• Тарих
  • 31 Мамыр, 2012

АРҚАЛЫҚ - ШАЛҚАР КӨКЖИЕК

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында елімізде шағын қалаларды дамытуға мән берген еді. Елбасы жүктеген міндеттерге сәйкес, ел Үкіметі шағын қалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады. Оны таяуда Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен жиналыста ҚР Сауда және индустрия министрі Бақытжан Сағынтаев таныстырды. Бағдарламаның мақсаты – орта және ұзақ мерзімді бағытта моноқалалардың орнықты әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Бүгінде елімізде 27 моноқала бар. Солардың бірі – Қостанай облысындағы Арқалық қаласы. Арқалық – сонау бір кезеңнің дүркіреген қаласы еді. Торғай облысының орталығы болып, қарыштап өскен еді. Қызылқозы Торғай жерінде қанатты қазынаның қалай табылғанын, оны зерттеуге кімдердің еңбек сіңіргенін, суыр жортып, қаңбақ көшкен ел- жұртсыз шөл даланың апталап соғатын қысқы дүлей бораны мен сақылдаған сары аязына, жазғы ми қайнатар аптап ыстығы мен кеңезені кептірер аңызақ желіне, көктемгі немесе күзгі сағызша жабысқан бауырмал батпағы мен өк­пеңнен өткен қара суығына қажыр-қайратын қарсы қойып мекенжай салған, алғаш кен қазған қандай ержүрек батыр жандар. Қала тарихына көз жүгіртсек: Қызылқозы (1951 жылға дейін осылай аталған) – қазіргі Арқалық қаласы орналасқан жердің байырғы аты. Боксит кені табылар кезіндегі елді мекен атауы болатын. 1947 жылдан 1950 жылға дейін казактар Арқалық руднигінің ар жағындағы сайдың бетінде жартысы жерден қазылып, үстіне шым қала­нған үйлерде тұрып келді. Оны жергілікті халық «Копай город» деп атаған. Қызылқозы жер атауының Арқалықпен алмасуы арасында қаншама батқан күн, атқан таң, шеккен бейнет, төгілген тер жатқанын бүгінгі ұрпақтың білгені жөн. 1947 жылы үлкен маман-геолог Алексей Николаевич Волков басқарған шағын отряд самолетпен Қызылқозыға келді. Ал 1949 жылы шым үйлер салына бастады. Кішкентай отрядтың тиянақты да жемісті зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1950 жылы геологиялық партия ірі экспедицияға айналды. Ал енді қаланың Арқалық аталуының не сыры бар? «Арқалық» терминінің топонимикалық мағынасы көп. «Арқалық» ұғымы – ұсақ жота, төбе дегенді білдіреді. Алғашқы құрылыс – болашаққа бетбұрыс. 1950 жылдың мамыр айының ортасынан бастап, ескі Арқалықтың орнына құрылыс салына бастады. 1951 жылы 30 тамызда Қа­зақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының ше­шімі бойынша Арқалық жұмысшы поселкесі кеңесі құрылды.1955 жылы қыркүйекте «Тур­­гайалюминстрой» тресінің орны белгіле­ніп, қаланың алғашқы қазығын қақты. 1970 жылы Торғай облысы құрылды. Облыс орталығы – Арқалық қаласы болды. 1973 жылы Ақмола мемлекеттік жоспарлау институтының жобасы бойынша қаланы көгалдандыру, абаттандыру, демалыс орындарын белгілеп, қызу жұмыстар қолға алынған болатын. Жоба аясында мектептер, сауда орталықтары, ауруханалар, тұрғын үйлер, балабақшалар, саябақтар салынды. Педагогикалық институт, училищелер ашылды. Қала ортасындағы өзенге аспалы көпір жасалынып, қайықтар жүріп, мұражай, театр, әкімшілік ғимараттары бой көтерді. Ескерткіштер мен мүсіндер қойылды. Мөлтекаудандардың саны көбейді. Облысты Өзбекәлі Жәнібеков басқарған тұста гүлденіп, дамыды. Торғайдың жүрегі Өмір бір орнында тұрмайды, уақыттың өз заңы бар. 1988 жылы Торғай облысы жабылды. Көптеген азаматтардың арқасында 1990 жылы қайтадан ашылды. Өкінішке қарай, қуаныш ұзағынан сүйіндірмеді, 1997 жылы біржолата жабылды. Амал нешік, 1997 жылғы экономиканы қайтадан жаңартып құру барысындағы өтпелі кезең мен нарық қыспағы жаңа тауқыметтер тудырды. Қаланың тыныс-тіршілігі бәсеңсіп, әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшырады. Экономиканың тө­мен­деуі салдары халықты жұмыссыздыққа әкеліп соғып, елдің сыртқа көшуі етек алды. Осыған орай жылу жүйесінен тыс қалған көп қабатты үйлердің тұрғындарын орталықтан жылынатын үйлерге көшіру жұмыстары, яғни ықшамдау жүргізілді. Бір кездегі сәулетті қаланың 6 мөлтекауданының жартысы, 7, 9 мөлтекаудандары қаңырап бос қалды. Шағын аудандардың аянышты жағдайын көргенде жүрегіңді ауыртып, бауырыңды сыздатады. Шаһар басынан қаншама қиыншылық­ты, ауыр жағдайды өткерді. Бірақ еңсесін тү­сірмеген қала бұл күнге де жетті. Қостанай­дың қойнын паналағанмен, өз алдына ерекше өлке. Басынан бағы тайып, бақпен құт кеткені болмаса? Арқалық еңбектеген баладай, қаз-қаз нық қадам басып, өркендеуде. Өсу – кең мағыналы ұғым. Өсу – өмір, өсу – уақыт, өсу – толғауы тоқсан жылдар сілемі. Өткен іздің қаншама бедерлі, айқын болуына қарай өскенімізді, жеткенімізді танимыз. Даму заманы мен тоқырау уақытын келешекпен жалғастырып тұрған қуатты күш те сол – өткен із, өсу соқпақтары. Арқалық қаласын тұтас тірі организм түрінде бағаласақ, оның іргетасының қалануы, облыс орталығы болуы, абаттанып, гүлденуі, талпыну, серпілу жолдары көз алдымызда тұрар еді. Иә, шаһар тынысын тілге тиек етіп отырған қаланың өсу жолының кеуделі белесінен тайып, облыс орталығы статусынан айырылуы, қазіргі кез­дегі жағдайы болмақ?! Қаңырап, қирап қалған үйлер мен зәулім ғимараттар жыл сайын бір-екеуден күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне жұмсалуда. Жаңа студенттер жатақханасы, тұрғын үйлер салынып қалаға ажар беріп тұрғандай. Осыдан он бес жыл бұрын облыс орталығы болған қала күннен-күнге жақсаруда. Шолақ көрпедей жыртық, шұңқыр көшелердің де жасалынып,көшелерге жарық тартылып, түнгі қалаға айналуы да жоспарланып, өз кезегін күтуде. Сол бір жылдары жылы ұяларын тастамаған, жарымжан қаланы құлдыратпай болашағына үлкен үмітпен қараған қаланың тұрғындары сабырлық пен бірліктерінің арқасында қаланы көздің қарашығындай аялап, сақтап, бұл күнге де жеткізді. Қала оңалып, егемен еліміздің дамуына өз үлесін қосуда. «Қазаны басқаның қайғысы басқа» дегендей, өзге облыстарға телміре қарап, енші сұрамай-ақ, гүлденіп келеді. Сенім мен үміт Елбасының биылғы Жолдауы қала халқының ежелден күткен күні болатын. Жолдауда былай делінген: «1200 шақырымға созылатын Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл екі теміржол желілері құрылысы­на кірісудің де маңызы үлкен. Бұл жобалар Жезқазған-Арқалық өңірінің дамуына қуатты серпін беретін болады». Теміржол желісі іске қосылса біріншіден қала тұйықтан шығады, екіншіден жоба орындауға кемінде мың адам жұмыспен қамтылады, ал нақты орындалғанда екі жүз адам тұрақты қызметке тартылады. Тоғыз жолдың торабы болып, шағын қаладан алпауыт шаһарға айналудың да күні алыс емес. Қаланың өсу табиғаты ұлан-асыр қозғалысты, керуені кемедей тізілген көшті көзге елестетеді. «Көш жүре түзеледі» деп, етек түре, білек сыбана қыруар шаруа істеу қажет. Ес жиып, экономикасы нығайып, әлеуметтік әлеуеті күшейген қала тәуелсіз Қазақстанның дамуына да сүбелі үлес қосуда. Арқалық қаласын ғарыш аймағы деп те атайды. Ол тегін емес. Торғай жерінде ғарышкерлерді ыстық ықыласпен қарсы алу әдетке айналған. Солардың ішінде дүние­жү­зінің бірнеше мемлекеттік өкілдері бар: индиялық Ракиш Шарма, сириялық Мұхаммед Ахмед Фарис, Чех Ремек Владимир, француз Жан Лу Кретьен, жапондық Тойехиро Анняма. Олардың бірі – Арқалық қаласының «Құрметті азаматы», тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровты біздің жерлестеріміз де қарсы алғанын мақтанышпен айтамыз. Көкіректе тұнған сезім күмбірлейді: Қала­ға да өткен ізді бір шолып, айналып соғып ала жүретін қасиеттерге иілетін кез туған тәрізді.Тағы да сол көкірек көзі айтады: көз алдында көлбеңдеген көкжиектің ар жағын көру, табан астындағы бүгінді иек астындағы ертеңмен салыстыру – бұл да болашаққа деген сенім мен үміт. Қаланың тазалығына, табиғатына бейжай қарамай, гүлденуіне себепкер бола­йық! Жаңа жобадағы қаланың іргетасын бірге қалайық! Арқалық – шалқар көкжиек. Яғни өркен­деу үстіндегі шағын қаланың өрісі де кең, көкжиегі де ашық. Тіршілік орнығып, қаланың ертеңіне деген сәулесі оянды. Жуырда Арқалық қаласының әкімі болып белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы та­ғайын­далды. Тәжірибесі мол, білікті басшының келуімен Торғай өңірінде өркенді өзгерістер қолға алынады деп сенеміз. Елдос Тоқтарбаев Қостанай облысы

23842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5875

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5521

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3258

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2642

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2603

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2581

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2315

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2298

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы