• Білім және ғылым
  • 14 Маусым, 2012

Ұлттық бірыңғай тестілеу: Нәтиже қандай?

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтары өтті. Оған жүз жиырма мыңға жуық оқушы қатысып, бақ сынады. Биылғы тестің өтуі қалай? Бұрынғыдан ерекшеліктер, өзгешеліктер болды ма? Жалпы бұл жүйенің тиімділігі туралы не айтуға болады? Төмендегі пікір алмасуда осылар жөнінде әңгіме болады.

Серік Пірәлиев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  ректоры, педагогика ғылымдарының докторы:

Жетілдіре түскеніміз абзал

– Осы тестілеуді өмірімізге енгізген кезде Білім министрлігінде қызмет істегенмін. Алғашқы жылдары жақсы өтті, әділдік болды. Адамнан айла асқан ба? Міндетті түрде бірдеңе тауып алады. Кейін тест сұрақтарын алып жатты. Тест өтіп жатқан аудиторияға кіріп кететін болды. Ұялы телефон пайда болғаннан кейін, балалар соған жүгінетінді шығарды. Егер тоқ етерін айтар болсақ, тест осы уақытқа дейін жақсы өтіп келеді. Біріншіден, бала жауапкершілікті түсініп дайындалады, әке-шешесіне, басқаға үміт артпайды. Ал, енді биылғы тестке келер болсақ, біздің елімізде білімнің қандай деңгейде екенін көрсетіп берді. Бұған дейін жоғары балл алғандар көп болатын. Қазір саусақпен санарлық қана. Қажетті балл жинай алмағаннан кейін, әңгіме көп болады. Реніш-ашуға берілетіндер де бой көрсетеді. Бізде де тест болды. Өзім барып тұрдым. Биылдан бастап аудиторияларға камера қойылды. Онда бәрі көрініп тұрады. Біреулер көмектескісі келсе де, ондайға бара алмайды. Меніңше, биылғы тесте талап күшті болды, есесіне әділдік орын алды. Балалардың мектепте алған білімдерінің таяздығы байқалып қалды. Сондықтан да артық әңгімеге барып, байбалам салудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Меніңше, тесте жылда жаңалықтар болғанын дұрыс санаймын. Технологиясы өзгеріп тұрғаны дұрыс. Былтырғы тест пен биылғы тестің өз айырмашылығы болған жөн. Жылда жетілдіріп отыру керек. Алдыңғы, одан бұрынғы жылдары тест тапсырудың өзін жарысқа, бәсекеге айналдырып жіберді. Мектептер жарысатын. «Біздің оқушыларымыз тестен осындай балл алды» дегендей. Жарысқа айналдырмаған дұрыс. Жарыс болған жерде алға шығуды мақсат етіп, түрлі айла-шарғылар орын алуы ықтимал. Қалыпты жағдай ретінде қараған жөн. Бізде де тест тапсыру болып жатады. Алайда соншама шу шықпайды. Біліміне сенгендер тапсырады. Ал білімі нашарлар тапсыра алмай қалса, бұл бір таңданар­лық нәрсе емес. Тағы бір айтатыным, жоғары оқу орнының немесе ұлттық тестілеу орталығының жетекшілері бола ма – олар менеджер болулары тиіс. Осы жұмысты талаптағыдай басқара білулері қажет. Өз дәрежесінде, өз деңгейінде өтуі үшін. Біреулер кешегі Кеңес уақытын­дағыдай әдіске оралсақ дегенді айтып жатады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Қайта, бұл істі жетілдіре түскен жөн. Менің жеке ойым – бұл тест мектептегі білім деңгейін білу ғана болса. Оқуға түскісі келетіндер тесті бөлек тапсырса. Мұны енді уақыт көрсетеді.

Аягүл Миразова, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:

Мектеп бітірушіге таңдау еркі берілсе...

– Екі нәрсені айтқым келеді. Бірінші­сі – Ұлттық бірыңғай тестілеудің мате­риалдарының мазмұнына, оны атқару тәртібіне қатысты. ҰБТ сұрақтарының құрылуындағы кемшіліктерді неғұрлым азайтудың, оны бүгінгі мектептегі білім мазмұнына мейлінше жақындатудың, оқушының жеке мүмкіндіктеріне сәй­кестікті жетілдірудің яғни дидактикалық жағын баса ескерудің керектігі бәріміздің жанымызға батады, толғандырады. Мен ойлаймын, бұларды шешудің бір дұрыс амалы – Тестілер дайындау орталығының өз алдына дербес институт болып өмір сүруін, олардың қолданыстағы нақты оқу бағдарламаларынан тәуелсіз бағыт ұстануын қайта қарау керек сияқты. Тестілер мемлекеттің мүддесіне шектеліп қалмай, мемлекеттік мүддені бүгінгі түлектің нақты қажеттілігімен және оның тұлғалық мүддесімен, жалпы орта білімнің қазіргі нақты мазмұнымен, дидактикасымен мұқият әрі қатаң үйлестіруді қамтамасыз ететін нағыз халықтық сипатта дайындалуы тиіс деп білемін. Екінші – ҰБТ-ның көрсеткіштерін жалпы мектеп жұмысының рейтингісі ретінде қабылдауда жатқан сияқты. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері, жасыратыны жоқ, бүгінгі күндері мектептің бүкіл жұмысын бағалау көрсеткіштері болып отыр. Тестілеу түпкілікті мақсатқа айналып барады. Мектептер өзінің бағасы тест қорытындысына байланысты болып отырғандықтан, оқу бағдарламасын меңгерумен бірге, тестілеуге дайындық жұмыстарын қоса атқаруға мәжбүр. Ал ол әрбір түлек үшін өте ауыр жүк. Бала өзіне міндетті алты сабақтан кейін, күн сайын мектепте тағы сонша уақыт қосып, тестіге 5-11 сыныптар аумағындағы сұрақтар бойынша қосымша дайындыққа қалады. Мұғалім болса, өзінің тарифтік сағаттарынан тыс қосымша тест дайындау сағаттарын өткізеді. Бұл оның ертеңгі сабақтарына дайындалу уақытын алады. Тестке дайындау сағаттары үшін мұғалімдерге төленбейді, бірақ олар мектеп көрсеткіші үшін күні-түні жүреді. Тестіге дайындалу бизнеске айналып кетті-ау деп те ойлаймын. Өйткені Тест дайындау орталығы, барлық ЖОО, тағы басқа ұйымдар дайындық тестерін ай сайын ұсынады. Оның әрбірі бойынша дайындалу керек. Және де олардың әрбірін әрбір бала 250-260 теңге аралығындағы бағаға сатып алады. Ол ата-аналарға қаржылай салмақ. Мен – ұстазбын, сондықтан бала­ның көңіл-күйін, ата-ананың көңіл-күйін, мұғалімдердің көңіл-күйін бұл әрекеттерден тежеудің мүмкін еместігін білемін. Дегенмен жеңілдету жағын ойластырса деймін. Мысалы: Біріншіден, ҰБТ-ның нәтижелерін мектеп рейтингісінің көрсеткіші етуден бас тарту керек. Мектептің негізгі көрсеткіштері – білім сапасымен бірге, өнегелі тәрбие екенін ұмытпасақ екен. Екіншіден, мектеп бітірушіге таңдау еркі берілсе деймін; ҰБТ тапсыру немесе ЖОО-ның өзіндегі кешенді тестіні қалау. Тағы бір жағдай: халықаралық деңгей сияқты жоғары деңгейлердегі білім сайыстарында жүлде алған оқушылар ҰБТ тапсырмайтын ереже бар, олар ЖОО-на тікелей бара алады. Бірақ осы оқушылар ҰБТ көрсеткіштеріне енбей қалады. Сөйтіп, мектеп рейтингісіне олардың қосылмауы мектеп үшін тиімсіз болып шығады. Сондықтан бұл категория да ҰБТ-мен бір дәрежеде бағаланса деймін. Үшіншіден, тест мазмұнының негізгі базасын бір жыл бұрын алдын ала мектептерге ашық жария етсе деймін. Сонда қазіргідей ауырлықтардан біршама арылар едік. Оқушылар негізгі базаны білсін, ешқандай жұмбақ я жасырынбақ ойыны болмасын. Ал тестінің сынақтық мазмұны сол негізгі базаны түрлендіру жолымен жасалса деймін.

Исабек Жанашев, Ұлттық тестілеу орталығы 5-ші филиалының жетекшісі:

ҰБТ – үздік тәсіл

– 9 жылдан бері ҰБТ мектеп түлектерінің білім сапасын таразылайтын мемлекет­тік шараға айналды. Жылдан-жылға ҰБТ-ны жүргізу мазмұндық және техникалық тұр­ғыдан жетілдірілуде. Бұл тәсіл түлектердің білім деңгейін анықтаудағы ең үздік тәсіл екендігі дәлелденді. ҰБТ өткізу барысында республиканың 1 миллионнан астам түлектері осы сынақтан өтіп, өз болашағын таңдады. Жыл сайын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ 2500-ден астам грант иелерін қабылдап келеді. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ 1000 грант иеленді. Олардағы 80 пайыздан астам грант иелері қала мектептерінің түлектері болды. Ал ҚазҰАУ, ҚызПУ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дан сынақтан өткендерінің 85 пайызы ауыл мектептерінің түлектерін қабылдайды. Ауылшаруашылық, кейбір техникалық және педагогикалық мамандықтарға 50-70 балл аралығында нәтиже көрсеткен түлектер мемлекеттік білім гранттарын иеленіп келеді. Олардың үлес салмағы 22,8 пайыз. ҚазҰАУ-дың ғылыми кеңесінің ше­шімімен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы мүмкіндігі шектеулі ата-аналардың балаларын қолдау мақсатында, ауылшаруашылығы мамандықтарына да­йын­дық жасалмайтын аймақтардың аудан және облыс орталықтарында талапкерлер құжаттарын қабылдайтын пункттер аштық. 2008 жылдан бастап ҰБТ мен АКТ тес­тілерге оқу бағдарламалары мазмұны­на сәйкес, мемлекеттік стандарттар шең­бе­рін­дегі сұрақтарды ғана енгізу, варианттарды кодтау арқылы әдіснамалық тұрғыдан жетіл­ді­рілуде. Түлектердің білімін бақылауды кү­шейту ҰБТ процедурасын жақсартуға тәуелді. Бұл бағытта әрбір облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында білім сала­сында бақылау департаменттері ашылды. Күн сайын емтихан тапсыратын түлектер саны белгіленді. Бейнебақылауды металізде­гіш рамаларды, ұялы телефондарды, өшіргіштерді пайдалану жолымен өткізілетін технологияларды бақылау күшейтілді. Дұрыс жауаптар кодтары мемлекеттік құпиялар реестріне енгізілді. ҚР БҒМ тестілеуге толық жауапты өкілдерінің штатын дайындап, олар тестілеуді қатал қадағалаумен өткізді. Биыл мемлекет бойынша орташа 70 балл болуы тиіс деп белгіленді. Бұл – білімді балалар өз білім деңгейін көрсетті деген сөз және де әділетті тестілеу болды. Республика бойынша соңғы 4 жылдан бері байқауға қатысуға өту және ақылы келі­сімшарт негізінде оқу үшін 50 балл жинау ке­рек болатын. 2012-2013 оқу жылында ҚР ЖОО қабылдаудың типтік ережелеріне сәй­кес мемлекеттік және жекеменшік ЖОО өту үшін 50 балдық меже, ал ұлттық ЖОО түсу үшін 70 балдық меже белгіленді. Осы жаңа­лық биыл ата-аналардың және абитуриенттердің алаңдаушылығын туғызғаны байқалды Ұлттық ЖОО өту межесінің 70 балл болуының өзіндік себебі бар. ҰБТ және АКТ өткізудің 2011 жылғы қорытындыларын сараптағанда мамандықтар бағыты бойынша міндетті пәндер бойынша барлық оқуға түсушілер үшін өту баллы 70-тен жоғары болып жүр. Соңғы жылдардағы ЖОО конкурс нә­тижелері көрсеткендей, мемлекеттік білім грантын 70 балл немесе одан жоғары алғандар иеленуде. Оқу барысында босап қалған білім гранттарына ақылы оқитын үздік студенттер мамандықтың сәйкестілігімен ғана ауыстырылады. Статистика бойынша 2009-2011 жылдарда 9-сынып оқушыларының саны 200 мыңнан асты. 11-сыныпта олардың саны 150-160 мыңға төмендейді. Демек, 40-50 мың­дай 9-шы сыныпты бітірушілер ҰБТ-ға қатысқысы келмегендіктен, колледждер мен лицейлерге түседі. Енді олар да ЖОО-ға түсу үшін АКТ тапсырады. Жаңа ереже колледждер мен лицейлерде оқу сапасының жақсаруына ықпал етеді және жоғары білім алғысы келетін азаматтардың барлығына тең мүмкіндіктер жасайды. Мемлекеттің бұл түлектерге жасап отырған қамқорлығы деп түсіну қажет. Себебі биыл мемлекеттік тапсырыстың, яғни гранттың 10 пайыздан жоғарысы сол түлектерге бөлініп отыр.

Рахима Сәкенова, Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназия директоры, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты:

Бұл жүйені қолдауымыз керек

– Биыл біздің мектептен 76 бала тестке қатысты. Тоғыз «Алтын белгі» иегері болған. Алтауы қорғап шықты. Үшеуіне бір-екі балл жетпей қалды. Биыл «Қазақстан тарихы» мен «математика» базасында көп жаңалықтар болды. Дегенмен де олар оқулықта жоқ деген сөз емес. Бағдарламада бар. Мемлекеттік стандарт бар. Жалпы тест тапсыру Алматы қаласында қалыптасқан. Менің ойымша, баланы құқықтық мәдениетке тәрбиелеу керек. Заңды, қоғамдық тәртіпті мойындауға үйрету керек. Біздің мектепте әрбір сәрсенбі сайын тест алынады. Оны Ұлттық бірыңғай тестілеумен жақындастырамыз. «Шпаргалкі­сіз» өткіземіз. Телефон жиналып алынады. Біздің балалар бұған үйренген. Нәтижесі де жаман емес. Мысалы, биыл бір-екі балдан ғана айырмашылық болды. Жыл бойы кім жақсы оқыды – ол бала жақсы балл алып шықты. Бес саусақ бірдей емес. Үш-төрт бала өз мүмкіндіктерінен төмен балл жинады. Бұл кездейсоқтық емес. Еңбегіне қарай көрсеткіш солай болды. Қазіргі уақытта тест деп қандай кітап сатылмайды? Көк базардың ішіне кірсеңіз, онда не жоқ дейсіз. Әуесқой адамдар көп. Кәсіби мамандар емес. Әртүрлі адамдардың жасаған жинақтары сатылып жатыр. Біз 2002 жылдан бері тестпен жұмыс істеп келеміз. Бірде-бір қолайсыз сұрақ кездестірмедік. Біздің білуімізше, тест сауалдарын дайындауда елімізге танымал, іскер мамандар жұмыс істейді. Оқушының талабынан шыға ма? Осыған мән беріледі. Сарапшылар сүзгіден өткізеді. Сол себепті кездейсоқ сұрақтардың кездесуі мүмкін емес. Біз балаға «Өз ойыңа, өз біліміңе сен» деп үйретеміз. Ұялы телефонға, «шпаргалкіге» сенген бала ертең қандай адам болады? Тест тапсыру ережесі деген бар. Біз осыны басшылыққа аламыз. Онымен ата-аналарды алдын ала таныстырамыз. Балалар да танысып шығады. Біздің мектептің дәстүрінде білім сапасына баса мән беріледі. Біз осы Медеу ауданы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден үш жыл қатарынан бірінші орын алып келдік. Биыл да қиындыққа қарамай 95 балға жетіп отырмыз. Жақсылардың қатарындамыз. Бағдарлама өзгермесе білім қалай дамымақ? Өзгерістің болуы заңдылық. Қатып қалған ештеңе жоқ. Өз басым екі тест тапсыру дегенге қосыла алмаймын. Қазіргі тест екі емтиханды біріктіріп отыр. Мектепті бітіру мен жоғары оқу орнына қабылдау емтиханы. Егер өте анық, өте айқын болатын болса неге осы білімге сенбеске? Тағы да қаржы шығарып, балаларды тағы да қинаудың қажеті жоқ сияқты. Меніңше, осы жүйе дұрыс. Бірыңғай ұлттық тест дегеннің мәніне қарасақ, бала он бір жыл бойы кітапты ақтарып шығады. Осының нәтижесі көрінбей ме? Жалпы адамға адамның тәуелділігінен гөрі, адамның техникаға тәуелділігі дұрыс. Бұл жерде әділдік, шындық орын алады.

Ешқандай қобалжымадым

Мен бала күнімнен өлең шығаруға бейім болдым. 3-сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап, өлеңдерім мен мақалаларым «Ұлан» газетінде, «Айгөлек» журналында шығып тұрды. Әдебиетке деген сүйіспеншілігімнің арқасында Алматы қаласындағы Абай атын­дағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын орта мектеп-интернатына қабылданып, биыл бітіріп шықтым. Сөйтіп, биыл тест тапсырдым. Тес­т­ен өту жұрт айтып жүргендей қорқынышты емес екен. Тест өтетін ғимараттың есігінен кіргеннен бастап, тексеруден өткенімізде ешкім суық қабақ танытқан жоқ. Сынақ өткізетін бөлмеде де жайбарақат, ойланып отырып сұрақтарға жауап жаздым. Сөйтіп, тестің қорытындысы бойынша 95 балл жинадым. Математика, қазақ тілі грамматикасы, Қазақстан тарихы, орыс тілі, қазақ әдебиеті пәндері бойынша алған бағаларым аттестатқа жазылатын болды. Ал география, биология, физика, химия, ағылшын тілі, француз тілі, өнер, информатика, интернетпен жұмыс секілді пәндердің бағалары мектептегі қорытындысы бойынша аттес­татқа жазылмақ. Бізге сапалы білім, саналы тәрбие берген сынып жетекшіміз Жәния Тұнғатова, тәрбиешіміз Мәдина Жаппарова апайларға, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ержан Арын ағайға және өзге ұстаздарыма мың рахмет айтамын. Өзім әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне түспекпін. Мұнда да жақсы оқып, журналист болуды армандаймын. Арман алдамайды демекпін. Іңкәр Матжанова, Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын орта мектеп-интернатының биылғы түлегі

Жақсы дайындық жемісін берді

Мен жасымнан есеп шығаруға, ма­те­матикаға құмар болдым. Мектепте математика сабағын үнемі 5-ке оқитынмын. Содан Алматыдағы математика пәні бойынша дарынды балаларға арналған Архимед орта мектебіне оқуға түсіп, биыл бітіріп шықтым. ҰБТ жөнінде әңгімелер­ді, әсіресе, соңғы кезде жиі еститін бол­дық. Тест сынағын тапсырған кезде ұялы телефондарымен, «шпаргалкілермен» ұсталғандарды да еститінбіз. Сонымен қатар тест сұрақтары оқу бағдарламасына сәйкеспейтіндей болып жасалады деген сөздер де айтылатын. Тест кезінде тексерушілер өне бойыңды жаппай тінтіп, ұрсып-зекіп, қақитып отырғызып қояды дейтін оған қатысқандар. Содан тестен өтуге жүрексініп жүретінмін. Ал тест сынағына қатысу үшін күндіз-түні дайындалумен болдым. Тіпті математикадан өзге пәндерді де жатпай-тұрмай оқыдым. Соның нәтижесінде тест өтетін ғимаратқа жасқанбай бардым. Мұнда мен естіп жүргендей дөрекілік те, қатыгездік те болған жоқ. Керісінше, бәрі жылы қабақ танытып, сыртымыздан ғана көз қырын сала бақылаумен болды. Біз де жайбарақат қана отырып, кеңінен ойланып, сұрақтарға жауапты асықпай-аптықпай жазып шықтық. Сөйтіп, тестің нәтижесі бойынша 120 балл жинаппын. Өзім есептегенде де осындай болуы тиіс деп ойлаған едім. Демек, тест сұрақтары орта білімге сәйкес, тест жұмыстары әділетті болды деп білемін. Енді мен Назарбаев уни­верситетіне түсуге бел байлап отырмын. Өйткені бұл университет елімізде ең терең білім беретін оқу ордасы емес пе?! Мен де елімізге, тіпті әлемге де танымал математик болып Қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді. Айболат Қанат, Алматы қаласындағы Архимед орта мектебінің түлегі

5854 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7039

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6123

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3861

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3254

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3209

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3183

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2911

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2899

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы