• Ақпарат
  • 31 Мамыр, 2012

БЕСАСПАП. Алаш арысы Жұмағали Тілеулин туралы

  Зердесі хатқа түскен тарихтай көкірегі кен қариялардың ортамызда жүргеніне де тәубе. Білмегеніңді сұрап саралап отыруға, естігеніңді ежіктеп беркітіп алуға таптырмайтын қайнар көз, сарқылмайтын шежіре ғой, шіркін олар! Сондай зердесі тарих, кеудесі қазына қариялардың бірі — Гүлнар Дулатова. Өткен ғасырдың елең-алаңында-ақ «Оян, қазақ!» деп исі Алаш ұлына жар салып, қалың ұйқыдағы қазақты оятқан дауылпаз ақын Міржақыптың жалғыз қызы ол. Осынау алтынның сынығындай асыл апамыздың «Қазақ әдебиетінде» жарияланған бір мақаласы үлкен ой салған-ды. Әсіресе, ондағы әкесінің хатынан келтірген үзіндісі көңілде көптен жүрген ойларды қозғап, көкейде бұғып жатқан біраз жайларды түртіп оятқандай болды. Зердесі хатқа түскен тарихтай көкірегі кен қариялардың ортамызда жүргеніне де тәубе. Білмегенінді сұрап саралап отыруға, естігеніңді ежіктеп беркітіп алуға таптырмайтын қайнар көз, сарқылмайтын шежіре ғой, шіркін олар! Сондай зердесі тарих, кеудесі қазына қариялардың бірі — Гүлнар Дулатова. Өткен ғасырдың елең-алаңында-ақ «Оян, қазақ!» деп исі Алаш ұлына жар салып, қалың ұйқыдағы қазақты оятқан дауылпаз ақын Міржақыптың жалғыз қызы ол. Осынау алтынның сынығындай асыл апамыздың «Қазақ әдебиетінде» жарияланған бір мақаласы үлкен ой салған-ды. Әсіресе, ондағы әкесінің хатынан келтірген үзіндісі көңілде көптен жүрген ойларды қозғап, көкейде бұғып жатқан біраз жайларды түртіп оятқандай болды. «Қызылжарға келгелі бірталай кісілермен таныстым, олардың ішінде тез тіл табысып кет­ке­нім – Жұмағали Тілеулин деген дәрігер, – деп жазыпты Жақаң. «Ол әрі қаламы төселген жазу­шы екен. Өнерден де құралақан еместігі арамыз­ды жақындата түсті. Оның үйіне барып тұрамын. Осы қалаға келгелі орысша оқытып жүрген Мағ­жан Жұмабаев сынды ақыным бар. Оның менен жасы кіші, жазған өлеңдері тамаша, ақындығы күшті, өте дарынды жігіт. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымызда айырмашылық жоқ десе де болады, сырласып, достасып кеттік». Осындағы Жұмағали Тілеулин туралы менің де қариялардан естіп-білгенім, кейбір дерек көздерінен жинап жүргенім болушы еді. Ол сол кездегі қазақ арасында саусақпен санарлықтай ғана арнаулы білімі бар сауатты дәрігер ғана емес, халықтың ойын оятып, оку-өнерге, мәдениет­ке үндеген саналы күрескер, қаламын сан са­ла­ға тербеген сындарлы жазушы, жастардың жанашыр ұстазы – салиқалы ағартушы да бол­ған азамат. Жұмағали Тілеулин 1890 жылы Көкше өңіріндегі қазіргі Айыртау ауданының Шұқыркөл деген жерінде дүниеге келген. Оның әкесі Тілеулі кәдімгі Абылай ханның атақты батырларының бірі – бәсентин Айтбайдың немересі. Ел ішіне ертеден тарап, кейінгі ұрпаққа жеткен аңыз-әңгімелерге қарағанда, албырт та адуын қас батыр жас кезінде бір жалаға ұшырап, Ертіс бойындағы қалың бәсентиіннен бөлініп, осы Айыртау маңына келіп, Борлық өзенінің бойына қоныстаныпты. Жазықсыз жаза кесіп, бейкүнә басын оққа тіккен рубасыларының әділетсіз шешіміне шыдамаған шалт қимылды шәлкес батыр биік жардан атымен өзенге қарғып кетіп, Ертістің екінші бетіне шығып, қайтып ол жаққа қарасын көрсетпесе керек. Тәуекелмен тау жығып, дария тоқтататын жігіттің өрлігі мен ерлі­гіне тәнті болған ел ағалары артынан ауы­лын ертіп жіберіпті. Қаздауысты Қазыбек бидің бір қызына үйленген Айтбайдан алты ұл туып, Борлық бойы мен Сырымбет саласында алты ауыл боп отырған. Соның біреуінен тарайтын Тілеуліден Шәймерден, Есім, Мұқаш, Сәпи және Жұмағали сынды бес ұл туады. Көзі ашық, көкірегі ояу Шәймерден зерек те зейінді, алғыр да ақылды інісі Жұмағалидың ауыл молдасынан алған біліммен шектеліп қалмай, одан әрі оқып, бі­лімді де білікті азамат болуына көп күш салады. Бұған оның бала күнінен бірге өскен досы, осы өңірден алғаш шыққан оқыған дәрігер Құсайын Темірбековтің көп пайдасы тиеді. Қ. Темірбеков өз заманының аса зерделі, асқан зиялы азаматы болған. Он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенінде Омбы әскери-медицина училищесін үздік бітіріп, әскери дәрігер атағын алып шығып, Қызылжар қаласында қызмет істеген. Ат-ізін суытпай туған өңіріне жиі келіп жүріп, ол денсаулық сақтау ісіне ұйытқы болып, жерлестерін өнер-білімге шақырып, жастарды оқуға тартқан. Жас Жұмағалидың да оқуға ынтасын байқап, қанатының астына алған ол алдымен, оны орысша оқытып, өзі бітірген Омбы медицина училищесіне түсуіне қол ұшын береді. Училищені 1913 жылы ойдағыдай тамам­даған Жұмағали Тілеулин өзі өскен аймақта дәрігер болып істейді. Әкесіндей боп кеткен абзал ұстазы Құсайынның қызы Райханға үйленеді. Әкесінін ақыл-кеңесімен, қалтқысыз қамқорлығымен тиянақты білім алған Райхан өз ортасының үлгі-өнегесі, гүлі мен көркі болады. Әрі бет біткеннің бәдендісі, асқан сұлу ол жаны ізгі, жаңалыққа, жақсылыққа құштар болған көрінеді. Төңкерістің алдындағы жылдары тәркіленуге тиіс болған М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабының мың данасын жары екеуі өз үйінде жасырып, аман сақтап қалған. Ұлт-азаттығы жолындағы күресінде, ағартушы ұстаздық қызметінде Жұмағалиды қолдап, жігерлендіріп, желпіндіріп отырған. Жұмағалидың ағартушылық қызметі қалам­герліктен басталған тәрізді. Ол кезінде көп тарап, кең танылған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне жиі жазып, жазғандары ұдайы жарияланып тұрған. Орынбай мен Арыстан ақынның жыр толқынында тербеліп, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың сазды әуенімен әлдиленіп өскен ол өнер тұсауын әуелі өлеңмен кескені анық. Оған «Айқаптың» алғашқы сандарының бірінде жарияланған «Жас туғандарыма» деген өлеңі айғақ. Өлең дәстүрлі ғақлия үлгісінде өріліп, жастарды жаман әдеттен жерітіп, жақсы істерге еліктіруді нысана тұтқан. Ой-өресі «пілден биік аспайтын, шабан атша аяғын баспайтын, бой түзеп, дұрыс жолға бастайтын атадан қалған мұрасы жоқ» жастарды басқалардың озық үлгісінен өнеге алып, жарасымды жол табуға шақырады. Жаз күні ұйқы, қымыз ермегіміз, Жасы бар, кәрісі бар елдегіміз. Ғұмырың бүйтіп босқа өтер болса, Не үшін бұл дүниеге келгеніміз ? Әр істі уақыт келді ойлайтұғын, Көңілде бірлікті ізгі жоймайтұғын, Қылжаңдап бет алдына жүргенменен, Әй, құрбым, ешбір пайда болмайтұғын, — деп құрбы-құрдастарын бойкүйез енжарлық­тан, жатыпішер жалқаулықтан жирендіріп, еңсе көтеріп, ізгілік жолына түсуге, бірігіп болашақ қамын ойлауға үндейді. Журналдың 1911 жылғы сегізінші санында «Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер» деген мақаласында орыс мектептері мен татар медреселерінде оқитын қазақ жастарының көбейіп келе жатқанына қуаныш білдіріп, енді оларды ана тілінде оқыту мәселесін алға тартады. Ол үшін мектеп, медреселер салу ісіне жұртты жұмылдыру мәселесін көтереді. Ж.Тілеулин туындыларының ол тұстағы та­қырыбы да әр алуан. Бірде ол өз мамандығы бойынша қалам тербеп, денсаулық кепілі деп тазалықты насихаттап, елдің тұрмыс мәдениетін көтеруді күн тәртібіне қойса, енді бірде өнер-білімсіз өр асуға болмайтынын айтып, жеткіншектердің оқып білім алуына жол ашып, жағдай туғызуды талап етеді. Ал «Ат үстінде көрген түс», «Мейірімді төре» атты әңгімелерінде жер мәселесін сөз етеді. Онда ол пікірін нақты деректерге құрмай, көркем әңгіме түрінде кестелейді. Тіпті біреуінің соңын қойшының өлеңі ретінде түйетіні де бар. Зайыры, жер мәселесі бүгінгідей ол кезде де көкейкесті болған болуы керек. Жер ашуы — жан ашуы ғой қашанда. Асылы, Жұмағалидың жазғандарынан білі­мінің тереңдігі, пікірінің кемелдігі менмұн­далап тұрады. Мысал үшін оның он төртінші жылғы «Айқаптың» алғашқы санында бас мақала орнына берілген «Баспасөз» атты шығармасын алайықшы. Баспасөздің болашақты барлаудағы, бірдің білімін мыңның игілігіне айналдырудағы маңызын айта келіп, ойын былай дәлелдейді: «Кешегі өткен орыс жұртының данышпаны Л.Толстой күллі жан иесіне бір көзбен қараған, қай жерде жәрдемсіз қалған жан болса, қаламымен соны қорғаған. Мечников деген асып туған зор дәрігер бар. Нешетүрлі аурулардың тегін ашқан адам. Оның тапқан дәрісін бүкіл адам баласы пайдаланып тұр. Бұлардың мұндай пайдалы жұмыстарын жұртқа шашатын баспасөз». Белинский, Добролюбов, Писарев сияқты сөз сыншылары бізден де шықса, қалам түзеліп, қадам оңғарылып, баспасөз түлей түсер еді» деген пікірі күні бүгін де мән-маңызын жоймаған секілді. Өмір шындығын тереңдей талдап, мәнін ашып берудің орнына таңдай қағып таңданып, жауырды жаба тоқуы басым бүгінгі бұқаралық ақпарат кұралдарына да жоғарыдағыдай әділ қазы болар сөз сыншылары қажет екеніне ешкім де дау айта қоймас. Жұмағалидың өз жұртын озық елдер қатарынан көруді көксеген жоғарыдағыдай ұлтжандылығы, елінің азат ертеңін ойлап, қа­шанда халқының қамын жеген едіге азаматтығы оны қазақ қырында ұлт-азаттық қозғалысының туын көтерген «Алаш» партиясына алып келді. Кейін ол оның белсенді мүшесі болып қана қоймай, серкелерінің де біріне айналды. Оған оның партияның негізін қалаушы Әлихан Бө­кейханов бастаған бір тізімде он бірінші болып тіркелуі де куә болса керек. Омбыда «Алаш» партиясының облыстық комитеті ашылғанда оған ол мүше болып сайланды. Партия комитеттерін ояздарда ашуға белсене атсалысты. Саяси қызметті ол ұйымдастырушылық жұмыспен тығыз ұштастырды. Қызылжарда педагогикалық һәм фельдшерлік техникум ашып, өзі оның тұңғыш директоры болады. Кейін ол ашқан педтехникум Көкшетау қаласына көшірілді. Ол техникумнан тек Қазақстанның терістігінде ғана емес, исі қазақ даласына есімі таныс талай зиялы азаматтар қанат қағып түлеп ұшты. Онда Мағжан Жұмабаев, Сейітбаттал Мұс­тафин тәрізді тарландар дәріс берді. Бұл жылдары Ж.Тілеулин Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев сияқты ұлы ағартушылармен тығыз байланыста болды. Алайда «Алаш» партиясының ой-ниетін әу бастан-ақ құп көрмей, мүшелерін қуғындаған Кеңес өкіметі ұлт зиялыларына қысымды барған сайын үдетіп, қуғын-сүргінді күшейте түсті. Алашорда серкелерінің қатарында он сегізінші жылы тұтқындалып, үш жыл түрмеге отырып шыққан Жұмағали жиырмасыншы жылдардың аяқ шеніндегі қуғын-сүргіннің екінші толқынына тап болып, тағы да қамауға алынып, екі жыл тұтқында отырған соң, Ресейдің Орталық қаратопырақты аймағына жер аударылады. Онда Белозер аудандық ауруханасында дәрігер болады. Айдауда жүріп те ол қаламын қолдан түсірмей, жергілікті газеттерге дәрігерлік кеңес жазады, медицинаның күрделі мәселелерін зерделеп, зерттеулер жүргізеді. Жұмағали тұтқындалысымен оның туыс­қандары мен отбасын қудалау басталады. Ағасы Шәймерден тәркілеу түрінде бүкіл мал-мүлкінен айрылып, жеке басы жауапқа тартылады. Қалған бауырлары бірі атшы, бірі балташы, бірі қара жұмысшы болып артельге кіріп жан сақтайды. Шиеттей бала-шағасы мен туғандарының ауыртпалығы өз мойнына түскен Райхан күнкөріс қамымен Өзбекстан асып кетеді. 1935 жылы айдау мерзімі аяқталған Ж.Тілеу­линді Қазақстанға жібермей, Қырғызстан­нан бір-ақ шығарады. Бішкекте ол тағы бір ауданның ауруханасында дәрігер боп жұмыс істейді. Жан сауғалап Ташкентте күнелтіп жатқан жанұясын көшіріп алады. Ауруханадағы жұмыстан қолы қалт еткенде ұстаздығын жалғастырып, пед­техникумда сабақ береді. Осында жүріп Қырғызстанға көшіп келуге мәжбүр болған партиялас серігі, саңлақ қайраткер, үлкен ұстаз Әбікей Сәтбаевпен қайта қауышады. Бірақ бейбіт өмір, ызың-шусыз тыныш тіршілік көпке ұзамайды. Екі жылдан соң 37-нің зұлматы басталып, олар қайтадан қамауға алынады. Адам тағдырын Ішкі істер комиссариатының «үштігі» шешетін шақта Жұмағали Тілеулинді Түркістан әскери округінің трибуналы соттап, ату жазасына кесті. Үкім 1938 жылдың ақпанында жүзеге асырылды. Сөйтіп, Алаш ардагерінің ұлтым-жұртым деп соққан от жүрегі басқа елдің аспаны астында тоқтап, басқа жерден топырақ бұйырды. Ал оның абзал есімі 1958 жылы ғана ақталды, бірақ оны адал жары көре алмай, үш жыл бұрын дүние салған еді. Алаш кайраткерлері азаматтық тұрғыдан түгел ақталғанымен «Алашорда» партиясының басына үйірілген қара бұлт бертінге дейін айықпай келді. Тіпті еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де оған шығысшыл, түрікшіл, кертартпа партия деп кіржие қарайтындар табылып қалып жүрді. Ал ақиқат бұған мүлдем кереғар, қарама-қайшы. Партияның көшбасшысы Әлихан Бө­кейханов 1919 жылғы ақпанда Сібір уақытша үкіметі алдында «Алашорданың» міндеттерін баяндай келіп былай деген: «Біз – батысшылдармыз. Халықты мәдениетке етене ету ниетімізде ешқашан аумай, шығысқа жаутаңдамаймыз... Бар назарымыз Батысқа ауған. Мәдениетті одан біз Ресей арқылы ғана аламыз. Біз бұнда еліміз­дің құрылтай немесе ұлттық жиналысқа жетуіне қажет тәртіп орнату ниетімен ғана келдік». Осы мәлімдеменің өзі-ақ «Алаш» партиясы мен оның көсемдерінің ой-пікірі, ең басты ұстанымы әу бастан-ақ озық болғанын аңғартпай ма? Демек, оның қызметін тек шығыс мәдениеті шеңберінде ғана қарастырып жүргендердің көзқарасы шын­дықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Жұмағали Тілеулин озық ойлы орыс зиялыларымен революциядан көп бұрын тығыз байланыс жасаған. Оның түрколог В.В. Гордлевскиймен достық қарым-қатынасы он төртінші жылы-ақ басталған. Аталмыш ғалымның бас­тауымен Мәскеуде Лазеревскийдің Шығыс тілдері институтының материалдары негізінде А.Н. Веселовскийдің құрметіне «Шығыс жинағы» шығарылып, оған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ретінде Абай Құнанбаев пен Міржақып Дулатов енгізіліп, олардың есімі ғылыми айналымға тұңғыш рет кірген. Бұған Гордлевскиймен жақсы таныс болып, хат алысып тұрған Жұмағалидың әсері болғаны дау туғызбаса керек. 1914 жылғы сәуірде Жұмағалидың В.В.Гор­длевскийге жазған шағын бір хатын оның інісі Сәпидің қызынан туған жиені, белгілі ақын Бақытжан Қанапиянов «Жұмағали Тілеулин» атты очеркінде жариялады (Тағзым. Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2000 ж.). Шамасы, Ре­сей жағырапия қоғамының мүшесі болды ма екен, Гордлевский қазақ жерінің атауларына ынта қойып, жас дәрігер Ж. Тілеулиннен «Сарыарқа» деген сөз орыс тіліне аударылғанда қандай мағына береді деп сұрайды. Оған Жұмағалидың берген жауабы төмендегідей: «Омбы. 29/IV-14 ж. Құрметті Гордлевский мырза! Сіздің хатыңызды Орынборда Омбыға (бірнеше күнге) жүргелі тұрғанымда алдым. Сондықтан уақтылы жауап қайтара алмадым, ол үшін кешірім өтінемін. «Сарыарқа» деген атау арқылы қандай тауларды айтпақшы болған деп сұрапсыз. Сарыарқа тау емес, ол бүгінде Ақмола, Семей және Торғай облыстарын алып жатқан қазақ өлкесінің беткей бөлігі. Қырат қырлы біркелкі кең жазық. Бұл жерді қазақтар «Сарыарқа» немесе «Сары-арқаның даласы» деп атайды. Құрметпен, Ж. Тілеулин». Бұл хатты Бақытжан Жұмағалидың баласы Серік Тілеулиннің жеке мұрағатынан алған көрінеді. Баласы дегеннен шығады, Ж.Тілеулин тұяқсыз емес. Оның үш ұлы болған. Тұңғышы Ерік 1918 жылы туған. Қырық бірінші жылы «Халық жауының» баласы деп сенімсіздік көрсетіліп, еңбек армиясына ғана алынып, сонда жүріп қайтыс болды. Екінші ұлы, жиырма бірінші жылы туған Әзиз Бішкекте кұрылыс техникумын бітірісімен майданға алынып, ерлікпен қаза тап­ты. Ал кенжесі, жиырма алтыншы жылы туған Серік қазір Алматыда тұрады. Медицина ғылымының докторы. Ұзақ жыл Атырауда көкірек аурулары диспансерінде еңбек етті. Бүгінгі таңда оңтүстік астанадағы бір ғылыми мекемеде бас ғылыми қызметкер. Одан өсіп-өнген ұрпақтар бар. Орнында бар оңалар. Өзі қырық тоғыз мүшеліне жетпей опат болған асыл азаматтың ұмытпас ұрпағымен бірге ұмытылмас мол мұрасы, елеулі шығармашылық еңбегі қалды. Оларды жинас­тырып басын құрап, келер ұрпақтың кәдесіне ұсыну бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті болуға тиіс. Шығармаларының біразын, әсіресе, хаттарын қиын-қыстау кезеңдерде көрінгенге көзтүрткі болып қуғындалып жүріп-ақ Райхан Құсайынқызы аман сақтап, баласына аманат етіп кеткен. Тек мұрағаттарды тағы бір сүзіп шығып, қолда барын байытып, басып шығару керек. «Құдайға шүкір, еліміз егемендік алға­ны­ның арқасында әкем мен оның ақын досы Мағжанның қасиетті есімдері халқына қайтып оралып, еңбектері қайта жарияланып жатыр. Ал Жұмағали Тілеулин жөнінде жұрт әлі аз біледі. Сондықтан осынау абзал азамат жайында азды-көпті білгенімізді ортаға салу парыз» дейді Гүлнар апай Міржақыпқызы. Бұл бір жағынан Жұмағалиды көзі көрген, сөзін білген өзі сияқты көген түбіндегі көнекөз қариялардың құлаққағысы іспетті. Ал Алаш ардагерінің абзал есімін есте қалдыру жөнінде қоғамдық-әкімшілік ұйымдар атқарар шаруа бірпара. Кезінде өзі ұзақ уақыт тұрып, еңбек еткен, дәрігер болып, жұртты емдеген, ұстаздық құрып, ұрпақ тәрбиелеген Қызылжарда Ж.Тілеулиннің Омбыдан әкеліп ашқан медицина училищесіне оның есімін неге бермеске?! Ол туған Айыртау ауданындағы толып кеткен Качиловка, Кирилловка, Кутузовка, Комаровка, Юдиновкалардың біреуін өзгертіп, Жұмағали атын беруге әбден болады ғой. Тек түрткі салып, соңына түсер жан табылсын. Әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев досы Жұ­маға­ли абақтыға алғаш түскенінде оған жыр арнап: Ардақты ер! Ұмытылмас қылған ісің, Күні ертең айбынды Алаш жинап есін, Көксеген көп заманнан тілегіңді Жарыққа шығаруға жұмсар күшін, — деген екен. Иншалла, бүгінгі тәуелсіз, азат Алаш баласы ардақты жайсаң азаматын есте қалдыруға күш салар деп сенеміз.   Сарбас АҚТАЕ

442 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5877

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5522

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3259

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2643

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2605

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2582

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2316

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2299

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы