• Ақпарат
  • 10 Мамыр, 2012

«Жоңғар Алатауы» деп атауға не жорық?

Осы бір географиялық атау қазақ халқының ежелгі тарихымен әрі тамырласып, әрі тағдырласып жатқан атау екендігіне ешбір күмән келтіруге бола қоймас. Өйткені, «Жетісу» атауы осы өңірден ағып өтетін ірі 7 өзенге байланысты қойылғандығы жайлы тарихи деректер жеткілікті. Осы өңірдің тумасы әрі осы өңірдің тарихы мен табиғатын өзінің шұрайлы жыр шумақтарына өте орынды арқау еткен ақын Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері» атты жырында Жетісу өлкесінің әрбір өзен, тау, көлінің атын нақты атап, бұл өңірде өсетін өсімдік түрлерін, мұнда кездесетін жәндігі мен жануарларын жіпке тізген асыл моншақтай етіп жыр жолдарына арқауы етуі кімді болса таңқалдыратыны сөзсіз. Осындай өлкенің «Жер жаннаты – Жетісу» атауы халқымыздың даналығы мен даралығын паш етіп тұр емес пе?! Осындай таңғажайып табиғаты бар өлкенің қазіргі егемендік алған тұсымызда «Жоңғар Алатауы» аталуы ешбір шындыққа сәйкес келмейді. Тіпті, бұл күнде бұрынғы ойрат тайпасы одағының құрамында болған жоңғар тайпасының атауы мүлде аталмайтынын көзі қарақты әрбір оқырман білетіні де белгілі жағдай. Тарихи дерек көздерінен бізге белгілісі – «Жоңғар шапқыншылығы» деген атпен қазақ пен жоңғар арасындағы (қазақ хандығы құрылған кезінен бастап XVIII-ғасырдың 50-жылдарына дейін созылған) соғыс. Бірнеше ғасырлар бойы атамекенін көздің қарашығындай қорғай білген бабаларымыз өз өлкесінің шұрайлы да шырайлы жер-су атауларын жауы болып келген жоңғар тайпасының атымен атауы мүмкін емес. Әрбір жер-су атауында сол жердің өзіне тән табиғат ерекшелігі немесе тарихи оқиғалар желісіне сәйкес атауларды халқымыз дәл тауып қоя білген. Көрнекті көсемсөзші Жақау Дәуренбек «Ойдауа» атты кітабында «Азаматпен бірге арғыдан келе жатқан әрбір айтулы атауда ақпарат бар. Оны оқи білу, тегін тани білу өреміздің еншісінде» деп орынды жазған екен. Олай болса, әрбір атауды дұрыс атай білу біздің білім деңгейіміздің басты көрсеткіші болуы шарт. Еліміз егемендік алмай тұрып-ақ мұндай географиялық атаулардың аттары өзгертіліп, өзінің ежелгі тарихи атауларымен аталып келе жатқандығы кейінгі кезде жарық көрген арнайы энциклопедиялардан да көз жеткізуге болады. Бұл жөнінде пікіріміз жалаң болмауы үшін нақты деректер келтірейік. Мысалы, «Алматы ақшамы» газетінің 2011 жылғы 11-маусымдағы санында «Жетісу Алатауы» ма, әлде «Жоңғар Алатауы» ма?» деген мақала жарық көрді. Одан бұрын «Жас алаш» газетінің 2011 жылғы 14-сәуірдегі санында Б.Тоғызақовтың «Төл сөзімізді өгейсітпейік!» деген мақаласында да біздің пікірімізді қостағаны жазылды. Дегенмен де «Жоңғар Алатауы» деген атау әлі де болса мерзімді басылымдарда жазылып жүргендігі байқалады. «Жоңғар Алатауы» деген геог­рафиялық атаудың «Жетісу Алатауы» деп өзгергендігі Казақстан Ұлттық энциклопедиясының 2001 жылы жарық көрген 3-томының 681-682 беттерінде және «Жетісу» энциклопедиясында (2004 ж.) «Жетісу Алатауы» деп тасқа таңба басқандай жазылып көрсетілгендігін ерекше атап көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар ҚР-ның Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің ұйғарымы бойынша жарық көрген «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогы. 4 том. Алматы облысы» деген кітапта орысша – «Жетысуский Алатау», «Жетысуские ворота» деп, ал қазақшасы «Жетісу Алатауы», «Жетісу қақпасы» деп берілген. Тіпті орыс тілінде жарық көрген «Альбом карт областей РК. Масштаб 1:1000000. Астана. Национальный картографо-геодезический фонд в 2005. Исправлено в 2006г.» деген орыс тілінде жарық көрген карта да «Хребет Жетысуский Алатау» деп нақты көрсетілген. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған орыс тілінде жазылған «Вилесов Е.Н., Науменко А.А., Веселова Л.К., Аубекеров Б.Ж. Физическая география Казахстана. Учебное пособие, Алматы.: «Қазақ университеті», 2009. – 362 с.» деп аталатын оқу құралында «На юг от равнин Алакольской впадины расположена горная система Жетысуского (Джунгарского) Алатау (астын сызған Р.С.)... » деп атап көрсетілген. Біз мұның бәрін нақтылап көрсетіп жатқандығымыздың да өз себебі бар. Өйт­кені, осы Жетісу Алатауының ау­мағында Қазақстан Республикасы Үкі­метінің №370 арнайы қаулысы бойынша 2010 жылы 30-сәуірде «Жеті­су Алатауы» атты мемлекеттік ұлт­тық табиғи саябақ ұйымдастырылды. Бұл табиғи саябақты ұйымдастыру­дағы басты мақсат осы өңірдің аса бай табиғатын қорғау, сақтап қалу және қалпына келтіру, сонымен қатар қазіргі кездегі дүние жүзіне таралған 15 000-дай мәдени алма іріктемелерінің (сорттарының) арғы тегі болып саналатын, әрі осы өңірде өсетін жабайы сиверс алмасының генетикалық қорын сақтап қалуды көздейді. Осы «Жетісу Алатауы» ұлттық табиғи саябағы туралы мақалалар көбіне республикалық «Экокурьер» газеті мен оның ішіндегі қазақ тілінде шығатын «Атамекен» атты қосымшасында жиі жарияланып, онда бұл табиғи саябақтың атауы «Жоңғар Алатауы» деп жазылады. Осы мәселе бойынша біз жоғарыда аталған газеттің бас редакторына арнайы хабарласып, не себепті табиғи саябақтың атауының бұрмаланып, дұрыс берілмей жүргендігін сұраған едік. Бас редактордың сөзіне сенсек, оны сол табиғи кешеннің ғылыми қызметкерлері саябақтың ресми түрде «Жоңғар Алатауы» деп аталатындығын алға тартады екен. Сонда біз заман талабына сәйкес өзгертілген жер-су атауларына жергілікті тұрғындардың, яғни табиғи саябақтың ғылыми қызметкерлерінің салғырт қарап, салқындық танытқанын қалай түсінеміз? Одан қалды Алматы облыстық «Жетісу» газетінің де тілшілері «Жоңғар Алатауы» деп жазып келеді. Әлде ондағы тілшілер қауымы да жер-су атауларының өзгергендігінен бейхабар болғаны ма? «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» десек, әрбір жер-су атауларын өз атауымен атағанымыз абзал. Өйткені, ол бізге бабамыздан жеткен аманат екенін ұмытпайық. Рысбай СӘТІМБЕКОВ, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері

4531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5880

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5524

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3261

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2645

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2607

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2584

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2318

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2301

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы