• Руханият
  • 31 Мамыр, 2012

ҰРПАҒЫҢДЫ ОЙЛАШЫ, АНА!..

Жыл басында бірқатар табиғат жанашырлары мемлекет басшысының биылғы жылды «Аналар жылы» деп белгілегенін жар салып, барша Қазақстан халқын әрбір елді мекенде ақ жаулықты аналарға арналған бақ жасауға үндеп, шақырған болатын. Жақсы бастаманы естіген біз де аналарға көрсетіліп жатқан құрметке шын риза болған едік. Бұл Елбасының ұлағатты ұрпақ өсіріп тәрбиелейтін анаға деген зор құрметі деп таныдық. Бұл жыл «Аналар жылы» деп белгіленген екен, ендеше, осыған орай тиісті орындар тарапынан нақты іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір биыл емес, жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да денсаулық саласына, оның ішінде ақ жаулықты ана денсаулығына ерекше тоқталып өтеді. Биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арналған кезекті Жол­дауында да басты назар мемлекеттің денсаулық сақтау саласына, сонымен қатар ұлт денсаулығының негізі болып табылатын әйел денсаулығына аударылған болатын. Соған байланысты жер-жерде түрлі тақырыпта акциялар ұйымдастырылды. Әрине, мұның бәрі жайдан-жай емес. Себебі еліміздегі ана денсаулығы алаңдатарлық деңгейде тұр. Нәзік жандылардың 66,8 пайызында қаназдық пен түрлі гинекологиялық аурулар кездеседі екен. Сонымен қатар қатерлі ісік ауруы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының да жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып дәрігерлер дабыл қағуда. Жыл сайын 3 мыңдай әйел сүт безі қатерлі ісігіне шалдығып, алғаш рет тіркеуге алынады. Тіпті еліміз әйел өлімі жағынан да әлем елдерінен ілгері орында тұр. Егер статистикалық деректерге жүгінер болсақ, еліміздегі нәзік жандылардың өлімі АҚШ-тан 2 есе, Ұлыбританиядан 2,8 есе, ал Франциядан 4,5 есе артық көрінеді... Бұл деректерге қарап еліміздегі әйел-аналардың денсаулығының қандай деңгейде екенін аңғарасыз. «Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін» ақ жаулықты жандардың бойынан бұдан да өзге не түрлі кеселдерді кездестіруге болады. Мұның себебін дәрігерлер әйелдердің өзіндегі салғырттықтың салдары десе, әйелдер дәрігердің өз ісіне бейжай қарау салдарынан деп есептейді. Қалай десек те, ананың ауруға душар болуы болашақ ұрпақ үшін де, қалың қазақ үшін де – үлкен қасірет. Денсаулығы нашар, ауру анадан, әлбетте, дені сау ұрпақтың дүниеге келмесі анық. Атам қазақ ананың амандығын, ең алдымен, ұрпағының амандығы деп білген. Сол себепті де жас босанған келіннің күтімін ерекше жасаған. Өйткені өмірінің жалғасы болар ұрпағының дені сау болып өсуі үшін ананың денсаулығы мықты болуы тиіс. Дүниеге сәби әкелген ананың өне бойы өзгеріске ұшырап, буын-буыны босап, әлсіз болады. Сондықтан көргенді ата-ене жас анаға барынша қамқорлық көрсетіп, суықтан қорғап ұстаған. Қалжа жегізіп, сорпа ішкізіп, сәби қырқынан шыққанша ерекше күтімге алған. Осылайша күтімі келіскен біздің бұрынғы апа-әжелеріміз 10-11 баланы дүниеге әкелсе де денсаулығы сыр бермеген. Ал қазір республика бойынша әйелдер денсаулығының индексі өте төмен. Себебі олардың арасында түрлі аурулар белең алып барады. Бұрнағы жылдары атын естісек, үрке қарайтын қатерлі ісік ауруы да бүгінде көптеп таралған. Ең басты қасірет – осы індеттің жасарып бара жатқаны. Біраз уақыт бұрын бұл кеселге егде тартқан, 40-50 жастан асқан ақ жаулықтылар шалдықса, бүгінде бұл дерттің қармағына уыздай жас, кәмелеттік жасқа толмаған қыздар да ілінуде. Батыс елдерінде науқастардың 85 пайызы бес жыл өмір сүрсе, біздегі көрсеткіш небәрі 49 пайызды көрсетіп отыр. Дәрігерлердің пікірінше, қазақстандық әйелдердің медициналық көмекке тым кеш жүгінетіндігі де дерттің асқынып кетуіне апарып соғатын көрінеді. Онсыз да алғашқы сатыларында жанға батып ауырта қоймайтын, тек арнайы құрылғылармен тексеру барысында ғана анықтауға болатын жатырдың, сүт безінің қатерлі ісік аурулары көбіне соңғы сатыларында ғана білініп жатады. Ал жылына бірнеше рет гинекологтың қабылдауында болуды бейнет санайтын біздің қыз-келіншектер ауру ағзаға дендеп енгенде ғана дәрігердің көмегіне жүгініп жатады. Бірақ ол кезде бәрі де кеш болатыны белгілі. Бүгінде ана болу бақытына бір қадам жақындаған жүкті әйелдердің де денсаулығы көпшілікті алаңдатып отыр. Балалы болуды жоспарлаған отбасылардың қай-қайсысы болмасын алдын ала дәрігерлік тексеруден өтіп, денсаулығында ақау жоқтығына көз жеткізе бермейді. Себебі бастапқы кезде басын ауыртып, балтырын сыздатып, жанына батып жатқан ауру болмайды. Жүктілік басталған кезде адам бойындағы түрлі аурулар сыр бере бастайды. Себебі организмде өзгеріс пайда болды. Ең өкініштісі сол – ауру анадан дені сау ұрпақ та дүниеге келмейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, жүкті аналардың арасында ең көп тараған ауру – қаназдық ауруы. Тіпті кейбіреулердің гемоглобині 40-50-ге дейін түсіп кеткен мәліметтер де кездеседі. Осыдан түрлі сырқатты арқалаған сәбилер дүниеге келіп жатады. Екінші орында бүйрек аурулары тұр екен. Қоршаған ортаның ластығы мен дұрыс тамақтанбаудың, қала берді, жас кезінен жеңіл киініп, белін жалаңаштап жүрудің салдарынан болар, бүйректің түрлі аурулары жүкті әйелдердің арасында көптеп тараған. Тіпті бүйрек ауруы асқынуының салдарынан әйелді уақытынан бұрын босандыруға тура келеді. Ал үшінші орында қалқанша безінің патологиясы (зоб) тұрады. Бұл – құнарсыз тамақтанудың, күнделікті пайдаланатын тағамдарда йодтың аз мөлшерде болуы салдарынан пайда болған ауру. Жатырдағы шарананың дамуына, миының жетіліп, толыққанды дені сау сәби болып дүниеге келуіне қалқанша безінің рөлі зор. Бұдан кейін әйелдер арасында жатырдың қабынуы, миома, киста, эрозия сынды аурулар да жиі кездеседі. Мұның бәрі дәрігерге уақытылы қаралмаудың салдарынан болады. Егер ауруды дер кезінде емдетпесе, асқынған дерт қатерлі ісікке ұрындыратынын да естен шығармаған абзал. Ал жатырдың, сүт безінің қатерлі ісігінің пайда болуына басты себепкер – жасанды түсік болып отыр. Жүктілікті ортасынан үзіп тастап, ағзаның гармональді өзгеріске ұшырауы осындай дертке душар етуі ықтимал. Қорқыныштысы сол, Қазақстанда әрбір төртінші жүктілік жасанды түсік арқылы тоқтатылады(!). Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған, бар өмірі, болашағы әлі алда жасөспірім қыздар да көп. Сонымен қатар жас аналар арасында босанған соң дене әдемілігін бұзбау үшін өз сәбиін емшек сүтімен қоректендіруді қажет деп есептемейтіндер де бар. Олар ана сүтін арнайы дайындалған «жасанды» сүтпен алмастырады. Ал ана сүтінің орнын бірде-бір зат алмастыра алмайтынына мән беріп жатпайды. Қазақ «ешкінің сүтін емген бала ебелек келеді» дейді. Сол сынды түрлі қоспалармен дайындалған сүт балаға ана сүтіндей құнар бере алмайды. Бұлай жасау, біріншіден – балаға, екіншіден – ананың өзіне де кері әсерін тигізеді. Ана сүтін мейірлене ембеген бала ертең безбүйрек болмасына кім кепіл? Ал баласын емізбеу салдарынан сүт безінің обыры пайда болатынын да қазіргі медицина әлдеқашан дәлелдеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде жыныстық жолмен таралатын 20-дан астам індет бар екен. Олардың ішінде қыз-келіншектер аса мән бере бермейтін герпес, цитомегаловирус, хламидиоз, уреаплазмоз, микоплазмоз, токсоплазмоз секілді инфекциялар да бар. Бұлар баланың құрсақта өліп қалуына әкеп соғады. Тек бұдан соң да ем қабылдап, дәрігердің кеңесіне құлақ түрсе, ол әйелдердің дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі мүмкін екенін мамандар алға тартады. Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша дүниежүзінде де, Қазақстанда да өлім көрсеткіші жоғары деңгейде. Жыл сайын жер бетінде 17 миллион адам осы кеселден көз жұмады екен. Әрине, олардың арасында өмірге ұрпақ әкелетін әйелдер де бар. Бұған көп жағдайда адамдардың денсаулығына жүрдім-бардым қарап, салауатты өмір салтын сақтамауы себеп. Атам қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Иә, аурудың алдын алудың басты жолы да – салауатты өмір салтын ұстану. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адам денсаулығының 40 пайызы экологияға, ал 40 пайызы өзінің өмір сүру дағдысына байланысты болса, 18-20 пайызы ғана дәрігерлік-медицинаға тәуелді екен. Осы тұрғыда мамандармен тілдескен сәтте олар қыз баланың бойында қандай да бір аурудың белгісі сезіле қалған жағдайда бірден дәрігерге қаралу керектігін ескертеді. Себебі бүгінгі тұлымы желбіреген бүлдіршін ертең ел ұрпағын дүниеге әкелетін ана болады. Дәрігерлер әйелдердің бірі өз денсаулығына жете мән берместен жүктілікке жол беретінін, енді бірі алды-артын ойламастан жасанды түсік жасататынын айтады. Ал бұның арты жоғарыда атап өткен түрлі дертке душар ететінін де біледі. Біле тұрса да мән бермейді. Енді бір жас қыздар шылым шегіп, ішімдік ішіп, өз денсаулығын нашарлатып алады. Әрине, кей кезде дәрігерлердің салғырттығынан да түрлі жағдайлар орын алады. Мәселен, 2008 жылы 104 әйелдің ақ халаттылардың жауапсыздығынан көз жұмғанын, ал оның әрбір үшіншісі алғаш рет құрсақ көтерген жас аналар болғанын БАҚ беттерінен оқып біліп едік. Жантүршігерлік ақпарат. Десек те, ақиқаттың аты – ақиқат. Одан алшақ кете алмасымыз анық. Ана денсаулығының артуына жәрдемақының берер көмегі мол. Бірақ ол қаншалықты деңгейде? Мәселе сонда. Жаңадан босанған әйел денсаулығына ден қойып, ем қабылдауы үшін қомақты қаражаттың керек екені анық. Ал бұл жас отбасылар үшін тіптен қиынға соғады. Басында баспанасы болмай, жолдасының айлығы шайлығына жетпейтін кей отбасындағы әйелдер ем қабылдауға қаражат таппай қиналатыны сөзсіз. 1 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері де мардымсыз. «Ауызды қу шөппен сүртпейік». Соңғы жылдары ол қаражаттың да мөлшері артып келеді. Мәселен, биыл бірінші, екінші және үшінші сәби дүниеге келгенде бір мәрте берілетін жәрдемақы мөлшері 45360 теңгеден 48540 теңгеге дейін (30 АЕК) өссе, төртінші және одан да көп сәби дүниеге келгенде бір мәрте берілетін жәрдемақы мөлшері 75600 теңгеден 80900 теңгеге дейін (50 АЕК) көбейді. Ал 1 жасқа дейінгі бала кү­тіміне байланысты демалыс алған аналар үшін жәрдемақы мөлшері бірінші сәбиге 8316 теңгеден 8899 теңгеге дейін, екінші сәбиге 9828 теңгеден 10517 теңгеге, үшінші сәбиге 11340 теңгеден 12135 теңгеге, төртінші және одан да көп сәбиге 12852 теңгеден 13753 теңгеге дейін артты. Бажайлап қарасақ, ауыз толтырып айтарлық қаражат емес. Мысалы, бірінші балаға ай сайын берілетін 8899 теңгені күндігіне шақсақ небәрі 296 теңгеден (!) ғана болады. Бұл қар­жы күнделікті қолданатын бір реттік жаялығын алуға да жетуі екіталай. Ендеше, 1 жасқа дейінгі жәрдемақы анаға еш жәрдем бере алмады. Ал дәрі-дәрмегіңіздің бағасы тіпті аспандап тұр. Жыл басында Парламент Сенаты «Аналарды қорғау» туралы халықаралық конвенцияны тағы бір сүзгіден өткізді. Ол жиында бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Солардың арасында дәл осы жәрдемақы мәселесі де кеңінен қаузалды. Сенат депутаты Ғани Қасымов бірреттік жәрдемақы мөлшерін 1,5-2 млн. теңгеге көтеру керек деп ұсыныс тастаса, оның әріптесі Қуаныш Айтаханов 1 жасқа дейінгі бала күтіміне ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы тағайындау қажеттігін ұсына отырып, әкімдердің рейтингі жоспарды орындаумен ғана емес, ана мен бала қамқорлығы, туу көрсеткішінің өсімі бойынша да есептелуі қажет екенін атап айтты. Осы мәселеге келгенде «біз неге Ресейден үлгі алмаймыз» деген сауал кез келгеннің көкейінде болары анық. Онсыз да білім беру жүйесін де, заң шығару, тіпті кез келген ұсақ-түйек дүниені өзге шетелдік тәжірибеге сүйене отырып дайындаймыз. Соны мақтан етеміз. Ал енді неге Ресейдің «Ана капиталын» да өзімізге енгізбеске?! Ресейліктер 2007 жылдың қаңтарынан екінші, үшінші, т.б. баласын өмірге әкелген анаға 250 мың рубль көлемінде жәрдемақы берсе, бүгінде бұл қаржы 387 мың рубльге дейін өсті. Алдағы жылы 430 мың рубльге артады деп жоспарлануда. Әрине, мұндай қомақты қаржы алған отбасы әлеуметтік жағдайын да біршама жақсартып алары сөзсіз. Осылайша Ресей билігі демографиялық ахуалдың әлсіреуінің алдын алып отыр. Ал біздің шен-шекпенділер біздегі өлім көрсеткішінің Ресейден аз екенін алға тартып мәселені шешкендей кейіп танытады. Иә, депутаттар айтты. Бірақ сөздің айтылуы бір басқа да, орындалуы бір басқа. Егер айтылған сөз құрғақ уәдеге айналмай, орындалар болса, демографияның артуына да, ана мен бала денсаулығының жақсаруына да көп үлес қосылған болар еді... Жәрдемақының жас аналарға шынымен-ақ жәрдемі тиер еді... Жақсылықтан үміт үзбелік... Ана денсаулығы – ұлттық мәселе. Себебі демографиялық ахуал анаға тікелей байланысты. Ұлтының саулығын, ұрпағының амандығын ойлаған қоғам ана денсаулығы үшін күресуі керек. Қазақтың санын арттыруға үлес қосуы үшін әрбір адам, бүкіл қоғам барын салып атсалысуы тиіс. Әлбетте, ол үшін ең алдымен аналарымыздың өзі өз денсаулығына салғырт қарамағаны абзал. Ауру анадан дені сау баланың туылмайтынын естен шығармайық. Онсыз да аз қазақ енді ұрпағы дімкәс ұлтқа айналмасын дейік! Гүлнәр НҰРДІЛДАҚЫЗЫ, акушер-гинеколог: Бізге келіп тексерілетін әйелдердің арасында жатырына суық тигендер, сонымен қатар қаназдық, бүйректің созылмалы ауруларымен ауыратын әйелдер көп. Ал суық тию мен түрлі инфекциялардың кесірінен жатырдан тыс жүктілік, баланың дамымай қалуы сынды жайттар да орын алады. Әсіресе, сырқаттардың бұл нышаны жаңа тұрмыс құрған, бірінші жүктілік мерзіміндегі жас қыздарда көптеп кездеседі. Себебі олар өтпелі жастан кейін жасөспірімдер кабинетіне ауысқан кезде толыққанды тексеруден өтпейді. Тексеруден өтіп, қаны аз болса, емделіп, ішкі ағзаларында ақау болса да алдын ала емдетсе, жүктілік кезінде көп қиыншылыққа тап болмас еді. Мәселен, Ресейде жастар үйлене сала дәрігерге барады, тексеруден өтеді. Содан кейін барып қана бала жоспарлағанды дұрыс санайды. Бұл жерде біздің қыздарымызда әлі де қазаққа тән ұяңдық басым сияқты. Олар алдын ала гинеколог дәрігерлерге барып көрінгісі келмейді. Мұндай кезде аналардың да кеңес беріп отырғаны құба-құп. Ал алдын ала тексерістен өтпеген, денсаулығы сыр берген жандарда, әрине, жүктілік көп жағдайда қайғылы аяқталып жатады. Мұндай жағдайда дәрігерлерге кінә артып, реніш білдіріп жататын жандар кездеседі. Сол себепті біз алдымызға келген әрбір әйелге сақтық шаралары мен салауатты өмір салтын сақтауды, әр уақытта да дәрігердің тексеруінен өтіп тұруды қадап айтып отырамыз. ТҮЙІН Ана денсаулығы – ұлттық мәселе. Себебі демографиялық ахуал анаға тікелей байланысты. Ұлтының саулығын, ұрпағының амандығын ойлаған қоғам ана денсаулығы үшін күресуі керек. Қазақтың санын арттыруға үлес қосуы үшін әрбір адам, бүкіл қоғам барын салып атсалысуы тиіс. Әлбетте, ол үшін ең алдымен аналарымыздың өзі өз денсаулығына салғырт қарамағаны абзал. Ауру анадан дені сау баланың туылмайтынын естен шығармайық. Онсыз да аз қазақ енді ұрпағы дімкәс ұлтқа айналмасын дейік! Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

6324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5875

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5521

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3258

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2642

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2603

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2581

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2315

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2298

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы