• Тарих
  • 31 Мамыр, 2012

НӘУБЕТ

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Кеңес Одағында большевиктер жүргізген әскери-коммунистік іс-шаралар кешегі әлеуметтік-экономикалық және жаңа саяси өмір болмысымен бітіспес қайшылықтарға толы болды. Дәстүрлі шаруашылықты бұзып, қирататын бағыт қарқын алды. Елдің халықшаруашылығы, оның ішінде қазақ елінің экономикасына негіз болған малшаруашылығы күйзеліске ұшырады. Қалың қазақты сұмдық аштық жайлады. Ашыққандар саны мыңдап емес, миллиондап өсті. 1926 жылы жүргізілген санақтағы ресми мәліметке назар аударсақ, Қазақстан тұрғындарының жалпы саны 6,6 миллион деп көрсетілген. Олардың ішінде қазақтар – 3,9 миллион, орыстар 1,2 миллион болған. Бұдан байқайтынымыз, қазақтар саны жағынан сол 1920 жылдары республикада басым болған. Бұл күмәнсіз еді. Ал Кеңес Одағындағы халықтар ішінде қазақтар төртінші орынға тұрақтайды. Алда тек, орыстар, украиндар мен белорустар болған. Демек, қазақ халқы сандық көрсеткіш бойынша үштіктен кейінгі орында болғаны айқын еді (Қараңыз: 10 лет Казахстана, А-Ата, 1930, с. 7-8). Алайда большевиктік өкімет жүргізген мемлекеттік күштеу саясаты жағдайында қалыптасқан ахуал асқынды. Қазақ елінде, біріншіден, орыстілді қоныс аударушылар қатарын ішкі губерниялардан келімсектер есебінен арттыру шаралары іске асырылды. Нәтижесінде нақты міндетті орындау барысында Қазақстандағы әлеуметтік негізгі күш – орыстар санының басымдығы айқындалды. Басқаша айтсақ, қазақтар же­рін отарлау үдерісі орыс қоныс аударушылар санын көптеп ұлғайту арқылы жал­ғасты. Екіншіден, бір мезгілде мемлекет деңгейінде қазақ халқын орыстандыру саясаты жүргізілді. Бұл мәселеде Кеңес өкіметі өзі құлатқан орыс патшалығынан көп ілгері қадам жасады, бірнеше есе жоғары көтерілді. Мәселен, егер Қазан төңкерісі қарсаңында Қазақстандағы орыс тұрғындарының саны 1 миллионнан аз-ақ асқан болса, КСРО-ның күйреуі қарсаңында орыс тұрғындарының саны 6 миллионнан асып түскен болатын. Енді бір деректе көрсетілгендей, 1930 жылы Қазақстандағы 182 ауданның ішінде тек 112-сін­дегі тұрғындар қазақ жұртын құраған және сол аудандардағы ісқағаздар ана тілінде жүргізілген (қараңыз: 10 лет Казахстана. Алма-Ата, 1930, с. 8-9). Қазақ халқы большевиктер қысымымен күштеп жүргізген ұжымдастыру нәтижесінде бұрын-соңды болып көрмеген азаптау шараларынан туындаған жантүршігерлік апатты жағдайды басынан өткерді. Сұрапыл ашаршылық жылдарының өзінде қазақтар саны 2,3 миллион адамға азайып кеткен (Қараңыз: Казахстан в цифрах. Алма-Ата, 1986, с. 5-6). Қасаң әміршіл үстем саясат қазақ еліндегі демографиялық ахуалға өз ықпалын тигізбей қалмады. Қазақ елін жайлаған ашаршылық зардабына душар болған ересектер мен жас балалар қатары миллиондап қырылды. Ол турасында деректі материал республикалық (қарасаңыз: «Егемен Қазақстан», 1996, 9 маусым) басылым беттерінде осы жолдар авторы дайындауымен жарияланған болатын. Ашаршылық мәселесі тек Қазақстан тарих ғылымының өкілдері көзқарасы тұрғысымен шектелмегенін алдағы ізденіс, зерттеу жұмыстарында ескергеніміз жөн. 1920 жылдан басталған қазақ еліндегі, солтүстік өңірлерде жайлаған ашаршылықтың негізгі себебі – қазақ­тардың қолындағы күнкөріс малын «орта­лыққа», колхозға деп тартып алудан болды. Аштан өлу орын алды. Шетелге үдере көшу қарқын алды. Міне, осындай ауыр жағдай туралы Кеңестік большевиктердің құжаттарында елдің ашаршылыққа душар болғандығы турасында ешқандай ауыз толтырарлық мәлімет берілмейді. Жасырып қалған. Сонымен істің түпкі мәніне үңілсек, қасақана, теріс бұрмалауға орын берілгендігін байқаймыз. Большевиктер патшалық заман шенеуніктері сияқты қазақ қоғамындағы ауқаттылар тобынан қатты қорықты. Егер, патшалық шенеуніктер мысал ретінде айтсақ, қазақ байларына шыдамдылық танытқан болса, ал большевиктер оларды таптық қарсылас, жау деп жариялады, сөйтіп оларды мүлдем құртып жойып жіберуді көздеді. Қорыта айтқанда, ашаршылық әкелген нәубет Қазақстан тарих ғылымында әлі де жан-жақты ізденістер мен зерттеулерді қажет етеді. Мәселеге жаңаша қарау арқылы тек тарихшы ғана емес, сондай-ақ экономистер, саясаткерлер болып, кеңестік көзқарас шырмауынан шығып, шығармашылық ізденістерге батыл қадам жасауымыз қажет. Ашаршылық тақырыбы мектеп оқулық­тарында нақтылан­ған ресми мәлімет­терге негізделіп қайта жазылуы тиіс. Алдағы уа­қытта ҚР Білім және ғылым министрлігі осы мәселені ескереді деген ойдамыз. Қайсар ҚҰСАЙЫНҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Алматы

4234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5874

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5520

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3257

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2641

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2602

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2580

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2314

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2297

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы