мың үйлі қоңырат пен 100 үйлі басқа да түрк жұрттарын басқарып, Бұлғар, Шеркес, Қазан ұлыстарын билегені, оның баласы Нағдайды Өзбек ханның Еділ дариясының төменгі ағысындағы елге би еткені, ол бектің Хорезмде жерленгені жазылыпты (Исхаков Д. Юго-восток Татарстана: проблема изучения этнической истории региона ХІҮ-ХҮІІ вв.//Альметьевский регион: проблемы историко-культурного наследия. Альметьевск, 1999. 15-20-с.). Нағанайдың есімі әр әдебиетте әртүрлі аталатыны жоғарыда көрсетілді. Соңғы сөз болып отырған дереккөзде де ол Нағдай деп түрленген. Осы орайдан алғанда Салжұдайдың баласының есімінің бірде Байлақ, бірде Яйлақ түрінде жазылуына қарап, оны Аққадай, Яққадай деп те (тіпті, Байлақтың ағасы не інісі ретінде де) топ­шылауға болатындай көрінеді. Егер кейін­гі де­рек­көздің мерзімі мен кейбір қисындары­на ой жіберсек те Аққадайдың соның алдын­да ғана Салжұдайға тиесілі болған жоғарғы дәрежелі ұлысбек міндетін атқарғанын байқаймыз (30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа руларды билейді). Рәшид әд-Дин шежіресі бойынша Салжұдай 1302 жылы қайтыс болған. Алтын Орда жылнамашылары Нағанайды 1360 жыл шамасында дүниеден өтті деп есептейді. Байлақтың Ноғай қаза табардан үш-төрт жыл бұрын үйленгенін еске алсақ, оны (яки Байлақты) 1280 жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеге келді деп жорамалдар едік. Демек, Салжұдай көз жұмғаннан кейін, оның жасы жиырмалар төңірегіндегі баласы Байлақтың (немесе Аққадайдың) әкесі атқарған жоғары лауазым мен оның қарауында болған ұлысты басқаруды өз қолына алғаны кәдімгідей илантады. Онда осы Нағанай бектің баласы Аққадай (немесе Байлақ) болуы әбден мүмкін. Жасы да үйлесіп тұр. 1313 жылы 15-16-сында таққа мінді делінетін Өзбек ханмен шамалас, не одан сәл ғана үлкен боп шығады, яғни, 1334 жылы Баттута Жошы ұлысын аралаған кезде Нағанайдың қызы, ханның екінші ханымы боп отырған Кебек бегімнің жасы сол шақта жиырмалар шамасында деп қисындату да шындықтан алыс кетпейді. Бұл жерде Нағанайдың Өзбек ханға қайынаталығы мен Өзбектің қызын бала­сына алып беруінің аржағында, сонау Сал­жұдайдың Тоқтайға туған нағашылығынан басталған екі шаңырақ арасындағы жақын құдандалық үрдістің әрі қарай сабақтасып жалғасуы жатқаны айдан анық. Нағанайдың Салжұдай ұрпағы екендігі туралы бұл бол­жамды – Салжұдай бектің ордадағы әйгілі қоңырат ұлысбегі ретінде ылғи алдыңғы орыннан байқалар биік мәртебесінің, сол қалпында кейіннен Аққадайға ауысқаны, одан Нағанайға өткені, одан соң Нағанайдың баласы Аққұсайынға дейін жалғасқаны туралы мағлұматтар да жоққа шығармайды. Біз төменде назар аударғалы отырған құнды дереккөздер тізбегінде де сол дәйекті одан әрі тиянақтай түсетін тұстар баршылық. Бұл дереккөздер «Алтын Орда хандары­ның жарлықтары» деп аталатын құжаттар шоғырынан тұрады. Ол жарлықтарда, әдетте, хан тарапынан қабылданатын заңдар, нор­ма­лар мен келісімдер, жеке аймақ­тарда сау­­да жасауға қатысты жөн-жосық ережелері мен салық мөлшерлері, кей тұлғаларға берілетін жеңілдіктер сияқты әртүрлі мәселелер құ­қықтық негізде бекітіліп, мемлекеттік мәрте­бемен міндеттеліп жатады. Әуелде олар тек ханның өз атынан ғана жарияланатын дара билік пәрмені болып келсе, ХІV ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, жарлықтар мәтініне Ұлұғ ұлыстың саяси өмірінде жетек­ші орындарға шыға бастаған беклербектер мен қарашы, ұлысбектердің де аты-жөндері қосыла бастайды. Сондай маңызды құжаттардың бірі ғылыми айналымда «Жәнібек ханның Ве­неция көпестеріне 1342 жылғы жарлығы» деген атпен енген құқықтық дереккөз болып табылады. Әуелі сол дәуірде Алтын Орданың мемлекеттік тілі болып табылған қыпшақ тілінде (Наджип Э.Н. Культура и тюрко­язычная литература мамлюкского Египта ХІV века. Туркестан. 2004. 54-б.) жазылған бұл жарлық алдымен Азау қаласында итальян тіліне аударылып, одан Венецияға жеткізіліп, Венеция Республикасының сол кездегі ресми қағаздар тілі латыншаға тәржімаланғасын ғана елдегі сенат комиссиясының қарауына ұсынылыпты. Италия мұрағаттарында Алтын Орда билеушілері тарапынан жазылған мұн­дай жарлықтардың оншақтысы бар көрінеді. Көнеге ұқыпты Италия мұрағатшылары олардың бәрін шіп-шырғасын шығармай қаттап сақтай берген. 1880-1889 жылдары Венецияда мемлекеттің маңызды келісімдері мен соларға қатысты құжаттар жинақталған екі томдық басылып шыққанда, архивте да­йын тұр­ған осы хан жарлықтары кітапқа бір та­рау ретінде енген. Кітапта итальян, латын тіліндегі аударма нұсқасымен ғана жарияланған ол жарлықтар, кейіннен сол тілдерден орысша­ға тәржімаланып, зерттеушілер арасын­да та­лай уақыттан бері Алтын Орда тарихын қаузаудың құнды дереккөздері санатын­да пайдаланылып келеді. Әсіресе, бұл ретте, кейінгі жылдары түрколог-деректанушы һәм роман тілдерінің мамандары А.П.Григорьев, В.П.Григорьев секілді петерборлық ғалым­дардың қыруар істер атқарғанын атап өтуге болады. Олар Венецияда сақталған хан жарлықтарының әу бастағы түпнұсқасы қыпшақ тілінде жазылғандығын анықтау мақсатында көп еңбек етіп, жарлықтарда кездесетін тұлғалардың кім екенін нақтылау бойынша да тиянақты талдамалар жасады (Григорьев А.П., Григорьев В.П. Коллекция золотоордынских документов XIV века из Венеции. СПб. СПБГУ. 2002). Ал жарлықтардың қыпшақша жазылған түпнұсқалары қайда болған еді? Олар сол дәуірде негізінен Азау қаласындағы Венеция консулдығының кеңсесінде сақталып келген екен. 1395 жылы Әмір Темір Жошы ұлысына жойқын шабуыл жасап, оны империя астанасы Жаңа Сараймен (Сарай әл-Жәдидпен) бірге қиратқан кезде, бұл аласапыраннан теңіздің алқымында тұрған сауда-саттық орталығы Азау шаһары да аман қалмайды. Әсіресе, қаланың венециялық көпестер тұратын ора­мы ерекше бүлініп, түгелімен өртке оранады. «Сонда консулдықтағы бар құжат күлге айналыпты» деседі венециялық дереккөздер. Енді Жәнібек ханның 1342 жылғы Ве­неция көпестеріне арналған жарлығының латыншадан орысшаға қалай аударылғанына назар аударалық. Оның алғашқы сөйлемі: «Предвечного бога силою, великого гения-хранителя покровительством, мой, Джанибека, указ Монгольского государства правого и левого крыла огланам, тем, под началом с Могулбугой, тысяч, сотен и десятков князьям, даругам-князьям Азова под началом с Черкес-ходжой, таможникам и весовщикам, заставщикам и караульщикам, многим людям, идущим по какому-нибудь делу, всем...» деп басталады (Сонда. 46-б.). Егер мұны кезінде әйгілі орыс түрк­танушысы Березин, сондай-ақ, өзіміздің Шо­қан Уәлиханов зерттеген Тоқтамыс ханның поляк князі Ягалоға, сондай-ақ, Қырым түменінің бектеріне қыпшақша жазылған жарлықтармен сабақтастыра қарасақ, оның әу бастағы төл түпнұсқасы мынадай түрде қағазға түсті деп табар едік. «Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайырым рақымына үміт артамын. (Яғни, «ғала аллаһи тауаккалту уа ғала карамих уа ахсаники ғаууаалту» деген арабшадан аударма). Менің, Жәнібек, сөзім, Моғол ұлысының Моғұлбұға басшылық ететін оң қол, сол қол оғландарына, Азаудың Шеркесқожа басшылығындағы мыңбасы, жүзбасы, онбасы бектеріне, даруғаларына, тамғашы, та­р­тынақшыларына, бақаул, тұтқауылдарына, көп адамдарға, кей жортар жолаушыларына, баршаға». Соңғы атаулардағы: даруға сөзі – аймақ әмірі, тамғашы – кеденші, тартынақшы – таразышы, бақаул – табысты реттеуші, жортар – жүргінші деген мағыналарды беретінін еске саламыз (Ибатов А. ХІV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. Алматы: Ғылым, 1990. 12-29-б.). Венеция көпестеріне Азау қаласынан ар­найы жер бөліп беру, сауда-саттықтарын жүр­гізу, салық төлеу, кемелерден баж алы­­мын алу, туындаған дауларды шешу мәсе­ле­лері жүйе-жүйесімен қарастырылған алтамға­лы (қызылтамғалы) жарлықтың соңында оның жылқы жылының оныншы айында (1342 жылдың 30 қарашасы), орда Балысырда тұрғанда жазылғаны көрсетіледі. (Балысыр – Азау теңізінің теріскейіндегі құмдауыт түбек). Жарлықтың ең төменгі жағында оны Венеция елшілерінің қолына салтанатты түрде ұстатқан Алтын Орданың дүмді сегіз бегінің есімдері де тізілген еді. Сонда ең бірінші боп – Нағанай есімі жазылып тұр. Одан кейінгілері – Әли, Моғұлбұға, Ахмет, Беклеміш, Құрт­қабашы, Құтлықтемір, Айтемір секілді бектер. Мұны Нағанайдың ордадағы бедел-биігінің сол кезде қандай деңгейде екендігін байқататын салмақты деректің бірі ретінде қабылдауға болады, яки Ұлұғ ұлысты ерекше дәуірлеткен Өзбек хан билігінің соңына дейін де (Өзбек содан бір жыл бұрын, 1341 жылдың күзінде ғана дүниеден озған болатын), қоңыраттардың сонау Салжұдай бек заманынан бергі ордадағы биік мәртебелі орнының мығым күйінде екені байқалады. Хан әулетіне әрі нағашы, әрі жиен боп келетін бұл тайпа бектерінің әлі де іс басында, алдыңғы лекте отырғанын көреміз. Өзбектен кейін хандық таққа отырған Жәнібек (1342-1357) те өзінің бел құдасы, кіші шешесі Кебектің әкесі, әрі туған қарындасы Шекербикенің қайынатасы Нағанайды билікке жақын ұстайды. Мұны ол шыққан әулет өкілдерінің атадан балаға ауысып келе жатқан мәртебелі орнына сәйкес, есімінің тізімде бірінші боп жазылып тұрғанынан да анық пайымдауға болады. Жарлық соңында тізімде тұрған бектердің бірсыпырасы да, біраздан орда төңірегінде жүрген шонжарлар немесе солардың ұр­пақтары еді. Екінші тұрған Әлидің есімі бізге Баттута жолжазбасынан таныс. Ол Өзбек ханның Ордаша бегім атты ханымының (беклербек үйсін Исабектің қызы) сіңлісін алған, бір жағынан ханға туған бажа, Исабекке бел күйеу бала есебіндегі бек. Сондай-ақ, тізімдегі Ахмет, Беклеміш атты есімдерді, шамасы, кейіннен орыстың Ахметовтар, Беклемішов­тар секілді түрктен тараған әулеттерінің түп-тегі ретінде жорамалдауға болады. Құртқабақшы – ордадағы іс қағазын жүргізуші, бітікші, яки кеңсе бастығы дегенді білдіреді. Ал Құтлықтемір – Баттута ордаға саяхаттап келген кезде Қырымның даруғасы болған қият Төлектемірдің баласы. Тізімнің соңындағы Айтемірдің «кім екені белгісіз» дейді зерт­теушілер. Арада біраз жылдар өткенде, яки 1358 жылы Жәнібек ханның баласы Бердібек хан­ның да Венеция көпестеріне қатысты кезекті жарлық шығаруының реті келіпті. Әрине, бұл кезде Нағанайдың шау тартып, әрі аяғының ауруы да тіптен асқынып, қимыл-қозғалыстан қалған шағы. Алайда, бұл әулеттің орда бектері арасында алғашқы боп аталатын мығым орны сол күйінде сақтаулы. Дәлірек айтқанда, оның орнында тізімде бірінші боп баласы Құсайынсопының (Аққұсайынсопы) есімі жазылып тұр. Нағанайдың билікке белсене араласқан Аққұсайынсопы және Жүсіпсопы есімді екі баласы болған. Өзбектің туған күйеу баласы Аққұсайынсопының да билікке кәдімгідей кіріскенін осы жарлыққа есімінің бірінші боп енуінен де байқау қиын емес. Ол тізімде әкесі Нағанай сияқты, Бердібек хан­ның бас беклербегі қият Моғұлбұғаның, бас уә­зір Сарайтемірдің (қоңырат Құтлықтемірдің іні­сі) де алдында тұр. Олардан кейінгілер де осал емес – Бахрин тайпасының көсемі Тоғлұ­бай мен қият бегі Құтлыбұға. Нағанай балаларының есімдеріне сопы қосымшасының жалғануы, олардың хо­резмдік сопылар бауырластығына қатысы барлығын аңғартады. Бір кездерде олардың туысы Құтлықтемір ұлұғбек те осы тариқат талаптарына сай қимыл-әрекет жасай жүріп, Жошы ұлысында мұсылмандықты орнықтыру ісін жүзеге асырған еді. Демек, Нағанайдың ұлдары да қоңыраттардың төл ұлысында өркен жайған сол рухани ілімнің жолын қуған мұсылман басшылары қатарында болған. Бұл ретте сол дәуірлерде сопылықтың әдебі мен тәртібін Бейбарыс, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді түрк текті патшалар ұстанға­нын еске сала кету де артықтық етпейді. Наға­най ұрпақтарының дінге жақын болғанды­ғын, Баттута жолжазбасындағы «ұлысбектің қызы Кебек ханым Құран кітабын оқып отыр екен» деген жолдардан да байқар едік. Өзбек пен Жәнібек хандар басқарған жылдарда мейлінше өркендеген Алтын Орда Бердібектің екі жылдай ғана уақытқа созыл­ған билігі (1357-1359) кезінде кері кете бастайды. Ақыры, өзінің бар бауырларын қырып тастап таққа мінген Бердібектің өмірі де шолақ болды. Бір дереккөздерде ол сырқаттан қайтты делінсе, екіншісінде кісі қолынан қаза тапты (Почекаев Р.Ю. Ханы Золотой Орды. СПб.: Евразия. 2010. 199-200-б.) делінеді. Ол қайтыс болғаннан кейін, дағдарысқа киліккен Ұлұғ ұлыс ыдырап, жиыр­ма жылдай уақытқа созылған аласапыран кезеңді бастан кешті. Ұсақ иеліктерге бөлініп алып, бірінің түбіне бірі жеткен, бір билеушіні екінші билеуші сақаша алмастырған келте хандар заманы басталды. Бердібектен кейінгі бір тақ таласы кезінде «Нағанай да басқа белгілі бектермен бірге қазаға ұшырады» делінеді. Дегенмен, дағдарыс басталған кезде оның балалары Аққұсайынсопы мен Жүсіпсопы ана жылдары Құтлықтемір ұлысбек боп басқарған, кейін Нағанайға ауысқан, әу бастан қоңырат бектерінің еншісіне тиген Хорезм ұлысын Алтын Ордадан бөліп алып, дербес мемлекет етіп құрып та қойған еді. Қоңырат әулеті құрған бұл ұлысқа оның алғашқы әмірі болған Аққұсайынсопы 1359-1372 жылдар аралығында билік жүргізді. Қоңырат ұлысы күшейіп алған соң іргедегі Шағатай ұлысына айбат шегіп, 1365 жылы оның құрамындағы Қият пен Хиуаны өзіне қосып алып, баяғы Хорезмшахтар мемлекетіне етене аймақтарды түгендей бастапты. Бірақ, содан кейінгі жыл­дары Шағатай иеліктерін біртіндеп өзіне қарата бастаған жаужүрек Әмір Темір (Ақсақ Темір) қолбасшы ол қалаларды қайтарып беруді талап етіпті. Құсайынсопы оған көнбегесін, Темір оған қарсы соғыс жариялап, 1872 жылы Үргенішті қоршайды. Сол қорғаныс шайқасы кезінде Құсайынсопы қаза табады. Оның орнына билікке келген Жүсіпсопы амал жоқ Әмір Темірмен келіссөзге шығып, Қият пен Хиуадан бас тартуға мәжбүр болады. Темір онымен қоса, Құсайынсопы­ның қызы Сүйінбике сұлуды (Өзбек ханның жие­ні) баласы Жаһангерге ұзатуды талап етеді. Келе­сі жылы Самарқан төңірегіндегі Темірдің жаз­ғы ордасында әмірзада Мұхаммед Жаһан­гер мен Сүйінбике арудың үйленуіне арнал­ған теңдессіз той өтеді. Әмір Темірдің төңірегін­дегі жылнамашылар Нағанайдың осы немере қызының есімін көбіне Ханзада деп жазады (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980. 97-98-б.). Әмір Темір туған құдасы болса да Жүсіпсопының Хорезмді билеуіне одан әрі көп ерік бере қоймайды. Қоңырат әмірлері тағы біраз жыл билік құрғандай болғанымен, Ақсақ Темір мен Жошы ұлысын қайта қалпына келтіргісі келген Тоқтамыс хан арасындағы кикілжің таластардың өтінде қалған аймақтың мазасы жылдан-жылға кете бастайды. Ақыры, Нағанай ұрпағы Сүлейменсопының Тоқтамыстың айдап салуына еріп, Темірге қарсы кәдімгідей көтерілуінің соңы Әмір Темірдің 1388 жылы Үргенішке жойқын шабуыл жасап, Қоңырат әулеті мемлекетін жо­йып жіберуімен тәмәмдалады. Темір Үргеніш жұртын Самарқанға көшіріп, шаһардың орнын тып-типыл тегістеп, орнына арпа егуге бұй­рық береді. Әмірдің сарбаздары он күн­дей аса бай да гүлденген қаланы тонап, қира­тып, ой­ранын шығарады. Ұлыс түгелімен Темір им­периясының құрамына қарайды (Якубовский А.Ю. Тимур // Тамерлан: эпоха, личность, деяния. М.: Гураш.1992. 31-32-б.). Елі ауа көшкен Үргеніш шаһары осыдан кейін-ақ қайта оңалмайды. Әрі оған ХV ғасырдың басынан бастап, табиғаттың ауысуынан туындаған экологиялық жағдай да әсерін тигізбей қоймайды. Әмудария арнасының өзгеріп, қаладан қырық шақырымдай қашық­тыққа аунап кетуі салдарынан, байырғы астана аймағы қуаңшылыққа ұрынып, ақыры ол бір көшеден ғана тұратын шағын мекенге айналады. Шаһардың Үргеніш атауы 1645 жылдары одан оңтүстік-батысқа қарай 190 шақырымдай жерде ірге көтерген жаңа орталыққа ауысып, ол Жаңаүргеніш аталады. Сонау ғасырларда айбынды хорезмшахтар мемлекетінің, одан кейіндері Нағанай балалары құрған Қоңырат әулеті ұлысының елордасы болған бағзы Үргеніш шаһары Көнеүргеніш деген атқа иеленеді. Аймақ орталығы Хиуа шаһарына көшірілуіне байланысты енді ұлыс та Хиуа хандығы деп атала бастайды. Кейінгі орта ғасырлық мұсылман дереккөздерінде Нағанай есімі әрдайым еңбегі елеулі тұлғалар қатарында аталатыны назар аудартады. ХІV ғасырдың басында өмір сүрген Муин ад-Дин Натанзи жазған, Бартольд «Ескендір анонимі» деп шартты ат қойған парсыша шығармада «Өзбек тарапында Әмір Нағадайдай елеулі тұлға болған емес, білетін көзіқарақты жандар оған тек Шәдібек тең еді деседі» деген жолдар бар (Аноним Искандара // История Казахстана в персидских источниках. ІҮ том. А.: Дайк-Пресс. 2006. 263-б.). ХVІ ғасырдағы хиуалық тарихшы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» шығармасында «Хәрәзм уәлаятының һәкімі қоңырат Нағадайоғлы Аққұсайын» туралы да сөз болады. Онда Аққұсайын да әкесі Нағанай сияқты ел билеген беделді тұлға, шамына тисе Хорезм әскерін жиып, сол кезде дағдарысқа малтыққан Сарай уәлаятының (Алтын Орданың) өзіне де жорыққа аттанып, Тайдулы бегім таққа отырғызған Базаршы ханды орнынан алып, Маңғытайұлы Хызырға тақты алып беретін құдіретке ие адам ретінде бейнеленеді (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан туралы түркі деректемелері. І том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 230-231-б.) 1760 жылдардан бастап Хиуа хандығы­ның билігіне қайтадан Нағанай ұрпақ­тарының келу үрдісі байқалады. Соған дейін де тақ төңірегіндегі жоғарғы орын­дарға тағайындалып жүрген қоңырат шонжар­ларының арасынан Ішмұхаммед би жаңа қоңырат әулетінің негізін қалайды. Бұл әулет өздері хан тұқымы болмағаннан кейін, таққа кейде қазақ сұлтандарын да шақырып, мәртебелеген сияқты болғанымен, өздері инақ деген лауазымды иеленіп, негізгі билікті қолдарында ұстап отырды. Содан олар 1920 жылға дейін Хиуа хандығының тізгінін қолдан шығарған жоқ. 1800 жылдардан бастап өздеріне де хандық лауазымды заңдастырып, бір орталыққа біріккен қабырғалы мемлекет басшыларына айналады. Хиуа тарихшыларының жазбаларында сол қоңырат билеушілерінің бәрінің Өзбек ханның замандасы болған, асыл сүйегі көне Қият қаласында жерленген Нағадай бидің (Нағанайдың) ұрпақтары екендігі әрдайым назарға алынады (Бартольд В.В. Новый источник по истории Хорезма // Работы по источниковедению.VІІІ т. М.: Изд. Вост. Лит-ры. 1973. 575-578-б.). Олар өздерінің хандық билігі әбден дәуірлеген жылдары, бабалары Нағанай мен оның ұрпақтарына астана болған Көнеүргенішті қайтадан орталық етудің де жолдарын қарастырыпты. Шаһарға су жеткізетін арнайы арық (оман) қазылып, ханның кезінде (1845-1855) астананы Хиуадан ежелгі орнына көшірмек болыпты. Нағанай заманындағы сәулетті орданың орнына «Хорезм бақ» деп аталатын мығым бекініс те салдырыпты. Алайда, Мұхаммед-әминнің өзі түрікмендермен өткен бір шайқаста қаза тауып, жоспарланған бұл іс аяқсыз қалыпты. Артынша, Хиуаны Ресей империясы жаулап алады да, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман басталады. Көнеүргеніш сол шағын кент күйінен өспей қалады. Бүгінде ол Түрікменстанның Ташауз уәлаятына қарайтын Көнеүргеніш аты­ра­бының әкімшілік орталығы ғана. Баяғы Хо­резм мемлекеті замандарынан ежелгі өр­кениеттер астанасы ретінде таныл­ған қала­да бағзы дүние жәдігерлеріндей боп бірқатар сәулет ескерткіштері әупіріммен сақталып қалған. Солардың арасында қоңырат Құтлықтемірдің ұлысбектік би­лігі кезінде салынған биіктігі алпыс жеті метрлік Құтлықтемір мұнарасы, әйгілі сопы ғұламасы Нәжмәддин Кубраның зәулім кесенесі, Нағанай балаларының билігі кезінде тұрғызылған Төребике бегімге (Құтлықтемірдің зайыбы) арналған сәнді кесене, хорезмбах, тасқала сарайларын, Моңғол жорығына дейін салынған хорезмшах Текешке арналған кесене секілді тамаша ғимараттар әлі де көздің жауын алады. (Куня-Ургенч // «Википедия» энциклопедиясы)...

8475 рет

көрсетілді

207

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5890

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5531

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3268

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2653

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2614

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2591

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2325

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2308

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы