• Тарих
  • 07 Маусым, 2012

«Құмкөлдің» қазығын қаққан

Адам өмірі оның қанша жыл жасағанымен емес, оның өмірдегі игі істерімен, артын­да­ғы ұрпаққа қалдырған өлшеусіз өнегесімен өлшенсе керек. Мен білетін Мұрат Ғазизұлы Саламатов небәрі елу жеті жыл өмір сүрді. Алайда оның көзі тірісіндегі келелі істері жайында көзін көргендер жыр ғып айтады. Маңғыстау мен Сыр даласында ол жаққан алаулар әлі күнге дейін лапылдап жанып, ол тұрғызған мұнай мұнарлары биіктік өлшеміндей әлі күнге дейін көкпен таласып тұр. Жұрт оларды «Саламатовтың мұнаралары» атайды. Кейде сол мұнаралар маған Мұрат Ғазизұлының өзіне орнатып кеткен ескерткіші секілді көрінеді. 

Бәрі мұнайдан басталды. Ол 1949-1959 жылдары Ақтөбе облысы Темір ауданында­ғы Темір орта мектеп-интернатын бітіргеннен кейін «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне қарасты мұнайбарлау экспедициясында бұрғылау жұмысшысы – бұрғышы болып жұмысқа орналасады. Бұл кез Ақтөбе аймағында үлкен мұнай өндірісінің басталған шағы еді. Өзінің болашағын мұнаймен байланыстырған жас жігіт екі жылдан кейін Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсіп, тау-кен инженері болуға бел байлайды. Бес жылдан кейін институтты үздік бітіріп, мұнайлы мекен Маңғыстауға тартады. Мұнда мұнай астанасы атанған Жаңаөзен мұнай басқармасында қатардағы оператор болып қызмет ете бастайды. Мұнай мамандығын жетік игеру үшін осылай кіші қызметтен бастағанды жөн көрді. Кейін арада көп өтпей, Мұрат мұнай өндіру мастері болып тағайындалды. Мұның операторлықтан салмағы ауыр, жауапкершілік жүгі зіл болатынын жас маман жақсы білді. Мұрат бұл сынақтан да сүрінбей өтеді. Келесі саты – Мұрат Ғазизұлы 2-ші инженерлік-технологиялық өндірістің бастығы болып тағайындалады. Осы өндірісте еңбек еткен алты жылдың ішінде Мұрат Саламатов мұнай маманды­ғын толық игеріп, оның барлық сатысынан өтіп нағыз мұнайшы атанды. Екі жылдай Қазақстан КП Маңғышлақ облыстық комитеті өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушысы, сосын I-ші хатшының көмекшісі болып қызмет атқарды. Бұл жас маманның ұйымдастыру, халықпен жұмыс істеу қабілетін арттыруға көп әсер етті. Біраз биіктерді бағындырған Мұрат осыдан кейін қандай болмасын жауапты, лауазым­ды жұмыстарға дайын еді. Осыны ескерген Қазақстан КП Маңғышлақ облыстық комитетінің бірінші хатшысы, өзінің ұстазы және тікелей бастығы Т.Әшімбаев оны облыстағы 5 кәсіпорынның бірі Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасы­на бастық етіп тағайындайды. Бұл өндіріс орны мұнайға бай әрі сонысына қарай жұмысы ауыр еді. 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай дөңінде мастер Н.Петровтың №6-шы ұңғысынан 2400 метр тереңдіктен алғашқы мұнай атқылады. Ал 1972 жылдан бастап тәулігіне 10 мың тонна мұнай шыға бастады. Ал Мұрат Ғазизұлы осы өндіріс орнына келгенде, яғни 1975 жылдан мұнай мөлшері 5 мың тоннаға төмен түсіп кеткен шағы еді. Сондықтан Жетібайда өткізген бес жыл Мұрат үшін оңайға соққан жоқ. Жүйкесі мен жігерін жанитын талай тартысты сәттерді басынан кешірді. Тасшайнар табанды жігіт бұған мойынсынбады. Қайта қайраты тасып, жігерін жани түсті. Басшылықтың қыр-сырына қанығып, мол тәжірибе жинақтады. Ең бастысы – елмен тіл табыса білудің, қарапайым жұмысшылардың жүрегіне жол табудың қиын сырын меңгерді. Ұшталды, шыңдалды. Содан да болар, 1979 жылы жоғарыда­ғылардың ұйғарымымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушылығына шақырылды. Өзіне жүктелген осындай жауап­кершілікті мінсіз атқарып, үш жылдан кейін, 1981 жылы «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестігінің бас директорының орынбасарлығына тағайындалды. Мұрат Ғазизұлының еңбек жолындағы ерекше атап айтатын жағдай – оның «Құмкөлмұнай» өндірістік бірлестігін өз қолымен ашып, тарихқа өшпес із қалдырғаны. Даңқы Мәскеуге дейін мәлім болған Құмкөл даласына алғашқы қазықты ең алғаш өзі қаққан. Бұл өндіріс орнының ашылуы, игерілуі Қызылорда облысының бірінші хатшысы Еркін Әуелбековпен тікелей байланысты. Ол кісі арнайы барып, СОКП Орталық Комитетінен әупірімдеп жүріп, кен орнын сұрап алған. Сондықтан да бұл кен орнын игеру, іске қосу тікелей өз жауапкершілігінде болды. Десе де, атпал азамат сол кездегі өз сөзінде тұрды. Қанша қиындықтарды бастан кешірді. Мәселен, Маңғыстаудағы басқармалармен, Алматы, Мәскеудегі министрліктермен байланысып, қажетті құрал-жабдықтар алдырумен және Жезқазғаннан 229 шақырым электр желісін, Қызылордадан 200 шақырым тас жолын (кейін оның 130 шақырымы асфальтталды), 214 шақырым Құмкөл-Қарақайың мұнай айдау құбырын салу машақатымен өзі айналысты. Мұнайшы мамандар мен жұмысшыларды 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс істеткізу үшін екі ЯК-40 ұшағын жалдап, екі бағытпен қатынап тұрды. Не деген ерлікке пара-пар еңбек десеңші?! Осындай еңбектің арқасында «Құмкөл» игерілді. 1996 жылдың тамызында Қызылорда-Құмкөл кеніші игерілуінің 10 жылдығы мен 10 миллион тонна мұнай өндірілуі салтанатты түрде атап өтілді. Сол мәжілісте Мұрат Ғазизұлы Саламатовтың сөйлеген сөзі есімде қалыпты. «Мен Құмкөлдің негізін қалағандардың ұжымын қалыптастыру құрметі маған бұйырғаны үшін, оның құт-қазынасын адамдарға ашып беру еншісі тигені үшін өзімді бақытты сезініп, тағдырыма ризашылығымды білдіремін. Мұндай сәттер ұмытылмайды. Қызылордада өткізген жылдарым мен үшін кәсіби және адамгершілік сынағы мен өзімді-өзім тани білу уақыты болды» деген еді. Құмкөлден кейін «Оңтүстік­қаз­мұ­найгаз» өндірістік бірлестігінің бірінші бас директоры, «Мұнайгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары, «ҚазақОйл» ұлттық мұнай компаниясының бірінші вице-президенті болды. Ел алдында еселі еңбек ете жүріп, осындай лауазымды қызметтерде де көрінген Мұрат Ғазизұлына марапат та бұйырмапты. Алғашқы да, ең соңғы алған марапаты «Құрмет грамотасы» екен. Бірақ оның марапаттан кенде қалдым дегенін де ешкімнің көзі шалған емес. Еңбегін бағалаған халқының құрметіне бөленді. Қызылорда қаласында көшенің аты берілді. Құмкөлде мүсіні бой көтерді. Ұлағатты ұйымдастырушы, іскер басшы, білікті маман Мұрат Ғазизұлы мағыналы ғұмыр кешті. Бір өкінішісі, адам ғұмыры аяқталмай үзілетін жыр секілді. Кім біледі, көзі тірі болса, биыл мұнай саласының ардагері өзінің жетпіс жылдық мерейтойын ортамызда отырып атап өтер ме еді... Ал бір қуаныштысы – үзілген жырды жалғайтын ұрпағыны барлығы. Мұндайда қазақ «орнында бар оңалар» деуші еді ғой. Сәбит ЖАДАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, Қазақстанның Мәскеудегі бұрынғы тұрақты өкілі

3433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6817

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6021

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3760

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3148

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3106

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3082

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2810

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2795

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы