• Тарих
  • 14 Маусым, 2012

Мұхаммед Хайдар Дулати

«Тарих-и Рашидиді» оқып, өз еңбектерін жазуға пайдаланған күншығыс ғалымдарының барлығы дерлік бұл шығарманың мазмұнының бай материалдарға негізделгенін әрі оның авторының еңбегінің ең алдымен тарихи тұрғыдан құндылығына, сондай-ақ ғұламаның жазушылық шеберлігіне тегіс дерлік тәнті болғанын баса көрсетіп отырады. Бұл еңбекті оқыған оқымыстылар аса жоғары баға берумен қатар, аталмыш шығарманы Бабырдың «Бабырнамасымен» салыстыра отырып, екі алып тұлғаның еңбектерінің бағалылығын қатар қояды, екеуі де ең озық, үздік шығармалар ретінде ерекше бағаланады. Шындығында Үндістан жерінде Ұлы Моғол империясын құрған Бабырдың атақты шығармасы көне түркі тілінде жазылса, Мұхаммед Хайдардың еңбегі де билік құрған Кашмирде Үндістанның Жамму және Кашмир уәлаятында парсы тілінде жазылып, әлем оқырмандарына жол тартты. Түркі, берісі қазақ халқының да екі бірдей ұлы перзенттерінің өздері тәртіп орнатып, мәдениет, ғылым-білімді, сәулет өнерін дамытып, іргелі мықты империя орнатқан, билік құрған жерінде кітаптарының жазылуы, әрине, тарихи жағдайға байланысты еді. Сондықтан Бабырдың туған бөлесі Мұхаммед Хайдардың шығармашылығын Ұлы падишаһтың шығармашылығымен ғана емес, оның қызметімен де тікелей байланыстырып қарамаған жағдайда ой желісі босаңсып, біржақтылық сипат алып кетуі ықтимал. Ең алдымен Мұхаммед Хайдардың да, Бабырдың да ата тектерінің мықты, өте зор тарихи қай­раткерлер, мемлекет басқарған, билік жүргізген тұлғалар болғанын атап өту қажет. Мұхаммед Хайдардың ата-бабалары шетінен ірі еді, олардың бәрі Моғолстандағы билікті өз қолдарында ұстап, хандарды тағайындап отырған. Ал Бабыр болса, әкесі Омар Шейх ерте қайтыс болып, он екі-он үш жасында кәмелетке де толмай тұрғанда мұрагер ретінде таққа отырды. Ол Әмір Темір әулетінен таралады, нағашысы Моғолстанның ханы атақты Жүніс хан. Өз заманында білімдарлығы мен ғұлама ғалымдығы жағынан теңдесі жоқ Шарафаддин Әли Йаздидің қолынан он екі жыл білім алып, кемеңгерлікке қол жеткізген Жүніс хан билік жүргізуші ғана емес, көптеген кітаптардың да авторы болған. Оның шығармашылық тұлғасы сөз жоқ екі бірдей жиеніне ықпал, әсері болғанына күдік келтіруге болмас. Болашақ екі бірдей жиенінің бойындағы ақындық, жазушылық қабілет пен қасиет, ғұламалық дарын, мемлекет басқару тәртібі де сөз жоқ ата-бабаларынан келе жатқан өте берік, өміршең дәстүр болатын. Тумысы жағынан айрықша жаратылған, Алланың рақымы түсіп, шапағатына бөленген Бабыр патша мен әмір Мұхаммед Хайдар, батыс және шығыс елдерінде өз замандастары арасында теңдессіз тарихи тұлғалар тұғырына көтерілуінде сөз жоқ, тектік те, рухани сабақтастық арналарының аса зор ықпалы сезіледі. «Тарих-и Рашидиде» Мұхаммед Хайдар өзінің туған бөлесі, атақты патша Бабырдың өміріне қатысты біршама тағылымды мағлұматтар береді, оның бұл мәліметтері ұлы патшаның ғұмырбаянын толығырақ аша түседі. Мырза Хайдардың өмірі мен есею, ер жету жолында Бабырдың орны бөлек, әсіресе Мырза Хайдарға жасаған қамқорлығы туған әкесінің қамқорлығынан кем болмады. Жетімдіктің тауқыметін Бабырдың арқасында мүлде ұмытты. Ол Зафар қамалына Мырза ханға хат жазып, Мырза Хайдардың қауіпсіздігін ойлап Кабулға алдыртты. Болашақ қайраткер Бабырдың Кабулдағы сарайында үш-төрт жыл тұрып, сол замандағы ең үздік ұстаздардан білім алды. Бабыр тіпті мұғалімдердің қалай оқытып, білімді игертіп жатқанын назардан тыс қалдырмай, арнайы тексеріп, біліп, көз жеткізіп отырады. Өміріне өзек, ғұмырына азық, болашағына берік негіз қалаған білім негіздерін болашақ ғалым міне осы Бабыр­дың тікелей қамқорлығының арқасында алды. Ол ұлы тұлғадан мол тағылымды игерді, оның ерекше қасиеттерін бойына сіңіріп, зердесіне тоқыды. Бабырдың үнемі ізденіп отыратын, оның кітапханасы да аса бай еді, онда кітапханашылар ұстайтын, кітап көшірушілер мектебі, медреселер жұмыс істеді. Бабырдың төңірегіне топталған өнер-ғылым, мәдениет, сәулет өнерінің саңлақтары, сөз жоқ, болашақ ғалымның қалыптасуына орасан зор ықпал етті. Бабыр өте кішіпейіл, кешірімшіл, жаны нәзік, аса зерек ұлы парасат иесі болатын. Ол әрі ақын, әрі жазушы, әрі қолбасшы, аса ұлы мемлекет қайраткері, Ұлы Моғол империясын құрушы құдіретті патша болды. Өмір бойы шайқасып жүріп қорамсағымен қоса қаламын да қолынан тастамады, күрес күндерінің әдеби күнделік жазбаларын толассыз жазып отыруды машыққа, дағдылы іске айналдырды. Атажұртынан қол үзбеген Бабыр өзі жаулап алған жерлерін күлге айналдырмай, мәдениет дәнін егіп, гүлденген аймаққа айналдырып отырды. Мырза Хайдарға дәл Бабыр патшадай әкелік мейірімділік көрсетіп, шапағатына бөлеген жан жоқ, сондықтан да ұлы патшаның ұлы істерін өз әдеби мемуарлық шығармасында барынша жазып, сипаттап көрсетуді өзіне парыз санады. Бабырдың бейнесі кітапта аса бір жылылықпен ерекше көңіл күйде суреттелінеді. Мұхаммед Хайдар оның бойындағы асыл қасиеттерді айрықша талғампаздықпен сипаттап суреттеуге ұмтылады. Бабырдың бейнесі ешбір жанға, ешбір ханға да ұқсамайды. Оның болмыс-бітімінде атадан, әулеттен келе жатқан бекзаттық, жомарттық, асқан білімпаздық, ғұламалық, қайраткерлік қасиет үйлесім тапқан жан еді. Заманынан бойы озық, замандастарынан парасат бітімі мүлде жоғары, іс-әрекеттерінде қоғамды жаңғыртушылық күш тасқындап тұрған жасампаз да, жаңашыл, адамзатқа ортақ ұлы істердің бас­тауында буырқанған жаратылысы бөлек, тумысы дара тұлғаны Мырза Хайдар барынша әспеттеп көрсетуге күш-жігерін аямай жұмсауы заңды да еді. Бабыр дүние ажарын, мәдениет арнасын мүлде жаңғыртқан реформатор. Ал осы ұлы тұлғаны балаң жігіт көзімен Мырза Хайдар: «[Бабыр] патша үш күннен кейін жақсы сәт туады. Сол кезде артыңнан кісі жіберемін деп хабар жіберді. Содан соң, тағдырдың сәттілік айы мен бақыт нұры қараңғы түнектен шығып, абырой мен бақыт шоғырына қайта қосылған кезде: «Патшаның құзырына жетсін деген жарлық келді»,– деп көркем түрде баяндай отырып одан әрі «Патша құзырына келген кезімде оның бақытқа бағыштар назары маған түскен сәтте-ақ қуанышқа толы жанарынан жалтылдаған мейірімділік маржандары төгіліп түскендей болды. Ол өзінің қызғалдақтай құлпырған әдемі жайдары жүзімен шапағатты қолын созды. Тізе бүгіп, тағзым еткеннен соң, ілгері қарай жүрдім. Ол мені бауырмалдық кеудесіне қысып, әкеміздей мейірімді құшағына алды. Біршама уақыт құшағын жазбай, қайта тағзым етуіме де мұрша бермей, өзінің қасына отырғызды. Осылайша ол біршама уақыт жан дүниесі тебіренген күйде, сол қалпында [жанарынан] лағыл шашып отырды»,– деп төгілте, төндіре суреттейді. Ақын жанынан құйылған шумақтай әсерлі, адам жанын тебірентіп жібертер қалам құдіретінің көркемдік қуаты көріністі қалай әдемі бейнелеген. Шын талант иесінің қаламынан ғана туатын сөзбен жеткізілген нағыз шынайы жанды сурет, қимыл қозғалыс, бұдан артық мына кездесуді сипаттауға тіл де жетпейді. Бұл көрініс, әсерлі қабылдау он-онбір жасар баланың жан дүниесінде өмір бойы бедерленіп, жылдар өтсе де ұмытылмастай болып қалып қойған. Ұлы патшаның балаға деген маржандай төгіліп жатқан даналық қамқорлығы қандай пәк, тап-таза, мөп-мөлдір кіршіксіз, қылау түсірілмей аялы сезіммен суреттелінген. Мұны қаламының қарымы, шеберліктің үлгісі, Мырза Хайдарға ғана тән стил деу керек. Адам жанын рахатқа бөлейтін, оқыған кісі де ерекше эстетикалық ләззат алатын шағын ғана эпизод, қысқа ғана, бірақ өте тағылымды көрініс. Осы әңгіменің аяғын мырза Хайдар: «Егер ол атқа мініп жолға шығатын болса, онда мен үзеңгілес [серігі] болатынмын. Егер ол әңгіме-дүкен мәжіліс құрса, онда өзімен міндетті түрде сұхбаттас етіп, еңсемді көтеретін. Қорытып айтқанда, мені барлық жағдайда да, дәріс алатын кезден басқа уақытта, жанынан қалдырған емес. Дәріс аяқталса, кісі жіберіп, мені алдыратын, осылайша ол маған үнемі әкелік қамқорлығын көрсетіп отырды» деп аяқтапты. Осы жерде Бабырдың Мырза Хайдардың дәріс алу уақытын тиімді пайдалану жағына дейін мән беріп отыратынын қандай әдемі етіп жеткізеді. Дәрістен соң ғана кісі жіберіп алдыруы – білім алу кезінде қатаң тәртіп сақталынатынын, дәрістің уақытында басталып, аяқталынатынын аңғартады. Білім жүйелі түрде беріліп отыр, ал оның тәрбиелік маңызы жоғары. Тәртіп­тің орнықтылығын Бабырдың іс-әрекетінен нақты ұғынасың. Мұндай қалыпты ортада тәрбие алудың өзі сирек жағдай ғой. Бабыр патшаның қабылдауындағы көріністі ерекше әсерлі жеткізу жағынан мін таға алмайсыз, артық нәрсе, шашау шығып тұрған ешнәрсе жоқ, кездесу сәті жұп-жұмыр, шымыр да әсерлі етіп суреттелінген. Тарихшылар арасында Мұхаммед Хайдардың қазақтан тысқары тұрған сырттай бақылаушы, атажұртынан жырақтап қалған кісі сияқты қарайтындар ұшырасып қалады. Мұндай оғаш пікірдің Дулати мұрасын тануда салқыны сезіліп тұрады. Академик Әлкей Марғұлан Мұхаммед Хайдар туралы 1941 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында «Мұхаммед Хайдар – қазақтың тұңғыш тарихшысы» деген тарихи мақаласын, зерттеуін жариялады. Ол кезде «Тарих-и Рашиди» әлі орыс тіліне аударылған жоқ еді, В.В.Вельяминов-Зернов «Исследование Касимовских царях и царевичах» (1864 г., 2-бөлімі) атты еңбегінде Дулати кітабының қазақтарға, қазақ тарихына қатысты тарауларын аударып, зерттеуінде пайдаланды. Әлкей Марғұлан сүйенген материал, міне, осы еңбек пен Ш.Уәлихановтың «Из Тарих-и Рашиди» атты мақаласы болатын. Соның өзінде Марғұланның «Тарих-и Рашидиді» түпнұсқадан оқыған кісідей талдауы – адамды таңдандырады. Себебі академиктің шын мәнінде интуициясының мықтылығын, руханиятқа өте күшті ғалым болғанын осы зерттеуінің өзі-ақ айқын көрсетеді. Кейін Марғұлан «Мұхаммед Хайдар Дулати» деген атпен «Білім және еңбек» журналында 1963 жылы тағы да мақала жариялайды. Оқымыстылар, шығыстанушы ғалымдар арасында «Тарих-и Рашидиді» алғаш танып, зерттеп, мақала жазған Шоқан болса, Ресейде Вельяминов-Зернов болды. Ал Әлкей Марғұлан Дулати мұрасын, оның тарихи рөлін тереңдеп, жан-жақты ашып-талдап ғылыми айналымға түсірген біздің дәуіріміздегі ең талантты ғұлама. Оның еңбегіндей еңбек шынын айтқанда, әлі жазыла қойған жоқ. Академик Ә.Марғұлан шын мәнінде Дулатиді танып, оның мұрасына ғалым ретінде қуанып, сүйіспеншілікке толы зерттеу жүргізді. Сөйтіп, өте тың да, соны байлам, түйінді-түйінді ой пікірлер, тұжырымдар жасады. «Тарих-и Рашиди» жазылу, баяндау, оқиғаларды жеткізу мәдениеті жағынан қандай биікте жазылған болса, ол жөнінде жазған Ә.Марғұланның зерттеу мақаласы да сондай жоғары деңгейде, ерекше шабытпен жазылған еңбек деуіміз керек. Академик Ә.Марғұлан: «Демек, Мұхаммед Хайдардың жазғандарын мұра етіп, Орта Азия халықтарымен бірге мақтаныш ететін, оның тікелей ұрпағы – қазақтың ұлы жүз тайпасы, оның ішінде дулаттар. Бұл жөнінде Мұхаммед Хайдар қазақ ортасында болған жоқ, өзі басқа мемлекетте жасап, сонда қайтыс болды деп айтушылар болар. Бірақ ол дәлел емес. Өйткені ХV-XVII ғасырларда қазақ ортасынан шыққан кейбір сұлтан мен билердің өз Отанынан шығып, басқа жерге барып тіршілік жасап, барған жеріндегі әлеуметтік тіршілікке қатысқандары аз емес. Оған Москва үкіметіне барған Ораз Мұхаммед пен Қадырғали Жалайыри, Хиуаға барып үкімет басқарған Қайып пен Әбілқайыр, Бұхараға барып ел басқарған Жалаңтөс батыр айқын дәлел бола алады. Атақты уайымшыл, халықтың ақылгөйі болған Асан Қайғы да өзінің туып-өскен жері Ор өзені мен Аят бойын тастап, Ыстықкөл жағасына келіп, дүниеден көшеді. Мұхаммед Хайдар да солар сияқты өзінің туып-өскен, тәрбие алған анасының сүтін емген жерінен шығып, басқа жерді билеу үстінде қайтыс болған кісінің бірі» деп жазды. Мұхаммед Хайдарды сыртқа тепкісі келетін ғалымсымақтарға академик көрегендікпен дәл осылай деп жауабын беріп кетіпті. Бұған қоса біз Еуропаға аты мәлім Аттиланы, Болгария мемлекетін құрушы Дулу хан Аспарухты, Сұлтан Бейбарыстың да есімін атап кетуіміз қажет. Бұлардың бәрі ұлы тарихи тұлғалар, қазақ тарихына қатысы бар қайраткерлер, есімдерін мақтаныш ететін ел тұтқалары. Үндістанның белгілі ғалымы Ағзам «Кашмир тарихы» атты еңбегінде: «Мұхаммед Хайдар барлық ғылымды терең білген данышпан адам еді. Оның үстіне ол қаламынан сөз құйылған талантты ақын болды. Оның жазған «Тарих-и Рашиди» кітабы тарихи уақиғаны төндіре айтуда ең инабатты шығарманың бірі» дейді деп Ә.Марғұлан ойын дәлелді ете түсу үшін цитата да келтіре кетеді. Ағзам Дулатидің ақындық талантына, ғалымдық қырына, әсіресе барлық ғылымды меңгерген данышпандығына аса мән берген. Барлық ғылымды білгенді қалай түсінуге болады. Біз «М.Х.Дулати. Халықаралық энциклопедия» деген бағдарламалық мақаламызда Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашидиінде» 40-тан аса ғылым салалары қамтылғанын дәлелдеп-талдаған едік. Оның үстіне жаңа ілім – Дулати білген АБЖАД ілімін де қосқалы отырмыз. Өз заманындағы ғылымның негізгі салаларын Орта ғасыр ғұламаларының барлығы дерлік білген, олардың көбі – жан-жақты ғұлама ғалым болып келеді. Солардың санатына Бабыр да, Мұхаммед Хайдар да жатады. «Тарих-и Рашиди» Мұхаммед Хайдарды дүниежүзіне тарихшы ретінде танытты, ал оның мемуарлық туынды да екенін зерттеушілер ажыратып көрсете білді. Демек, «Тарих-и Рашидиді» бір ғана ғылым саласымен де, сондай-ақ бір ғана жанр шегінде ғана қарастырып қою – туынды табиғатын тани алмаушылық болар еді. «Тарих-и Рашиди» әртүрлі ғылым салаларын соншама кең құлашпен қамти алса, әдеби тегі жағынан бұл еңбек алуан түрлі жанрды өз бойына жинақтаған, нағыз синкретикалық шығарма болып табылады. Сонда Мұхаммед Хайдардың шығармасы тарихи уақиғаларды сипаттап, баяндау, дәуірдің тарихи уақиғаларын қамтып көрсету жағынан ол тарихи еңбек болып табылса, уақиғаларды, тұтас бір көрініс пен эпизодтарды суреттеп бейнелеу, оны әдеби тұрғыдан көркем етіп беру, өз ғұмырбаянын оқиға барысын баяндау үстінде желі етіп тартып, сюжеттік өрім жа­сау, сондай-ақ баяндау барысында поэтикалық тәсіл қолданып, шығарманың көркемдік қуатын күшейтіп отыру, әдеби тәсілдерді барынша қолдану жағынан бұл көркем шығарма шарттарына да жауап беретін еңбек болып табылады. Бұл тұрғыдан аталмыш еңбек көркем фильмнің сценарийіне дап-дайын тұрған туынды. Атақты еңбектің жанрына келетін болсақ, ол тарихи, танымдық, әдеби-мемуарлық шығарма болып табылады. Оның жанрын профессор Ә.Дербісәлі де осылай анықтап көрсеткен. «Тарих-и Рашидидің» көптеген тарауларын алғаш рет аударған қазақстандық ғалым К.Пищулина да бұл еңбекке өз зерттеулерінде мемуарлық шығарма деп анықтама береді. Ал 1996 жылы Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы «Фан» баспасынан орыс тілінде 1000 данамен жарық көрген «Тарих-и Рашидидің» парсы тілінен орыс тіліне аударушысы А.Урунбаев, Р.П.Жалилова, Л.М. Епифановалар болды. Тарих ғылымының докторы, профессор А.Урунбаев «Тарих-и Рашидиді» тек тарихи ғана емес, сондай-ақ әдеби ескерткіш ретінде қарастыра отырып, аудармашылар Мырза Хайдардың стилі мен тілінің бейнелілігін мүмкіндігінше дәлірек беруге ұмтылды» деп атап көрсетті (Мырза Мұхаммед Хайдар. Тарих-и Рашиди., 1996, 5-б.). «Тарих-и Рашидиді» орыс тіліне адал тер төге аударған А.Урунбаев кітаптың жанрын тарихи әрі әдеби шығарма деп қарастырған. Ал атақты В.В.Вельяминов-Зернов болса, өзінің іздегенін тапқан «Тарих-и Рашидиді» алабөтен ерекше шығарма ретінде бағалап, өзіне қажетті тарауларын айрықша шабытпен аударып, еңбегіне енгізген. Ал Шоқан бұл еңбектің Қашқар тіліндегі аудармасын (ұйғыр) аса құпия жағдайда Қашқария сапарында тауып, алып өтіп қана қоймай оған аса жоғары маңыз беріп, зерттеу мақаласын жазған. Тұңғыш дулатитанушы Шоқан болды. Академик Әлкей Марғұлан мұндай дүние жүзіне таралып кеткен еңбекке бейжай қарай алмады. Ол «Тарих-и Рашидиді» ден қоя зерттеп, оның адамзат мәдениетіне қосылған аса зор үлес екенін, біздің оқырмандарымыздың қолына тимей келе жатқанына қынжылыс білдіріп, белгісіз жатқанына, жарық көрмей келе жатқанына ренішін білдірді. 1963 жылы жазған «Мұхаммед Хайдар Дулати» (Білім және еңбек, 1963, №7, 8) деген мақаласында ол кісі: «Күн шығыс әдебиетінің іргелі салаларын ақтарып отырсаңыз, Мұхаммед Хайдардың кім болғаны, оның адамшылық тұлғасы көз алдыңызда суреттеліп, бұл кісі де сол кездегі Мір Әлішер Навои, Бабыр сияқты Орта Азия көлемінен шыққан атақты данышпан, ғалым, жазушылардың бірі екенін көресіз». Ә.Марғұлан Дулатиға өте жоғары бара берді: данышпан, дана ретінде, ғалым ретінде танып, әспеттеп, қазақтан шыққан қазақ туралы ең алғаш жазып, хатқа түсіріп кеткен кемеңгер жазушы деп білді. Шығыстанушылардың, Дулати еңбегін пайдаланған ғалым, тарихшылары, зерттеушілері ішінен Ә.Марғұлан «Тарих-и Рашидидің» авторын ең алғаш рет жазушы деп жазып ардақтапты. Шын мәнінде Дулати Марғұлан айтқандай, жазушы еді. Оның туған бөлесі Бабыр да жазушы болатын. Көп жағдайда олардың мұралары тарихи тұрғыдан қарастырылып келгендіктен тарихшы ретінде зерттелініп, айтылып келді. Ал оны алғаш рет жазушы деп анықтап атаған Марғұланның интеллектуалдық деңгейінің жоғарылығына тәнті боласың. Сондықтан Дулатиді жазушы ретінде зерттеп, қарастырып талдайтын кез келді деп санаймыз. Аталмыш мақаласында Ә.Марғұлан ойын әрі қарай сабақтай отырып: «Бұл кітап («Тарих-и Рашидиді» – авт.) бүгінде барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүниежүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр» деп жазды. Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» «мәңгі өшпейтін» дүниежүзілік әдебиет мұрасына айналғанын Марғұлан ғана бұл еңбекті соншама терең игергендіктен барып баса айтты. Дүниежүзі халықтарының әдеби мұрасына айналуының басты себебі – бұл еңбектің әлемнің ең ұлы тілдерінің бәріне дерлік аударылып, таралып, дүниежүзі халықтарының рухани игілігіне қызмет етіп келе жатқандығында болып отыр. «Тарих-и Рашидиді» терең бағалап, оның дүниежүзі, әлем халықтары әдеби мұрасы екенін Ә.Марғұланнан асырып айтқан ешкім жоқ. Дулати жездесі Саид хан сияқты суырып салма ақын да. «Тарих-и Рашидиде» Дулати шығыстың Сағди және т.б. атақты шайырларының көптеген өлеңдерінен үзінді беріп, өзінің де өлеңдерін мәтін ішінде келтіріп, шығармасының көркемдік қырын күшейтіп, оқырманын қызықтырып тартып отыратын әдеби тәсіл қолданады. Жалпы бұл туындыда төрт жарым баспа табақтай өлең үзіктерінің келтірілуі – автордың кітап мазмұнын қызықты ете түсу мақсатымен қолданған әдеби ізденісі болса, екінші жағынан шығарманың әдеби мұра екендігінің де айғағы. Дулати ана тілін қалай жақсы білсе, парсының әдеби тіліне де соншама жүйрік болды. Оның шығармасы тәжік-парсы тілінде жазылған ортағасыр мирасы болғанымен, тіл байлығы ойын көркем етіп өрнектеуі, оқиғаларды сұлу тілмен әдеби бейнелеп жеткізуі жағынан шығыстың ұлы шайырларынан да асып түспесе, кем түспейді. Оның түркі тілі де, парсыша жазуы да тілді игерудің ғажап үлгісі. «Тарих-и Рашидиді» иранист ғалымдар тәжік-парсы әдебиетінің озық туындысы ретінде бағалауы сондықтан. «Тарих-и Рашиди» сүйсініп, ләззат алып оқитын тілі өте көркем де бай, әдеби тілде жазылған шығарма деп санайды филология ғылымдарының кандидаты С.Абдолло. Профессор Ә.Нұралиев «Тарих-и Рашидидің» тілі қазіргі тәжік тілі, ол бала жастан тәжіктермен араласып өсті, сондықтан бұл тілде еркін сөйлеп, көсілте жазуды меңгерген. Оның еңбегі тәжік-парсы тілінде жазылған ең озық шығармалардың бірі. Сондықтан тәжіктерге де ортақ мұра деп санайды. «Тарих-и Рашиди» тәжік-парсы тілінде жазылған көптеген халықтарға ортақ классикалық шығарма екендігіне ешқандай дау да, талас та жоқ. Ғұлама ғалым Ә.Марғұланның: «Оның (Дулатидің – авт.) жазған «Тарихи Рашиди» шығармалары, көркемөнер, поэзия туралы жазғандары кейінгі жазушыларға зор әсер етіп отырған» деп жазды аталмыш мақаласында. Дулати білімдар, майталман қалам иесі болғандықтан да Күншығыс, Орта Азия халықтарының әдебиетіне, мәдениетіне қосқан үлесі аса зор болды, сондықтан оның кейінгі жазушыларға ықпалының да мықты болуы заңды да еді. Дулати Ә.Марғұлан жазғандай, «Қазақтың тұңғыш тарихшысы ғана емес, ол қазақтың тұңғыш жазушысы да болып табылады. Мұны да Марғұлан көрсетіп кеткен. Мұхаммед Хайдар төрт жас, төрт ай, төрт күн толғанда медресе табалдырығын аттаса, он төртінде (балиғатқа толғанда) Саид ханның күйеу баласы гурган дәрежесіне ие болды, он жастан асар-аспаста-ақ өлең жаза бастаған. «Тарих-и Рашидиде» өзі туралы: «Оқу, жазу өнерін, өлең шығару мен ғылымды игердім, алтынмен аптауды меңгеріп қана қоймай, оның асқан ісмері атандым. Сондай-ақ тағы басқа да өнер түрлерін: ағаш пен сүйекті оюдан, жүзік жасаудан, зергерлік және ер шабудан, садақ ию мен оқ жонудан, үй салу мен ағаш жонудан, асыл тастармен безендіруден, кездік соғудан алдыма жан салмадым... Қол өнердің барлық түрлерін жақсы игергендігім сондай, бұл кәсіптің шеберлері маған шәкірт болуға да жарамайтын, бұларды айтып отырғаным ханның ұлылығын мейлінше дәріптеп атап өту еді» деп жазады. Мұхаммед Хайдар өзін дәріптеп көрсету үшін емес, игерген өнер түрлерінің бәрін меңгеруде Саид ханның өзі ұстаздық етіп еді деп, оны көтере, өнеге ете айтып, өзіне сіңірген еңбегін атап көрсету үшін келтіреді. Сонымен қатар соғыс өнерін, мемлекет істерін жүргізуге қажетті нәрселердің бәрін де Саид ханның ұстаздық еткенін қадап айтады. Мырза Хайдардың өз заманындағы игермеген өнер түрі жоқ. Соның ішінде өлең шығаруға машықтануға да Саид ханның өнеге еткенін баса айтыпты. Мұхаммед Хайдардың көріністі сипаттауда қаламы өте жүйрік, ойы ұшқыр да оралымды, образды, тілі бейнелі де бедерлі. Оның сұлу суреттеулерін кейде сол түпнұсқалық қалпында көркемдік деңгейін сақтай отырып жеткізудің өзі өте күрделі. Дос Мұхаммед Моғолстан хандарының ішінде азғындық жолға түскен хан болды, ғұмыры да қысқа, парасаты төмен жан еді. Әдебиет кілең тағылымды оқиғаларға құрылмасы мәлім, жазушының этикалық, эстетикалық талғам-таразысына байланысты тарихи бейнелер әдеби кейіпкер деңгейінде суреттелініп бейнеленсе, кейде өнегесіздіктен жерініп, игілікті істерге ұмтылдыру үшін қаламгер кереғар тіршілік кешкен хандардың бет бейнесін Дос Мұхаммед кейпінде шынайы қалпында суреттеп жирендіре біледі – жазушы шеберлігінің бұл да бір қыры. Шындықты баяндаудың жақсы әдеби үрдісі. Дулатидің қаламының қарымдылығын шығарма желісінен, оқиғаларды сабақтас­тыра өре білуінен, шығармасының компози­ция­лық тұтастығын шашау шығармай шымыр етіп, бейнелі тілмен көсілте, кейде төн­діре суреттеуінен де көруге болады. Мырза Хайдар жазған оқиғасын әбден ой елегінен өткізіп барып қағаз бетіне түсіргендіктен, июі қанған, желісі қанық эпизодтар оқырманды қы­зықтырып, көптеген мағлұматтар ала алады. «Тарих-и Рашиди» тарихи-танымдық тұрғыдан жазылған туынды, сол себепті автор өз тарапынан оқиғаға, жағдайға баға берместен, болған жайды сол қалпында баяндап, көркем етіп жеткізуді мақсат, нысана етеді. Ал оқырман кейіпкерге, оның іс-әрекетіне өзі баға береді, былайша айтқанда, оқырманның өзі дұрыс-бұрысын, жөн бе, жөнсіз бе өз ой елегінен өткізуге тиіс. Шын шеберлер ғана қолданатын әдеби тәсіл бұл. Шаһибек ханға да, Әбу Бәкір Дулатқа да Мұхаммед Хайдар өзінің құптар-құптамас, дұрыс-бұрыс бағасын бермеуінде жазушының, қаламгерлік мәдениеті, этикасы, моральдық адамгершілік сипаттары жатыр. Мұхаммед Хайдар жазып отырған оқиғадан биік тұрады, оқиғаның ыңғайына қарай бейімделмейді, пендешіліктен өзін аулақ ұстайды. «Тарих-и Рашиди» диалогиясы арқылы біздер сан ғасыр өтсе де оның кейіпкерлерін жақыннан танып, сол арқылы, заман тынысын, дүрбелең кезең мен бүлікті, уақыттың шынайы бейнесін қабылдай аламыз. Сондықтан да «Тарих-и Рашиди» белгілі кезеңнің, дәуірдің тыныс-тіршілігін эпикалық тұрғыда бейнелеумен шектеліп қалмайды, керісінше басқа бірде-бір әдебиетте, тарихи кітаптарда айтылып, хатқа түспеген тарихымыздың, әдеби дүние-танымымыздың асыл арналарына, тұнып тұрған салт-дәстүрлерімізге, тіршілік ету мәдениетімізге, мемлекеттік құрылысымызға қанықтыра түседі. «Тарих-и Рашиди» – ұшан-теңіз дүние, ол ғасырлардың тұнып тұрған кәусар қазыналарын бойына сіңіріп, жинақтаған бірден-бір әдеби мұра. Ал оның жазылу мәдениеті көркем әдеби тәсілдерді, көркем бейнелеудің озық үлгілерін өз дәуірінің ең шоқтықты туындыларынан да асырып қолданған хас шебердің сипатын танытады. «Тарих-и Рашидидің» өз кезеңімен шектеліп қалмай ғасырлардан-ғасырларға қадам басып, жаңа қауым, жаңа ұрпақпен қауышып, рухани өсіріп, эстетикалық талғамының қалыптасып, жетіліп отыруына, жетелей де түсетін дидактикалық тағылымды әдеби еңбек. «Тарих-и Рашидің» көркемдік қуаты аса ірі шығарма болғандықтан да күншығыс елі оқымыстыларының бәрі де арнайы тоқталып, еңбектерін жазуға пайдаланып, үзінділер алып отырған ғой. Ал батыс елдері оқымыстылары «Тарих-и Рашиди» арқылы Үндістанды, Орталық Азияны, Шығыс Түркістанды танып білді. Мұның барлығы бұл еңбектің тарихи, мәдени, әдеби, ғылыми құндылығының баға жеткісіз екендігін айғақтайды. Бұл оның тарихи құндылығын, бағасын арттырып, сонымен қатар бұл шығарманың көркемдік әлеміне қанықтыра түседі. Дулати тарихи шығармаларда кезіге бермейтін жайттарды да ескеріп отырады. «Тарих-и Рашидиде» табиғат көріністерін, әлемнің әміршісі күннің шығуын, Айдың түнде жарқырап, айналасын ақ сәулеге малып тұрған көрінісін, аспан жұлдыздарының тууын, әсіресе жыл мезгілдерінің ауысуына, айлардың тоғысына қатысты суреттеулер - әсері ұмытылмайды. Табиғаттың оянуын құлпырта баяндайды, адамды ерекше әсерге бөлей суреттейді. Табиғат-ана мен адам арасындағы үндестікті, оқиғаларды баяндау үстінде жымдастырып жібереді. Дулатидің суреттеулерінен табиғаттың сұлулығын, көркемдігін сезініп қана қоймай тани түсесіз. Ол табиғатқа тамсанбай, сізді тамсандыра түседі, сахара дала мен таулы жерлердің, өзен-көлді, бұлақты өңірлердің бедерін суреттеген тұстарда асқан шеберлік танытады. Ақсу мен Жаркент, Герат, Кабул, Кашмир жерлерінің суреттері «Тарих-и Рашидиде» мейлінше жақсы бейнеленген. Табиғаттың өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарлар әлеміне реті келген тұстарда тоқталып, өскен ортамыздың базарлы тіршілігіне сән мен мән беріп тұрған аң-құстарына дейін ұлы тұлғаның қаламынан тыс қалмаған. Бүгінде жойылып кеткен Яктың (Қодастың ерекше түрін), жабайы түйені сіз «Тарих-и Рашидиден» ғана оқып біле аласыз. Дулатидің Балқаш көлін (Көкше теңіз), Ыстықкөлді және т.б. өзендерге арнайы тоқталып, жыл мезгіліне байланысты өзендер суының қайтып, арналарының тарыла түсіп отыратын, сипаттап, суының ағысын тәмпіштеп, ерінбей баяндап отыруында табиғатқа деген сүйіспеншілік жатыр. Айналаны абаттандырып, отырған жерін көркейтіп, бау-бақша егіп, егіс сеуіп, су аға­тын арық тартып, гүлдендіріп отырған ба­ба­­­лар дәс­түрі осы «Тарих-и Рашидиде» мейлін­ше суреттеледі. Бабырдың еккен бақтары, Орта Азия­дағы Әмір Темір отырғызған бақ­тар, кейіннен Кашмирде Моғолдар бағы деп аталатын Дулати отырғызған терасалы бақтар – соның айғағы. Герат қаласын әспеттеген Мұхаммед Хайдар жұмақтай шаһар еді деп суреттейді. Ал Кашмирді бауыр басқан оның көркеюіне көп жігер жұмсаған Дулати бұл жердің тарихына ден қойып, ерекше абат жер деп санап, оның климатына айрықша тоқталады. Суреткер жақсы нәрселер мен табиғи сирек құбылыстар, таңғажайып жағдайларды сондай бір іңкәрлік сезіммен, нәзіктікпен баяндайды. Табиғатты сипаттауда ұлы ғұлама географтардың, өсімдіктер дүниесін суреттегенде ботаниктердің, аң-құстарға тоқталғанда оринтологтың өзін тәнті етеді. Талай жаратылыстану ғылымының өкілдерінің Мырза Хайдар еңбегіне сүйеніп, дәйек, цитата алып отыруы жай нәрсе емес. Ежелгі бабаларымыздың астрономиялық, космологиялық түсінік наным-пайымының сілемдері мен танымының іздерін «Тарих-и Рашидидің» ішінен тауып оқуға әбден болады. Мұның бәрін зерттеуші ретінде емес, М.Х.Дулати суреткер ретінде, зерделеуші қаламгер тұрғысынан өз шығармасында оқиғаның ретіне қарай келтіріп, баяндап отырады. Ұлы жазушылар табиғат-анаға мейлінше жақын етене болып келеді. Жаратушы иеміз жерді барлық тіршілік иесін асыраушы етіп жаратқан, адамзат баласы ең алдымен тал бесікте тербеліп табиғат аясындағы тіршілігін бақилық дүниеге аттанғанша қилы-қилы тағдыр кешіп жалғастырады. Адамның бүкіл тіршілігі табиғат-анаға тәуелді болғандық­тан, жазушы табиғаттан өзін бөлек оқшау сезіне алмайды. Дулати Орта Азиядағы дарияларды, Жетісудағы атақты өзендерді, Шығыс Түркістандағы, яғни Моғолстандағы өзен-көлдерді зерттеп-зерделегендіктен де анық етіп, әдемі, айшықты түрде суреттеуі – өскен ортаға деген құрметінің көрінісіндей. Дулати сипаттап көрсеткен жерлердің табиғаты мен фауна, флорасы бүгінде ол қалыпта емес, мүлде өзгерген, көптеген нәрселер түр ретінде жойылып та кеткен. Жазушы Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде» айтылған жерлер де бүгінгі қалпымен салыстырып өтсе, көп дүниенің сыры, өзгерісі де ашыла түседі. Дулати жалпы табиғатты, оның әсем көріністерін көркемдеп, суреттеген бірегей қалам иесі, натуралист жазушы десе де болғандай. «Тарих-и Рашиди» – адамзат ақыл-ойы жемісінің, адамзат мәдениетінің ескірмес, тот баспас асыл қазынасы, рухани олжамыз. Онда суреттелген тарихи оқиғалар мен тарихи қайраткерлердің бейнесі көркем әдебиетте характер қалай сомдалады деген мәселеге нақты жауап. «Тарих-и Рашиди» болмаса, Моғолстанға байланысты бүкіл материалдар тарих қойнауында қалып, ата-бабалардың жадында жер қойнауына кеткен болар еді. Дулати «Тарих-и Рашиди» арқылы ұмыт болуға айналған тарихымызды қайта жаңғыртып, өркениет өркенінің ежелгі түркі, қазақ жерінде өз заманында шешек атып, гүлдегенін әлем жұртшылығына паш етті. Қазақ халқының ұлттық мемлекет құрып, дүниежүзі мемлекеттері сияқты бірігу, тұтасу, іргесін нығайту жолында тынымсыз күрес жүргізіп ұйысқанын ұлы даланың перзенті ретінде, туған жеріне, ата-баба мекеніне перзенттік парызбен көркемдеп хатқа түсіріп, кейінгі ұрпағына қалдырып кетті. Ол төл тарихымызға, сол тарихтың керуенін бастаған тарихи тұлғаларға қатысты кейінгі ұрпақта теріс пікір қалып қоймас үшін, олардың тарихи еңбектеріне мақтаныш сезіммен бас ие құрметпен қарауы үшін өзіне аса ауыр жауапкершілік жүгін артты. Сондықтан да «Тарих-и Рашиди» авторының Отан алдындағы болашақ ұрпақ, прогрессивті адамзат алдындағы өз міндетін абыроймен атқарып кеткенін өз еңбегі дәлелдей алады деп санаймыз. Бұл парызын ол жазушы, ойшыл, тарихшы, философ, мемлекет қайраткері ретінде орындады. Ұлы тұлғаның жазушылық шеберлігі сан қырлы, соның ішінде еріксіз езу тартқызатын юморлық ерекшелігін де баса айту керек. Кісінің мінез-құлықтары мен характерін сипаттауда, портретін беруде, кескін-келбетін көрсетуде – Дулати қаламы өте шебер. Бабырдың, Қасым ханның, Саид ханның бейнелері кітапта соншама көркем де бедерлі сұлу етіп суреттелінген. Әсіресе ғұламалардың кескін-келбеті мен жан дүниесін, рухани тазалығын, олардың ішкі әлемін сипаттауда аса бір жылылық леп сезіліп отырады. Сопылық жолды ұс­танған ғұламалардың дүниетанымын, жан сұлулығын суреттеп жеткізуде Мұхаммед Хайдар хас шеберліктің үлгісін көрсетеді. «Тарих-и Рашиди» диалогиясы қо­рыта айтқанда, өзінің композициялық тұ­тастығымен, образдар галереясымен, дәуір тынысын эпикалық тұрғыда көркем етіп суреттеу тұрғысынан нағыз орта ғасырлық әдеби мемуарлық көркем роман үлгісі дерлік шығарма болып табылады. Мұхтар Қазыбек, М.Х. Дулати қоғамдық қорының  директоры

12021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6927

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6069

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3809

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3200

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3156

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3130

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2858

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы